Тарихи деректер: Ұлы жібек жолындағы Сайрам — Қазақ хандығының маңызды тірегі болған

Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы төмендегідей қалалар мен қоныстар арқылы өтті. Оңтүстік Қазақстан, Талас пен Шу өзендері аралығындағы қалалар. Шаштан (Ташкент) шыққан жол Тұрбат асуы арқылы Испиджабқа келді. Испиджаб-Сайрам – Оңтүстік Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі – Сырдарияның сыртындағы отырықшы-егінші аймақтың орталығы болған. Қала жазба дереккөздерінде VІІ ғасыр бас кезінен бастап белгілі болады. Сюань-Цзянь жылнамасында «Ақ өзендегі қала» атымен аталған. ХІ ғасырға жататын Махмұд Қашқари хабарламасында: «Сайрам – «Ақ қаланың» аты, ол Испиджаб деп аталады» деп көрсетілген. Х ғасыр географы Ибн Хаукал былай деп жазды:

«Испиджаб – шамамен Бинкеттің үштен бір бөлігіндей қала. Ол мединадан, цитадельден және рабаттан тұрады, цитадель қираған, ал медина мен рабадта адамдар өмір сүріп жатыр, медина дуалмен қоршалған, рабадты та бір фарсах шамасындағы дуал қоршап тұр. Рабадта бау-бақшалары мен сулары бар. Құрылыстары саз балшықпен тұрғызылған… Мединаның төрт қақпасы бар, соның ішінде Нуджакет, Фархан, Савакрарабад, Бұхара қақпалары…».

Испиджаб ірі әкімшілік орталық қана емес, транзиттік сауда пункті ретінде де белгілі болды. Қаладағы рабадта сауда қатарлары мен керуен-сарайлар көп болған еді. Бұлардың бірқатарына Нахшеба, Бұхара, Самарқанд саудагерлері иелік етті. Испиджабтан басқа жерлерге бөз мата, қару-жарақ, семсер, мыс пен темір жеткізілді. Қала бүкіл Шығысқа құл саудасының орталығы ретінде де танылды, онда соғыс пен шапқыншылық кезінде қолға тҥскен тұтқындар сатылды. Испиджаб округына бірқатар қалалар мен қоныстар қарады, олардың арасында Сырдария алқабындағы Фараб пен Шауғар, Сауран мен Шағылжан, Жент пен Жанкент; Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі Баладж; Талас алқабындағы Тараз, Сұс, Жікіл, Атлах пен Жамуқат; Шу аңғарындағы Құлан, Мерке, Невакет, Баласағұн және тағы басқалары болған еді.

Испиджаб өз округімен және жақын жатқан қалаларымен бірге адам тығыз қоныстанған аудандардың бірі болды, қаланың өзі мен оның маңайында ХІ-ХІІ ғасырларда археологтар есептеуінше 40 мыңдай адам қоныстанды. Адам санын арттырып тұрған түркілер еді. Мұны ортағасырлық авторлар да растайды. Мәселен, Махмұд Қашқари мұнда VІ-VІІІ ғасырларда қоныстанған соғдылықтар ХІ ғасырда түркіленіп кетті деп жазады: «Баласағұн тұрғындары, Тараз бен Ақ қала (Әл-Мединат әл-Байда) халқы секілді соғды және түркі тілдерінде сөйлейді». Испиджабтың өрлеуі ХІІ ғасыр орта тұсына дейін жалғасты, бұдан кейін жергілікті түркі халқы, қарақытайлар, наймандар мен Хорезм арасындағы қырқыстар басталып кетті. Хорезмшах пен қарақытайлар, одан кейін хорезмшах пен наймандар арасындағы күрес хорезмшах Мұхаммедтің Жетісу мен Оңтҥстік Қазақстан қалаларын қарсыластарға кетіп қалмас үшін 315 қиратуға бұйрық беруіне алып келді. Сол кездері мұны көзімен көрген «Мұджам әл-бұлдан» географиялық сөздігінің авторы Якут әл-Хамауи Испиджаб, Тараз, Сауран, Усбаникет пен Фараб қалаларындағы оқиғаларды толымды сипаттап берген. Ол хорезмшах Мұхаммед ибн Текештің біршама қалаларды күйреткендігін, басып алған қалаларды қашық болғандықтан игере алмағандығын, ондағы шекаралық бекеттерді қиратып, талап алуға әскерлеріне бергендігін, халықтың жосып кеткендігін, кейіннен 1218-1220 жылдары моңғол-татарлардың басып кіргендігін, одан соң қираған үйінділер қалғандығын тәппіштеп жазып кеткен.

Алайда қаланың қирағанына қарамастан моңғол шапқыншылығы қарсаңында қалада тіршілік қалыпты жағдайда болғандығын топшылауға болады. Өйткені дереккөздерінде моңғолдар «Сайланды (Сайрамды) қоршаған кезде катапульта қолданды» делінген. Демек қаланың қорғануға шамасы болған. Бірақ қала моңғолдарға бағынады. Сірә, олар қаланы мүлдем қиратып жібермесе керек. Себебі 1221 жылы Сайрамнан өткен даос монахы Чань Чунь қаланың жағдайы жақсы екендігін айтады және шәкірттерімен бірге мұнда бірнеше күн тынығады. Отанына қайтар жолында Чань Чунь 1223 жылы тағы да қалаға соғады, бұдан кейін мәтіндерінде автор оны «үлкен қала» деп атайды. Сайрам, кейінгі орта ғасырларда да Үндістан, Иран, Араб Шығысы, Орта Азиядан Орталыққа Қазақстандағы Ақ Ордаға, шығыста Моғолстанға, Хорезм арқылы батысқа, одан Оралға, Еділге және Еуропа мен Алтын Ордаға, Русь пен Византияға баратын жолдың түйіні болып қала берді. Өз заманы үшін қала мықты бекініс болған еді. Сайрам оқиғаларын сипаттаған Хафиз-и Таныш шығармасында да айтылады. Қазақтар иемденген соң, қала Қазақ хандығының маңызды тірегіне айналды. 1681 жылы және 1683 жылы Сайрамға жоңғарлар жақындап келді, ал 1684 жылы қаланы олар басып алып, қиратты. Сайрам қаласының «қала» деп аталатын қалдықтары Сайрам ауылының орталығында сақталынған. Қазіргі таңда ол тікбұрышты төбешік. Биіктігі 6,5- 11 м аралығында және ауданы солтүстіктен оңтүстікке қарай 500 м, ал шығыстан батысқа қарай 550 м. Оны бойлай жал, яғни бұрынғы қамал қалдығы орналасқан. Қабырғаның қалдықтары ХІХ-ХХ ғасыр бас кезіне дейін сақталған. Цитадель шығыс бұрышта орналасқан. Соңғы уақыттарға дейін Қала ортағасырлық шығыс қалаларына тән жоспарын сақтап қалған. Қаланың бір-біріне қарама-қарсы орналасқан төрт қақпасы болды, олар кесіп өтетін магистраль көшелермен жалғанып жатты. Қала топографиясы кейінгі орта ғасырларда қалыптасты, дегенмен ол ерте уақыттардағы кескін-келбетін сақтап қалса керек. Ежелгі және орта ғасырлардағы Сайрамның қазіргі күнгі құрылыс астында қалуы оны археологиялық тұрғыдан зерделеуді едәуір қиындатады. Көне замандардағы мәдени қабаттарды аршуға кейінгі орта ғасырлар стратиграфиясы да елеулі кедергі келтіреді. Алайда кездейсоқ жиналған және археологиялық барлау нәтижесінде алынған материалдар қаланың қалыптасуы біздің заманымыздың бас кезінде 316 орын алған деп түйіндеуге мҥмкіндік береді. Оның қараханидтер тұсында да өркендеп тұрғандығын топшылауға болады.

Сайрам қаласында атқарылатын кең ауқымды археологиялық жұмыстар әлі алда. Оны алғашқылардың бірі болып М.Е.Массон зерттеді. Бұл ғалым екі қатар «ұзын қабырғаны» сипаттап өтті. Ол екінші қабырғаны ІХ ғасырда саманидтік Нұқ бұйрығымен көшпенділер шапқыншылығынан егістік пен жүзімдікті қорғау мақсатында тұрғызылған деп пайымдау жасады. Бұл әбден мүмкін, себебі қала сыртындағы бұл аумақ диаметрі 18 км шамасында. Мұнда орналасқан ірі ескерткіштердің қатарына Ұлықтөбе мен Мәртөбе қалалары, сондай-ақ өзен террасасында орналасқан көптеген қорымдар жатады. Сайрамсу мен Бадам аңғарларында Испиджаб жазирасына кіретін ондаған қоныстар мен қалалар бар. Сайрам орталығынан шығысқа қарай 5 км жерде жатқан Мәртөбе қаласында қазба жұмыстары жүргізілген. Қала қатты қираған, қазір тек орталық төбешіктің бір бөлігі ғана сақталған, оның табанындағы ауданы 20х30 м, биіктігі 10 м, қасында оған ауданы 60х20 м, биіктігі 4 м жалпақ төбешік жалғасқан. Орталық төбешік кесіндісінің негізінде қала стратиграфиясы анық көрінеді. Одан екі мәдени қабат байқалады. Мәдени қабаттардан шикі кірпіштен тұрғызылған қабырға қалдықтары, отырған күмбездер мен құрылыстар іздері нақты көрінеді. Отырар-қаратау мәдениетіне жататын олжалардың, соның ішінде ең алдымен керамиканың шығуы, Мәртөбені біздің заманымыздың І мыңжылдығының алғашқы жартысымен мерзімдеуге жетелейді, бұл мағлұматтар аталмыш көгалды аймақта урбанизация б.з.б. Імыңжылдық соңы мен б.з. І-мыңжылдығының бас кезінде басталғандығын нақты аңғартады. Куфи жазулы тас колонна, түргештік, қараханидтік және кейінгі ортағасырлық монеталар, Х-ХІІ ғасырлардың суармалы керамикасы мен шынылары, қола келі секілді кездейсоқ табылған олжалар Испиджаб-Сайрам сынды астаналық қаланың мәдениетінен молынан хабардар етеді.

Ортағасырлық Манкет қаласының атауы қазіргі күні Манкент елді мекенінің атауында сақталған. Оның қасында ХV-ХІІ ғасырларға жататын Бұлақ-қуал қаласы бар, ол Манкет қаласы болуы мүмкін. Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Таразға барған. Жолда керуендер Шараб, Будухкет, Тамтадж, Абардадж қалаларына соққан. Шараб қаласының атауы – түрік тілінде Қарасу деген мағынаны білдіретін Шаваб атуының қолжазбаларды жазу кезінде бұрмаланған есімі болуы керек. Испиджаб пен Шавабтың аралығы 4 фарсах, немесе 24-28 шақырымды құраған. Шаваб қала-жұрты қазіргі Қарабұлақ ауылының маңында орналасқан. Оның бірі VІІІ-ХІІІ ғасырларды, екіншісі — ХІІІ-ХVІ ғасырлар аралығын қамтиды. Будухкет қаласы Испиджабтан шығысқа қарай 9 фарсах жерде, Ұлы Жібек жолының бойында орналасты. ІХ ғасырда қалада теңге сарайы жұмыс  істеген. Оңтүстік Қазақстандағы ірі қалалардың бірі болған Будухкет, Төрткүл, Балықшы жұртымен салыстырылады. Тамтадж бен Абарджадж қалалары Будухкеттен 5 және 9 фарсах жерде орналасқан. Х ғасырда Кудама былай деп жазып қалдырған:  «Абарджадж маңындағы жотада мың бұлақтың суы жиналып, шығысқа әрі өрге қарай ағып, Баркуаб өзені деп аталады. Аудармасы – «теріс аққан» дегенді білдіреді». Тамтаджд қазіргі Т.Рысқұлов ауылы маңындағы VІІІ-ХІІ ғасырларға жататын қала-жұртта болған. Абарджадж – Высокое ауылының маңында, ал, Баркуаб қазіргі Бауыржан Момышұлы маңындаңы Терісаққан өзені болса керек. Испиджабқа жақын жерде Хурлуг пен Джумишлагу қалалары ораласты. Зерттеушілер Хурлугты қазіргі Шымкент қаласының орталығында орналасқан, ал, Джумишлагу Құмыш (Күміс) өзенінің Арысқа құяр сағасындағы Төрткөл қала-жұрты деген пікірді ұстанады.

Таймағамбетов Жәкен Қожахметұлы – ғалым-археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*