Архив рубрики: Мәдениет

Түркістанда қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті

Түркістандағы “Этноауыл” қалашығында Наурыз мерекесі аясында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. “Оқушылар сарайы” – ЮНЕСКО клубы және “Turkistan Qol Oner Одағы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, салт-дәстүрге қатысты қойылымдар мен көрме-жәрмеңкені тамашалады.

Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова арнайы қатысып, көрмедегі бұйымдармен танысып шықты.

Іс-шара барысында “Оқушылар сарайы” – ЮНЕСКО клубының директоры Индира Икапова да көрме-жәрмеңке қонақтарына жылы лебізін білдірді.

– “Оқушылар сарайы” – ЮНЕСКО клубы біраз уақыт бұрын “Этноауыл” жобасын қолға алған болатын. Одан бөлек, “Turkistan Qol Oner Одағы” қоғамдық бірлестігі құрылды. Нәтижесінде бүгін Түркістандағы этно-қалашықта Әз Наурыз мерекесіне орай алғашқы іс-шарамыз өтіп жатыр. Бүгін сіздер үшін өңірдегі ең үздік қолөнер шеберлері өз бұйымдарын ұсынады. Мұндағы мақсат – ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымыздың маңызын арттырып, кеңінен насихаттау. Бұл қазақ халқының мәдениетін әлемге танытып, Түркістандағы туризмді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да біз “Этноауыл” жобасын одан әрі дамытып, өңірімізді дамытуға үлес қосатын боламыз. Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ағайын тату, ұлыс оң, ақ мол болсын. Ынтымағы жарасқан еліміздің абыройы асқақтап, ұлттық құндылықтарымыз мәңгі жасай берсін!, – деді Индира Сарқытқызы.

Атап өтсек, көрме-жәрмеңке аясында өңірдің әр ауданынан келген қолөнершілердің және “Оқушылар сарайы” – ЮНЕСКО клубында жасалған зергерлік, қолөнер, керамика, ағаш бұйымдарынан көрме жайылды. Сонымен бірге, іс-шара қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік концерт көріп, салт-дәстүрлерге қатысты қойылымдарды тамашалады.

Түркістан облысында Наурыз мерекесіне орай білім беру мекемелеріне 71 автобус беріледі

Түркістан облысында 17 наурыз күні балалар тасымалын жасайтын 71 дана автобус салтанатты түрде өңірдегі білім беру мекемелеріне табысталатын болады. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Тaq.kz тілшісі.

«Мереке қарсаңында «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланады. 14 наурыз күні сағат 08.00-де «Наурыз – саулықтың кепілі» атты мерекелік жалпыұлттық жүгіру марафоны ұйымдастырылады. Ал 17 наурыз күні «Наурыз – жаңару айы» атты барлық мектептерде, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады. Осы күні балалар тасымалын жасайтын 71 дана автобус салтанатты түрде өңірдегі білім беру мекемелеріне табысталатын болады. Сондай-ақ, 20 наурыз күні «Керуен сарай» кешенінде «Наурыз – жәрмеңке» атты I Халықаралық «Kazagro/kazfood» Turkistan сауда жәрмеңкесінің ашылуы өтеді», – деді Әзімхан Қойлыбаев.
Айта кетсек, өңірдегі мерекелік іс-шаралар ақсақалдар мен ардагерлердің, аға буынның ізгі тілектері, бата беруі – «Наурыз бата» дәстүрімен қорытындыланады.

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ МАМАНДАРЫНЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ ӨСТІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін республикалық мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын 100%-ға көтеру туралы тапсырмасы аясында биыл 1 қаңтардан сала мамандарының айлығы орта есеппен тағы 22%-ға артты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы екі жылда 64 мыңға жуық мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 45%-ға көтерілді.
«2023 жылдың қаңтарынан барлық санаттағы қызметкерлердің айлығы өскенін атап өту керек. Бұл басшылар мен жетекшілер, негізгі персоналмен қатар, еден жуушы, күзетші, вахтер секілді жұмыскерлердің де еңбекақысы көтерілді», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Н. Дәуешов.
Мәдениет және спорт министрлігі сала мамандарының айлығын одан әрі ұлғайтуға бастамашы болады. Мәселен, шығармашылық жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлердің еңбекақысын көтеру жоспарда бар. Ол үшін заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы екі есеге жуық өсті. Бүгінде елімізде осы санатқа жататын 5 ұйым бар. Министрлік алдағы уақытта аталған нысандардың тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ПАРА СПОРТШЫ БАӘ ЕЛІНДЕГІ САЙЫСТА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Біріккен Араб Әмірлігінің Шардж қаласында пара жеңіл атлетикадан халықаралық ашық біріншілік өтті. Жарыста әлемнің 31 елінен келген 262 спортшы бақ сынады.
Осымен 11-рет ұйымдастырылған додада түркістандық Мұхан Айтмырзаевтың бағы жанды. 3 сайыс бойынша сынға түскен дарабоз найза лақтырудан алтын, диск лақтырудан күміс, ядро лақтырудан қола жүлдегер атанды.
Облыстық мүгедектерге арналған “Сауран” спорт клубының спортшысы жеңіске жетуге бапкері Арыстанбек Отаубайұлының қосқан үлесі мол деген пікірде. Жетісай ауданының тумасы пара жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Айта кетейік, Мұқан Жұмабекұлы “Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы 2022 жылдың үздік спортшысы”. Пара жеңіл атлетикадан ҚР-ның чемпионы. Пара жеңіл атлетикадан Өзбекстан Республикасы ашық біріншілігінің чемпионы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДАҒЫ ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ МУЗЕЙІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

1963 жылы кірпіші қаланған Тұрар Рысқұлов атындағы Түлкібас аудандық тарихи-өлкетану музейі қайта жаңғырды. Соңғы рет 2004 жылы Тұрар Рысқұловтың 110 жылдық мерейтойына байланысты күрделі жөндеуден өткен болатын. Жиырма жылға жуық уақыт жөндеу көрмеген ғимарат бүгінде толығымен рестоврациядан өтіп, іші жаңа жәдігерлермен толықты. Экспонаттар саны – 6692 бірлікке жетіп отыр.
    
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы саналатын аталған музейдің жаңа экспозияциясының ашылу салтанатты өтті. Жиынға Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі әрі ғалым Алаярбек Айдосов, аудан әкімі Нұрлан Байғұт, зиялы қауым өкілдері мен облыстық музей қызметкерлері қатысты. Жиылған қауым аудан жұртшылығын музейдің жаңа экспозициясының ашылуымен құттықтады.
— Былтыр музейге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаржы бөлінді. Осы экспозицияны жасауға бел буып, кіріскен едік. Нәтижесі бүгін көз алдарыңызда. Еңбек адамын бағалайтын қазіргі заманда музей қызметкерлері де ескеріліп, құрметтелуі керек. Мұражай тек мәдени нысан ғана емес, Италия еліндегі секілді білім алушылардың ошағы ретінде де қызмет атқаратын болса одан сайын жандана түспек, – деді басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен ұласып, қайта жаңғырған мұражайға экскурсия ұйымдастырылды. Музейде мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әр салада атқарған қызметтері, еңбектері жайлы деректермен қамтитын шығармалар бар.
Тарихи-өлкетану музейі М.В.Симченко, Д.Сәлібеков, П.Н.Левченко, Н.Сарыбеков сынды азаматтардың бастамасымен ашылған. Мұражай 1976 жылы мемлекеттік мекеме мәртебесіне ие болды. Ал, 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұрайжайының бөлімшесі ретінде саналады.
Атап өтерлік, қазіргі таңда облыстағы 24 музейде жыл сайын орта есеппен 5 мыңнан аса жаңа жәдігерлер жинақталып, жалпы қоры 165 мың данадан асты. Соңғы жылдары Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай, «Шәмші» музей үйі мен Сайрам ауданында «Ардақты Ана» музейі ашылды. Сонымен қатар, Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілген болатын.

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.