Төлеби ауданы: Қоғамдағы татулық пен бірлікті қамтамасыз етудегі медиацияның рөлі

Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы, Түркістан облысы, Төлеби аудандық соты және кәсіби медиатор Ләззат Балтабайқызы Асанованың ұйымдастыруымен аудандық білім бөлімінің ғимаратында «Қоғамдағы татулық пен бірлікті қамтамасыз етудегі медиацияның рөлі» атты тақырыпта жиын өтті. Жиынды кәсіби медиатор Л.Асанова ашып, жүргізіп отырды.

Жиынға Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғ.Байарыстан, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиал басшысы Е.Айтжанов, «Еуро-Азияль медиация орталығы» ҚБ директоры, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша медиация кеңесінің төрайымы Л.Ақшегирова, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Тойлыбаев, кәсіби медиатор Л.Асанова, Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының директоры, кәсіби медиатор Д.Кенжеқұлова, Төлеби АПБ ЖПҚ-нің басшысы Н.Қонысов, Төлеби ауданының бас биі М.Бекболатов, аудандық білім беру мекемелерінің басшылары мен құзырлы мекемелердің салаға жауапты қызметкерлері және кәсіби медиаторлар қатысты.

Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғ.Байарыстан:

«Медиация туралы заң 2011 жылы қабылданған. Алайда 2015-2016 жылдан бастап қарқынды жұмыс жүргізе бастады. Жалпы медиация ұғымына келетін болсақ, орын алған қақтығысты сотқа жеткізбей ауыл билерінің және кәсіби медиаторлардың көмегімен екі тарапты бітімгершілікке шақыру. Кез келген азаматтың сотқа жүгінуге құқығы бар алайда, осындай жағдайларда медиация көмегімен екі тарап келісімге келіп, татуласқаны әлдеқайда оңтайлы шешім деп ойлаймын. Орта есеппен аудан бойынша жылына 1500-ге жуық азамат сотқа арыз түсіреді. Осы арыздың 30-40% медиация көмегімен шешіліп жатыр. Сол себепті болмашы дүниелер үшін бір-бірімізге деген сыйластықтан айырылып қалмайық. Еліміздің дамып, өркендеуі үшін ең алдымен береке, бірлік керек. Барлығымыз бірлікте, татулықта болайық», — деген пікірін білдірді.

 

Ал, «Еуро-Азияль медиация орталығы» ҚБ директоры, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша медиация кеңесінің төрайымы Л.Ақшегирова:

«Халық нотариус, адвокат және сот ұғымдарын біледі, алайда медиация сөзін енді ұғынып жатыр. Медиация сөзі жемқорлық, зорлық-зомбылық, экстремизм-терроризм және нашақорлықпен айналысып, ұсталған жағдайларда қолданылмайды. Ажырасу, еңбек және жер даулары, көршілер арасында және ата-ана мен ұстаздар арасында кикілжіңдер орын алған жағдайда істі сотқа жеткізбей медиация көмегімен шешуге болады»,-деп атап өтті.

 

Төлеби ауданының білім бөлімінің басшысы Б.Тойлыбаев:

«Қазіргі уақытта медиация қоғамға, ортаға әсіресе әрбір отбасыға қажет дүние. Бұрында ата-бабаларымыз қандай да бір кикілжің орын алған жағдайда екі тарапты бейбіт жолмен келісімге шақырып, татуластырған. Ал қазірше? Қазір болмашы нарсеге аразданып жатамыз немесе сотқа шағымданып, уақытымызды босқа жұмсаймыз. Мұның керегі қанша? Ысырапшыл деген ұғым бар ағайын. Ол ақшаны немесе басқа да дүниелерді ысырап ету емес, уақытты ысырап ету. Осындай болмашы жағдайлар үшін бір-бірімізге аразданып, қырсығып, кешірім бермей алтын уақытымызды бос жұмсап жатамыз. Сондықтан құрметті жиынға қатысушылар бір-бірімізге кешірімді болайық, тура жол көрсетіп, бірлікте, татулықта өмір сүрейік», — деп, ынтымақ пен бірліктің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының директоры, кәсіби медиатор Д.Кенжеқұлова Түркістан  облыс бойынша «Мектеп медиациясы» деген жоба іске асырылып жатқанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта Түркістан қаласы «Ататүрік» мектебінде бұл жоба іске асуда. Қандай да бір дау орын алған жағдайда сотқа емес медиацияға жүгіну керек. Өркениетті қоғамның берік іргесі – заң болса, тұғыры – құқық. Медиация дегенде, ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Дау-дамай бұрын да болған, қазір де бар. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрсекте, ең алдымен ынтымақты сақтай білуіміз керек», — деді Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының директоры, кәсіби медиатор Д.Кенжеқұлова

 

«Қоғамдағы татулық пен бірлікті қамтамасыз етудегі медиацияның рөлі» атты тақырыпта өткен жиында Төлеби ауданының бас биі М.Бекболатов та қазақ халқының тарихында келісім мен әділ билердің шешімдері ел бірлігін бекемдегенін тілге тиек етті.

«Жалпы, медиация маз­мұ­ны қазақ халқы үшін таңсық дүние емес. Халқымызға ежелден таныс ұғым. Қара қылды қақ жа­рып, әділдігін айтатын билердің көме­гімен ел бірлігі мен ауызбіршілігін сақтап, даула­сушы тараптарды мәмілеге келтіру – ата-бабаларымыздың ерте­ден келе жатқан дәстүрі. Атап айтсақ,  халқымыз «ара­ағайындық», «бітімгер», «мәміле» және тағы басқа да терминдерді қолдан­ған. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұс­таныммен өмір сүрген дана хал­қымыз аталы сөзге тоқтау­ды білген және әділ шешімге келісіммен қарай білген. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағи­даны берік ұстанған билердің мәртебесі жоғары болып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақ­тауға ықпал еткен. Бүгінгі таң­дағы әлемдік ахуал жедел өзгеріс­терімен, тұрақсыздығымен ерекшеленуде. Қалыптасқан жағдайда қо­ғамның ішкі тұтастығы мыз­ғымас берік болғанда ғана бола­шақты бағамдап, межелеген мақ­сат­қа нық сеніммен қадам басуға болады»,-деді Төлеби ауданының бас биі М.Бекболатов

 

Жалпы азаматтық жетілу мен жауапкершілік, қоғамның құқықтық мәде­ниетінің даму деңгейін жоға­рылату дегеніміз азаматтардың кез келген жан­жалды шешу барысында ымыраға келуге дайын болуын қамтамасыз ету болып табылады. Яғни бұл Қазақстанның бүкіл әлеуметтік құрылымының әлеу­меттік жағдайы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сондықтан медиация институтын дамытудың маңызы ешқашан төмендемейді және оның қоғамдағы маңыздылығы әрқашан жоғарғы деңгейде болып қала бермек. Мұндай жұмыстар медиация институтын жүйелі түрде нығайтуға үлес қоса отырып, ҚХА республикалық және өңірлік қоғамдық құры­лым­дарының өкілдері арасынан кәсіби медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерді даярлау арқылы жүзеге асырылып келеді. Яғни, медиа­цияның әлеуетін ұтымды пайдалану арқылы, қоғамда орын алатын дау-дамайларды оңтайлы реттеп, ішкі бірлікті бекемдеп, ынтымақты арттырып, ел іргесінің аман болуына үлес қосу басты мәселе.

Бүгінде мемлекетіміздің бірден-бір алға қойып, мақтан етіп айтар айнасы – этносаралық татуластық. Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді.Жер шарының картасына көз салсақ, қазақ жерінің ұлан байтақ атырапты алып жатқанын көреміз. Қазақ елінің көңілі де дәл сондай, кең, дархан. Соның арқасында, Қазақстан жерінде 130-дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп келеді. Бізбен көршілес кей елдердегі, тіпті алыстағы көптеген мемлекеттер өз ішінде дау-дамай туғызып, жанжалдасып, қанды шайқасқа дейін баратындары жайлы құлағымыз естіп, көріміз көрген. Соларға біздің «Жұмылғанда жұдырық, ашылғанда алақан» болып отырғанымыз үлкен сабақ болып жатқан шығар деген ой түйіп, «осы күнімізге де шүкір, тәуба»,- деп қоямыз.

Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысады. Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытында түрлі іс-шаралар өткізу болып табылады. Телеранттылық ұстанымына сәйкес өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін жете білуі керек. Дегенмен, олар өз ұлтының құндылықтырын еркін меңгеріп өсіп келеді. Қиын-қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығын, жақсылығын, кеңпейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын жоғары бағалап, құрметтейді. Өзге ұлт өкілдері қоныстанған аймақтарда, сол ұлттың тілінде балабақша, мектеп көптеген ұйымдар өз міндеттерін атқарады. Өз тілдерінде еркін сөйлеп, өз ойларымен биік шыңдарды бағындырып жүргендері де бар. Бұл қазақ елінің жомарттығының айқын дәлелі.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*