Әлеуметтік нысандар ауыл әлеуетін арттырады – 1

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Ақбастау елді мекенінде жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді.  Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, ауыл тұрғындарын замануи спорт нысанының ашылуымен құттықтады. ҚР Президентінің салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Нысанның құрылысын «Trendim KZ» ЖШС 2024 жылдың тамыз айында бастаған. 1 гектар аумақта орналасқан ғимараттың ауданы 939 шаршы метр. Мұнда воллейбол, баскетбол, кіші футбол, күрес, дзюдомен айналысуға барлық жағдай қарастылған. Бұл кешен ауыл жастарының бас қосып, кәсіби спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді.

Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы бар. Аудан спортшылары биыл түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Атап айтқанда, спортшылар тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Созақ ауданы, Созақ ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи үлгідегі «Созақ спорт кешенінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті.  Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Салтанатты шарада аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа спорт нысанының ашылуымен және ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

«– Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданда спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік береді,» – деген аудан басшысы спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді.

Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа спорт нысаны ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететініне тілектестік білдірді. Ауыл қариясы, ауданның Құрметті азаматы Биімбет Байғараев сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың болашағы үшін маңызды нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ішкі құрылымы мен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты. Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы көлемі – 1356 шаршы метр. Екі қабатты нысанда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жаттығу залдары орналасқан. Бұған қоса медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Кешен аумағы толық қоршалып, ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгідегі металпанельдермен қапталған.

Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен жүйелі айналысуына және бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді.

Мерейлі мерекеде Созақ ауданында екі бірдей спорттық нысан пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін үлкен қуанышқа айналды. Созақ ауылында заманауи спорт кешені іске қосылса, Жартытөбе ауылында жабық үлгідегі кіші футбол алаңы пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды жаңа спорт нысанының іске қосылуымен және Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Бұқаралық спортты дамыту мен жастарға қолайлы жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*