Дәрігерлер жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бір жастар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу, оларды салауатты өмір салтын ұстануға үндеу және жат қылықтардан бойын аулақ ұстауға шақыру. Себебі, зиянды заттардың зардабы еліміздің өркендеуі мен дамуына, білім мен ғылымға құштар азаматтарымыздың қалыптасуына, тіпті халықтың берекесі мен бірлігіне кері әсерін тигізіп жатады. Бұл туралы Мемлекет басшысы да өз жолдауларында, үндеулерінде, халықпен кездесулерінде басты назарға алып, онымен қатаң күресу керектігін мәлімдеген болатын.

«Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет.», — деген болатын Мемлекет басшысы

Тиісінше еліміз бойынша білім беру мекемелерінде жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын-алу, оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, темікінің зияндығы мен қанты көп сусындардың денсаулыққа кері әсері, дұрыс тамақтануды дәріптеу  мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Осындай игі мақсатты бастама еткен іс-шаралардың бірі Түлкібас ауданында орналасқан А.Гайдар мектебінде де ұйымдастырылды. Мамандар  «Нашақорлық -қоғам дерті» тақырыбында 8-9 сынып оқушыларымен кездесіп, білім алушылармен тренинг өткізді.

Түлкібас аудандық орталық аурухананың дәрігерлері нарколог дәрігер — Г.Есеева, СӨС маманы — Л.Ермағанбетова, психолог — А.Жайшибекова, ВОП дәрігер — Қ.Сейдуахам оқушыларға дәріс берді. Сондай-ақ кездесуде жас ұрпақтың білімдерін тиянақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға, темікі затының зияндығын, қанты көп сусындардың зияны, тамақтануды дұрыс жолға қою, стресстің алдын-алу туралы кеңестер берілді. Әлем дерті нашақорлық ауруынан сақтануға және Конго Қырым қанды қызбасының алдын- алу бойынша ескертулер де жасалды.

«Бүгінде қоғам алдындағы тұрған басты міндеттің бірі-балалар мен жасөспірімдерді шылым   шегу,  маскүнемдік,  нашақорлықтан қорғау. Яғни жат әдеттерге қарсы төзбеушілікті қалыптастыру. Қоғам дерті саналатын нашақорлықпен күрес ешқашан күн тәртібінен түспеуі керек деп есептеймін. Дәл осыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да айтқан болатын. Бұл дерт адам баласын құрдымға алып кетеді.  Нашақорлыққа шалдыққан адамның мінезі өзгеріске ұшырап, өзін өзін ұстауы да басқалай бола бастайды. Көңіл-күйі жиі төмендеп, себепсіз ашуға булығып, тұйықталып, жеке кеңістігін тарылтады. Ұйқысы дұрыс болмай бұзылады, күні бойы маужырап жүреді. Оған бойұсынған адам ойына келгенін істеп, өз дегенімен ғана жүріп-тұрады, мезгілімен демалудан алшақтап кетеді. Тамақтану, тамақ ішу уақыты да мүлдем өзгеріске ұшырап, оған дұрыс тағам емес, есірткі керек болып тұрады. Түптеп келгенде нашақорлыққа шалдығып, одан бас тартпаған адамдар, соңында өз өміріне балта шабумен аяқтайды. Бақытсыздыққа душар ететін, өлімге итермелейтін нағыз қасіретті дертке ешқашан жол бермеңіздер. Себебі бұл жат қылық ешқандай жақсылыққа жетелемейді. Қазір сіздер жаңа өмір мен жаңа баспалдақтың алдында тұрсыздар. Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Алға қойған мақсаттарыңыз бен армандарыңыз бар. Ата-аналарыңыздың қуанышы мен сенімі сіздер. Сондықтан ең бастысы осындай зиянды заттардан, есірткі тектес заттардан аулақ болыңыздар дегім келеді. Ең басты байлық денсаулық. Сондықтан өздеріңізді, өз денсаулықтарыңызды қадірлей біліңіздер», — деді Түлкібас аудандық орталық ауруханасының нарколог дәрігері Г.Есеева.

Сонымен қатар білім алушылармен өткен тренингте салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану бойынша да мамандар ақыл-кеңестерін айтты. Жалпы салауатты өмір салтын ұстанатын азаматардан мықты ұрпақтар қалыптасады, мықты ұрпақ мықты мемлекетті қалыптастырады деген сөз бар. Яғни, еліміздің ертеңі жастар болғандықтан оларға үгіт-насихат жұмыстары ұдай жүргізілуі тиіс. Бұл бағытта мамандар денсаулықты нығайтуға бағытталған тәсілдерді де атап өтті.

« — Расында, әрбір адамның денсаулығы өз қолында екенін барлығымыз жақсы білеміз. Салауатты өмір салты — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет болып табылады. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасып отырады. Салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты қозғалыс белсенділігін дұрыс ұйымдастыру, организмнің өсу мен дамуына белсенді ықпал етіп, тәніміздің жұмысқа қабілеттігін жоғарылату және әр түрлі ауруларға төзімділікті арттырудан басталады. Яғни адам денсаулығының негізінің мықты болуы оның тамақтануына байланысты, балалық шақта қаланған денсаулықтың іргесі адамның бүкіл кейінгі өмірінің сапасына әсер етеді. Дұрыс тамақтану және салауатты өмір салты – бала организмінің ауруларға жоғары тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін міндетті шарттар екенін естен шығармағанымыз абзал. Жасөспірімдердің күнделікті дұрыс тамақтануы қуатқа қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыруы және күні бойы жұмсайтын күштерін толығымен қалпына келтіруі керек. Осыған байланысты мектеп оқушысына арналған негізгі салауатты тамақтану ұстанымдары туралы білу аса маңызды. Баланың жасының әр кезеңі алдыңғысынан өсу қарқыны және физиологиялық жүйелердің жетілуімен, өсу үстіндегі организмнің тіндері мен ағзаларында өтетін өзгерістердің сапасымен ерекшеленеді. Сондықтан, баланың жасының әр кезеңіндегі тамақтануы айрықша талаптармен сипатталады, осы талаптарды ескеру арқылы баланың ақыл-ойы мен денесінің қалыпты дамуына, өмірлік әлеуетін арттыруға ықпал етуге болады. Салауатты тамақтану – өнімдердің пайдалы қасиеттерін ескеріп, қолданатын тамақтану. Салауатты тамақтану ұстанымдарын қадағалау организмнің ақуыздарға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге, басқа да көптеген қоректік заттектерге барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Керісінше, салауатты емес тағам асқазан-ішек жолдары ауруларының, семіздіктің, қан айналымы жүйесі ауруларының, апаруы мүмкін. Дұрыс тамақтанбаудың жағымсыз салдары бірден білінбейді. Организм ағзалар мен жүйелердің қызметінің бұзылысын өтей алмайтын болған кезде ауру дами бастайды. Жылдар бойы жинақталған өзгерістердің бетін қайтару қиын. Бұл үшін сәйкес емдеу, уақыт және науқастың тарапынан дәрігердің ұсыныстын қатаң орындау қажет. Ең бастысы – адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгерту. Сондықтан, баласына өмірінің басынан бастап дұрыс тағамдық дағдыларды қалыптастырған ата-аналар баласының денсаулығының мықты іргесін қалайды. Мамандар біз тұтынатын тағамды «тірі» және «өлі» түрге бөлуге болатынын айтады. «Тірі» тағам бізді өмірлік қуатпен және күшпен толтырып, денсаулықты нығайтады, семіздіктен, жүрек және қантамыр ауруларынан, диабеттен, қатерлі ісіктерден және басқа аурулардан қорғайды екен. «Тірі» тағамға жататындар: тұтас дәндер, көкөністер, жемістер, жидектер, бұршақ тұқымдастар. Олар дәрумендерге, минералдық заттектерге, өсімдік талшықтарына бай келеді. Өндірілетін азық-түлік тауарларының сақтау мерзімін ұзарту үшін «өлі» тағамды «тірі» тағамнан технологиялық өңдеу арқылы алады. Нәтижесінде «өлі» тағам коммерциялық тұрғыдан пайдалы болады, бірақ, өмірлік қуаттан, көптеген қоректік заттектерден, мысалы, дәрумендерден, минералдар мен талшықтан айырылады.Сонымен қатар, нарықта өтімділігін арттыру мақсатында дайындалатын өнімнің сыртқы және дәмдік ұнамдылығын арттыру үшін оларға түрлі бояғыштарды, дәмді күшейткіштерді, қант пен тұздың үлкен мөлшерін қосады. Сондықтан, «өлі» тағам иммунитетті төмендетеді, ауруларды туындатып, өмір жас ұзақтығын қысқартады. Сонымен қатар, «өлі тағам» өнімдеріне балалар тез үйреніп, тәуелділік те пайда болуы мүмкін. Денсаулығымыз мықты болу үшін бүкіл отбасы болып дұрыс тамақтана біліңіздер. Салауатты өмір салтын ұстанайық», — деді СӨС маманы Л.Ермағанбетова

Сондай-ақ, бұл күні психологиялық тренинг те өткізілді. Сонымен қатар, оқушылар өз ойларын ортаға салып нашақор адамдардың өмірін аянышпен немесе өліммен аяқталатыны туралы фотосуреттер көрсетті. Ақ жейделі абзал жандар оқушыларға денсаулыққа кері әсерін тигізетін зиянды заттардан аулақ болуын ескертіп, оларды салауатты өмір салтын сақтау үшін тек пайдалы тағамдар қолданып, спортпен айналысуға шақырды.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*