Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауданында екі бірдей спорттық нысан пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін үлкен қуанышқа айналды. Созақ ауылында заманауи спорт кешені іске қосылса, Жартытөбе ауылында жабық үлгідегі кіші футбол алаңы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды жаңа спорт нысанының іске қосылуымен және Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Бұқаралық спортты дамыту мен жастарға қолайлы жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
« – Бүгін еліміз үшін аса қастерлі мерекенің бірі – Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа спорт нысанын ашып отырмыз. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен жүйелі айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда. Аядай ауылдардан талай чемпиондар шығып, еліміздің атын әлемдік ареналарда асқақтатып жүр. Спортқа қолжетімділік арта түссе, ауданымыздан әлі де талай биіктерді бағындыратын спортшылар шығатынына сенім мол. Бүгін ашылған алаң ауыл жастарының үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады. Қазіргі қоғамда халық денсаулығын нығайту, әсіресе балалар мен жастарды спортқа баулу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыда жабық футбол алаңдарының салынуы мен пайдалануға берілуі салауатты өмір салтын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Жабық футбол алаңы – жыл мезгіліне және ауа райына тәуелсіз, тұрақты түрде спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін заманауи спорт нысаны. Мұндай алаңдар тұрғындардың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, оларды спортқа жүйелі түрде тартуға ықпал етеді. Жабық футбол алаңдары ауылдық жерлер үшін де аса маңызды. Мұндай нысандар спорттық инфрақұрылымды дамытуға, бұқаралық спортты кеңінен таратуға және ауыл жастарының әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Алаңда өткізілетін аудандық, ауылішілік турнирлер тұрғындардың бірлігін нығайтып, спортқа деген ортақ қызығушылықты қалыптастырады. Бұл – тек спорт нысаны ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастыратын, жастарды тәрбиелейтін және қоғамды біріктіретін маңызды орталық. Мұндай нысандардың көбеюі – дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.» – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Футбол – дене шынықтырумен қатар, тәртіпке, жауапкершілікке және командалық рухқа тәрбиелейтін спорт түрі. Жабық алаңда өткізілетін жаттығулар мен жарыстар балалардың физикалық дамуын жақсартып қана қоймай, олардың шыдамдылығын, ептілігін және өзіне деген сенімін арттырады. Сонымен қатар, ұжыммен ойнау арқылы достық, өзара көмек пен сыйластық қалыптасады. Жабық футбол алаңының тағы бір маңызды артықшылығы – денсаулыққа пайдалы орта қалыптастыруы. Мұнда жүйелі түрде спортпен айналысқан адамдарда артық салмақтың алдын алу, жүрек-қан тамырлары жүйесін нығайту, иммунитетті күшейту сияқты оң өзгерістер байқалады. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылықты арттырады. Сондай-ақ, жабық футбол алаңдары қоғамдық маңызы бар әлеуметтік нысан ретінде де бағаланады. Олар жастарды зиянды әдеттерден аулақ ұстап, бос уақытын пайдалы іспен өткізуге бағыттайды. Спорттық ортада тәрбиеленген жас ұрпақ тәртіпті, мақсатшыл әрі елжанды болып қалыптасады.
Сондай-ақ, шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт нысанының ауыл жастары үшін маңыздылығын атап өтті. Ауыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Мадияр Бейсенбеков жаңа алаңның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, игі іске сәттілік тіледі. Шараға арнайы қатысқан Жартытөбе ауылынан шыққан спорт саңлақтары, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Таңат Нөсербаев ауыл жастарына жасалған жағдайға жоғары баға берді. Сонымен қатар, ауыл тумасы, кәсіпкер Дәулет Дүйсебай ауыл жастарына футбол доптары мен жаттығуға қажетті спорттық жабдықтарды сыйға тартты.
Жаңа спорт алаңы барлық қажетті стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда жасанды төсеніш төселген футбол алаңы, жарықтандыру жүйесі, қауіпсіздік қоршаулары, ойыншыларға арналған жылы киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Нысан аумағы толық асфальтталып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
