Кездесуде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров 21 кәсіпкерге арнайы орындарын белгілеп, цехтарының құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берді. Индустриалды аймаққа аудан әкімдігі тарапынан қажетті жұмыстар су, электр энергия тағы басқа шаруалар жүргізілетін болады. Шара соңында Қарашық ауылдық округінің әкімі Сәкен Оразбаев пен кәсіпкерлер арасында екі жақты меморандум жасалды.
Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту — бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін дегенге мол мүмкіндік берілуде. Осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысып, шағын және орта бизнесін шарықтатып отырған аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбеюде. Бұл қуанарлық жәйт. Себебі, жұмыссыздар саны азайып, жұмыс көзі ашылуда.
«Жалпы, нарықтық экономика жағдайында тұрақты экономикалық даму іскерлік белсенділігінің деңгейіне тікелей байланысты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында дамыған бизнес секторы кез келген ел экономикасының негізі болып табылатынына ерекше мән беріледі. Қазір жаңа Қазақстан жаңа экономикалық дәуірге, яғни инновациялық индустриалды даму сатысына аяқ басуда. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында негізгі приоритеттік бағыттар ретінде инновациялық-индустриалды даму, жасыл экономикаға көшу бағыттарын айқындап берді. Қазақстан Республикасының инновация мәселелеріне деген қызығушылық XXI ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамудың белсенділігі мен интеллектуалды өсу факторының кең қолданылуымен байланысты. Инновациялық үдеріс ғылымды, білім беруді, өндірісті, бизнесті біріктіреді. Бүгінгі таңда қазақстандық бизнес бәсекеге қабілетті елдің негізгі факторларының біріне айналып келеді. Шағын және орта бизнес орта санатты тұрғындардың әлауқатының негізін қалаушы фактор болып табылады. Тұрақты дамуды қамтамасыз ете алатын бизнес — дамыған шағын және орта бизнес. Шағын инновациялық кәсіпорындарды құру бүгінгі күнде ғылыми зерттеу жұмыстарын технологияларға енгізудің басты элементі болып табылады. Сондықтан, Сауран ауданында кәсіпкерлерге және шағын және орта бизнес өкілдеріне барынша қолдау білдіріп, халықтың әлеуетін арттыруды басты назарға алып отырмыз. Жалпы кәсіп иелеріне мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Бұл өз кезегінде аудандағы жұмыссыздың мәселесін шешуге де өз септігін тигізуде. Ауданда ашылып, жұмысын бастаған кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, ауылдардың әлеуетін көтеріп, өркендетуге де үлестерін қосатыны анық. Сондықтан, жаңа бастамаларға сәттілік тілеп, кәсіпкеріңіздің табысы арта берсін дегім келеді.» — деді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров
Осыған дейін қарашықтық жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге арнайы 10 гектар жер берілгендігі жөнінде айтқан болатынбыз. Бұған дейін жиһаз өндірісін қолға алған кәсіпкерлер өздерінің үйіргелік жерлерінде өз жұмыстарын жасап келген. Ендігі кезекте олар Қарашық ауылдық округінен берілген индустриалды аймақта цехтарының құрылысын бастайтын болды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Үкімет бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі жүйелі шараларды да, сондай-ақ кәсіпкерлік секторды мемлекеттік ынталандырудың тікелей шараларын да іске асыруда. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық экономиканы орнықты дамытудың маңызды факторы болып табылады. Ресми статистика деректеріне сәйкес, соңғы жылдары жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнес үлесінің өсуі байқалады. 2021-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта бизнестің экономикаға қатысуы 33,5 %-дан 36,5%-ға өссе, 2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,4%-ға артып, 4,3 млн адамға жеткен. Бүгінгі таңда бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие шараларының бірі «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының құралдары болып отыр.
Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша кредит сомасы шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 12 мыңнан астам бизнес жобасы кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен қамтылыпты. 340 млрд теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілген. Қаржылық емес қолдау аясында 10 мыңға жуық кәсіпкер оқытылып, кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бойынша 166 мыңнан астам консультация берілген. Жалпы елімізде салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймалау және білім беру жобалары басым екен.
Қазіргі таңда тиісті министрлік ел Президентiнiң халыққа Жолдауында айтылған «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі бағдарламаны әзірлеген. Бағдарламада бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға баса назар аударылып отыр.
Бағдарлама 6 бағыттан тұрады:
1-бағыт. «Микрокәсіпкерлік»;
2-бағыт. «Шағын және орта кәсіпкерлік»;
3-бағыт. «Өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтердегі шағын, орта және ірі кәсіпкерлік»;
4-бағыт. «Моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік»;
5-бағыт. «Әлеуметтік кәсіпкерлік»;
6-бағыт «Қор биржасы».
Осы бағыттар шеңберінде жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылатын болады. Бағдарлама субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және қаржылық емес қолдаудың өзге шараларына біртіндеп көшуді көздейді. Шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын субсидиялау жөніндегі жаңа тәсілдер нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшу арқылы субсидиялаудың сараланған әдісін көздейді.