Сауран: Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 14 жас жұмысқа жолдама алды

Сауран аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ және Сауран аудандық «Мансап орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 25 қазан Республика күніне орай, «Шектеусіз мүмкіндік» тақырыбында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке өткізудің мақсаты –мүмкіндігі шектеулі жастарға мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау және оқу орнын бітірген түлектерді және NEET санатындағы жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, жастарға арналған бағдарламалармен таныстыру, жұмыс беруші мекемелер қажетті мамандар таңдауларына, ал жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуларына, сұхбаттасып жүздесулеріне ықпал жасау. Жәрмеңкеде 20 жас мемлекеттік бағдарламалар бойынша толық мәлімет алып, 5 жас жастар практикасы бағдарламасымен жұмысқа жолдама алса, 9 жас тұрақты жұмысқа жолдама алды.

Айта кетейік, жастарға жұмыс табудың жаңа мүмкіндіктерінің бірі — «Жастар практикасы». Бағдарлама оқуды аяқтаған соң алған кәсібі бойынша жұмысқа орналасуды жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі. Түлектің «Жастар практикасына» қатысқан уақыты жұмыс өтіліне кіреді. «Жастар практикасы» 1 жылдан аса қызмет етіп тұрған, салық, жалақы бойынша берешектері жоқ жұмыс берушілерде ұйымдастырылады. Жұмыс беруші түлектің мамандығын немесе оған ұқсас мамандық бойынша жұмыс орнын құрады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде 2023 жылы заң қабылданды. Оның бірнеше жаңа нормасы бар. Егер бұрын жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, қазір 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Демек, жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артты. Егер бұрын жастар категориясына 3 миллион 700 адам кірсе, қазір 5 миллион 700 мың адам кіреді. Яғни олар осы нормаларға, осы қолдау тетіктеріне ие болады. Сондай-ақ «Жастар практикасы» бағдарламасына сәйкес, бұрын жастар жарты жыл өтетін болса, қазір ол бір жылға дейін ұзартылған.

Жастарға өз-өзін көрсетуге мүмкіндік берген жақсы, әрине. Бірақ, сонымен қатар оларға мотивация да керек. Жас мамандарды айтпағанда тәжірибелі, тісқаққан қызметкерлердің өзі жоғары жалақы алса, жұмысты құлшыныспен істейді. Ал қолына дипломын енді ғана алған жас маман үшін мақтау-мадақтаудың өзі жеткілікті. Әйткенмен еңбегі қаржылай бағаланса еңсесі көтеріліп, қуанып қалатыны жасырын емес. «Жастар практикасы» арқылы уақытша болса да жұмысқа орналасқандарға 110 760 теңге көлемінде жалақы қарастырылған. Бұл қаржы 1 жыл бойы бойы мемлекеттің қазынасынан төленеді. Бағдарлама арқылы уақытша жұмысқа орналасқан маман ҚР Еңбек кодексімен қорғалған. Соған сәйкес, оның мекемедегі құқығы басқа да қызметкерлермен тең. Оның жалақысынан барлық аударымдар шегеріледі. Бір сөзбен айтқанда «Жастар практикасы» – жастарға берілген үлкен мүмкіндік.

Сонымен қатар, жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бар. Бұл бағытта еңбек мобильділігі орталықтары, яғни, мансап орталықтары жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз түлектерге, 35 жастан аспаған жастар, жұмыс тәжірибесі жоқтар  қатарынан жүзеге асырылады. Оқу орындарының түлектері үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп бойынша немесе ұқсас кәсіп, яғни мамандық бойынша құрылады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен келісім негізінде қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге жұмысқа орналастырады. Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Айта кетейік, биыл елімізде  «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске асыру шеңберінде 4,2 мың адам жұмысқа орналасқан. 2024 жылы осы бағыт бойынша барлығы 8,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жұмысқа орналастыру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Бұл бағытта 1,3 мың адам еңбекпен қамтылған екен. Бұл жобаға жұмыс тәжірибесі жоқ 35 жастан аспаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Ол үшін Мансап орталығына өтініш беру керек. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыздарды кемінде 12 ай мерзіммен тұрақты жұмыс орнына орналастыруға міндетті.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*