Сержан Дүйсебаев: Төлеби ауданында тұрақтылық пен бірлікті сақтау басты назарда

Төлеби ауданы түрлі этнос өкілдері шоғырланған аймақтың бірі болып есептеледі. Сондықтан ауданда халықтың ауызбіршілігі мен бірлігін бекемдей түсетін түрлі іс-шаралар күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде еліміздің әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем, ынтымағы берік. Түрлі ұлттың өкілдері татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылуда және туған жеріне деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік тілге деген құрметі де ерекше. Бұл туралы қоғамдық-саяси ахуал және этносаралық қатынастар мәселелерін талқылау мақсатындағы штаб отырысында Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев баяндап берді.

« — Қазақ елінің дархан көңілі мен бейбіт ұсанымының арқасында, Қазақстан жерінде 130-дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп жатыр. Тиісінше Төлеби ауданында да этносаралық қарым-қатынас пен түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі тұрақты деп айтуға болады. Бұл мақсатта аудандық қоғамдық келісім, аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі және діни ахуалға жауапты мамандар да, сондай-ақ этномәдени орталықтардың мүшелері де игі істер атқарып, елді ынтымақ пен бірлікке үндеп, ұдайы түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Екі адамның арасында болатын кейкілжіңдерді пайдаланып, халықтың арасына іріткі салуды ойлайтын арам пиғылды азаматтар болуы мүмкін. Мұндай мәселелерді аудан басшылығы мен жауапты мамандар басты назарда ұстап, дер кезінде нақты әрекеттер атқаруда. Тұрғындарға бұл бағытта түсіндірме жұмыстары да жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бекітілген жоспарлар да өз уақытында орындалуда.
Киелі қазақ шаңырағын қадірлей білетін түрлі этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырып, қазақ халқының мәдениеті мен әдет-ғұрпын қадірлеп, шынайы сыйластықтарын білдіріп жүр. Ұлтаралық татулықты нығайтуға ауданда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі де өз үлестерін қосып,  келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысуда. Бүгінгі біздің басты мәселеміз достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытында түрлі іс-шаралар өткізу болып табылады. Этнос  өкілдері де қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін жетік меңгеріп келеді. Мысалы Түркістан облысы бойынша түрлі ұлт өкілдерінің 90 пайыздан астамы мемлекеттік тілді үйренген, еркін меңгерген десек болады. Сонымен қатар, олар өз ұлтының құндылықтырын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін де ұмыт қалдырмай, қазақ халқымен біте қайнасқан, бейбіт елдің жетістіктерін жоғары бағалай біледі» , -деді Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев.

Сондай-ақ, басқосуда жастар, этносаралық қатынас, жер дауы мәселелері де талқыға түсті. Мәжіліске құқық қорғау органдарының өкілдері, жауапты басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда тұруы керектігін, басқарма, аудан әкімдігінің қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті сапалы орындауы тиіс екенін айтты.

«– Облыстағы қоғамдық ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштеріне жедел үн қату керек. Халық көп шоғырланған ауылдарға талдау жасалып, жастар арасында жұмыссыздықты жою, мемлекеттік бағдарламаларға тарту шаралары күшейтілсін. Елімізге танымал бизнес, өнер, спорт саласының майталмандарын шақырып, жаңаша форматтағы кездесулерді аудандар мен ауыл округтерінде ұйымдастырылған жөн. Бұдан бөлек жастарға ерекше назар аударып, қолдау көрсету маңызды. Биыл колледжге 15 мыңнан мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. Грант жеткілікті. Жастарды білімге тарту бағытындағы жұмысты да жандандырыңыздар, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев

Сондай-ақ ол нақты жұмыс жоспарын ұсынуды тапсырып, аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді. Мәжілісте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев маңызды мәселелер бойынша баяндады. Жиын барысында Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Cәдибаев та аудандағы ахуал туралы айтып өтті.

Жалпы мамандар облыс көлемінде халықтың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары екені ескеріліп, тиісті жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*