Ұлы Отан соғысының қатысушыларына – 1 500 000 теңгеден берілді

Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3 654 Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар тұрады. Оның ішінде 11-і ҰОС ардагері, 121-і ҰОС-ң қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер, 3510-ы тыл еңбеккерлері мен қайтыс болған соғыс ардагерлерінің әйелдері. Өңірдегі 3 654 ардагерге бір реттік материалдық көмек берілді. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына – 1 500 000 теңге, кәмелетке толмаған соғыс тұтқындарына – 100 мың теңге, блокадалық Ленинградтың тұрғындарына – 60 мың теңге, тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңге берілді. Сонымен қатар, ҰОС ардагерлеріне облыс әкімінің атынан құттықтау адресаттары табысталды. Мерекеге орай облыстағы кітапханалар мен музейлерде соғыс ардагерлеріне арналған көрмелер мен еске алу шаралары өткізілмек. Одан бөлек, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында «Күтпеген кездесу» спектаклі қойылады. Сондай-ақ, патриотизмге баулу мақсатында әр аудан мен қалалардың орталық көшелерінде cоғыс ардагерлерінің суреттерімен билбордтар орналастырылады»,- деді Әсия Құралқызы.
 
Басқарма басшысының сөзінше, мерекеге орай денсаулық сақтау саласы тарапынан 500-ге жуық ардагердің үйінде медициналық қызмет көрсетілді. Одан бөлек, облыстағы «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйінде жыл сайын 8000-ға жуық жекелеген санаттағы азаматтар емделуде. Сонымен қатар, ардагерлердің үйіргелік ауласын тазалау, жерін аудару жұмыстары да жүргізілуде. Аудан-қала әкімдіктеріндегі мектеп пен саябақтарда орналасқан 100-ден астам ескерткіштерге тазалық жұмыстары жүргізілді.
Айта кетсек, жалпы Түркістан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы елге оралған. Оның ішінде, 51 – Кеңес Одағының батырлары, 1 – Халық қаһарманы және 8 – III дәрежелі «Даңқ» ордені кавалерлері атағын алғандар.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 29 САЯБАҚТЫҢ АУМАҒЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың бастамасымен елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» науқаны Түлкібас ауданында қарқынды өтуде. Жалпы акция аясында аудан аумағындағы 29 саябақтар мен аллеялар аумағы тазартылып, толық реттеліп, көгалдандыру жұмыстары іске асты.
Дәл сондай аудан орталығындағы «Ардагерлер» саябағының аумағын тазартып, ретке келтіру жұмыстарына Түлкібас ауданының Германиядағы кеңес әскерлері және Варшава келісім-шарт тобының филиал төрағасы Дүйсебаев Асанбек Қалдыбайұлы бастаған ардагерлер үлес қосты.
Зейнеттік жастағы ағаларымыз «7-мамыр Отан қорғаушылар күні» қарсаңында демалыс орнының аумағын күл-қоқыстан тазартып, шөптерін шауып, абаттандыру жұмыстарына ат салысты. Өз қаржылары есебінен саябақ атауы жазылған арка орнатуға мұрындық болды.
Бұдан бөлек науқан аясында аймақта 67 көпқабатты үй ауласы, 19 балалар және спорт алаңшасы реттеліп, ол жердегі орындықтар мен қоршаулар сырланды. 441 көше бойлары, 115 шақырым аяқ жол, 152 шақырымнан астам көпір мен өзендер арнасы, 31 шақырымнан астам иригациялық жүйелер күл-қоқыстан тазартылды. Елді мекендерді көгалдандыру мақсатында 29 мыңнан астам сәнді және тағыда басқа ағаш түрлері мен 12 мыңнан астам гүл көшеті отырғызылды.
100 астам бұлақ көздері ашылып, аумағы тазартылды. Жалпы сенбілікке 14 мыңнан астам түрлі мекеме қызметкерлері мен еріктілер ат салысты.

ТӨЛЕБИДЕ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ұлы Жеңістің 79 жылдық мерейтойына орай, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров ардагерлерге теңестірілген тыл еңбеккерлерін үйлеріне арнайы барып, құттықтады.
Ел басына күн туғанда қолына қару алып, майданның алдыңғы шебінде жүрген батыр бабаларымыздың ерлігі бүгінгі және келешек ұрпақ санасында нағыз адамгершіліктің, отансүйгіштіктің үлгісі болып қалса, тыл ардагерінің еңбегі де ерлік пен қайсарлықтың символы болып табылады.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы Ленгір қаласының тұрғыны 97 жастағы қарт әже Қасымбаева Тұрлықызды, Жаңаұйым елді мекенінің тұрғыны 88 жасар Бектұров Қыстаубай қарияны құттықтап, сый-сияпатын жасап, ізгі тілегін жеткізді. Қариялардың өнегелі әңгімесін тыңдап, ақ батасын алды.
Жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, 29- немере, 98-шөбере. 14- шөпшек көрген әже елімізге тыныш, бейбіт өмір тілеп, арнайы құттықтап барған аудан басшысына алғысын жеткізді. Бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін 79-шы мейрамын аудан халқы Жеңіс жауынгерлерінсіз қарсы алды. Аудан әкімдігі тарапынан тыл еңбеккерлеріне,
Тәжік-ауған шекарасын күзетуде ел тынышығын сақтап, жастарға өнеге болған Ауған соғысының ардагерлеріне, Қазақ жеріне сансыз қасірет алып келген Семей ядролық полигонының жабылуына үлес қосқан және Чернобыль апатының куәгерлеріне құрмет көрсетілді.

КЕНТАУДА АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ҰОС ардагері Бадан Төребай мен тыл ардагері Қалтай Алдиновтың шаңырағына барып, мерекемен құттықтады. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының құттықтау хатын табыстады.
Өз кезегінде соғыс ардагері мен тыл еңбеккері, жас ұрпақтың бейбіт өмірде бақытты ғұмыр кешуін тілеп, қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгі жасай берсін деп ақ баталарын тілегін арнады.
1924 жылы дүниеге келген Бадан Төребаев 1944 жылы 15 қазанда шақыртумен әскерге аттанып, 4 ай әскери дайындықтан өткен соң, Белоруссиядан бастап Берлинге дейінгі қан майдандарда шайқасқан.
Майдангер ауыр шайқаста көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ І-ші дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденімен, 2 рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған.
Елге 1950 жылы қарашада оралып, Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, сол қызметі зейнетке жеткізді. Ол 2 ұл, 3 қызынан 14 немере, 31 шөбере, 2 шөпшек сүйген бақытты ардагер.
Ал, Қалтай Алдинов 7 мамыр 1941 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбек араласып өскен қария соғыс жылдар өмірдің тауқыметін көріп есейген. 1961 жылы “Ачполиметалл” комбинатының құрылыс жұмыстарында қызмететкен. Қазіргі таңда 6 ұл қыздан 20 немере, 18 шөбере, 1 шөпшек көріп отырған бақытты ардагер.

ТҮРКІСТАНДА «ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР КЛУБЫ» ҚҰРЫЛДЫ

Түркістанда жас кәсіпкерлерден құралған «Жас кәсіпкерлер клубы» атты ұйым өз жұмысын бастады. Клубтың алғашқы отырысына облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев және рухани астананың белсенді кәсіпкерлері қатысты.

Клубтың негізгі мақсаты – кәсіпкерлік бастамасы бар жастармен кездесу, жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау және қолдау, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру. Кеңес мүшелеріне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, алдағы уақытта көтерілетін мәселелердің оңтайлы шешілуіне және кәсіпкерлік саланы барынша дамытуға атсалысуға келісті.

«Өңірімізде 200 000-нан астам кәсіпкер бар болса, соның ішінде 70 000-ға жуығы 35 жасқа толмаған жас кәсіпкерлер. Яғни, кәсіпкерлердің үштен бір бөлігі жастар. Бұл дегеніміз жас кәсіпкерлердің үлесі көп, тиісінше мәселелері мен ұсыныстары да көп болады деген сөз. Осы және өзге де жағдайларды ескере отырып, «Жас кәсіпкерлер клубын» ашуды жөн көрдік», — деді Ербол Асфандиярұлы.

Жиында шаһар басшысының орынбасары Мекенхан Қозыханұлы Түркі әлемінің туристік астанасы атанған Түркістан қаласының атына лайық болуына кәсіпкерлердің орны мен рөлі айрықша маңызға ие екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлердің еселі еңбегін насихаттау бағытында телеарна мен газет-журналдарға жариялау жұмыстарына да баса көңіл бөлу керектігін атап өтті.

САРЫАҒАШТЫҚ ЖАСТАР 101 ЖАСҚА КЕЛГЕН СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ҮЙ АУЛАСЫН ТАЗАЛАДЫ

Сарыағаштық жастар «Өнегелі ұрпақ» апталығында Ұлы Отан соғысының ардагері Ермахан Ишқоновтың үй ауласында сенбілік жұмыстарын жүргізді. Олар тұрғын үй ауласын ретсіз өскен шөптерден тазартып, қоқыстарды шығарды. Шараға жастармен бірге аудандық «Amanat» партиясының төрағасы Қ.Қыстаубаев белсене атсалысты.

Ұлы отан соғысының ардагері Ермахан Ишқонов 1923 жылы Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақыртылып, соғысқа аттанған.

Сондай-ақ, 1946 жылы Қырғызстандағы авиациялық бөлімге жіберіліп, 1948 жылы әскери қызметін аяқтаған. Бүгінде Ермахан ақсақал I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», «Мінсіз қызметі үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

«ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ» АПТАЛЫҒЫНДА АРДАГЕРЛЕРДІҢ ҮЙ АУЛАСЫНДА СЕНБІЛІКТЕР ӨТІП ЖАТЫР

Республика бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының төртінші «Өнегелі ұрпақ» апталығында Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында сенбіліктер өтіп жатыр. Шарада жастар мен ерікті азаматтар ардагерлер мен жалғызбасты қариялардың үй аулаларында тазалық әрі абаттандыру жұмыстарын атқаруда.

Атап айтқанда, шөп ору, жер аудару, ағаш бұталау, үйдің қасбеті мен қоршауларды сырлау, қоқыстан тазарту жұмыстары.

Мәселен, бүгін Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылдық округінің ерікті жастары тыл ардагері Бисебай Ағабековтың үйіне арнайы барды. Онда белсенді жастар үй ауласындағы арық-атыздарды тазалап, ағаштардың түбін қопсытты. Сондай-ақ, аула аумағын күл-қоқыстан тазартты. Ардагер ақсақал жастарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Еске сала кетсек, еліміз бойынша экоакция аясында 27 сәуірден 4 мамырға дейін — «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры — қарапайым еңбек адамының құқығын қорғайды

Қазақ елі қай кезде де мемлекеттік мұратын көздеген ел. Тарихи тағдырымызды парақтасақ, ұлт ретінде қалыптасу жолымыздың қилы болғанын, қашан да сол жолда халқымыздың болашақты көздеген игі істерін байқаймыз. Арысы алыс кетпей-ақ, Алтын орда дәуірі мен берісі Алаш автономиясын құру кезеңдеріндегі ұлттық, әділдік ұстанымдары халқымыздың өркениет кеңістігінен де хабар береді. Біздің ұлт ретіндегі өзіндік бет-бейнемізді тек өткен ғасырдың Тәуелсіздік уақытымен өлшеуіміздің де негіздемесі барын тарихымыздан түсініп отырмыз.

Өз шекарасы мен мемлекеттігі бар ұлттардың өркендеу принциптері қашан да басқару ісіне халықтың тікелей араласуымен өткен ғасырларда батыр, би, шешендер институты арқылы жүзеге асса, бүгінде азаматтық қоғам өкілдері арқылы атқарылатыны анық.
Қазіргі жаңа Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың саяси, әлеуметтік өмірдегі өзгерістерге бастайтын әлеуеттері азаматтардың белсенділігіне тәуелді. Осы жолда «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры құрылды. Еліміздің барлық облыстарынан қоғамға танымал, белсенді тұлғалар өздері бастамашы болып, Үндеуін жариялады. Бұл 2024 жылдың ақпан айында Астана қаласында қордың аймақтық өкілдіктері басшыларының басқосуында жарияланып, қол қоюларымен рәсімделді.
Халқымыздың әлеуметтік, экономикалық жағдайына алаңдап, мәселелерімізді сындарлы жол арқылы шешуге ден қойған саналы азаматтар «жеке жүріп жетістікке жету емес, бірігіп ұлттың жағдайын жақсарту» жолын таңдады. Басты мақсат — еңбек адамының құқықтары қорғалып, өз елінде бай, бақытты ғұмыр кешуіне мүдделі қоғам қалыптастыру. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда халық мен билік арасы алшақтап кетті, адамдарда биліктің әрбір ісіне күдікпен қарайтын сенімсіздік пайда болды. Жемқорлық барлық салада жайылғаны сонша, адал жолмен еңбек ету деген ұғым жоғалды десек болғандай. Сондықтан азаматтық қоғам белсенді, констуктивті бола отырып, өз талаптарына назар аудартып, дұрыс шешілуіне мүдделі болғанда қоғам өзгереді деп білеміз.
Алғашқы нәтижеміз — Астана қаласында «Жұмысшылардың өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жөнінде талқылау өтіп, ұсыныстар үкіметке жолданды. Сондай-ақ, «Әділдік және Өркендеу» республикалық қоғамдық қорының белсенділері қоғамда қордаланған маңызды мәселелердің бірі – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және денсаулық сақтау саласына қатысты проблемалар» тақырыбында сессиялық талқылау да ұйымдастырды. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі ауысса да, шешіле қоймаған МӘМС мәселесінде қандай сұрақтар оң шешімін таба алмады, жаңа министрдің алдында шешетін қандай сауал бар? Басқа да проблемалар бойынша қызу талқылаулар өтті. Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі өкілі, МӘМС қорының төраға орынбасары, дәрігерлер, денсаулық саласы бойынша тәуелсіз эксперттер және Қордың белсенділері қатысты. Талқылау соңында қорытынды құжатта ұсыныстар жолданды.
Қордың белсенділері елімізде орын алған су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмектер жіберді. Алдағы қалпына келтіру жұмыстары бойынша да орталық штаб қор тарапынан үлес қосу механизмдерін жасауда.
«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры — еліміздегі еңбек адамдарының құқығын қорғайтын, «адал еңбек» культін дәріптеп, қоғамда сондай адамдар арқылы жегі құрттай болған жемқорлық сияқты зиянды мінезден құтылу жолдарына жұмылатын белсенділер тобы.
Еңбек адамдары: өндіріс жұмысшылары, шаруалар, мақташы, агроном, ұстаз, дәрігер т.б.қызмет көрсету салалары мамандарының қызмет етіп, өркендеуіне кедергі өңірлік мәселелердің басын біріктіріп, шешу жолдарын да көрсетіп, үкіметтік, құзырлы ұйымдармен бірлесе нәтижеге жету — басты мақсатымыз. Қордың қоғамдық қабылдаулары да тұрақты жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, қаңтар айынан бері Түркістан облысы бойынша 112 адам өкілдік қабылдауында болды. Толғандырған мәселелері бойынша құқықтық кеңестер беріп, белсенді жақтастарымызбен бірлесе ұсыныстар дайындаудамыз.
«Әділдіктің екі қайнар көзі бар: ешкімге зиян келтірмеу және қоғамға пайда келтіру» принципі — біздің тірегіміз. «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының әр аймақтарға тән проблемалар бойынша ортақ жобалар негізінде нәтижеге жету алгоритмдерімен жұмыстары жалғасуда.

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорынының
Түркістан облысы өкілдігінің жетекшісі
Әдемау Тұрдыбайқызы Толысбаева

Бірлік түбі — береке!

Құрметті Түркістан облысының
тұрғындары мен қонақтары!

Баршаңызды жадыраған жаздың хабаршысындай болған мамыр айының айтулы мерекелерімен құттықтаймын!
Алғашқы күндегі «Қазақстан халқының бірлігі күні» — әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген бабаларымыз. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған байтақ даламыздағы әрбір азамат үшін бұл мейрамның орны ерек.
Бұл ретте мерекенің мақсаты – еліміздегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау екенін де айта кетуіміз қажет. Иә, биылғы еліміздің соның ішінде су басқан аймақтардың күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқаны белгілі. Осындай сындарлы сәтте біздің отандастарымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ынтымақ пен бірліктің шынайы үлгісін көрсетуде. Осы орайда, алдағы күндерден тек жақсылық тілей отырып, баршаңызды айтулы мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық пен шаттық, бақыт-береке және елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!
Сонымен бірге, осындай ынтымақ пен бірлігіміздің шынайы үлгісіндей Ұлы Жеңіс күні де әрбір қазақстандық үшін орны бөлек мереке. Олай дейтінім, сұрапыл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Ауылда қалған ақ жаулықты аналар, егде тартқан қариялар мен бала-шаға зуылдаған оқ пен лапылдаған от-жалынның арасында жүрген бауырына, әкесіне, ағасына сеп болсын деп, бар күш қайратын жұмсады. Тылдағы әрбір күн соғысқа тең еді. Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыстың аяқталғанына 79 жыл толыпты. Зарықтырып жеткен Жеңіс күнінің қадірі бәріміз үшін тым қымбат. Ардагер көрген зұлматты біз көрген жоқпыз, сол үшін оны құрметтеу асыл парызымыз! Сондықтан да жыл сайын мамыр айының 9 жұлдызында сол сұрапыл соғыстағы Жеңіс күні айрықша атап өтіледі. Және ол жалпыға бірдей халықтық мереке болғанымен, бұл күні әсіресе, кешегі соғыста Жеңіс үшін қолдарына қару алып, майданның алдыңғы шебінде қанқұйлы жаумен шайқасқа түскен соғыс ардагерлеріне көрсетілер құрмет айрықша.
Бүгінгі ұрпақ аға буын — ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Ендеше, баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілеймін!

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты
Алмас САЛИМОВ!

ДЕПУТАТТАР СЕНБІЛІККЕ БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСУДА

Бүгін, 1 мамыр Қазақстан Халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Қазығұрт ауданы Сарапхана ауыл округінде орналасқан «Мәңгілік Ел» саябағында тазалық акциясы болып өтті. “Өнегелі ұрпақ” деп аталатын сенбілік жұмыстарына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішев, Қазығұрт ауданының әкімі А.Исмайлов, облыстық мәслихат депуттары Н.Әжіметов мен Н.Аширов қатысты.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында ұйымдастырылған сенбілікте саябақ ішіне гүл отырғызылып, ағаш көшеттердің түптерін қопсыту, ақтау және шөптерін ору секілді жұмыстар атқарылды.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әлмаханұлы барша өңір тұрғындарын республикалық акцияға белсене қатысуға шақырды. Әр бір ел тұрғыны өз ауласынан бастап, туған жерімізге жанашырлық танытып тазалық жұмыстарын жасайық. Аталмыш акция тоқтаусыз жалғасатын болады. Таза Қазақстан-таза қаладан, ал таза қала-таза ауылдан басталады. Демек, әрбір азамат шараға өз үлесін қосып, жұмыла атсалысуымыз тиіс,- деді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен басталған сенбілік жұмыстарына бүгінде халық қалаулылары белсенді бой көрсетіп келеді. Жер-жерде депутаттар сайлаушыларымен бірге тазалық жұмыстарын жасап, өскелең ұрпақты игі іске жұдырықтай жұмылуға шақыруда.

Құрметті тұрғындар!
Сізді де аталмыш сенбілікке өз үлесіңізді қосуға шақырамыз! Таза өңір — ол біздің жер!

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version