Архив рубрики: Қылмыс

Сегіз жыл бірге тұрған танысы үйіне ұрлыққа түсті

Оқиға 2023 жылдың 19-ақпанында, сағат 11:19-да орын алған. Бұрын бір пәтерде сегіз жыл бірге тұрған танысы 580 000 (бес жүз сексен мың) теңгесін ұрлап кеткен. Әл-Фараби АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті жердің 42 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында, бұрын сегіз жыл бойы бірге тұрып, кейінгі екі жылдан бері бөлек кеткен танысы өзінде болған пәтердің екінші көшірме кілтін пайдаланып, заңсыз кіру арқылы шкафтың ішінде тұрған 580 000 (бес жүз сексен мың) теңгені ұрлап кеткендігін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 580 000 (бес жүз сексен мың) теңге.
Аталған жайт ҚК-тің 188-бабы 1-бөлігінің 1)тармағымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тәртіп сақшылары жүргізілген жедел іздестіру іс-шарасы барысында күдіктінің ізін суытпай, бір тәулік ішінде Шымкент қаласының аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 35-те, жұмыссыз.
Қазіргі кезде ұсталған азаматша өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осы тектес жайттарға қатыстылығын анықтауда. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаменінің Баспасөз қызметі.

Полицейлер күдіктіден шолақ мылтық пен бірнеше оқ тәркіледі

Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасына атыс қаруын заңсыз сақтау дерегі бойынша жедел ақпарат келіп түсті. Қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Жедел уәкілдер күдікті мен «Дэу Нексия» маркалы автокөлігін тінту кезінде, қос ұңғылы шолақ мылтық пен 3 оқ тапты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Автокөлік айыптұраққа қойылды.
Қазіргі уақытта қаруды заңсыз сақтау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде және оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Үйінде 2 қару мен 100-ден астам оқ болған

Полицейлер жергілікті тұрғыннан 2 қару мен 100-ден астам оқты тәркіледі.

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері мен Созақ ауданының полицейлері жергілікті тұрғынның үйінен еш жерде тіркелмеген 2 қару мен оқ-дәрілер тапты.

Нақтырақ айтсақ, қылмыстың алдын алу бағытында қызметте жүрген полицейлер, жергілікті тұрғынның бірі өз үйінде қару-жарақ заттарын заңсыз сақтайтынын анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Созақ ауданының тұрғынын анықтап, оның үйіне тінту жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде күдіктінің үйінен заң талаптарына сай келмейтін 1 дана ойық ұңғылы қару мен 1 дана 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық тәркіледі. Сондай-ақ 100-ден астам оқ пен 6 дана атылған оқ алынды. Тәртіп сақшылары күдіктіні оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін полицияға жеткізді.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды.

«Мемлекеттен қайтарымсыз грант әперемін». 7 тұрғыннан 7,5 миллион теңге алған

Полицейлер «мемлекеттен қайтарымсыз грант әперемін» деп 7 тұрғынды алдаған жас қызды ұстады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түлкібас аудандық полиция бөліміне Қарағашты, Шұқырбұлақ, Түлкібас ауылдарының бірнеше тұрғыны шағым түсірген. Жәбірленушілер өз арыздарында өткен жылы «кәсіп ашуға қайтарымсыз жәрдемақы алып беремін» деп сендірген таныс қызға алданғандарын жеткізді. Алаяқтың сөзіне сенген тұрғындар әрқайсысы 100 000 мен 1 700 000 теңге көлемінде ақша берген. Аталған 7 жәбірленуші сезіктіге жалпы 7,5 миллион теңге берген.
Осы ақпарат бойынша ауыл тұрғындарының ақшасын алып, уәдесін орындамаған күдіктіні ұстау мақсатында, түлкібастық полицейлер жедел іске кірісті.
Нәтижесінде күдікті жас қыздың жүрген жері анықталып, ол Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұсталды.
Анықталғандай, ол жалған уәде беріп, алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда жас қыз қамауға алынды. Тәртіп сақшылары оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Тергеу ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша жүргізілуде.

Генерал тоғыз жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Stan.kz ақпараттық агентігіне сілтеме жасап.

58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.

100 млн теңгеден аса ақша жымқырған полицейлер сотталды

Ақмола облысында полиция қызметкерлері жанар-жағармай талондарын ұрлағаны үшін 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Тaq.kz тілшісі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Антикордың мәліметінше, Целиноград аудандық сотының үкімімен Ақмола облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі, полиция подполковнигі Талғат Ерденов пен патрульдік полиция ротасының аға инженері, полиция капитаны Махсат Жаманбаев орташа қауіпсіздік түзеу мекемесінде жазасын өтеуге 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Тергеу барысында Ерденов пен Жаманбаевтың алдын ала сөз байласу арқылы жалпы сомасы 100 миллион теңгеден аса көлемде жанар-жағармай талондарын жымқыру жолымен ұрлағаны дәлелденді.

Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

ҚАЛТАСЫНДА «КЕПТІРІЛГЕН МАРИХУАНА» БОЛҒАН

Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғыннан есірткі тапты, — деп хабарлайды Taq.kz сайты Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары қызмет атқару кезінде, өздеріне бекітілген аумақта бұрын-соңды көрмеген, таныс емес тұрғынды байқап, тоқтатады. Оның жеке басын анықтау кезінде, қалтасынан ақ қағазға оралған күмәнді зат табылады.
Табылған есірткі заты айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысы бойынша ол «кептірілген марихуана» болып шықты. Оның жалпы салмағы 3 грамнан асады.
Қазіргі таңда орын алған оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Жалпы учаскелік полицейлер жергілікті тұрғындарға қылмыстардың алдын алу, болдырмау бағытында әкімшілік және қылмыстық заңнама нормаларын түсіндіріп, профилактикалық әңгімелесулер жүргізуді күн тәртібінен түсірген емес.

ШЕКАРАДАН ЕСІРТКІНІ АЛЫП ӨТПЕК БОЛҒАН

Полицейлер шетелдіктен героин мен психотроптық заттар тәркіледі, -деп хабарлайды Таq.kz сайты Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына ҚР ҰҚК Шекара қызметінен есірткі тасымалдау дерегі бойынша хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Сарыағаш АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері барған.
Анықталғандай, «Жібек жолы» өткізу пунктінде қызметтік итті пайдаланған шекаралық наряд Өзбекстан азаматын ұстаған. Яғни шекарадан өтіп бара жатқан шетелдікке, «Минти» атты қызметтік ит белгі берген. Тексеру кезінде азамат киімінің қалтасында шамамен 2 грамм болатын «жылдамдық» есірткі заты бар екенін мойындайды.
Ал тінту жүргізген полиция қызметкерлері күдіктінің сырт киімінің қалтасынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар екі пакетті тапты. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес пакеттің бірінде салмағы 0,2 грамнан асатын «пиролидиновалерофенон» психотроптық заты бар екендігі анықталды. Ал келесісінде салмағы шамамен 0,04 грамм болатын героин екені расталды.
Қазіргі уақытта осы жайт бойынша ҚР ҚК-нің 286-бабының 2-бөлігі «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Шымкентте «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиал басшысы ұсталды

Шымкентте «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС қалалық филиалы басшысының пара алғаны әшкереленді, деп хабарлайды ТАQ.KZ  Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының басшысына және оның қарамағындағы бірқатар қызметкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр. Олар пойыздарды қабылдаушы, кассир, вагондарды тексеруші-жөндеуші және т. б. лауазымдарға жұмысқа орналасу үшін жүйелі түрде пара бергені және алғаны үшін әшкереленген. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Шымкентте 20 лауазымды тұлға сотталған

Шымкентте үш жыл ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметіне лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуының 21 фактісі анықталып, 20 лауазымды тұлға сотталған, деп хабарлайды Taq.kz сайты ҚазАқпарат порталына ссілтеме жасап.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев кәсіпкерлермен кездесуде мәлімдеген.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнесті қорғау және заңсыз араласуға жедел ден қою мақсатында арнайы мобильді топ құрды. Топтың құрамына қала әкімінің орынбасары, аудан әкімдері, антикор қызметкерлері, кәсіпкерлер палатасы, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменттерінің өкілдері, кәсіпкерлер қауымдастығы, заң кеңесшілері мен қоғам белсенділері еніп отыр.

Мобильді топ тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді, өтініштер мен шағымдарды, ұсыныстар қабылдайды, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірген жағдайлар туралы телефон хабарламаларына шұғыл жауап береді.