Все записи автора TAQ.KZ

МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Сауран ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мал ұрлығының алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Шорнақ ауылдық округінде төрт түлік малды ұстау тәртібін сақтау, малдың қараусыз жайылуына жол бермеу және мал ұрлығының алдын алу бойынша тұрғындар арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараға Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, аудан әкімі аппаратының заң бөлімі, аудандық ветеринариялық қызмет мекемесінің мамандары, учаскелік полиция инспекторлары және Шорнақ ауылдық округі әкімдігі аппаратының қызметкерлері қатысты. Мамандар тұрғындармен кездесіп, күнделікті тұрмыста жиі кездесетін қауіптердің алдын алу жолдарын түсіндіріп, мал иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударды.

Кездесу барысында мал ұрлығының алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл бағытта әрбір мал иесінің де сақтық шараларын қамтамасыз етуі маңызды екені айтылды. Мамандар тұрғындарға төрт түлікті қараусыз қалдырмау, малды арнайы белгіленген орындарда ұстау және жайылымға шығарған кезде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін түсіндірді. Атап айтқанда, малды міндетті түрде сырғалау немесе таңбалау арқылы есепке қоюдың маңызы түсіндірілді. Мұндай шаралар жоғалған немесе ұрланған малды анықтауға, оның иесін белгілеуге және құқық қорғау органдарының іздестіру жұмыстарын тиімді жүргізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындарға малды бақташы арқылы жаю, кешкі уақытта төрт түлікті қораға қамап, қора-жайлардың есік-терезелері мен қоршауларының беріктігін қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Мал ұрлығы көбіне малдың қараусыз қалуы, жайылымда бақылаудың болмауы немесе қора-жайлардың тиісті деңгейде қорғалмауы сияқты жағдайларды пайдалану арқылы жасалатыны атап өтілді. Сондықтан мамандар тұрғындарды мал басына тұрақты бақылау жүргізуге, жайылым мен қора маңын қараусыз қалдырмауға және бейтаныс адамдардың әрекетіне сақтықпен қарауға шақырды. Түсіндіру барысында қараусыз жайылған малдың ұрлыққа ұшырау қаупінен бөлек, басқа да келеңсіз жағдайларға себеп болуы мүмкін екені айтылды. Атап айтқанда, малдың автомобиль жолдарына шығып кетуі жол-көлік оқиғаларына әкелуі ықтимал. Сондай-ақ қараусыз жүрген төрт түлік егістік алқаптарына кіріп, ауыл шаруашылығы дақылдарына залал келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайлар тұрғындар арасында дау туғызып, материалдық шығынға және өзге де құқық бұзушылықтарға себеп болуы ықтимал.

Осыған байланысты тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, малды қараусыз қалдырған жағдайда заңда көзделген жауапкершілік шаралары қолданылатыны ескертілді. Әсіресе мал иелеріне өздеріне тиесілі төрт түліктің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігі айтылды.

Учаскелік полиция инспекторлары өз кезегінде ауыл тұрғындарына күмәнді жағдайлар байқалған кезде мәселені өз бетінше шешуге тырыспай, құқық қорғау органдарына уақытылы хабарласудың маңызын түсіндірді. Малдың жоғалғаны немесе ұрланғаны анықталған жағдайда бұл туралы полицияға неғұрлым ертерек хабарлау іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Ветеринариялық қызмет мамандары да малды сәйкестендіру, тіркеу және ветеринариялық талаптарды сақтау мәселелеріне тоқталды. Төрт түлікті белгіленген тәртіппен есепке қою малдың қозғалысын бақылауға ғана емес, ауыл шаруашылығы саласындағы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ықпал ететіні түсіндірілді.

Іс-шара барысында тұрғындарға мал ұрлығының алдын алу бойынша арнайы ақпараттық жадынамалар таратылды. Жадынамаларда мал иелерінің күнделікті сақтық шаралары, малды қараусыз қалдырмау, қора-жай қауіпсіздігін күшейту, малды сәйкестендіру және күмәнді жағдайлар кезінде тиісті органдарға хабарласу жөніндегі қажетті ақпараттар қамтылды. Мамандар тұрғындарды ауыл ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтауға, көршілермен өзара байланыс орнатып, ауылдағы қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауға шақырды. Себебі мал ұрлығының алдын алуда тұрғындардың қырағылығы мен өзара ақпарат алмасуының да маңызы зор.

Шорнақ ауылдық округіндегі бұл түсіндіру жұмыстары тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар, мал иелерінің өз мүлкіне деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталды. Мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасып, ауыл тұрғындарына құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және мал қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізіле бермек. Қоғамдық қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Сондықтан әрбір тұрғын өз мүлкінің сақталуына мұқият қарап, заң талаптарын сақтаған жағдайда ғана ауылдағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қоса алады.

ТҮРКІСТАНДА «ТҰРАН ДАЛАСЫНЫҢ КҮЙЛЕРІ» АТТЫ КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ і

1 шілде – елімізде жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай және Ұлттық домбыра күні қарсаңында Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы өтті.

Ұлттық домбыра өнері мен күйшілік дәстүрді кеңінен насихаттап, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, жас күйшілердің шығармашылық әлеуетін дамыту және қазақтың күйшілік мектебінің сабақтастығын сақтау мақсатында ұйымдастырылған шараға қаламыздағы өнерлі 20 жас бақтарын сынады.

Байқаудың ашылу салтанатына арнайы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әліпов Мадияр Бақтыбайұлы, облыстық мәслихат депутаты Жантөреева Қалыйма Жантөреқызы, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Сәрсенбаев Ғаппар Амантайұлы қатысып, ұлттық өнердің ұлт болмысын сақтаудағы, рухани құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізудегі маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар, бүгіннен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған нормаларының елдің құқықтық дамуы мен қоғамдық жаңғыруындағы тарихи маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға 9–21 жас аралығындағы 20 жас күйші қатысып, орындаушылық шеберліктері тәжірибелі қазылар алқасының бағалауынан өтті.

Байқау нәтижесі бойынша:

Кіші топ (9–14 жас):
Бас жүлде – Әбдірахман Жомарт Абдусаламұлы («Ақжайық» музыка мектебі);
І орын – Серікбай Нұрболат Нұрланұлы (Түркістан балалар саз мектебі);
ІІ орын – Бәкір Бекнұр Өмірханұлы (Түркістан балалар саз мектебі), Байбосын Айзере («Ақжайық» музыка мектебі);
ІІІ орын – Әсілхан Айзере Мәдиқызы («Айнамкөз» өнер мектебі), Серікбай Мадияр Қанатұлы (Б.Саттарханов атындағы футбол академиясының «Домбыра» үйірмесі).

Арнайы номинациялар:
«Төлеген Момбеков атындағы» – Сәрсенбек Әділет Талғатұлы («Білім кемесі» мектеп-лицейі);
«Сүгір Әліұлы атындағы» – Момиш Алмаз Талғатұлы (Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы);
«Дина Нұрпейісова атындағы» – Исмаилова Раян Маратовна («Айнамкөз» өнер мектебі).

Ересек топ (15–21 жас):
Бас жүлде – Маханбет Дәурен Қайратұлы;
І орын – Асқарұлы Асылжан;
ІІ орын – Рамазан Саят Қанатұлы, Оспан Аманжол Алмасханұлы;
ІІІ орын – Абдыхаил Дильназ Русланқызы (Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 1-курс студенті), Шынтемір Нұрдәулет Қайратұлы (Түркістан балалар саз мектебі).


Арнайы номинациялар:
«Көрермен көзайымы» – Момиш Назерке (Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 1-курс студенті);
«Шебер орындаушы» – Шалқар Арайлым Алматқызы (Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы);
«Сүгір Әліұлы атындағы» – Ахметхан Диас Марипханұлы (Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы);
«Дина Нұрпейісова атындағы» – Ұзақбай Ералы Ерзақұлы (Түркістан балалар саз мектебі);


«Төлеген Момбеков атындағы» – Өтебек Балнұр Ілесбекқызы (М.Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектебі).

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ КҮШІНЕ ЕНУІНЕ ОРАЙ «ҮКІЛІ ДОМБЫРА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Елімізде 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Түркістан қаласында дәстүрлі «Үкілі домбыра» республикалық байқауы өтті. Игі шараны облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отыр.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаудың басты мақсаты – этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, қасиетті домбыраның қадір-қасиетін дәріптеу, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру, сондай-ақ дарынды жас орындаушыларды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау.

Ұлттық домбыра күніне орай биылғы байқауға Түркістан облысының аудан-қалаларымен қатар Ақмола, Алматы, Абай, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстары және Шымкент қаласынан келген этнос өкілдері қатысты. Қатысушылар дәстүрлі ән, күй және терме орындау номинациялары бойынша бақ сынады.

Байқау барысында ұлттық өнердің түрлі жанрлары дәріптеліп, жас орындаушылардың шеберлігі кәсіби қазылар алқасының бағалауына ұсынылды. Қазылар алқасының құрамына мәдениет және өнер саласының танымал мамандары, дәстүрлі өнердің майталмандары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары енген.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, байқаудың ұлттық мәдениетті дәріптеудегі маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол байқаудың 1 шілде күні өтуінің символдық мәніне назар аударып, дәл осы күннен бастап еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне еніп, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жаңа кезең басталатынын атап өтті.

– Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты тірегі. Міне, бүгінгі іс-шара түрлі этнос өкілдерінің қазақтың қасиетті домбырасын қастерлеп, ұлттық өнерді бірге ұлықтауы – халқымыздың ынтымағы мен елдігіміздің жарқын көрінісі. Қазақстанның әр өңірінен келген жас өнерпаздардың Түркістан төрінде бас қосуы – мәдени байланыстарды нығайтудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Байқау қорытындысы бойынша әр номинация бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар белсенді қатысушылар мен жетекшілерге арнайы алғыс хаттар табысталды.

Айта кетсек, Ұлттық домбыра күніне арналған «Үкілі домбыра» республикалық байқауы этнос жастары арасындағы мәдени байланысты нығайтып, қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттауға, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды мәдени алаң ретінде өз жалғасын табады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ САПАЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНАДЫ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын сапалы жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.

Аталған жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысты.

Олжас Бектенов жаңа Конституция елдің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын негізгі құжат екенін айтып, оның Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалардың берік негізін қалыптастыратынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік институттарды жаңғырту, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан облысының тұрғындары Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға белсенді қатысып, оны қолдады.

Өңірде Ата Заңның басымдықтарын түсіндіру және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

ТӨЛЕБИДЕ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Төлеби ауданында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиын барысында қоғамның ақпараттық кеңістігін қалыптастырып, елдегі маңызды жаңалықтарды халыққа жедел әрі объективті жеткізіп жүрген журналистер мен ақпарат саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Кәсіби мерекеге арналған басқосуда бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі орны мен журналистер еңбегінің маңыздылығы кеңінен сөз болды.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ақпарат саласының ардагерлері, журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және сала мамандары қатысты.

Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Пердебайұлы ақпарат саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, журналистердің қоғамдағы жауапты миссиясына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда ақпараттың халыққа жылдам әрі сапалы жетуі елдің қоғамдық-саяси өмірінде айрықша маңызға ие. Осы орайда журналистердің кәсіби білімі, жауапкершілігі мен шынайылыққа деген ұстанымы қоғамның ақпаратқа деген сенімін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

– Журналист – қоғамның үні, елдің шынайы шежіресін жазатын тұлға. Сіздер Мемлекет басшысының реформаларын халыққа жан-жақты түсіндіріп, қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналып келесіздер. Жағымды жаңалықтар арқылы елдің еңсесін көтеріп, орынды сын-пікірлеріңізбен қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп жүрсіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін абыройлы қызмет. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс және отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Бағдатбек Пердебайұлы.

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары тек жаңалық таратушы ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың ұсыныс-пікірін билікке жеткізетін маңызды қоғамдық институт ретінде қалыптасып отыр. Журналистер елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерді, экономиканың, білім мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларының жетістіктерін тұрақты түрде ақпарат кеңістігіне шығарып, тұрғындардың хабардар болуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың мән-маңызын түсіндіруде де ақпарат құралдарының атқаратын қызметі айрықша.

Өз кезегінде аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров та ақпарат саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, журналистердің еңбегіне жоғары баға берді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны мен жауапкершілігіне ерекше тоқталып, журналистердің адал әрі табанды еңбегі халықтың сенімін нығайтуға, ашықтық пен өзара түсіністікті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Ақпарат саласында қызмет ету – үлкен ізденісті, ұқыптылықты және жоғары жауапкершілікті талап ететін мамандық. Журналист күнделікті болып жатқан оқиғаларды саралап, оның маңызын халыққа түсінікті тілде жеткізуге ұмтылады. Әрбір жарияланған материалдың артында нақты дерек жинау, кейіпкерлермен сұхбаттасу, мәселенің мән-жайын зерделеу және ақпараттың ақиқаттығын тексеру секілді ауқымды еңбек жатыр. Сондықтан журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігі де жоғары.

Салтанатты жиында ауданның қоғамдық-саяси өмірін кеңінен насихаттап, елді мекендердегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді тұрақты түрде ақпараттандырып, ақпарат саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар журналистер мен сала ардагерлері марапатталды. Оларға Төлеби ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихатының Грамоталары және Алғыс хаттары табысталды.

Марапат иелеріне көрсетілген құрмет – олардың ақпарат саласындағы еселі еңбегіне берілген лайықты баға. Сала ардагерлері өздерінің мол тәжірибесімен кейінгі буын журналистеріне бағыт-бағдар беріп келсе, жас мамандар жаңа медианың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ақпарат таратудың заманауи тәсілдерін меңгеруде.

Жиын соңында кәсіби мереке иелеріне шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер, тың идеялар мен толағай еңбек жолы тілектер айтылды. Сондай-ақ журналистердің қоғамдағы маңызды міндетін абыроймен атқарып, халық пен билік арасындағы байланысты одан әрі нығайта берулеріне тілектестік білдірілді.

Төлеби ауданында өткен бұл мерекелік басқосу – ақпарат саласының өкілдеріне көрсетілген құрметтің ғана емес, журналистика мамандығының қоғам өміріндегі маңызын айшықтаған тағылымды шара болды. Себебі елдің тыныс-тіршілігін халыққа жеткізіп, жетістікті насихаттап, өзекті мәселелерді көтеріп жүрген журналистердің еңбегі қашанда жоғары бағалауға лайық.

ҚАЙНАРБҰЛАҚТА ХАЛЫҚ ТАҢДАУЫ ЖАСАЛДЫ: ЖАҢА ӘКІМНІҢ АЛДЫНДА ҮЛКЕН МІНДЕТТЕР ТҰР

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңызды бағытының бірі – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту және ауыл әкімдерін тікелей сайлау институтын жетілдіру. Президент өз Жолдауларында халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейту, жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыру және әкімдердің тұрғындар алдындағы есептілігін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.

Мемлекет басшысы: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты аясында мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде халықтың пікіріне сүйенетін тиімді жүйе қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Осыған сәйкес ауыл әкімдерін тікелей сайлау – демократиялық жаңғырудың маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өз елді мекенінің болашағына тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп, жергілікті билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға жол ашты. Президент тапсырмасына сәйкес сайланған әкімдердің басты міндеті – халықтың сенімін ақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және азаматтардың көтерген мәселелерін дер кезінде шешу. Әрбір әкім өзінің қызметінде ашықтық, әділдік және халықпен тұрақты диалог қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс.

Осы саяси реформалардың аясында Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде әкім сайлауы өтіп, тұрғындардың басым дауысына ие болған Құралбеков Нұрсұлтан Рүстемұлы ауылдық округтің әкімі болып сайланды. Бұл – ауыл тұрғындарының еркін таңдауының нәтижесі әрі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі. Жаңадан сайланған әкімді құттықтау мақсатында аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы Қайнарбұлақ ауылдық округіне арнайы барып, жаңа басшыға аудан басшылығының ізгі тілегін жеткізді.

Кездесу барысында ауылдық округтің алдағы даму бағыттары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инженерлік және жол инфрақұрылымын жетілдіру, елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен, табиғи газбен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері басты назарға алынды. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын уақытылы қарау, азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнату жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді сапалы орындау, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және ауылдың тұрақты дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі ерекше атап өтілді. Президент өз сөздерінде мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету екенін бірнеше рет айтқан болатын. Осы қағидат жаңа әкім қызметінің негізгі ұстанымы болуы тиіс екені де кездесу барысында назардан тыс қалған жоқ.

Құралбеков Нұрсұлтан Рүстемұлы 1990 жылғы 6 ақпанда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2019 жылы Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округі әкімдігі аппаратында бас маман-заңгер қызметінен бастады. Мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибесі барысында құқықтық мәселелерді шешу, мемлекеттік басқару және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыру бағытында кәсіби біліктілігін көрсетті.

2023 жылы Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне белсенді үлес қосты. Осы кезеңде ауыл тұрғындарының талап-тілектерін жақсы меңгеріп, өңірдің өзекті мәселелерімен етене танысты. 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап осы уақытқа дейін Сайрам ауданы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімшесінде бас маман қызметін атқарып, аудан көлеміндегі ұйымдастыру жұмыстары мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына жауапты бағыттардың бірінде еңбек етті.

Жергілікті басқару жүйесінде тәжірибе жинақтаған жас басшының жаңа қызметі ауылдық округтің одан әрі дамуына тың серпін береді деген сенім мол. Алдағы уақытта Қайнарбұлақ ауылдық округінде Президент тапсырмаларына сәйкес инфрақұрылымды жаңарту, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік нысандардың жұмысын жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – халықтың мемлекет ісіне белсенді қатысуының нақты көрінісі. Бұл жүйе әкімдердің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың сенімі мен талап-тілегіне негізделген басқару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан Қайнарбұлақ ауылдық округінің жаңа әкімінің алдында тұрғындардың сенімін ақтап, Мемлекет басшысы айқындаған реформаларды табысты жүзеге асыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және ауылдың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр.

Халық сенімі – үлкен жауапкершілік. Осы сенімді ақтау жолындағы жүйелі еңбек пен нақты нәтижелер Қайнарбұлақ ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға негіз болмақ.

ЗАҢҒА ҚҰРМЕТ – АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылық – кез келген мемлекеттің берік дамуының басты алғышарттарының бірі. Заң үстемдік құрған, азаматтардың құқықтары қорғалған және қоғамдық тәртіп сақталған ортада ғана адамдардың болашаққа деген сенімі артып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік кеңейеді. Осы ретте Төлеби ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі – заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және кез келген құқық бұзушылыққа бейжай қарамау. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы қоғамның барлық мүшесін ортақ жауапкершілікке үндейді. Заңды құрметтеу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, ол – әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі басты қағидаға айналуы тиіс.

Төлеби ауданында осы мақсатта полиция қызметкерлерінің қатысуымен қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бір нүктелік профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – аудан аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Профилактикалық шара барысында полиция қызметкерлері белгіленген аумақта қызмет атқарып, қоғамдық орындардағы жағдайды жіті бақылауда ұстады. Құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарын сақтау қажеттілігі ескертілді. Мұндай жұмыстардың басты ерекшелігі – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, оның алдын алуға басымдық берілуінде.

 

Құқық бұзушылықтың алдын алу – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі. Себебі қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық тек қылмыс жасалғаннан кейін оған жауап берумен емес, құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін себептер мен жағдайларды ерте кезеңде анықтап, тиісті профилактикалық шараларды қабылдаумен қамтамасыз етіледі. Іс-шара барысында жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, күдік тудырған тұлғалар мен көлік құралдарын бақылау, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытында тиісті жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындарға заң талаптарын түсіндіріп, қоғамдық орындарда өзін ұстау мәдениетіне, азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне назар аударды.

Профилактикалық жұмыстардың тағы бір маңызды бағыты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жол қозғалысы ережелерін сақтау аса маңызды. Осыған байланысты іс-шара кезінде көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы талаптарын орындауына бақылау күшейтіліп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жол қауіпсіздігі – тек полицияның немесе жүргізушілердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Көлік жүргізушісі жылдамдықты сақтап, қауіпсіздік белдігін тағып, жол белгілеріне бағынса, ал жаяу жүргінші белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпей, бағдаршам талаптарын орындаса, жолдағы қауіп-қатер де азая түседі. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау – қарапайым талап қана емес, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды азаматтық міндет.

«Заң және тәртіп» қағидатының негізгі мәні де осында. Заң қоғам мүшелерінің барлығына ортақ болған кезде ғана әділеттілік орнығады. Заң талаптарының сақталуы – бір адамның немесе бір мекеменің ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде полиция мен тұрғындардың өзара сенімі мен тығыз байланысы ерекше маңызға ие. Төлеби ауданында қауіпсіз қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстар құқық қорғау органдарының қызметімен ғана шектелмейді. Қоғамдық қауіпсіздікке қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы билік, білім беру ұйымдары, қоғамдық ұйымдар және тұрғындар бірлесіп әрекет етуі қажет.

Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және құқық бұзушылықтың алдын алу – ортақ міндет. Қоғамда құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру да маңызды. Бұл – кез келген заң бұзушылыққа немқұрайлы қарамау, ұсақ құқық бұзушылықтың өзі үлкен мәселеге ұласуы мүмкін екенін түсіну деген сөз. Қоғамдық орында тәртіп бұзу, жол қозғалысы ережесін елемеу, бөтеннің мүлкіне қол сұғу немесе басқа да заң талаптарын бұзу сияқты әрекеттерге көз жұма қарау – құқықтық мәдениетті әлсіретеді.

Сондықтан әрбір азамат өзінен бастап тәртіп орнатуға ұмтылуы керек. Заңды сақтау – жазадан қорқу емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. Өз құқығын білетін және өзгенің құқығын құрметтейтін азаматтар көбейген сайын қоғамдағы тұрақтылық та нығая түседі. Құқық қорғау органдарына деген сенім де қауіпсіз қоғам құрудың маңызды көрсеткіштерінің бірі. Полиция қызметкерлерінің халықпен ашық әрі тұрақты байланысы, профилактикалық шараларды түсіндіру бағытында жүргізуі, азаматтардың мәселелеріне назар аударуы – тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Бүгінде полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі – тек құқық бұзушылыққа ден қою емес, оның алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықпен серіктестік орнату. Бұл ретте өткізілетін профилактикалық іс-шаралардың маңызы зор. Себебі мұндай жұмыстар полиция қызметкерлерінің аудан аумағындағы жағдайды бақылауда ұстауына, құқық бұзушылыққа бейім факторларды анықтауына және дер кезінде алдын алу шараларын қабылдауына мүмкіндік береді.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Осыған байланысты Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алдағы уақытта да аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады. Қауіпсіз қоғам бір күнде қалыптаспайды. Ол заңды құрметтейтін, тәртіпті сақтайтын, өз құқықтары мен міндеттерін білетін азаматтардың ортақ ұстанымы арқылы қалыптасады. Ал бұл жолда құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара сенім, ашық диалог және бірлескен іс-қимылдың маңызы ерекше.

Төлеби ауданында ұйымдастырылған бір нүктелік профилактикалық іс-шара – осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың бір көрінісі. Мұндай шаралар арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң талаптарын құрметтеу және қоғамдық қауіпсіздікке деген ортақ жауапкершілікті қалыптастыру көзделеді. Заң үстемдік еткен жерде әділеттілік орнығады. Тәртіп сақталған жерде қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Ал қауіпсіздік пен әділеттілік орныққан қоғамда азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидатын берік ұстану – Төлеби ауданында қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастырудың ортақ негізі.

Жасанды интеллект дәуіріндегі конституциялық кепілдіктер: Қазақстан азаматтарының деректерін қорғаудың жаңа кезеңі

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы азаматтардың жеке деректерін қорғауды мемлекеттің басты басымдықтарының бірі ретінде бекітті. Енді әр адамның жеке өмірінің қолсұғылмаушылығына және жеке ақпараттың заңсыз жиналуынан, өңделуінен, пайдаланылуынан немесе сақталуынан қауіпсіздігіне құқығы Конституцияның 21-бабымен кепілдендірілген. Бұл жаңашылдық Қазақстанның озық цифрлық мемлекет ретінде қауіпсіз дамуы үшін берік құқықтық негіз қалайды.

Қабылданған өзгерістердің стратегиялық маңызын Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өтіп: «Жасанды интеллект дәуірінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау – цифрлық мемлекетке деген сенімнің іргелі шарты. Бұл нормалардың конституциялық деңгейде бекітілуі қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды сапалық жаңа деңгейге көтереді және жаңартылған Конституция технологиялардың тек адам игілігі үшін қызмет ететініне, ал заңның цифрлық әлемде әрбір азамат үшін сенімді қалқан болатынына кепілдік беретін қауіпсіз әрі әділ қоғам құруға жол ашады» – деді.

Жаңа конституциялық қағидаттарды кешенді іске асыру Цифрлық кодекс, Дербес деректер туралы заң және Жасанды интеллект туралы заң нормаларында көрініс табады. Атап айтқанда, жеке деректердің өзіндік ұғымын оған идентификаторларды қосу арқылы заңнамалық тұрғыдан нақтылау қарастырылған. Сонымен қатар, ақпаратты автоматтандырылған өңдеуге қатаң талаптар енгізу, сондай-ақ азаматтарға eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы деректерді өңдеуге берген келісімін кез келген уақытта қайтарып алу мүмкіндігін беру көзделеді.

Мемлекеттік және жеке платформалардың қауіпсіздігін түбегейлі арттыру үшін 100 мыңнан астам қолжетімділігі шектеулі дербес деректер жазбасын өңдейтін операторлар үшін міндетті биометриялық аутентификация енгізілді. Азаматтарға жеке ақпаратты жою, анонимдеу және өңдеуді шектеу құқықтары ресми түрде бекітілді, сондай-ақ өңдеу мақсаттарына қол жеткізілгеннен кейін оны сақтау мерзімдеріне қатаң талаптар қойылды.

Заңнаманы одан әрі дамыту дербес деректерді қорғаудың ең заманауи технологиялық құралдарын, соның ішінде жасыру және хэштеу құралдарын енгізуді көздейді. Мемлекет ақпараттық жүйелер арасындағы қауіпсіз интеграцияға басымдық бере отырып, мемлекеттік дерекқорлардан ақпарат жиынтығын тікелей жүктеп алуды шектеуге ниетті.

Бұдан бөлек, елімізде дербес деректердің ірі операторларына нақты жіктеу енгізіліп, олардың тізілімі жасақталуда. Операторлар енді деректерді өңдеу процестері басталғанға дейін мемлекетті алдын ала хабардар етуге, сондай-ақ қауіпсіздік инциденттері мен деректердің сыртқа кету фактілері туралы уәкілетті органды және азаматтарды дереу хабардар етуге міндетті.

С 1 июля 2026 года вступила в силу Конституция Республики Казахстан

УВАЖАЕМЫЕ КАЗАХСТАНЦЫ!
С 1 июля 2026 года вступила в силу Конституция Республики Казахстан, принятая на республиканском референдуме 15 марта 2026 года. Волеизъявлением народа Казахстана заложены основы нового этапа конституционного развития страны.

Конституция Республики Казахстан 1995 года утратила силу.

Вступление в силу нового Основного закона является историческим этапом в развитии государства и закрепляет обновлённую конституционную модель, основанную на верховенстве Конституции, усилении гарантий прав и свобод человека, укреплении правовой определённости, повышении ответственности государственной власти и расширении участия граждан в управлении государством.

Конституция существенно обновила и расширила основополагающие принципы деятельности Республики Казахстан. Впервые к ним отнесены защита Суверенитета и Независимости, соблюдение прав и свобод человека, обеспечение верховенства закона и порядка, укрепление общенационального единства, повышение благосостояния народа, продвижение идеи ответственного, созидательного патриотизма, развитие общественного диалога, утверждение ценностей трудолюбия, прогресса, знаний, формирование высокой экологической культуры, сохранение историко-культурного наследия, поддержка национальной культуры.

Суверенитет, Независимость, унитарность, территориальная целостность, форма правления Республики Казахстан остаются неизменными.

Впервые на конституционном уровне определены стратегические ориентиры развития государства – развитие человеческого капитала, образования, науки и инноваций как основы долгосрочного развития Республики Казахстан.

Конституция закрепляет верховенство Конституции как Основного закона государства, его высшую юридическую силу и прямое действие на всей территории Республики Казахстан. Все законы и иные нормативные правовые акты подлежат принятию исключительно на основе и во исполнение Конституции и не могут ей противоречить.

Положения о действии закона во времени, которые ранее были закреплены в числе принципов правосудия,  получили конституционный статус в качестве одной из основ конституционного строя, а запрет придания обратной силы законам, вводящим новые обязанности, ухудшающим положение граждан либо устанавливающим или усиливающим ответственность, стал общеобязательным для всех государственных органов и должностных лиц.

Расширен перечень вопросов, подлежащих регулированию конституционными законами, включая правовой статус и деятельность Қазақстан Халық Кеңесі, правовой статус столицы, организацию высших органов государственной власти, Конституционный Суд, судебную систему, специальные правовые режимы и иные вопросы государственного устройства. Это обеспечивает повышенную стабильность их правового регулирования.

Учреждён Қазақстан Халық Кеңесі как высший представительный орган народа, наделённый правом законодательной инициативы, что усиливает участие общества в формировании государственной политики. Сформирована новая модель законодательной власти и перераспределены полномочия между государственными институтами.

Существенно обновлена модель защиты прав человека. Конституция изменила модель защиты прав человека, закрепив ключевые гарантии уголовного судопроизводства не как принципы деятельности суда, а как неотъемлемые права каждого человека, обязательные для соблюдения всеми государственными органами с момента фактического ограничения свободы. В их числе – право на защиту с момента фактического задержания, судебный контроль за ограничением свободы, запрет произвольного задержания, право хранить молчание и не свидетельствовать против себя и близких родственников (так называемые «правила Миранды»), а также презумпция невиновности.

Впервые на конституционном уровне закреплены обязанность государства возмещать вред, причинённый незаконными действиями государственных органов и должностных лиц, право на защиту интеллектуальной собственности, гарантии цифровых прав, включая защиту персональных данных и цифровую безопасность, а также экологическая ответственность государства и граждан.

С вступлением в силу новой Конституции Конституционный Суд Республики Казахстан продолжит осуществлять конституционный контроль, обеспечивая верховенство новой Конституции, защиту её высшей юридической силы и единообразное понимание конституционных ценностей.

Вступление в силу новой Конституции знаменует начало нового этапа конституционного развития Республики Казахстан, в котором высшей ценностью государства остаются человек, его достоинство, права и свободы, а верховенство Конституции служит прочной основой устойчивого развития, законности и справедливости.

Конституционный Суд Республики Казахстан поздравляет всех граждан Республики Казахстан с вступлением в силу новой Конституции и началом нового этапа конституционного развития нашей страны.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.

Қазақстан халқының ерік білдіруімен еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланды.

1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылды.

Жаңа Ата Заңымыздың күшіне енуі – мемлекет дамуындағы тарихи кезең және Конституция үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, құқықтық айқындылықты нығайтуға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын кеңейтуге негізделген жаңа конституциялық үлгіні бекітеді.

Конституция Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын едәуір жаңартып, кеңейтті. Бұлардың қатарына Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау алғаш рет енгізіліп отыр.

Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейді.

Мемлекеттің стратегиялық даму бағдарлары – адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде дамыту конституциялық деңгейде алғаш рет айқындалды.

Ата Заңымыз Конституция үстемдігін мемлекеттің Негізгі Заңы ретінде, оның ең жоғары заңды күшін және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылуын бекітеді. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер тек Конституцияның негізінде, сондай ақ оны орындау мақсатында қабылдануға және оған қайшы келмеуге тиіс.

Бұған дейін сот төрелігі қағидаттарының қатарында бекітіліп келген заңның уақыт тұрғысынан қолданылуы туралы ережелер конституциялық құрылыс негіздерінің бірі ретінде конституциялық мәртебеге ие болды. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын, жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күшіне тыйым салу барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар үшін жалпыға бірдей міндетті талап ретінде бекітілді.

Конституциялық заңдармен реттелетін мәселелердің тізбесі кеңейтілді. Олардың қатарына Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесі мен қызметі, астананың құқықтық мәртебесі, жоғары мемлекеттік билік органдарының ұйымдастырылуы, Конституциялық Сот, сот жүйесі, арнаулы құқықтық режимдер және мемлекеттік құрылыстың өзге де мәселелері енгізілді. Бұл олардың құқықтық реттелуінің тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы беріле отырып, халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде құрылды. Бұл қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыру ісіне қатысуын күшейтеді. Заң шығарушы биліктің жаңа үлгісі жасалып, мемлекеттік институттар арасында өкілеттіктер қайта бөлінді.

Адам құқықтарын қорғау үлгісі елеулі түрде жаңартылды. Конституция қылмыстық сот ісін жүргізудегі негізгі кепілдіктерді сот қызметінің қағидаттары ретінде емес, бас бостандығы нақты шектелген сәттен бастап барлық мемлекеттік органдар сақтауға міндетті әрбір адамның ажырамас құқықтары ретінде бекітті. Олардың қатарында нақты ұсталған сәттен бастап қорғалу құқығы, бас бостандықтың шектелуіне сот бақылауы, негізсіз ұстауға тыйым салу, сұрақтарға жауап бермеу құқығы, өз-өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы («Миранда қағидалары»), сондай-ақ кінәсіз презумпциясы бар.

Мемлекеттің мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті, зияткерлік меншікті қорғау құқығы, дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікті қоса алғанда,  цифрлық құқықтарға кепілдіктер, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың экологиялық жауапкершілігі конституциялық деңгейде алғаш рет бекітілді.

Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Конституция үстемдігін, оның ең жоғары заңды күшін және конституциялық құндылықтардың бірыңғай түсінілуін қамтамасыз ете отырып, конституциялық бақылауды жалғастыра береді.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан Республикасының конституциялық дамудағы жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді. Бұл кезеңде адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы болып, Конституция үстемдігі орнықты дамудың, заңдылық пен әділдіктің берік негізі бола береді.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасының барша азаматтарын жаңа Конституцияның күшіне енуімен және еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің басталуымен құттықтайды.