Қазақстан тарихын теңдесіз жәдігермен байытқан ғалым

Түркістанда археолог, тарих ғылымдарының докторы, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышевтың 100 жылдығына орай семинар өтті. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен жиынды Археология ғылыми-зерттеу институты мен Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Руханият — Әбу Нәсір әл-Фараби» музейі МКҚК қолдауымен ұйымдастырылды.

Кемел Ақышев – темір дәуірінен қалған сақ жауынгері «Алтын адамды» тауып, Қазақстан тарихын теңдесіз жәдігермен байытқан ғалым. Ол көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Сондай-ақ, Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. Ғалым бізге белгілі 220-ға жуық ғылыми еңбек, оның ішінде 14 монографияның авторы. Қазақстан археологиясының негізін қалап, мықты мектеп қалыптастырып кеткен археолог «Құрмет», «Жеңіс», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Айта кетейік, Кемел Ақышевтың есімі – ҚР «Алтын құрмет» кітабына енген.

Ақышев археологияның арқасында есімі тарихта қалған белгілі ғалым болды. Ғылым оның өмірі болды. Және ғылымды өміріне айналдырған зерттеуші үлкен құрметке ие болды. Оны бәрі құрмет тұтты. Ол Қазақстанның есімін әлемге паш еткен «Алтын адамды» тапты. Сондай-ақ, ұлттық тарихымызды ғана емес, дүниежүзілік тарихты да байытқан қазба жұмыстарын дәл Кемел Ақышев жүргізген деп мақтанышпен айта аламыз.

Алматы облысының Есік қаласының маңында жүргізілген қазба жұмыстарынан бөлек, Орталық Қазақстанның археологиялық нысандарын зерттеу жұмысы да Кемел Ақышевтың есімімен тығыз байланысты. Ол ХХ ғасырдың 40 жылдары Әлкей Марғұланның жетекшілігімен археология саласына қызығушылық танытып, Беғазы, Сангру сынды қола дәуірінің қорымдарын зерттеуге ат салысқан. Ал, ғылымдағы дара жолы Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарындағы тың және тыңайған  жерлерді зерттеуден басталды. 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі басталғанда заң бойынша игерілетін жерді ең алдымен археологтар бір қарап шығып, тарихи ескерткіштердің бар-жоғын тексеретін. 3 жыл қатарынан 1954-56 жылдары археологтар Қазақстанның орталық және оңтүстік аймақтарын осы мақсатта зерттейтін. Қазақстанның солтүстігіне аттанған мұндай экспедициялар 3 жылдың ішінде 600 археологиялық ескерткіш тапты. Қазба жұмыстары шамамен 200 нысанда жүргізілді. Соның нәтижесінде «Қазақстанның археологиялық картасы» атты кітап жарық көрді.

Кемел Ақышевтың есімі Қазақстанның тәуелсіздігінің нышанына айналған алғашқы «Алтын адамның» табылуымен тікелей байланысты. Ғалымның еңбектері дала өркениеті мен Орталық Қазақстанның археологиясына қатысты мәселелерге арналған. 1997 жылы белгілі археолог Қазақстанның жаңа астанасына шақырылған екен. Басты мақсат – Ақмола аймағының археологиялық нысандарын зерттеу болатын. Ғалым Бұзықты көлінің жағасындағы жұмбақ қаланы іздеуге кіріседі. Ол туралы Ақышев Ресейдің мұрағаттарынан оқып білген. Ұзақ жылдарға созылған жұмыс нәтиже беріп, көне шаһар тың игерушілер орнатып кеткен геодезиялық белгінің жанынан табылды. Арада бір жыл өткен соң сол маңға Есіл археологиялық экспедициясы аттанады. Кемел Ақышұлы Ұлы жібек жолы өткен көне қалаларда, яғни еліміздің оңтүстігінде жұмыс істеп жатқан асперанттарын шақырды. Осылайша, зрттеушілер ежелгі қазаға Бозок деген атау береді. Сол сәттен бастап елоданың ерте дәуірлерде жатқан тарихи тамырының аяғы болған шаһар Астана қаласының брендіне айналды. Ал, Бозокты ұзақ жылдар бойы зерттеген Кемел Ақышев үшін бұл басты археологиялық нысан болды.

Кемел Ақышев Қазақстан археологиясының негізін қалағанымен қатар, үлкен мектеп қалыптастырып кетті. Батыс пен Шығыс елдерінің тарих­шыларының Орта Азия мен Қазақстан тарихының ежелгі заман тарихын зерттеуге арналған ғылыми зерттеу еңбектерінде К.Ақышев аты ерекше аталады, әрі оның зерттеулері айрықша бағаланады. Ол бұрынғы Кеңес Одағы мен бүгінгі Егемен республикалардан шыққан тарихшы ғалымдар арасында ғылыми еңбектеріне жиі сілтеме жасалатын санаулы тарихшылардың бірі. К.Ақышев еңбектері АҚШ, Венгрия, Қытай, Пәкістан, Франция, Италия, Жапония елдерінде шығатын шетелдік басылымдарда жарық көріп келеді. ­Шетелде жарық көрген сол еңбектерінің ішінде «Іле өзені аңғарындағы сақтар мен усундардың ежелгі мәдениеті» атты бірегей зерттеуі де бар. Аталған еңбектің қытай тіліндегі нұсқасы 2013 жылы ресми түрде жарық көрді.

Қытай археологтары «Іле өзені аңғарындағы сақтар мен усундардың ежелгі мәдениеті» атты еңбекті өте жоғары бағалайды. Орта Азия археологиясын зерттеуші және Шынжаңда көп жыл бойы сақ, усун және ғұн қорғандары мен обаларын зерттеу мақсатында экспедициялық жұмыстармен айналысып жүрген археолог Ван Цзяньсинь еңбектің қытайша басылымына арналған алғысөзінде былай деп жазды:

« — Іле өзені аңғарындағы сақтар мен усундардың ежелгі мәдениеті» атты бұл еңбек Кеңес Одағы дәуіріндегі аса ықпалды археологиялық зерттеу еңбегі саналады. Кітапқа Іле өзенінің төменгі бойындағы аса мол археологиялық материалдар топтастырылған, сонымен бірге археологиялық олжалардың қайсы халықтың мұрасы екені, олардың жыл көрсеткіші, сондай-ақ археологиялық мұралар көрсеткен ежелгі дәуірдегі халықтардың шаруашылық формасы, әлеуметтік саяси жағдайы қатарлы мәселелерге терең зерттеулер жасаған. Аталған зерттеу жетістігі қазіргі ҚХР аумағында, нақтап айтқанда Іленің жоғары бойында сақталған осыған ұқсас дәуірге жататын археологиялық мәдени мұраларды зерттеуде айтарлықтай көмектесе алады. Бұл еңбек баспадан жарық көргелі 50 жылдан астам уақыт болды. Осыншама уақыттан бері еңбектің қытайшаға аударылып, баспадан жарық көрмеуі Қытай археологтары үшін өте өкінішті жағдай еді. Біз бүгін доктор Суй Вэйдің қажырлы еңбегінің арқасында өзіміз көп жыл бойы оқуға іңкәр болған еңбектің қытайша аударма нұсқасына оқу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бұл біз үшін айтқанда аса үлкен қуаныш саналады».

Көріп отырғаныңыздай К.Ақышев еңбегін әлемнің басқа елдері ғалымдары сияқты Қытай ғалымдары да әркез жоғары бағалап келеді. Біз жоғарыда айтылған бағаны бір ғана Ван Цзяньсиньнің бағасы емес, оның басқа да әріптестерінің ортақ бағасы деп түсінеміз. Сөйтіп, еңбектің қытай тілінде баспадан шығуы бүкіл қытай археолог ғалымдарының ортақ қуанышы болды дей аламыз. К.Ақышевтың айтулы еңбегі ҚХР-дың 2011-2015 жылдарға арналған 12-бесжылдық мемлекеттік жоспарын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған «Еуразия тарихы мен мәдениеті кітапханасы» атты кітаптар сериясы аясында Ганьсу провинциясы Ланьчжоу қаласында Ланьчжоу Университеті баспасынан 2013 жылы жарық көрді. Аталған серия бойынша 102 түрлі кітап (жалпы жиыны 112 том) жарық көрген. Серияға енгізілген 102 кітаптың қатарында қытай авторларының Еуразия тарихына қатысты зерттеулері, шетел ғалымдарының ­Еуразия тарихына қатысты ең құнды зерттеу еңбектері және бір бөлім арнаулы танымдық білім беруге арналған кітаптар, танымал еңбектер бар. «Еуразия тарихы мен мәдениеті кітапханасы» атты кітаптар сериясын баспадан шығару ­идеясы қытай тарихшыларының жаңа ­тарихи кезеңде Еуразия тарихын ­зерттеуге деген сұраныстан пайда болған еді.

Міне осындай белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышевтың 100 жылдығына арналған семинардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов танымал археолог Кемел Ақышевтың ұлтқа сіңірген еңбегі мен өнегесін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әрі қарай Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаевтың, «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби» музейі МКҚК бөлім меңгерушісі Жанболат Оралбайұлының, тарих ғылымының докторы, доцент Мұқтар Қожаның, сондай-ақ өзге де ғалымдардың маңызды баяндамалары және ойларымен жалғасты.

Басқосуда ғалымның еңбектері мен зерттеулері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар Кемел Ақышев еңбектері мен жәдігерлер көрмесін тамашалады. Көрмеде «Руханият — Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінің археология, этнография, фотоқұжаттар қоры материалдары мен ғалымның ғылыми еңбектерінен монографиялары, мақалалары, кітаптардан алынған иллюстрациялары қойылды. Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алып, пікір алмасты.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*