«Ақ кимешек — аналардың ақ тəжі» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті

Ордабасы ауданында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Ордабасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ақ кимешек — аналардың ақ тəжі» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті. Жиынға республикалық «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова бастаған бір топ аналар қатысты.  Сондай-ақ, аудандағы Темірлан, Бөген, Бөржар, Шұбарсу, Қараспан ауылдарындағы осы филиал мүшелері белсене қатысып, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дəстүрімізді, сонымен қатар шашбау тағу, бесікке салу, көршілермен дұрыс қарым-қатынас жасау, абысын-ажындардың тату тұруы сияқты қазақтың түрлі ұлттық құндылықтарын көпшілікке насихаттай білді.

Қазақ қоғамында ұлттық киім мен зергерлік, қолөнері бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан үрдіс. Қазақы киімнің әдемілігі мен өю-өрнегінде, әрбір әшекейінде бабаларымыздың қайталанбас қолтаңбасы сақталған деуге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ұлттық киім түрлеріне тоқталайық:

Шекпен – су өтпеу үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі. Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәделі киім. Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан. Тон – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Түрлері: қырмызы тон, қамқа тон тағы да басқасы бар. Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбау үшін киім сыртынан киетін кең киім.
Бабалардың көзіндей болған осы ұлттық киімге үлкен құрметпен қарайтын халқымыз баскиімнің киесі бар деп есептеп, оны ешкімге кигізбеген, жерге тастамаған, жоғары іліп қойған және сыйға бермеген. Бас киімдердің ішінде кимешекті ханның тәжіндей құрметтеген. Жаулық – әйелдердің басына тартатын орамалы. Жібектен, матадан, жүннен, мақтадан тоқылады. Жүннен тоқылғанын «бөкебай» деп атайды. Жібектен шашақтап тоқығанын «бөртпе» десе, шашақ шығармай тоқыған түрін «салы» деп атаған. Жібек жіпті, торғын тектес, үлпілдек жұмсақ маталардан немесе ешкі түбітінен жасалған түрін «шәлі» деген. Күндік кимешектің үстінен орайтын ақ матаны жас әйелдер жолай босана қалса, жөргекке қолданған. Ел аналарының күндігінің қарқарадай мол оралу себебі, жол-жөнекей бір адам қаза болса, кебін болған немесе жаугершілікте жарақат­ты байлауға қажет болып қалуы мүмкін екенін естен шығармаған.

— Бағзыдағы ғұн бабаларымыздың әйелдерінің шошақ бөрікке ұқсас орамалды бастарына орап жүрген бейнелерін тарихи кітаптардан талай көргенбіз. Сондықтан, әрбір жас қазақ әйелге тән әдемі кимешектің тарихы тереңде екенін жақсы білуі тиіс. Кимешек кигізетін адамды да арнайы ниетпен сайлап, көне қазақ ғұрпының ретін сақтаған. Үлкендердің айтуынша, қызының отау құрып, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілеген аналар кимешекті алдын ала тіктіріп, сақтап қоятын болған. – Анам емші әженің кимешегін ырымдап әдейі сұрап алғаны есімде. Бірақ, оны не істегенін, қайда қойғанын өзі біледі. Кейін маған сыйлайтынын айтқан болатын, – дейді қарағандылық тұрғын Мөлдір. Кимешектің жас анаға абырой, бедел сыйлайтыны бағзыдан белгілі. Қазақ даласында туып өскен дарабоз тұлғалардың өзі ар-ұятты қорғайтын жаулықтың астында омырау еміп, бетін күн көзінен көлеңкелеп өскен. Сондай-ақ, кимешекке қарап әйелдің жасына, қандай әулеттің, рудың отын тұтатып отырғанын білген екен. Тарих беттері ертеде екі тайпа ел жауласып өзара бітімге келе ал мағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанын айтады. Содан киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмағанын білеміз. Бұл – кимешектің саяси әрі тарихи мәнін айшықтап тұр. – Негізі жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Ол алдымен орамалын орап, келіндік міндетін атқаруы тиіс. Құрсақ көтеріп, бөбегін аман-есен бауырына басқан соң кей аймақтарда қырқынан шыққан кезде ауыл әжелері, абысындары жиналып, кішігірім той жасайды. Тойда жас анаға «сен де ана болдың» деп, кестелеп тігілген кимешек кигізеді. Жас келiншектер қызыл, жасылмен көркемделген кимешек кисе, егде әйелдердің кимешектері ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдер жасыл, қоңыр жiптермен иiр кестелер тiгiлген кимешек киеді. Кимешек ақ бұлдан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала маңдайды жауып тұратын екі жағын «шықшыт» десе, алдын «жақ» деп атайды. Адамның арқасына түсер жері ұзыншақ жағын «құйрықша» деп атайды. Кейде кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, – дейді «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова

«Кимешек киген келін таза жүреді. Ол басын, омырауын жылы ұсатуға септігін тигізеді. Бала емізгенде де шашы қобырамайды.» — дейді аналар.

-Ағарту порталы ұсынған мәліметке сүйенсек, «Орама кимешекті Ақмола жақтың қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген. Мата тігілмей, ерекше пішілген бет-әлпеті шығын тұратын бөлігіне ойықша жасалған, оны басқа ораған кезде кәдімгі кимешектерден айырмашылығы болмаған. Ал, Сырдария бойындағы Кіші жүз руының бірінде пішіні өз бетінше бөлек, бүрмелі кимешек түрі болған. Оның алдыңғы жағы кеудеге түсіп, ал жоғарғы жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап, бекітіліп қоятын болған. Кейде арқа бөлігінің жоғарғы бұрышына төбешік тігілген. Келесі бір түрі матаның тұтас кесегінен пішіліп, бір жақ қырынан келетін жағынан бас сұғатын орын қалдырылып, бір-ақ тігіспен тігілетін болған түрі Омбы, Атбасарда, Әулиеата өңірінің теріскейінде және оңтүстіктегі қоңыраттарда сақталған. Солтүстік және Орталық Қазақстанда кимешектердің алдыңғы жағы трапеция немесе үшкірленіп пішіліп, жоғарғы бөлігінде бетке орын қалдырылған. Арқа жағы дұрыс ромба түрінде келеді де, тізеге, тіпті өкшеге дейін түсетін болған. Оңтүстік қазақ әйелдерінде кеңінен тараған кимешек түрі ұзынынан екіге бүктеліп пішілген мата кесегінен жасалатын болған. Көп тараған түрі мұнара тектес болған. Ол үшін бүкіл мата біртіндеп басқа оралып, ұштары орам арасына кіргізіледі немесе желке жақтан түйіледі». Аналардың беделін арттыратын, жүзіне иман ұялататын кимешек – қазақ әйелінің көркем бейнесін аша түседі. Осы орайда асыл дініміздегі Құранның Нұр сүресінің 31 аяты «Әуелгі муһажир әйелдерді Алла мейіріміне бөлесін! Олар «Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын!» – делінген екен. Үлкендер Шоқанның Шоқан болуы, Абайдың Абай болуы Айғаным мен Зере, Зейнеп пен Ұлжан секілді «ақ кимешек киген аналардың арқасы» дегенді жиі айтады. Рас, ерекше назар аударуға лайықты төл туынды – Ұлы дала аналарының алтын тәжі іспетті.»- дейді Ордабасылық ақ жаулықты ана Ботакөз Мосқалова

Айта кетейік, биыл Ордабасы ауданына 60 жыл толып отыр. Оған əрбір ордабасылық тұрғын өз мүмкіндігінше еңбекпен де, өнерімен де ойдағыдай өтуіне үлес қосуда. Ал, осындай мерейлі мерекеге аясында тағылымды іс-шара ұйымдастырған  «Қазақ аналары-дəстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі, қазақ аналарын бір жерге ұйыстырып, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дəстүріміздің жоғалып кетпеуі жолында айтарлықтай табысқа қол жеткізіп келе жатқан ұйым. Айтулы күнде меймандар біртуар палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың кесенесіне де барып, зиярат етті.

Сондай-ақ түрлі қолөнершілер жасаған бұйымдар да көпшілікке ұсынылды. Əншілер Мəнзура Есетова Сандуғаш Əбілдаева əн шырқаса, ақындар Роза Сейдахметова, Бибайым өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Айнұр Жүгінісова үш жылдан бері тынбай қазақ халқының ұлттық салт-дəстүрін насихаттап үш жылдан бері насихаттап келе жатқан аудандық филиал төрайымдарына дипломдармен, сыйлықтармен марапаттады. Ал оларды ұйымдастырып жүрген Ордабасы ауданының төрайымы Ұлбосын Əбілдаеваның кеудесіне алтын медальді жарқырата тақты. Ордабасылық Ботакөз Мосқалова осы қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы болып сайланды.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*