Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығының және Кентау қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Кентау қаласы Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы білім беретін мектебінде «Парасат биігінен ой толғаған ғалым» тақырыбындағы Немат Келімбетовтың – 90 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. Ғылыми-практикалық конференция мақсаты: Түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, жазушы Немат Келімбетовтың шығармашылығын насихаттау.
Көрнекті әдебиеттанушы, прозашы, аудармашы Немат Келімбетов 74 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Ол, өмір жасының тең жартысындай бөлігінде ауыр дертпен арпалыса жүріп, рух ерлігінің ерен үлгісін көрсеткен өнегелі тұлға. Немат Келімбетов 1937 жылы туған. 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес өңіріндегі Абай селосында орта мектеп бітірген соң, алдымен Ташкент қаржы-экономика институтын, одан кейін Қазақ ұлттық университетін аяқтаған. Еңбек жолын өзінің әуелгі мамандығы бойынша бастаған Н.Келімбетов кейіннен журналистика, әдебиет саласына ауысып, «Социалистік Қазақстан» , яғни қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, одан кейін республика Министрлер Кеңесінде референт, Әдебиет, өнер және сәулетшілік салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы, «Қазақстан» баспасында редактор қызметтерін атқарған. Филология ғылымдарының докторы, профессор көптеген жылдар бойы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында ұстаздық еткен.
Ғылыми-практикалық конференцияда Кентау қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі А.Мақұлбекова сөз сөйлесе, жас маман Ибадуллаева Дидара “Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосқан тұлға – Немат Келімбетов” тақырыбында баяндама оқыды. Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, педагог-шебер Камал Гулмира «Тағдыр талқысы және талант тегеуріні» тақырыбындағы баяндамасымен таныстырды.
« — Немат Келімбетов қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі жайында жазылған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Орда бұзар отызында омыртқадан ауыр дертке ұшырап, ұзақ жылдар бойы төсекке таңылған арда азамат өмірге құштарлықтың өнегесіндей, тағдырмен тартыстың тағылымындай «Үміт үзгім келмейді» атты монолог-хикаяты оның қаламгерлік қуатын да, күрескерлік күшін де келісті көрсетеді. Кітапты арқау етіп жазылған пьеса бойынша қойылған спектакль М.Әуезов атындағы академиялық театрсахнасында табыспен жүрді. Кейінгі жылдарда жарық көрген «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» сияқты эсселері Немат Келімбетовті ойшыл суреткер ретінде де танытты. «Үміт үзгім келмейді» кітабы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасын алып берген еді. Немат Келімбетовтің қазақ әдебиетінің байырғы бастау-бұлақтарын зерттеудегі еңбегі де ересен. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» , «Ежелгі дәуір әдебиеті» ,«Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» , «Қазақ әдебиеті бастаулары» , «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» сияқты көптеген кітаптары ұлттық сөз өнерінің түп-тамыры тереңде жатқандығын даусыз дәлелдеді. Ғалымның бұл бағыттағы ізденістері оны Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты атандырды, осы тақырыптағы кітаптары бірнеше шетел тілдеріне аударылды. Немат Келімбетовтің көркем аударма саласына қосқан үлесі де үлкен. Көрнекті ғалым, тамаша прозашы, өнімді аудармашы, ұлағатты ұстаздың жарқын бейнесі әрдайым халық жадында сақталатын болады.» — деді Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, педагог-шебер Камал Гулмира
Сонымен қатар, «Немат Келімбетовтың – 90 жыл» толуына орай ұйымдастырылған мектепішілік апталықтың нәтижесін педагог – зерттеуші Әметбек Тоғжан таныстырды. Жазушы галереясы көрмесін Дайрбекова Мөлдірдің жетекшілігімен жас суретшілер қылқаламынан салынған суреттерін көрсетті. Кітаптар көрмесінде жазушының еңбектері таныстырылды.