ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Тәуелсіздік мерекесінде, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысы Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды. Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы биыл мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қос нысанда 10 дәрігер 2114 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1960-1961 жылдары салынған ғимараттар апатты жағдайға жеткендіктен қолданыстан шығарылған.

Ал, Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбудаториясында 10 қызметкер жұмыс істейді. 2150 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1963 жылы салынған ескі ғимараттың тозығы жетуіне байланысты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған.

Денсаулық сақтау нысандарының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен өзге де азаматтар қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады.

« – Жаңа медициналық нысандар ауыл тұрғындарының денсаулығына жасалған қамқорлық деп айтуға болады. Денсаулық – адам үшін ең басты байлық екенін білесіздер.  Ал сол денсаулықты сақтау мен нығайтуда медициналық қызметтің қолжетімді болуы аса маңызды. Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде Түркістан облысындағы ауылдық жерлерде жаңа медициналық нысандар салынып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуда игілікті істер атқарылуда. Жаңа медициналық нысандардың ең басты пайдасы – медициналық көмектің тұрғындарға жақын болуы. Енді ауыл халқы алғашқы медициналық көмекті дер кезінде ала алады.» – деді, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Медет Қасымов та аталған нысандар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Аса қажетті білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, медициналық нысанның елге көмек көрсетуге толық дайын екенін айтты. Қонақтар медицина мекемелерін аралап көріп, жұмысымен танысты.

« – Жаңа медициналық нысандардың арқасында ауыл халқы алғашқы медициналық көмекті дер кезінде алып, өз денсаулығына көбірек көңіл бөлетін болды. Қан қысымын өлшеу, екпе алу, дәрігер кеңесі, алғашқы тексерулер секілді көмектерді енді ауылдан шықпай-ақ алуға болады. Бұл аурудың алдын алуға, асқындырмауға үлкен мүмкіндік береді. Әсіресе, ана мен бала денсаулығына жасалып отырған қамқорлықты ерекше атап өткіміз келеді. Жүкті әйелдер тұрақты бақылауда болып, балаларымыздың денсаулығы да басты назарда болады. Бұл – болашақ ұрпақтың дені сау болып өсуіне бағытталған нақты іс-әрекеттер деп есептеймін. Біз ауыл тұрғындары ретінде жаңа медициналық нысандардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеніне, медицина қызметкерлерінің білікті әрі жауапкершілікпен жұмыс атқарып жатқанына да ризамыз. Ауылға жас мамандар келіп, халыққа адал қызмет көрсетіп жүрсе, біз үшін  үлкен қуаныш сол. Осы орайда, ауыл халқы атынан мемлекет басшылығына, облыс және аудан әкімдіктеріне, денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне, құрылысшылар мен осы іске атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қамқорлықтың көрінісі. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, еліміздегі әрбір ауыл сапалы медициналық қызметпен толық қамтылады деп сенеміз. Халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы екенін ескеріп, жасалып жатқан жұмыстар үшін ауыл тұрғындары әрдайым ризашылығын білдіреді.» – деді ауыл тұрғыны Гүлдариға Мамырәлиева.

Айта кетейік, Жетісай ауданындағы 70 денсаулық сақтау нысанында 486 төсек-орын қарастырылған, 381 ақ желеңді қызмет етеді. Биылғы 8 айда 2242 бала туылып, табиғи өсім 9,6-ны құраған. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында биыл 1 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек, 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*