ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА НЫСАНДАР АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Нұрлы жол елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, ел игілігіне берілді.

Медициналық мекеменің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Облыс басшысы халықтың денсаулығын жақсарту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында жаңа медициналық мекемелер бой көтеріп жатқанын айтты. Сондай-ақ шалғай ауылдарға дейін сапалы қызметтің қолжетімділігін артыру мәселесі назарда болатынын жеткізді.

« – Құрметті сарыағаштықтар! Сіздерді жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл өздеріңізбен кездесу барысында Нұрлы жол ауылында медициналық нысан салу мәселесін көтерген болатынсыздар. Мінеки, ол шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.

Нұрлы жол елді мекенінің ауыл биі Әділхан Андасов ауыл тұрғындары атынан алғысын айтып, көпшілікті құттықтады. Сарыағаш ауданындағы 0,10 гектар аумақта орналасқан жаңа медициналық нысанның құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталған. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлік амбулаторияда жергілікті халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылған. Нысан бір мезетте 25 адамды қабылдай алады. Бұл – елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру бағытындағы нақты қадам.

Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар медициналық нысан салынуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. Одан бөлек, 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Ал медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.


Сонымен қатар, Төлеби ауданына қарасты Тағайна ауылында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.

Іс-шара барысында аудан әкімі Мемлекет басшысының халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында денсаулық сақтау саласын дамыту, әсіресе ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жақындату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жаңа медициналық пункттің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету. ФАП тәулігіне 12 адамды қабылдайды. Сонымен қатар нысанның іске қосылуы нәтижесінде 3 жаңа жұмыс орны құрылды. Ғимарат заман талабына сай салынып, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жобаның жалпы құны – 62 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Нефтестроймонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Ауыл тұрғындары медициналық нысанның салынуына қолдау көрсетіп, елді мекенде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасағаны үшін аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Түлкібас ауданындағы Азаттық елді мекеніне заманауи дәрігерлік амбулатория салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудан әкімі Асқар Естібаев пен мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, құттықтады.

Дәрігерлік амбулаториясында заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі, физ кабинет, дәріхана бөлмесі, 4 төсекке арналған күндізгі аурухана бөлмелері, дені сау бала бөлмесі, тіс дәрігерінің бөлмесі, қызметкерлерге арналған бөлмелер бар. Шара барысында аудан әкімі ғимаратты сапалы соғып, құрылысын уақытында аяқтаған мердігерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Ал ауыл ақсақалдары игі іске мұрындық болған жандарға ақ баталарын берді.

Жергілікті тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылы аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін Мақталы, Тастыбұлақ, Шақпақ-баба мен Азаттық ауылдарында заманауи жаңа нысан соғылып пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Қызылбастау ауылындағы медициналық нысан халық игілігіне қолданысқа берілмек.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*