Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге инвестиция тарту – ең маңызды міндеттердің бірі екенін айтып келеді. Бұл аймақтардың әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Президент еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыруды да тапсырған болатын. Бұл бағытта өңірлерге жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі екенін де атап өтті.
«Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет. Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады», деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шет елге барған әрбір басшысының сапары оң нәтиже беру керектігін де атап өткен болатын.
«Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.
Бұл бағытта Түркістан облысында нақты жобалар қолға алынып, инвесторлар тарту шаралары қарқынды түрде орындалуда. Облыс әкімі өндіріс орнын ашып, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгіземін дейтін азаматтарға да ерекше қолдау білдіріп келеді. Осындай ауқымды жобаларды Сауран ауданында «Жаңа Жібек жолы» ЖШС жүзеге асырмақ. Компания құрылтайшысы Нұртай Шайакыметпен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвестициялық жобаларға қашанда қолдау көрсетілетінін айтып, қабылдауға келген шетелдік инвесторлармен де келіссөз жүргізді.
– Түркістан өңіріне қош келіпсіздер. Түркістан – елімізде мақта өсірілетін жалғыз облыс. Сондықтан осы саланы мейлінше дамытып, мақта кластерін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Осы бағытта жұмыстар жүруде. Біз мақта сұрыбын жақсартып, мақтаны терең өңдейтін зауыттар ашамыз. Сіздер ұсынған жобаларды қарастырып, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
«Жаңа Жібек жолы» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұртай Шайакымет Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамыту бағытында жүзеге асырғалы жатқан жобаларын таныстырды. Біріншісі – Сауран ауданы, Үшқайық ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып жоғарғы сортты мақта дақылын өндіру көзделген. Жоба құны – 1,5 млрд. тенге. Жер көлемі – 1000 га, іске асыру кезеңі – 2024-2025 жылдар аралығы, 30 адам жұмыспен қамтылады. Екінші жоба – Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып, ауыл шаруашылық өнімдерін дамыту. Жоба құны – 500 млн тенге, жер көлемі – 518 га. Мұнда 200 га жерге тұқымдық мақта, 200 га жерге тәтті жүгері және 118 га жерге ащы бұрыш егу көзделген. 2024-2025 жылдары жүзеге асатын жоба арқылы 15 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге Ескі Иқан ауылдық округінде замануи технологиялар қолданылған мақта өңдеу зауытын салу көзделген. Жоба жүзеге асса, 120 адам жұмыспен қамтылады. Бұл жобалардың бастамашысы – «Жаңа Жібек жолы» ЖШС.
Жалпы, Түркістан облысында инвестиция тартуға басым бағыт берілген. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылайды. Барлық аудан, қала әкіміне нақты индикаторлар бекітілген. Аудан, қала басшылары жергілікті кәсіпкерлермен бірге Түркия, Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапарларда болды. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралап, алпауыт компаниялармен келісімдер жасалды. Озық шетел тәжірибесі кеңінен қолдану мақсатында атқарылған тиісті жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде. 6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есеге артып, 2023 жылы 972 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамытуға басымдық берілді. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген. Ең алдымен, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Екіншіден, өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд теңге болатын 10 жоба жоспарланса, соның жетеуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесін шығаратын «BNK group» компаниялары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасымен осындай парктерді аудандарда да салынады. Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 трлн теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беріліп, осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрақты түрде Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарына төрағалық етіп, осы саладағы мәселелерді бақылауда ұстап отыр. Сонымен бірге шет мемлекеттердің инвесторларымен тұрақты түрде келіссөз жүруде. Нәтижесінде инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарынан табылып жүр.
Ал, жыл басынан бері Түркістан облысының негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 420,8 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге артқан. Оның ішінде, 344,3 млрд теңге немесе 80%-дан астамы – жеке инвестиция құрайды. Өңір капиталына салынған инвестициялардың басым үлесі Түркістан қаласы (35,2%) және Созақ (15,4%), Сайрам (6%), Сарыағаш (5,5%) аудандарына тиесілі. Пайдалану бағыты бойынша негізгі 29% үлесі өнеркәсіп арқылы үйлестірілген. Ол 123,9 млрд теңгені құрайды, Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіне 64,1 млрд теңге бағытталса, өңдеу өнеркәсібіне 25,3 млрд теңге тартылған. Ауыл шаруашылығының үлесі 28%-ды құрап, 116,4 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде, егін шаруашылығы – 31 млрд теңге, ал мал шаруашылығы – 21,4 млрд теңге.
Кездесу барысында өңір басшысы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен жауапты басқарма басшыларына инвесторға сүймелдеу жұмыстарын жүргізуді, инфрақұрылым бойынша көмектесуді тапсырды.