Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты іс-шара өтті. Оған зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, еңбек үздіктері, өңірдегі әртүрлі саланың көшбасшылары, жастар және жалпы тұрғындар қатысты.
Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңір тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – халқымыздың рухын көтеріп, бірлігін нығайтады! 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл – Тәуелсіздікке бастар тарихи қадам болды. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында дербес мемлекет ретінде орнықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен ел болу оңай емес, бірақ елдікті сақтап қалу одан да қиын» деген болатын. Тәуелсіздік – тек тарихи жетістік емес, ол – ұрпаққа аманат етілген ұлы жауапкершілік. Оны сақтау мен нығайту – ортақ парызымыз. Мемлекет басшысы мен Ел Үкіметінің қолдауымен өңіріміз дамудың даңғыл жолына түсті. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы қабылданған заң өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Облысымыз жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада көш бастап келеді. Экономиканың басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 3 есе өсіп, 5,4 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2019 жылдан 3 есеге артып, 1,6 трлн теңгені құрады. Бүгінгі мерекеде кітап оқу мәдениетіне де ерекше тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтуде. «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдау мақсатында бүгін бірқатар азаматқа кітап сыйлауды жөн көрдік. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі, бірлігіміз бекем болсын! – деді Нұралхан Көшеров.
Ұлттық мерекеде елдің, өңірдің дамуына үлес қосып, еңбегімен дараланған азаматтарға мемлекеттік деңгейдегі марапаттар тапсырылды. Әсіресе, олардың арасында еңбек адамдарына басымдық берілді. Марапат иелеріне кітаптар тапсырылып, руханият саласына да қолдау көрсетілді.
Салтанатты іс-шара рухты оятатын концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекеде отандық және шетелдік өнерпаздар, этноансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Әсіресе шетелдік әншілердің қазақша ән шырқауы көпшілікке жылы әсер етті.
Айта кетейік, Түркістан өңірі Республика күнін үлкен жетістіктермен қарсы алды. Облыста 21 индустриялық аймақ құрылып, өндірістік инфрақұрылым кеңейіп келеді. Қазір индустриялық аймақтарда 60 кәсіпорын жұмыс істейді, тағы 45 жоба жүзеге асырылу кезеңінде. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында 210 инвестициялық жоба жоспарланған, олардың 22-сі биыл іске қосылды. Сонымен қатар облыста 29 шағын өндірістік парк құру жұмыстары жүргізілуде.
Инвестиция тарту бағытында да оң нәтижелер бар. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өңір экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. 2019 жылдан бері облыста жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 330 жоба іске асырылып, 23 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Биыл тағы 67 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Соңғы жеті жылда саладағы өнім көлемі екі есеге өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті. Биыл егіс көлемі 920,1 мың гектарды құрады. Су үнемдеу технологиялары 164 мың гектарға енгізіліп, жылына 280 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Мақта шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және дайын өнім экспортын ұлғайту бағытындағы жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Әлеуметтік саланы дамытуға да басымдық берілген. Облыс құрылғаннан бері 155 мектеп салынып, 214 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Қазір Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Нысанды 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Биыл өңірде 84 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым және жолдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 7 жылда 5 есеге өсіп, 6,3 млн шаршы метрге жетті. Елді мекендерді ауызсумен және табиғи газбен қамту, электр энергиясы тапшылығын азайту, жолдардың сапасын жақсарту бағытында бірқатар жоба іске асырылуда. Облыстағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 94,8 пайызға жетті.
Түркістанның тарихи-мәдени әлеуетін тиімді пайдаланып, туризмді дамытуға да айрықша мән берілуде. 2026 жылдың алғашқы жартысында өңірге 217 мың турист келіп, бұл көрсеткіш өткен кезеңмен салыстырғанда 43,4 пайызға артты. Туристік инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңа нысандар салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Мерекелік кеште ел дамуының басты өлшемі тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейтіні, әрбір азаматтың белсенділігі, жауапкершілігі мен туған жеріне деген жанашырлығы маңызды екені айтылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау, қоғамдық ортаны таза ұстау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу баршаға ортақ міндет екені де дәріптелді.
