Архив рубрики: Депутат

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА 150 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында 264 мәдениет үйі мен клуб қызмет көрсетеді. Мәдениет саласындағы инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы тапсырмаға сәйкес, өңірде мәдени ошақтар бой көтеріп жатыр. Осы ретте Отырар ауданында орналасқан М. Шойманов атындағы 150 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа мәдени ошақтың ашылуына қатысып, ауыл тұрғындарын заман талабына сай бой көтерген мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады.

– Отырарды білмейтін қазақ жоқ. Осындай қасиетті топырақтан болашақта әлемге танымал өнерпаздар шыға берсін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда мектеп салынды. Өндіріс дамып жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында әлеуметтік нысандар құрылысы ел игілі үшін жүзеге асуда. Инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмайды, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Өнерге қанат қаққан ауыл жастарының талабын шыңдап, түрлі мерекеде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында жаңадан бой көтерген мәдениет ошағының жалпы алаңы – 76 гектар. Мұнда білікті мәдениет өкілдері еңбек етеді.

Заманауи үлгіде салынған рухани ордада кітапхана, үлкен зал және би залы орналасқан. Хореография, домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру және жуыну бөлмелер бар. Қызметкерлерге арналған кабинеттер барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерде денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жақсартып, қолжетімділікті арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылуда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, өңірде тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында заманауи медициналық нысандар салуға, бейінді мамандар даярлауға басымдық берілуде.
– Түркістан облысында былтыр 55 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қолға алынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 48 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Бірнеше медициналық нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауылдар мен елді мекендердің 100 мыңнан астам тұрғыны медициналық көмекпен қамтылмақ. Сонымен бірге өңірдегі ауруханалар мен емханаларға заманауи құрылғылар, жедел жәрдем көліктері алынды. Ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру жұмысы жалғасады, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Жаңадан ашылатын нысандарда санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі сақталған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл мекемелер ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмек түрлерін көрсетеді.
Бүгінгі таңда жалпы 58 медициналық нысанының қажеттілігі анықталып, оның 25 нысанын 2025 жылға іске асыру жоспарлануда.
Облыс тұрғындарын білікті медицина мамандарымен қамту ісі де тұрақты зерделеніп, тиісті жұмыс жүріп жатыр. Өңірде 423 бейінді маман бойынша тапшылық бар екені анықталған. Оның ішінде, 141-і Түркістан қаласындағы салынып жатқан 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға тиесілі. Мамандармен қамту үшін 5 жылдық жоспар бойынша резидентураға 639 грант бөлу жоспарлануда. Ал 2023 жылдан бері 176 грант игерілді.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарында жалпы 24 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Былтыр 40 дәрігер Ресейде, 234 орта буын медицина қызметкері Астана қаласындағы ҚР іс басқармасы медициналық ауруханасында біліктілігін арттырған.

ЖАРИЯЛЫ ЖҮЗДЕСУДЕ ДЕПУТАТТАР ҚЫЗМЕТІ ЖІКТЕЛДІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы өкілді билік тармақтарындағы өз мүшелерінің қоғам алдындағы есеп беру кездесулерін өткізуде. Партия филиалы ашып берген брифинг алаңына бұл жолы Түркістан облыстық мәслихатына Келес, Жетісай және Мақтарал аудандарынан сайланған депутаттар Жаңабай Ағабеков, Бахыт Басымбек, Ербол Ералиев, Талғат Қаржауов, Жарқынбек Қанаев, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов, Келес аудандық мәслихатының төрағасы Нұржан Шәулиев арнайы келіп, журналистер қойған саулдарға жауап берді.

Атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша хабарлама жасаған Келес аудандық мәслихатының төрағасы Нұржан Шәулиев 133 мыңнан астам халқы бар Келес ауданындағы депутаттық корпус 18 адамнан тұратынын, аудандық мәслихатта 5 тұрақты комиссия жұмыс жүргізетінін айтты. Биыл мәслихаттың 10 сессиясы өтіп, олардың қорытындысымен барлығы 73 шешім шығарылғанын тілге тиек етті. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында аудандық және ауылдық округтердің бюджеттерін нақтылау, аудан әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер енгізу, ауданның әкімшілік аумақтық құрылысы және жергілікті атқарушы органдардың есептерін тыңдау туралы мәселелер қаралғанын атап өтті.

Жергілікті мәслихат құрамы халықты толғандыратын проблемалар бойынша атқарушы мемлекеттік органдарға 57 депутаттық сауал жолдап, оның 50-і толықтай орындалғанын хабарлады. Депутаттық мандат иелері тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, инфрақұрылым, жер қатынастары, денсаулық сақтау салаларын, заң мен тәртіпті орнықтыру мәселелерін көтергені айтылды. Сондай-ақ аудандық мәслихат өзінің өкілеттілігіне сәйкес, жүмыс сессияларында аудандық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін қарастырғаны түсіндірілді.

Осы мазмұндағы хабарламаны жалғастырған Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов 104 елді мекеннен тұратын Жетісай ауданы өңіріміздегі халық саны ең көп аймақтың бірі екенін айтты. Ауданның әлеуметтік және экономикалық мiндеттерін орындауда мәслихаттың қызмет ауқымы кең екенін айта отырып, биыл аудандық мәслихат депутаттары 9 сессия өткізіп, аймақ тұрғындарының тыныс-тіршілігін қамтитын маңызды мәселелер бойынша 54 шешімнің қабылдануына ұйытқы болғанын мәлімдеді. Тұрақты комиссияларда аудан тұрғындарының тұрмыстық ахуалын жақсартуға тікелей қатысы бар міндеттер бойынша 45 мәселе қарастырылғанын жеткізді. Мәслихат қызметінің ашықтығын қамтуда және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдердің жариялылығын үйлестіруде мәслихат сессияларының отырыстары «Youtube» платформасындағы онлайн-көрсетілімдерін жүргізу, бейнежазбаларын сақтау қолға алынғанын атап өтті.

Мәслихат төрағасы ретінде мектеп құрылысы, ауыз су жүйелерін тарту, ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету, электр энергиясының сапасын көтеру, табиғи газбен қамту мәселелері бойынша 12 депутаттық сауал жолдағанын айтып, оның 11-і толықтай орындалғанын жеткізді. Ал ауданның депутаттық корпусы 107 депутаттық сауал жолдап, оның 98-і бойынша нақты шешім қабылдануына бастамашы болғанын атап өтті. Депутаттар көтерген сауалдар ауылшаруашылығы саласын дамыту, ауданда сайлау процесстерін жетілдіру, халықты жұмыспен қамту, интернет сапасын арттыру, инфрақұрылымдарды жаңарту, мектептер мен мәдениет үйінің және өрт сөндіру бекетінің құрылыстарын жүргізу, елді мекендерді абаттандыру, білім беру ісін жетілдіру, әлеуметтік қамсыздандыру шаралары, экология мәселелері, тағы басқа өзекті мәселелерді қамтығаны жария етілді.


Облыстық мәслихат депутаттарының есептері әрі қарай сұрақ-жауап форматында өтіп, масс-медиа өкілдері халық қалаулылары өкілдік ететін аудандардың өзекті мәселелерін көтерді. Қызу талқыға түскен мақта шаруашылығы бойынша қойылған сұрақтарға депутаттар мақтаның экономикаға беретін әсері мол екенін айтты. Бұл шаруашылық түрі экономиканың тұтас сегменттерін қамтуға қауқарлы деп бағалады. Рас, өндіріліп жатқан мақтаның, оның сатып алу құнын белгілеуде бірқатар қиындықтар бар екенін айта отырып, оларды еңсерудің жолдары да бар екенін білдірді. Биыл көп жылдардан бері алғаш мәрте облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен Жетісай, Мақтарал аудандарының дихандары ағын судан тапшылық көрмегендерін жеткізді. Мақташыларға қолдау айрықша болғанын атап өтті.

Ауылшаруашылығы саласына инвестиция тартудың маңызды екенін айтқан депутаттар, бұл бағытта да іргелі өзгерістер бар екеніне тоқталды. Аграрлық салаға қаржы бөлуге даяр шет елдік инвесторлардың үлесі артып жатқанын қуанарлық жағдай деп бағалады. Өңірімізде жеміс-жидек өсіру, қауын қақ даярлау технологияларын дамыту болашағы бар жобалар екенін мәлімдеді.

Еркін мазмұнда өткен жиында журналистер аудандардағы «Жайлы мектептердің» құрылысы, жұмыс күші тапшы солтүстік облыстарға облыс тұрғындарының көші-қонын ұйымдастыру, жергілікті футбол командасын қолдау бағытындағы депутат ұстанымы, көлік тығыны орын алып жатқан аймақтарда айналма жолдардың құрылысы, халықтың жерге байланысты сұраныстары, тұрғындармен тиімді кері байланыс арналарын түзу міндеттері, азаматтардың өзекті деген мәселелеріне байланысты депутаттық сауалдардың көтерілуі сынды мәселелер қозғалып, депутаттар тарапынан нақты жауаптар берілді.

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУ

Түркістан облысы мәслихатының депутаты Мағауия Тұрысбеков туған жерге қамқорлығын білдіріп, Созақ ауданына 5 арнайы техниканы тарту етті.

Бұл техникалар көше тазалығымен коммуналдық қызметтердің сапасын арттырудағы мүмкіндік береді. Тракторлар арнайы қоқыс тасымалдауға арналған жетек, көше сыпыру және қар тазалауға қажетті жабдықтармен толықтырылған.

Осындай игі іске аудан тұрғындары мен ақсақалдары алғысын білдіріп, Мағауия Сексенбайұлының демеушілігімен жүзеге асырылған жұмыстарды жоғары бағалады. Енді жаңа техникалар ауданның әл-ауқатын жақсартуға қызмет етпек.

Облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков өз сөзінде: «Бұл бастама – тек аудан үшін ғана емес, бүкіл еліміздегі экологиялық тазалықты жақсартуға бағытталған үлкен жобаның бір бөлігі. Бұған дейін ауданда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасы аясында сенбілік жұмыстарына атсалысып, тал егу жұмыстарын жүргіздік. Сол сәтте ауданымыздағы техникалық құралдардың жетіспеушілігі байқалды. Осы мәселені шешу үшін тазалыққа қажетті техникалар жеткізуді көздеп, бүгінгі күнге сәті түсті. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деп атап өтті.

Айта кетейік халық қалаулысы бұған дейін көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға баспана сыйлаған болатын. Сондай-ақ, Жыныс ата ауылына мешіт салып берді. Жалпы Мағауия Сексенбайұлы көптеген қайырымды істерді атқарып, жақсы істерге демеу болып жүретін азамат.

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістанда Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған «Әділетті Қазақстанды құруда мәслихаттардың рөлі: тарих, бүгін және болашақ» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәслихаттың бұрынғы төрағалары, ардагерлер, Түркістан өңірінің депутаттары қатысты. Маңызды жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды депутаттарды және көпшілікті Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтады.
– Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте Түркістан облысындағы облыстық және жергілікті мәслихаттардың қоғамдағы рөлі жоғары. Сіздер өңірдің дамуына үлес қосып, еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Бұл – Сіз бен біздің ортақ міндетіміз. Өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Облыстағы жергілікті мәслихаттарда 300-ден астам депутат еңбек етуде. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық және өзге салалардың өкілдері бар, ал басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды. Осы ретте, инвестиция тартуға, халықты кәсіпкерлікке баулуға депутаттарымыз да өз үлестерін қосуы керек. Депутатқа білім, мінез, ең бастысы отаншылдық қажет. Өңірдегі 2 миллионнан астам халықтың, 1 миллионнан астам сайлаушының сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Бәріміз бірге Түркістан өңірінің мүддесін қорғап, облысты дамыту бағытында жұмыс атқара береміз. Баршаңызды мерейтоймен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.
Конференцияның ашылуында Сенат депутаты Мұрат Қадырбек ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берсе, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың ыстық сәлемін жеткізді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова модераторлық еткен конференцияда мәслихаттың рөлі, депутаттардың белсенділігін арттыру және өзге де мәселелер бойынша баяндамалар жасалып, ұтымды ойлар айтылды.
Спикерлер қатарында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, Түркияның Мемлекеттік басқару профессоры Харун Кырылмаз баяндама жасап, келелі ойларын айтты. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев мәслихаттардың қазіргі жай-күйі мен атқарған жұмыстарына тоқталып, әріптестерін мерекемен құттықтады.
Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мен Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова мазмұнды ойларын бөлісіп, депутаттарға жүктелген жауапкершілік жоғары екенін жеткізді. Аудан, қалалардан келген жергілікті мәслихат депутаттарына жігер беретін және тәжірибесін шыңдайтын ойлар айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
30 жылдық құрметіне арналған жиында бір топ азаматқа «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағының куәліктері тапсырылып, құрмет көрсетілді. Сонымен бірге облыстық және аудандық, қалалық мәслихат депутаттарына ҚР министрліктерінің, ҚР Сенатының, «Қазақстан мәслихаттары» РҚБ-ның марапаттары тапсырылды.
Конференция соңында осы жиынға қатысқан мәртебелі меймандар мен ел ағалары, депутаттар «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» аллеясына шынар ағашының көшеттерін отырғызды.

Білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды

Түркістан облыстық  мәслихатында өңірдегі білім беру  мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде арнайы отырыс өтті. Жиынды Түркістан облыстық  мәслихатының төрағасы Н.Әбішов жүргізіп отырды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев, тиісті басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары М.Тұрысбеков, А.Салимов, Б.Байғараев, Ғ.Елшібай, Т.Қаржауов, И.Намазбаева, Ғ.Райымбеков, Б.Серманизов, Ж.Сүлейменов, Х.Әшірбеков, БАҚ өкілдері қатысты.

Мақсат – білім беру мекемелерінің жаңа  оқу жылына дайындығы мен осы саладағы өзекті мәселелердің орындалуын пысықтап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыру. Сондай-ақ, атқарушы органдар мен мәслихат арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, ел игілігіне бағытталған жұмыстарды бірлесе атқару болып табылады. Сонымен қатар, мәслихаттың құзыретіне кіретін мәслихат шешімімен бекітілген жергілікті бюджеттің тиімді жұмсалуына бақылау жасауды іске асыру.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық білім, құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармаларының басшылары баяндама жасады.

Түркістан облыстық  білім басқармасы басшының міндетін атқарушы Ж.Маханбетов өз баяндамасында жаңа оқу жылына арналған жұмыстар легін таныстырып өтті. Ол облыста мемлекеттік 265 балабақша, 910 мектеп және 25 колледж жұмыс жасайтындығын, облыстағы мемлекеттік 910 мектептің 753-і типтік ғимаратта, 157-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқандығын және бүгінде өңірімізде 4 апатты және 5 үш ауысымды мектеп тіркелгендігін айта келе, осы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына  шолу жасады.

Жалпы, баяндамашыларға депутаттар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын енгізді. Өз кезегінде, жиынды қорытындылаған мәслихат төрағасы Н.Әбішов депутаттар  тарапынан айтылған барлық ұсыныстар хаттамаға енгізілетіндігін және олардың орындалуын қадағалау өз салалары бойынша облыстық мәслихаттың 3 тұрақты комиссиясына жүктелетіндігін айтты. Сонымен қатар, жиында айтылған мәселелерді бірлесе ауызбіршілікпен жұмыс жасауға шақырды.

ДЕПУТАТТАРДЫҢ ИГІ ІСІ

«Қайырлы істің қайырымы мол» демекші, бүгін облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішовтың бастамасымен мәслихат депутаттары Отырар ауданында тұратын көп балалы Әлімбековтар отбасына 4 бөлмелі үйді сатып алып берді. Үйді арнайы табыстауға облыстық мәслихат депутаттары А.Салимов, Е.Хандиллаев және Отырар ауданының әкімі Қ.Жолдыбай келіп, кілтті табыстады.

​Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты А.Салимов сөз сөйлеп, үйлі болу – әр отбасы үшін үлкен мереке екендігін айта келе, үй иелерін жаңа қонысымен құттықтады.
Айта кетсек, үйді алған Әлімбеков Ардақ Ермаханұлы жұбайымен 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Осы күнге дейін бұл отбасы туысының үйінде тұрған. Отағасы Ардақ Ермаханұлы сирек кездесетін дертпен ауырады. Ол облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының жеке қабылдауында болып, денсаулығына байланысты шетелде емделуге квота беру және тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы өтінішін білдірген болатын.

​Ардақ Ермаханұлының тілегін халық қалаулылары бірауыздан қабыл етіп, бір отбасыны қуантты. Әсіресе, бұл үй балалар үшін айрықша тарту болды.
​Өз кезегінде үй иелері халық қалаулыларына алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін білдірді.

Депутаттың игі ісі

Еткен еңбегін жария ­етіп, жұртқа мақ­та­­нуды білмесе де өне­гелі істерімен өз­ге­лерден көш ілге­рі­ жүретін, сөзі мен ісі үндескен азаматтардың бірі – Нұржан Серікжанұлы!
AMANAT партиясынан сайланған халық қалаулысы елдің болашағы мен экономикалық дамуына оң серпін беретін игі істерге әрқашан өзінің үлесін қосып келеді. Халық қалаулысының қолғабыс етіп келе жатқан игі істері көп-ақ.
Мысалы, Отырар ауданындағы «Шәуілдір-Көксарай-Байырқұм» бағыты мен КХ -23 «Көксарай-Балтакөл-Жаңақорған» бағытындағы облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары мен Ақтөбе, М.Шойманов ауылдарындағы мәдениет үйлерінің құрылысы, сондай-ақ, Ш.Қалдаяқов ауылындағы жабық спорт алаңшасын салу жұмыстары бойынша аудан тұрғындарының талап тілегін басты назарға алып, олардың нақты жүзеге асуына ықпал жасады. Ағымдағы жылы  аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен тиісті қаржы да қаралған.
Сонымен қатар, Талапты елді мекенінің тұрғындары партия филиалында депутатқа дәрігерлік мекеменің қажеттігін айтып, өз өтініштерін жеткізген. Бүгінгі таңда, Талапты ауылынан соғылған дәрігерлік амбулаторияны халық игілігіне пайдаланып жатыр. Отырарлықтар осындай игі істерге ықпал еткен азаматтарға алғыстары шексіз екенін ыстық ықыласпен айтып жүр.
Сондай-ақ, спортты жанына серік еткен халық қалаулысы Нұржан Серікжанұлы жас спортшыларды салауатты өмір салтына баулып, биік шыңдарға шығуға өз қаражаты есебінен жәрдем беріп келеді. Жыл сайын алыс-жақын мемлекеттерге апарып, болашақ жастарға қолдау білдіруде.
Тиісінше, сайлаушыларының өтініш-тілегін назарға алып, үнемі ұсыныстарының орындалуына жәрдем береді. Мұнан өзге де, әрқашан жақсы істердің жанашыры болып келеді.

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

«AMANAT» партиясы өзінің саяси тұғырнамасында халық саулығын қамтуды негізгі басымдықтың бірі ретінде айқындаған. Бұл бағытта денсаулық сақтау, медицина саласындағы кезек күттірмейтін мәселелердің шешу жолдары партияның Сайлауалды бағдарламасында қамтылып, кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Сайлауалды бағдарламаны Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында медициналық қызметтің сапасын көтеру, емханалар мен ауруханаларды жоғары стандартты арнайы жабдықтармен қамту, ауылдық жерлерде фельдшерлік-амбулаториялық және медициналық бекеттер салу, оларды тиісті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндеттері белгіленіп, олардың іске асырылуы партияның өңірлік филиалымен тұрақты бақылауына алынған.

Бүгінде Түркістан облысында денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым 130 жеке меншік мекемелер кіреді. Ондағы медициналық мекемелерге тіркелген 2 060 903 адамға 35 мың медицина мамандары қызмет көрсетеді. Оның ішінде 6 мыңнан астамы дәрігер болса, қалғаны түрлі орта медицина персоналы. Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі. Осы ретте елімізде медицина қызметкерлерінің қоғамдағы беделін арттыру шаралары ұдайы жүргізіліп келеді. Жетекші партия мүшелерінің негізгі бөлігі де медицина қызметкерлері.

Елімізде маусымның үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтіледі. Осынау айтулы күн қарсаңында өңіріміздің барлық аймағында денсаулық сақтау қызметінде жанқиярлық еңбегімен адам жанының арашашысы болып жүрген жандарға алғыс білдіріліп, елеулі еңбектері үшін марапаттау шаралары жүргізіліп жатыр. Ал, Отырар аданының Талапты ауылындағы «Фараб дәрігерлік амбулаториясының» ұжымы мен ауыл тұрғындары айтулы мереке қарсаңында көптен күткен қуанышқа кенелді. Амбулаторияға жаңа жедел жәрдем көлігі сыйға берілді. Осынау игілікті істі «AMANAT» партиясының Отырар аудандық филиалының, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында өз қаражаты есебінен демеушілік, танытып алып берді.

«Медицина қызметкерлері күні» қарсаңында өткен салтанатты шарада авокөлік кілтін аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Мұхтар Сатыбалдыұлына демеушінің анасы, 25 жылдан астам өмірін денсаулық саласына арнаған медицина ардагері Жұмакүл Бейсенбайқызы табыстады. Салтанатты шарада сөз алған Уәлихан Жамалханұлы ауыл тұрғындарын осынау жаңалығымен құттықтап, анасы Жұмакүл Бейсенбайқызы мен марқұм әкесі Ұзақ Жамалхан қарияның ұзақ жылдар бойы ауылда дәрігерлік қызмет еткенін еске алып, бүгінгі сыйы сол ата-ананың қызмет еткен саласына арналғанын жеткізді. Сондай-ақ, медицина мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жедел жәрдем көлігі мекеме қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, ауыл тұрғындарына дер кезінде сапалы жұмыс жасайтынына сенім білдірді. Мерекеге орай осындағы бірқатар ақ халатты жандарға «Алғыс хат» табыс етті.

Ұжым қызметкерлері мен ауыл тұрғындары игілікті іске бастамашыл болған жандарға алығыс білдіріп, ақжарма тілектерін арнады. Медицина қызметкерлері күніне арналған шаралар әлі де жалғаса бермек.

«SENAT OPEN» шахмат турнирі басталды

Түркістанда Қазақстан мәслихаттарының 30 жыл толуына орай, шахматтан «SENAT OPEN» ашық турнирі басталды. Түркістан облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен, Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен және ҚР Парламенті Сенатының бастамасымен өткізілген турнирге облыстық мәслихаттың төрағасы Н.Әбішов, Шахмат федерациясының президенті А.Бабенко, облыстық әкімдіктің аппарат басшысы Е.Әлімқұлов және облыстық, қала, аудан Мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің барлық шақырылымы, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жалпы саны 100- ден аса қатысушы жиналған, 17 командадан құралған іс-шараның Рухани астанада өтуіне, Түркістан облыстық мәслихатының құрылғанына 30 жыл толуы бастама болды.

Шахмат мәдениетін дамытудағы маңызды қадамға айналған жарысты, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді.

– Бүгінгі өткізіліп отырған «SENAT OPEN» 1-ші ашық кубогінің іріктеу турниріне қош келдіңіздер! Биыл Қазақстан мәслихатының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл шахмат ойыны осы айтулы датаға орайластырылған іс-шаралардың алғашқысы. Осыдан кейінде, облыстық мәслихаттың ұйымдастыруымен спорттық, мәдени шаралар өткізілетін болады. Бүгінгі ашық турнирге қызығушылық танытқан барлық өңір тұрғындары, депутаттар қатысуда. Бұл бастаманы өткізудегі негізгі мақсат, ақыл, ойдың символына айналған спортты бүкіл халық арасында дамыту, кеңінен насихаттау. Ойын қызықты әрі тартысты өтеді деп сенемін. Барша қатысушыларға сәттілік,- деді Н.Әлмаханұлы.

Айта кетейік, 9 турдан тұратын «SENAT OPEN» 1-ші ашық кубогының Түркістан облысы бойынша жартылай финалистері республикалық деңгейде өтетін турнирге қатысатын болады.