САУРАНДА ҚАРЖЫЛЫҚ АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ

Сауран ауданында қоғамның құқықтық қауіпсіздігін күшейту және азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау мәселелеріне арналған «Қаржылық қауіпсіздік: алаяқтықтан сақтан!» атты ақпараттық форум ұйымдастырылды. Кездесуге құқық қорғау және қаржы саласының мамандары, мемлекеттік мекеме өкілдері мен жастар қатысып, қазіргі кезеңдегі қаржылық қатерлер жөнінде пікір алмасты. Іс-шараның өзегі – тұрғындарға алаяқтықтың алдын алу тетіктерін түсіндіру ғана емес, күнделікті өмірде қаржылық шешім қабылдау кезінде жауапкершілікпен әрекет ету мәдениетін қалыптастыру болды. Бұл бағыттағы жұмыс «Заң және тәртіп» қағидатының мазмұнымен тікелей сабақтасып, қоғам мүшелерінің құқықтық санасын нығайтуға бағытталды.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев модератор ретінде сөз сөйлеп, форумның маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық сервистердің кең таралуы адамдардың қаржылық операцияларды қашықтан орындауын жеңілдеткенімен, сонымен бірге жаңа қауіптердің пайда болуына жол ашты. Сондықтан азаматтар кез келген қаржылық ұсынысқа сыни көзқараспен қарап, өз қауіпсіздігін бірінші орынға қоюы қажет.

 

 

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірінші жедел басқармасының аға жедел өкілі Жанболат Тұрапбай қаржылық сипаттағы құқық бұзушылықтарға қатысты кеңінен түсінік берді. Баяндамада алаяқтардың адамдарды сендіру үшін қолданатын түрлі әдістері, жалған инвестициялық ұсыныстар, күмәнді ақша аударымдары және азаматтардың жеке мәліметтерін заңсыз пайдалану мәселелері қозғалды. Маман қаржылық операция кезінде адамның өз шотын бақылауда ұстауы маңызды екенін атап өтті. Әсіресе бейтаныс тұлғаның өтінішімен ақша аудару, өз атына несие рәсімдеп беру немесе банк шотын басқа адамның пайдалануына ұсыну сияқты әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін екені түсіндірілді.

 

 

Форумда қаржылық сауаттылықтың практикалық қырларына да назар аударылды. Қатысушыларға күмәнді ұсынысты бағалау кезінде оның қайдан келгенін анықтау, ресми ақпарат көздеріне жүгіну, құжаттар мен шарттарды асықпай оқу, түсініксіз жағдайда мамандардан кеңес алу қажеттігі айтылды. Өз кезегінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның аға менеджері Досалы Мұсаханов банк қызметтерін пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселелерін түсіндірді. Ол клиенттердің картасына қатысты мәліметтерді, парольдерді және телефонға келетін бір реттік кодтарды бөтен адамдарға айтпау қажеттігін еске салды.

Сонымен бірге телефон арқылы өзін банк қызметкері, полиция немесе басқа да ұйым өкілі ретінде таныстырып, азаматтан белгілі бір әрекетті талап ететін адамдарға сақтықпен қарау керектігі айтылды. Күмән туындаған жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми байланыс арналары арқылы ақпаратты қайта нақтылау ұсынылды.

 

 

Мамандар интернеттегі жалған жарнамалар мен арзан бағадағы күмәнді ұсыныстарға да тоқталды. Әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде таралған кез келген ақпаратты шынайы деп қабылдамай, оның дереккөзін тексеру қажеттігі түсіндірілді. Өйткені алаяқтық әрекеттердің бір бөлігі адамның қызығушылығы мен асығыс шешім қабылдауына негізделеді. Форумның соңғы бөлігінде жастар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша мамандарға тікелей сауал жолдады. Сұрақтар онлайн несие, банк карталарын пайдалану, күмәнді қоңыраулар, әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар, жеке мәліметтердің таралуы және интернеттегі қаржылық операциялардың қауіпсіздігі төңірегінде өрбіді.

 

 

Ашық пікір алмасу барысында қатысушылар қаржылық қауіпсіздік тек банк немесе құқық қорғау органдары қамтамасыз ететін сала емес екенін түсінді. Әр азаматтың өз қаржысына мұқият қарауы, бөтен адамның сөзіне бірден сенбеуі және заң талаптарын білуі – алаяқтыққа қарсы қорғаныстың маңызды бөлігі.

 

 

Сауран ауданында мұндай кездесулердің өткізілуі «Қауіпсіз қоғам» идеясын нақты мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық қауіпсіздік тек көшелердегі тәртіппен өлшенбейді. Азаматтың интернеттегі, банк жүйесіндегі және күнделікті қаржылық қарым-қатынастардағы қауіпсіздігі де осы ұғымның құрамдас бөлігі. Заңның үстемдігі азаматтардың заң талаптарын білуінен және оны орындауға деген ішкі жауапкершілігінен қалыптасады. Ал алаяқтыққа жол бермеу үшін қоғамда сақтық, құқықтық сауат және өзара жауапкершілік құндылықтарын орнықтыру қажет.

Форум қорытындысы осы бағыттағы ақпараттық жұмыстарды жалғастырудың маңызын көрсетті. Әсіресе жастар арасында қаржылық шешімдерді сауатты қабылдау дағдысын қалыптастыру, интернет кеңістігіндегі қауіптерді ажырата білу және күмәнді жағдайларда дұрыс әрекет ету жөніндегі түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да назарда болмақ.

 

 

Қаржылық қауіпсіздікке немқұрайлы қарамау – жеке мүлікті қорғаудың ғана емес, құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосудың да бір жолы. Сауатты әрі сақ қоғам ғана алаяқтықтың таралуына тосқауыл қойып, «Заң және тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде орнықтыра алады.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*