«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: ЭТНОАУЫЛДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды насихаттау кеңінен қолға алынды. Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.

Қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі асық ату көпшілікке көңіл күй сыйлады. Себебі бұл қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Оны көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.

«- Асық ойынының түрлері өте көп. Ол әр өлкеде әртүрлі атауларға ие және ойнау әдіс-тәсілдері-де өзгеше. Сөйте тұра аталмыш ойын түрі осы барлық ерекшеліктерін сақтай отырып дамыған. Осының барлығын салыстыра отырып аталмыш ойын түрін — «үй ішілік» және «далалық» деп екіге бөліп жіктеуге болады. «Үй ішілік» — ойын түрі қазіргі заманауи жағдайға икемделіп — «тақта ойыны» деп аталса, ал, «далалық» түрі — «алаң ойыны» делініп жүр. Мысалы бес табан ойыны үшін көбіне тегіс жерді таңдайды. Ортасына түзу сызық сызады. Оған жағалай асық тізеді. Ойынды бастаушы асық тізілген жерден бес табанға тең аралықты белгілеп алып, шеңбер тартады. Ойыншылар шеңберге кірмей ортадағы асықты атады. Сақа тиген асық міндетті түрде шеңберден шығуы керек. Кім көп асықты атып шеңберден шығарса сол ұтады. Асық қаршуды екі немесе одан да көп бала ойнайды. Қаршуға ықшам асықтар таңдап алынады. Ойыншылар асықтарын иіріп кімнің асығы көп алшы түссе сол ойынды бастайды. Бес асықты жерге тастап, бірін жоғары лақтырып, жердегі асықтың бірін іліп алып, жоғарыдағы асықты қағып үлгереді. Осылай бір-бірден, одан кейін екі-екіден, соңында жердегі төрт асықты бірдей сыпырып алу керек. Келесі кезекте «көпірден өткізу» түріне ауысады. Соңында асықтарды қолдың сыртымен қағып, қол сыртына түскен асықтарды қаршиды. Осылай күрделенген түрде жалғаса береді. Сондай-ақ тақта деген болады. Ол дөңгелек немесе 4–6 қырлы болады. Ойыншылардың қимылына кедергі келтіретіндей үлкен болмауы шарт. Тақта ойыншылардың қалауына немесе ұйымдастырушылардың ұсынысына қарай отырып болмаса түрегеп тұрып ойын жүргізуге қолайлы болу керек. Ал, асық иіруде ойыншы асықты иіргенде көп асық қолына сыймайтын болса екі-үш бөліп иіруіне болады. Иіріп тасталған асық көн киіздің сыртына шашырап кетпеуі қажет. Ондай жағдайда көннен тыс жатқан асық ойыннан да тыс қалады. Былайша айтқанда ойыншы өз мүмкіндігіне толық ие бола алмайды.» — дейді «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетов

Осылайша бұл күні асық атудан ІІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бастар Мұхаммеджан, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Айкен Абдулла, І орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетовтер өзара бөліссе, арқан тартудан ІІІ орын Жетісай ауданының №2 БЖСМ, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының және І орынды Отырар ауданының командалары иеленді.

Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.

Түркістан, Кентау қалаларымен қатар Отырар, Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Абай, Шәуілдір, Созақ аудандарының тұрғындары қатысқан спорттық ойындарда қазақ күресінен де жарыс ұйымдастырылды. Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен ұштасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойларда дәл осы ұлттық спортсыз өтпейді деуге болады. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандарды халық құрметтеп, лайықты марапатын берген.

«-Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақ күрес күш жетілдіретін спорттың түрі. Қазақ күресінде адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Балуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.» -дейді түркістандық палуан Хамза Дидар.

Айта кетейік, бұл күні 20 палуанның ішінде ІІІ орын алған кентаулық палуан Жамалхан Нұрхан 100 мың теңгеге, Il орынға табан тіреген түркістандық Әбдіғаи Бейбарыс 200 мың теңгеге, ал, І орынды иеленіп, «Түйе палуан» атанған түркістандық палуан Хамза Дидар 300 мың теңгеге ие болса, 72 келілік қошқарды белгіленген 3 минутта 52 рет көтерген Оралхан Дербес жеңімпаз атанып, жүлдесіне қошқарды ұтып алды. Гір тасын көтеруде ІІІ орын түркістандық Ж.Маратұлының, ІІ орын жетісайлық А.Пошаевтың, І орын созақтық Б.Жаңабаевтың еншілеріне бұйырса, Садақ атудан түркістандық Рамазан Батыржан, Отырарлық Бауыржан Сейтжаппаров және жетісайлық Марат Абуов өзара жүлделерді бөлісті.

Сонымен қатар, мерейлі мерекелік шараға қатысушылар арқан тартысты қыздыра түсті. Арқан тартыс ойыны- қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынға ұзындығы 10 метрдей жуан кендір арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан бір жарым-екі метрдей жерден тағы да жоғарыдағы тәртіппен белгілейді. Ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны 10 және 12 адам болуы мүмкін, ойыншылар бойларына қарай қатар түзеп тұрады. Ойын басқарушының берген командасы бойынша қатар түзеп сапта тұрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, үш»… деп сол жақ шетіне дейін санап шығады. Сөйтіп тақ жағы бір бөлек, жұп жағы бір бөлек бөлініп шығады. Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, арқанның шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып тұрады. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың мақсаты — тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады, жеңген жағы бәйгесін алады. Ойынды осы жоғарыдағы тәртіппен жүргізе беруге болады. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып, коллективтік іс-әрекетке тәрбиелейді.

Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, ұлттық ойындар кеңінен насихатталған облыстық «Өнерлі өлке» фестивалінде спорттың қол күрес түрінен +70 келі салмақта Шәуілдір, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының, 65 келі салмақта жетісайлық жігіттердің мерейі үстем болды. Қазақ халқын өзге жұрттан ерекшелеп тұратын ең басты артықшылығы ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі, ұлттық ойындары екені анық. Бұл ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық ойындарымыз ғасырдан ғасырға жалғасып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Ата-бабаларымыздың осындай аманатын кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның міндеті. Жыл сайын дәстүрге айналған «Өнерлі өлке» облыстық фестивалінің мақсаты да ұлттық мұраларымызды дәріптей отырып, халықтың әдет-ғұрыптарын ұрпақтың тәлім-тәрбие жұмысына пайдалана отырып, атадан балаға жалғасып келе жатқан салт- дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлей білу және әр баланың санасына сәби кезінен қалыптастыру болып табылады.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*