САЙРАМДА «ТҮРКІСТАН БАРЫСЫ – 2026» ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ

Түркістан облысы, Сайрам ауданында қазақ күресінен ересектер арасындағы «Түркістан Барысы» облыстық іріктеу турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Ұлттық спортты ұлықтап, ел арасында қазақ күресін кеңінен насихаттауды мақсат еткен дәстүрлі дода Қарасу ауылындағы Жаңақұрылыс аумағында орналасқан Қарасу спорт кешенінде өтті. Облыстық турнирге Түркістан облысының аудан-қалаларынан 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде үздік нәтиже көрсеткен 26 балуан қатысып, «Түркістан Барысы» атағы үшін боз кілемде бақ сынады. Бірнеше кезеңге созылған белдесулер барысында спортшылар өздерінің күш-қайратын, әдіс-тәсіл шеберлігін және төзімділігін танытып, жанкүйерлерге тартысқа толы бәсеке сыйлады.

Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық болмысымен біте қайнасқан спорт түрлерінің бірі. Сондықтан мұндай жарыстардың ұйымдастырылуы жас ұрпақ арасында ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, тәжірибелі балуандардың шеберлігін шыңдауға да мүмкіндік береді. Облыстық деңгейдегі іріктеу додасы үздік спортшылардың басын қосып, олардың республикалық жарыстар алдындағы дайындығын пысықтауға жол ашты.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев пен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысты. Құттықтау сөзінде азаматтар балуандарға сәттілік тілеп, ұлттық спортты дамыту, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, спортшыларға қолдау көрсетіп, қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген жаттықтырушылар мен мамандарға алғыс білдірілді. Боз кілемдегі бәсеке барысында әр балуан жеңіске жету жолында бар күшін салды. Белдесулердің жоғары қарқынмен өтуі спортшылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Әсіресе, жарыстың шешуші кезеңдеріндегі кездесулер көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Жарыс қорытындысы бойынша Сауран ауданының балуаны Әбдуғани Бибарыс жүлделі үшінші орынға ие болды. Ал финалдық белдесуде Шардара ауданының өкілі Қайсар Шамшидинов пен Сарыағаш ауданының балуаны Мейіржан Әбдімәліков күш сынасты. Шешуші сәтте Қайсар Шамшидинов қарсыласынан басым түсіп, «Түркістан Барысы – 2026» атағының жеңімпазы атанды. Жеңімпазға чемпиондық белбеумен қатар 500 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды. Екінші орын иегері Мейіржан Әбдімәліков 300 мың теңгелік сертификатпен марапатталса, үшінші орын алған Әбдуғани Бибарысқа 200 мың теңге көлеміндегі сертификат берілді. Жүлдегерлердің еңбегі мен жарыс барысында көрсеткен шеберлігі жоғары бағаланды.

Турнирдің басты ерекшелігі – оның тек жүлде сарапқа салынған жарыс емес, республикалық деңгейдегі маңызды бәсекеге іріктеу кезеңі болуында. Облыстық додада бірінші және екінші орын алған Қайсар Шамшидинов пен Мейіржан Әбдімәліков Түркістан облысының намысын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғайтын болады.

Осылайша, Сайрам ауданында өткен «Түркістан Барысы – 2026» облыстық іріктеу турнирі ұлттық спорттың мерейін асырып, үздік балуандарды анықтады. Жарыста топ жарған спортшылардың ендігі мақсаты – республикалық додада Түркістан облысының абыройын асқақтатып, жоғары нәтиже көрсету.

Қазақ күресінің дамуына бағытталған мұндай жарыстар ұлттық спорттың бұқаралық сипат алуына, жас балуандардың спортқа қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен ықпал етеді. Сайрам ауданында ұйымдастырылған облыстық турнир де осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын көрсетті.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*