АРЫСТА БИЫЛ 26 АУҚЫМДЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Арыс қаласында инвесторларды тарту арқылы ауқымды жобаларды жүзеге асыру жолға қойылған. Биылғы жылы жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны қолға алып, 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. 2024 жылы өнеркәсіп өнімдерін арттыру мақсатында жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба іске асырылып, 593 жұмыс орны құрылған. Бұл жайында Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

« – Биыл шаһардың экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға серпін беретін бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында «Түркістан Агро KZ» ЖШС-і 50 мың бас ірі қара малын бордақылау алаңы мен 3 мың гектар жерде жаңбырлатып суғару арқылы мал азығын дайындау жобасын іске асыруда. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров те  мал бордақылау алаңының Арыстың экономикалық дамуына қосатын үлесін атап өтіп, бұл жоба облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға зор септігін тигізетініне сенім білдірген болатын. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде бордақылау алаңына 15 мың бас, биыл тағы 10 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады. Сондай-ақ серіктестік бордақылау алаңы маңынан суарудың жаңбырлату технологияларын қолдана отырып, малға арналған жемшөп дақылдарын өсіруді жолға қоюда. Ол үшін, әлемге әйгілі ауылшаруашылық техникасын шығарушы «John Deere» компаниясының өнімдерін сатып алуда. Бұл қадам мал бордақылау алаңын қажетті азық көлемімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бордақылау алаңында барлық жұмыс автоматты жүйеде жүзеге асырылады. Жобаның жалпы құны 16,2 млрд теңгені құрайды, және де 100-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сондай-ақ, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-і 13 млрд теңгеге тамшылатып суғару жүйесі арқылы 9 мың гектар жерге мақта өнімін өндіру жобасын қолға алды. Бұдан бөлек,«ALASH LOGISTIC» ЖШС-і жаңбырлатып суғару әдісімен 900 гектар жерге мал азығын өсіру жобасын іске асыруда» – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, қаладағы жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың 4 айында 13,9 млрд теңгеге жеткен. Ал, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 10,3 млрд теңгеге жетсе, 2025 жылдың 4 айында 4,4 млрд теңгені құрап отыр. Қаладағы инфрақұрылым саласында да бірқатар өзгерістер бар. Мәселен, өткен жылы қаладағы 2 жылу қазандағының ескіруіне байланысты көмірден газ жүйесіне көшіру мақсатында модульдік қазандықтың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Нәтижесінде бүгінде қаладағы барлық жылу қазандықтары табиғи газбен жылытылып отыр. Бұл тұрғындардың басты талап тілектерінің бірі болатын. Сонымен қатар, қала тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, Шағыр, Бақырша және Ақтас елді мекендерінде жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын ескірген электр желілері толық жаңартылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 1206 адам тұрақты және сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіліп отыр.

Сонымен қатар, Арыс қаласында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заман талабына сай бой көтеріп жатқан нысан жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдауға әзір. Нысандағы атқарылып жатқан жұмыстармен Түркістан облысының БАҚ өкілдері шаһар аумағында өткен баспасөз-тур барысында танысты. Жобаға сәйкес, білім ордасында екі спорт зал, кең көлемдегі акт залы, кітапхана, мәжіліс залдары, пәндік кабинеттер, зертханалар, шеберханалар мен коворкинг-аймақтар бар. Сонымен қатар, мектеп ауласында стандартқа сай футбол алаңы да салынуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалған.

Сондай-ақ, қалаға қарасты Ақдала ауылында үлкен спорт кешені бой көтеруде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан бұл кешен — Ақдаладағы алғашқы спорттық нысан. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Биыл толық аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Жалпы аумағы 371 шаршы метрден асатын кешен кең әрі жарық. Ішкі жабындысы сапалы материалдан жасалып, сыртқы қабырғалары жылу ұстайтын металл сайдингпен қапталуда. Онда медициналық пункт, киім ауыстыратын бөлмелер мен ішкі санитарлық тораптар қарастырылған. Спорт залы бір мезгілде 100-ден астам адамды қабылдай алады. Ауыл жастары енді волейбол, баскетбол, бокс, күрес, үстел теннисі мен гимнастика сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алмақ.

БАҚ өкілдері келесі кезекте Арыс қаласындағы «Барыс» шағын ауданындағы жеке инвестордың қолдауымен салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешенімен танысты. Қазір онда 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жалпы ауданы 3348 шаршы метрді құрайтын бұл нысанды «Лидер-НС Строй» ЖШС салуда. Кешеннің алғашқы үйі биыл пайдалануға берілмек.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*