Түркістан облысының әжелері “Даналық мектебінің клубы” сабақтарын өткізу бойынша, «Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы» тақырыбында бесікке салу салт-дәстүрін орындады. Аталған мәдени-рухани шаралар өңірдің білім беру мекемелерінде ұйымдастырылып келеді. Басты мақсат, қазақтың салт-дәстүрін насихаттау, «Салт-дәстүр», «Әдеп –ғұрып» ұғымдарының мәнін ашу және оларды сақтап, құрметпен қарау, сондай-ақ өркениетке барар ұлт болашағын айқындайтын факторлардың бірі екендігін ұғындыру.
«Қазақ халқы бесікті тәлім – тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан қалған киелі мүлік, қой үстінен бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршіліктің белгісі деп есептеген. Бесікті қатты қадірлейтіндігі соншалықты, қазақ атасы жатқан бесікке бала, немере, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына дейін бөлеген екен. Яғни, ол сан ғасырлардан бері құндылығын жоғалтпаған ұлттың алтын ұясы. Баланы бесікке бөлеу — қазақ халқына тән ұлттық қасиет. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш болады, бойы жылы және тәні таза болады. Жас сәбиді бесікке бөлеу халқымыз үшін елеулі дәстүрлердің бірі болған. Бесікке салу жолы көпті көрген ақжаулықты аналарымызға, елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне тапсырылған. Әжелеріміз бесікті отпен аластап, «тыштырма» жасап, баланы бесікке бөлейді. Дәстүрге сәйкес бесіктің үстіне жеті түрлі қадірлі, қасиетті таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар» кәде сыйы да беріліп, бөлеген сәбиді тербетіп отырып аналарымыз бар мейірімін төгіп, бесік жырын айтқан. Бесік – сәбидің алтын ұясы, «Ел іші алтын – алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді. Бесік жырының басты қызметі —тербелісіне ыңғайлас сазды әуен және ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, сәдидің жан дүниесі мен оның санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Қазақ халқының бесік жыры «Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!» деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын, ана арманы қиялға ұштасып, баланың болашағына жол сілтейтін шумақтарға ұласып отырған. Бұл дана халқымыздың ұрпағына және оның тәрбиесіне деген басты назары, мейірімі мен құндылығы деуге болады. Қазіргі таңда кейбір әжелеріміз немерелері мен шөберелеріне ертегі, жыр айтпақ түгілі ұрпағының денсаулығына да алаңдамайтын секілді. Бірақ бұл дұрыс емес. Ал, кейбір дәрігерлер баланы бесікке бөлемеуге кеңес береді. Баланы бесікке салу зиян, шүмектерінің тазалық тұрғыдан талапқа сай емес деген секілді пікірлерді ұстанып жүргені баршамызға аян. Бірақ, данышпан халқымыз «тәрбие – тал бесіктен», «есік көргенді алма, бесік көргенді ал», деп ұрпағының тәлім –тәрбиесіне баса назар аударғанын ұмытпағанымыз абзал. Себебі, ата-бабамыздан қалған құнды мұра бесіктен қазақтың атақты ұл -қыздары еш кедергісіз өсіп-дамып, еліміздің талай батыл азаматтары шыңдалғандарын атап өткім келеді.» — дейді Арыс қалалық әжелер құрамының төрайымы Айымхан Тәшімбетова
Расында, Айымхан апамыздың айтқанын орынды пікір деп қабылдауға болады. Бесік жырын естіп, ұғынып өскен ұлы даланың талай дана азаматтары дүниежүзіне танымал тұлғалар атанды. Бесіктің және бесік жырының пайдасын атақты академик, ғалымдар да дәлелдеп берген екен. Мысалы, кейбір деректерге сүйенсек 1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев «Балалардағы невроз ауруының алдын-алу үшін, бесік жырын тыңдату керек» деген тұжырым айтқан екен. Ал, психолог Виталий Леутиннің бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртыстарындағы нейрондардың дұрыс дамуына түрткі болады деп атап өтіпті. Ал, Америкалық психолог, медицина ғылымдарының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф өзінің ғылыми кітабында бесік жыры баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден-бір себеп бола алатынын мәлімдеген екен. Жалпы бесік жырының ерекше маңызы туралы сөз қозғаған беделді ғалымдар аз емес және олар бұл бағытта нақты зерттеулер жүргізіп, бесік жырының сәбидің дамуына оң әсер ететінін айтып кеткен.
Сондықтанда, өңірдегі білім ордаларында ұйымдастырылып жатқан игі шаралардың кейінгі ұрпаққа берер тәлім — тәрбиесі ерекше. Себебі асыл аналарымыз жас өркендерге қазақ халқының өркениеті мен руханиятын насихаттап, оларға үлгі — өнеге көрсетіп жүр. Ананың балаға берер тәрбиесі, мейірімі дәл осы бесік жырымен үндеседі.
« Баланың психологиясына әсер етіп, өмірге деген сүйіспешілігін оятуға әсер ететін алғашқы қадамдардың бірі — аналардың бесік жыры. Ал, әрбір баланың алғашқы ұстазы, ол – ана. Ешбір ана баласының жаман болғанын қаламайды. Баланың жақсы болуы аналардың қолында, сондықтан ғасырлар бойы жалғастығы үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлерді санадан шығармай, баламыздың бойына дарытуға көңіл бөліп, білмегенімізді ізденіп тауып, тәрбиеге аса көңіл бөлетін жағдайға жетіп отырмыз. Айтпағым, бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Қазіргі таңда көп ата-ана баласының бойында ашушаңдық, мейірімсіздік бар екенін байқап, оның қайдан пайда болғанына таң қалып жатады. Бұл сізбен біз берген бастапқы тәрбиеден. Интернет және жат қылықтар баланың даму жүйесіне осылай әсер етеді. Бұл мәселе турасында, қазір ғана емес, әр кездері үлкен мінберлерде айтылып келеді. Ал, біз осындай игі істермен жастарымызға ой сала отырып, халқымыздың салт-дәстүрлері мен шешендік сөз өнері маңыздылығын жеткізуге тырысып келеміз. Себебі, жастарға біліммен қатар дұрыс тәрбие беру де маңызды. Білім мен тәрбие қатар берілсе ғана жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, елдік сана мен ұлттық рухты, халқымыздың мәңгілік ұлттық идеясын қалыптастыра аламыз. Ал оның таусылмас қоры ұлттық тәрбие, ұлттық санада екені анық. Ұлттық тәрбиеден нәр алып, санасына сіңірген адам жалпы адамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бағалап, кемел адам сатысына көтеріле беретіні сөзсіз» — дейді әжелер құрамының мүшесі Исаева Несібелі
«Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы», деген әжелеріміз бесікке бөлеудің пайдасы ерекше екенін айтады.Біріншіден, қолы мен аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды, жиі шошынады. Ол сәбидің жүйке жүйесінің дұрыс жетілмеуіне әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ұйқысы қанбаған баланың санасы мен ой зердесі өз уақытында толық жетілмейді. Екіншіден, баланың мазасыздығы ананың психологиясына да әсер етедi. Ал, мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі.
Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыз, мейірімсіз болуына себеп болуы мүмкін. Керісінше бесікке бөленген сәбиді бесiктен шешкен кезде, сәбидің керiлiп, созылып рахаттануы, денесінің әр түрлі күйде болуы оған ерекше демалыс сыйлайды емес пе?! Бесікте жатқан баланың тұла бойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Сәбидің денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Бесікке бөлеу әдісі құрғақ табиғи таза мақтадан жасалған жұмсақ дәке, шыт сияқты материалдарды пайдалану арқылы жүзеге асатындықтан бала денсаулығына да зияны болмайды. Сондықтан бесікке бөлеу — мықты денсаулық кепілі деп айтуға негіз бар. Себебі қазіргі қолданыстағы памперстер, тек химиялық жолмен алынған заттар, оның бала денсаулығына тигізер зияны туралы туралы айтпаса да түсінікті. Негізі бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңсе,оның бойында қайырымды мінез қалыптасады, бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Бесік жырының баланың көкірек көзін ашып, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді. Жалпы бесік жырында қазақ халқының төл тарихы, мәдениеті мен дәстүрі, наным-сенім мен дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын халқымыз ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Тіпті ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендерде құлағын салып тыңдап отыратын. Яғни, ананың балаға деген мейірі, махаббаты, ой-арманы, ізгі ниеті, халықтың ақыл өсиеттері бесік жырында айқын керінеді.