ЖАСТАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР САЛАЛАР МАҢЫЗДЫ ЕМЕС ПЕ?

Елімізде резервшілерді жұмысқа орналастыру барысында түрлі қиындықтар туындайды екен. Кейбір мемлекеттік органдарға 10 резервші тағайындалса, енді бір органда бірде-бір резервші тағайындалмаған.Ал,  әлеуметтік маңызы бар денсаулық сақтау, энергетика, білім беру сынды салалардағы резервшілердің саны тым аз болып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мәлімдеді. Айта кетейік, биыл президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу жүргізіледі. Енді, кадр резервін іріктеу барысында салалық топтар нақты жіктелмек.

35 МЕКЕМЕГЕ 53 ҮМІТКЕР

Түркістан облысында білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау конкурсының «Әңгімелесу» кезеңі өткізілді. Конкурстың шешуші кезеңі фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирде жүргізілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев  жалпы ұстаздарға маңызды жауапкершілік жүктелгенін, басшыларды тағайындау әділ жүргізілуі тиіс екенін айтты.
Айта кетейік, «Әңгімелесу» кезеңіне 53 үміткер қатысуда. Олар 35 мекемеге басшы болудан үмітті. Үміткерді бағалау ашық дауыс беру арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар бағалау парағы қоса тіркеледі.
Айта кетерлігі, талапқа сәйкес үміткерлер «Әңгімелесу» кезеңіне дейін конкурстың құжат тіркеу, тест, қамқоршылық кеңестен келісім алу кезеңдерінен өткен. Олардың арасында еңбек өтілі 30 жылдан асқан аса тәжірибелі ұстаздар бар.

МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫ ҚОРЛАҒАНДАР ЖАЗАЛАНАДЫ

Астанадағы «Балам-ай» дамыту орталығында балаларға жәбір көрсеткен тәрбиешілердің әрекеті көпшілікті ашындырды. Сұмдық жағдайға қатысты әлеуметтік желіде видео тарап, желі қолданушылары қорлық көрсеткендерді қатаң жазаға тарту керектігін айтқан болатын. Аталған жағдайға байланысты ҚР Бас прокуроры Берік Асылов өзінің Twitter-дегі парақшасында мүмкіндігі шектеулі балаларды қорлағандар қатысты пікірін білдірді.

«Елордадағы инклюзивті балабақшада болған жантүршігерлік оқиға қайталанбауы тиіс. Балаларды қорлауға, жәбір көрсетуге жол бермеуіміз қажет. Бұл дерек бойынша қозғалған қылмыстық істің тергеу барысы бақылауда. Қорлағандар заң алдында жауап береді,» — деді ҚР Бас прокуроры.

ШАРДАРА МЕН КӨКСАРАЙ СУ ҚОЙМАСЫНАН ҚАУІП БАР МА?

Бүгінде Шардара су қоймасының толуы 77 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті өткен жылғы судың көлемімен салыстырғанда 41 пайызға артып отыр. Алайда,«Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев Шардара мен Көксарай су қоймасынан келер қауіп жоқ екенін айтты.
– Сырдария өзенінің жоғарғы ағысынан келіп жатқан су деңгейі қазіргі кезде төмендеген. Ал бүгінгі мәлімет бойынша, Шардара су қоймасына келген су көлемі — 1114 м3/сек, нақты көлемі — 3997 млн м3, сондай-ақ, шыққан су 1111 м3/сек құрап отыр. Ал Көксарай су торабына келген су — 800 м3/сек, Көксарай су реттегішіне алынып жатқан су — 200 м3/сек, нақты көлемі — 1008,37 млн м3, ал Сырдария өзенінің төменгі ағысына тасталынып жатқан су — 600 м3/сек. Шардара су қоймасынан Қызылқұм магистралды каналына — 11 м3/сек, Арнасай су торабынан Айдаркөл ойпатына 300 м3/сек су тасталынуда. Бүгінгі таңда елдімекендерді су басу қаупі жоқ. Су ресурстар комитеті тарапынан осы жағдай бақыланып, реттеліп жатыр, — деді Қазыбек Қошқарбекұлы.
Жалпы, Сырдария өзені бойында 97,5 шақырымды құрайтын су тасқынына қарсы қорғаныс дамбалары тұрғызылыпты. Мамандардың айтуынша, олардың барлығы қалыпты жағдайда. Өткен жылы Шардара ауданы, Сүткент елдімекені тұсындағы қорғаныс дамбасы күрделі жөндеуден өткен. Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың тоспалары бекітіліп, топырақпен нығайтылған. Өзен бойындағы елдімекендерде орнатылған «Үлкен су» локалды құлақтандыру жүйесі дайындыққа келтірілген. Сондай-ақ, Шардара су қоймасына байланысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жоспары жасалған.

ПОЛИЦЕЙ ПАРА РЕТІНДЕ «ТОРТ» АЛҒАН

ZTB Qazaqstan сайты әлеуметтік желіде Атыраулық полиция қызметкерінің жол ережесін бұзған жүргізушіден пара ретінде «торт» алған видеосын жариялады.
Жол ережесін бұзған жүргізуші полиция қызметкеріне жағдайын айтып, әкімшілік хаттама толтырмауын өтінген. Ал полицей хаттама толтырмауға келісіп, бірақ «Алмагүл» шағын ауданындағы тәттілер дүкенінен торт алып келуін ұсынған. Тәртіп бұзған азамат полицей сұрағандай, тортты оның тапсырысы бойынша сатып алып, телефон арқылы тауар мен түбіртекті көрсетіп, қайда жеткізуін сұраған.
Видеода полицей қызметтік көлігімен «Бақдәулет» сауда орталығының артында тұрғанын айтып, сонда шақырған. Торт алған азамат олардың көлігіне отырып, қолындағы тортсыз түсіп бара жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Атырау қалалық полиция басқармасы бұл оқиға 2022 жылдың 30-желтоқсанында болғанын хабарлады. Сондай-ақ, аталған фактіге қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, Атырау қалалық полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының 2 қызметкері жұмыстан шығарылғанын мәлімдеген.

2022 ЖЫЛЫ ТҮЛКІБАС АУДАНЫНА 11 МЫҢНАН АСТАМ ТУРИСТ КЕЛГЕН

Өткен жылдың қорытындысымен Түркістан облысы, Түлкібас ауданына 11339 турист келген. Оның ішінде 450 шет ел азаматы бар. Бұл туралы аудан әкімі Нұрлан Байғұттың төрағалығымен өткен кезекті лездемелік жиында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ұ.Әлімбаев мәлімдеді.
Бөлім басшысы өткен жылдың қорытындысымен кәсіпкерлік саласында оның ішінде индустрияландыру мен инвестиция тарту бағытындағы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы іске асатын жобалармен таныстырды.
 
Бұдан бөлек жиынның күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және дипломмен ауылға мемлекеттік бағдарламасының іске асу барысы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының барысы қаралды.
Жалпы өткен жылы дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша жәрдемақы алуға 80 жас маманнан өтініш түскен. Соның ішінде 62 маманға 100 АЕК көлемінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілген. 2022 жылы 10 жас маманға үй салуға немесе сатып алуға 1500 АЕК көлемінде пайызсыз несие берілген.
Жиынды қорытындылаған Нұрлан Мархабатұлы сыбайлас жомқорлықпен күресу, оның алдын алу жұмыстарын барынша күшейту бойынша бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне бірнеше тапсырма жүктеді. Жауапты орынбасары мен тиісті бөлім басшысына коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмыс істеп тұруын бақылауда ұстауды тапсырды.

ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТТАР ТӘРКІЛЕНДІ

Бұл туралы Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов мәлімдеді. Полиция полковнигінің айтуынша: «Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері жұмыс орнында атыс қарулары, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар сақтаған тұрғынды анықтады.»


Күдікті ретінде Кентау қаласындағы көлік жөндеу орнында жұмыс істейтін жергілікті тұрғын ұсталған. Ер адамнан «Лидер ТТ» маркалы травматикалық тапанша мен 5 дана патрон табылды.
Әрі қарай тінту шаралары оның жұмыс орнында, яғни көлік жөндеу орталығында жүргізілді. Жедел уәкілдер 12 калибрлі тегіс ұңғылы 2 дана аңшы мылтығын, әрқайсысының салмағы 0,5 кг болатын 3 пакет түтінді ұнтақ, «Байкал-Күзетші» травматикалық тапаншасы, 1 граната, 35 дана оқ-дәрілер мен 1 дана жарылыс қорапша тәркіленді.


Сот-криминалистикалық және баллистикалық сараптама тағайындалды. Күдікті қамауға алынды. Тәртіп сақшыларымен кентаулық тұрғын осыншама қару-жарақты не мақсатпен сақтап жүргені анықталуда.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР КӨБЕЙЕДІ

Төлеби ауданында жыл сайын жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандар мен тұрғын үйлер көптеп бой көтеріп жатыр.
Аудан халқын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында Ленгірдегі І мөлтек аудан аумағынан 60 пәтерлі 9 тұрғын үй құрылыстарының сметалық құжаттары дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржыландыруға ұсынылған. Сондай-ақ, аудан орталығындағы Базарная және Қ.Дүйсемұратұлы көшелеріне 5 қабатты 40 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құжаттарын қаржыландыру үшін салалық басқармаларға ұсынылған.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Алатау» мөлтек ауданындағы 3 класстағы тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткізу жұмыстары демеушілер есебінен жүргізілуде. Сондай-ақ, Аққұм және Киелітас ауылдық округтерінде ауылдық мәдениет үйлерін салу бойынша құрылыс жұмыстары басталып, оның ішінде «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Момынай елдімекенінде 146 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Киелітас елдімекенінде 146 орындық ауылдық мәдениет үйі құрылысын қаржыландыру үшін салалық басқармаларға жолданған. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Бірінші Мамыр елдімекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысына Ұлттық қор есебінен 467 млн теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Көксәйек елдімекенінде жоба құны 926 млн теңге болатын спорттық сауықтыру кешенін салу үшін, жобасы тиісті салалық басқармаларға қаржыландыруға ұсынылды.
Еске сала кетсек, былтыр Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай Ленгір қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйден пәтер кезегінде тұрған 60 отбасыға баспана кілттері табысталды. Баспаналар әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.
Айта кетсек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Төлебиде бірнеше мектеп салынбақ. Ленгірде – 1500 орындық, Бірінші Мамырда – 1500 орындық, Достықта – 900 орындық, Көксәйекте – 600 орындық, сондай-ақ Қосағашта 600 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарланып отыр.

КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІНЕ ҚЫЗМЕТТІК ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІЛМЕК

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сын сағатында сүрінген барлық басшыларды қатаң сынға алды. Бұған дейін әкімге жауаптылар жылыту маусымына 100% дайынбыз деп ақпарат берген. Өкінішке орай бұл ақпарат — жалған. Ал, жұмыс өз деңгейінде жүргізілмегіндігі анықталып отыр.
«Аудан, қалаларға көмір жеткізу толық шешілмеген. Тұрғындар, жылыжай иелері көмір тапшылығына және бағасына наразылық білдіруде. Қажетті көмір көлеміне орай басқармалар мен аудандардан жинақталған мәліметтер де дұрыс болмай шықты. Табиғи газ құбырғылары бойынша проблемалар туындауда. Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында газ құбырлар қатып қалып жатыр. Ауыз су құбырлары істен шығып, осы аптада 5 мыңға жуық абонент сусыз қалды. Арыс қаласының бірқатар тұрғындары жылу беру сапасына наразы. Кентау қаласындағы жылу орталығының екі қазандығы істен шықты. Жылу беру маусымында орын алып жатқан осы жайттарға байланысты барлық қала, аудан әкімдеріне аталған кемшіліктерді шұғыл жоюды тапсырамын. Оған жауапты энергетика басқармасының басшысына, Кентау қаласының әкіміне, осы салаға жауапты менің орынбасарама қатысты қызметтік тексеру жүргізілсін, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
ТАQ.KZ

ЖОСПАРДЫ ОРЫНДАМАҒАН БАСШЫЛАР ТӘРТІПТІК ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

Түркістан облысында инвестиция тарту, экономикалық көрсеткіштерді жоғарылату бағытындағы жоспарды орындай алмаған аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жазаға тартылады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жыл бойынша қорытындылары және 2023 жылға арналған жоспары талқыланған аппарат мәжілісінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді.
– Инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту бойынша бірнеше рет жиналыс өткізіп, нақты тапсырмалар бердік. Бірақ жұмыс ойдағыдай емес. Инвестиция тарту жөніндегі индикаторлар толық орындалуы тиіс. Сондықтан 2024 жылдың жоспарын орындау үшін қазірден дайындалуымыз керек. Бюджет қаражаты емес, жеке инвестицияға басымдық берілсін. Өңдеу өнеркәсібі төмендеп кеткен. Бәйдібек, Жетісай, Сайрам Келес, Созақ ауданында осы бағыт бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылмаған. Жауапты басқарма тарапынан да тиісті бақылау жүргізілмеген әрі инвестиция тарту сапасыз болды. Әкімдер бұл жұмысты төмен деңгейде атқарған. Бұл бойынша бірнеше рет жиын өткіздік. Сондықтан аудан, қала әкімдерінің инвестиция саласына жауапты орынбасарларына тәртіптік шара көруді тапсырамын. Нақты жобалар аз. Орындалмайтын жобаларды да тізімге қосып қойғансыздар. Инвесторларға қажетті инфрақұрылымның дайындығы төмен. Осыған байланысты инвестиция тарту, өндірісті дамыту бойынша сапалы жоспар әзірленсін. Оған орындалатын әрі нақты жобалар енгізілсін. Аудан, қалалардың даму әлеуеті және мүмкіндігіне сәйкес бір салаларға мамандандырылуын қадағалаңыздар. Мәселен Жетісай, Мақтаарал, Шардара және Сауран аудандарында тігін фабрикалары, Келес, Сарыағаш, Қазығұртта жылыжай шаруашылығы кең қанат жаюы тиіс.
Осылай әр ауданның мүмкіндігіне сай жұмысты жоспарлау қажет. Инвестициялық штабтың жұмысын бастаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version