Архив рубрики: Жемқорлық

ТҮРКІСТАНДЫҚ 40-ҚА ЖУЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ БІР КҮНІН ТҮРМЕДЕ ӨТКІЗДІ

Түркістан облысының лауазымды қызметкерлері ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 түзету мекемесіне барды, деп хабарлайды ТAQ.KZ сайтының тілшісі Түркістан облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатаң режимдік бақылау изоляторына мемлекеттік мекеме басшылары мен олардың орынбасарлары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, жалпы 40-қа жуық адам арнайы автобуспен жеткізілді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары салдары бойынша мемлекетік қызметшілердің санасына әсер ету көзделген бұл сапар барысында түзету мекемесінің басшылық құрамы мемлекеттік қызметшілерге түрмедегі жағдайды көрсетті. Мемлекеттік қызметкерлер сотталушылардың жататын жері, тергеу изоляторы, жеке камера, асхана мен аулаларын аралап көрді.
Шенеуніктер сотталушылардың темір тордың ар жағындағылардың ахуалымен танысты. Қамаудағы жағдайды өз көздерімен көрді.
Ерекше шара шенеуніктер арасындағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын-алу үшін ұйымдастырылды. Мақсат – мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жазаның қалай өтелетінін тікелей таныстыру арқылы жемқорлықтың алдын алу. Пара алғанның барар жері абақты екенін ұғындыру.
«Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге әсер етеді», дейді мамандар. Шара алдағы уақытта да тұрақты түрде жүзеге асырылып тұрады.

Жемқорлықты анықтау. «Кезек жоғары лауазымды тұлғаларға келді»

Жемқорлықты анықтау мен оның жол кесу бойынша жоғарғы лауазымды тұлғаларға бақылау қатаң болады, — деп хабарлайды Taq.kz тілшісі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиді қабылдаған Президент жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты анықтауға және оның жолын кесуге баса мән беруді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысының алдында есебін берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали бірінші тоқсанда 500-ден астам жемқорлық қылмыс тіркеліп, 400-ден аса тұлғаның жемқорлық әрекеті әшкереленгенін, оның 53-і әртүрлі деңгейдегі басшылар екенін мәлімдеді.

 

Рүстем Темірбек: «Елбасының қызын тергеуге шақыру Антикордың қолынан келмейді»

«Оператор РОП» компаниясындағы қаржы жымқыру ісіне байланысты сот отырысында айыпталушылардың бірі, компанияның экс-қаржы директоры Рүстем Темірбек Әлия Назарбаеваны сотқа шақыруды талап етті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ тілшісі.

Әлия Назарбаева «Оператор РОП» компаниясының құрылтайшысы болған. Темірбековтің сөзінше, Назарбаеваның ақша алғанын дәлелдейтін құжаттар бар.

Сот отырысында Рүстем Темірбек Әлия Назарбаеваның Recycling Company арқылы 5,8 миллиард теңге, өзге де компаниялар арқылы тағы 5 миллиард теңге алғанын мәлімдеді.

«Егер тергеу Назарбаева Әлияның ақшаны бір қалтасынан екінші қалтасына салуын ұрлық деп есептесе, неге оны тым болмағанда куәгер ретінде тергемейді. Әрине, Елбасының қызын тергеуге шақыру Антикордың қолынан келмейді», – деді Темірбек.

Сондай-ақ айыпталушылардың бірі украиналық Светлана Коротенконың адвокаты экс-президенттің кіші қызы құрылтайшы ретінде ақшаның жұмсалуына қатысты шешімдер қабылдағанын айтады.

«Осы іс бойынша тыйым салынған зауыт Назарбаеваға тиесілі. Зауыт заңсыз ақшаға салынғандықтан, тәркіленуі ғажап емес. Ол іске мүлдем араласып жатқан жоқ. Дегенмен бұған дейін бірнеше рет Әлия Назарбаевадан жауап алуды талап еткенбіз», – дейді Коротенконың қорғаушысы.

Балалар ауруханасының есепшісі 109 миллион теңгені құмар ойынға жұмсаған

Талдықорғандағы балалар ауруханасының есепшісі құмар ойынға бюджеттің 109 миллион теңгесін жұмсап тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Таq.kz тілшісі

«Балалар ауруханасының» есепшісі Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру фактісі бойынша сотталды.

Сотта анықталғандай, 2021 жылдың 1 наурызынан бастап есепші болып жұмыс істейтін А. 109 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлап, құмар ойындарға салған.

«Сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуын, келтірілген залал ішінара өтелгенін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот күдіктіге бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында тиісті лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге жазасын бекітті”, – деп мәлімдеді Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сот Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігін «Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен жеңілірек жаза тағайындау» қолданып, ең төменгі жаза тағайындағанын атап өтті. Баптың санкциясы жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Мәсімов мемлекет қаржысынан 423 млн теңге ұрланған ба?

Мемлекеттік айыптаушы тергеу нұсқасын ұсынды, — деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Айыптаушы тараптың айтуынша, барлығы облыстың бас полицейінің өзіне велотренажер (жатығуға арналған зат) сатып алуынан басталған. Бірақ оны өз қаражатына алмаған. 2020 жылдың сәуір айында ол өзінің орынбасары Сиразидимовтан бұл үшін демеушілердің бірін табуды сұраған. Қызметі үшін ол адамға полиция бөлімшесінің бастығы ретінде қамқорлық жасауға уәде береді. Сондай-ақ жоғары бағамен мемлекеттік сатып алуларға жәрдемдесетінін айтады.

Кәсіпкер Евгений Евкович көп ұзамай Мәсімовке құны 2 миллион теңгеден асатын велотренажер сыйлайды. Бірақ Мәсімов мұнымен шектелмей, тегін заттарды алуды жалғастыра береді.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, полиция департаментінің басшысы өзінің орынбасарымен бірлесіп 90,3 миллион теңге көлемінде мүлік түрінде пара алған.

2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі артиллериялық техниканы сатып алуға конкурс жариялаған кезде Павлодар облысының полиция басшылығы оған олардың досы Евкович міндетті түрде қатысуы керек деп есептейді.

Ал көп ұзамай кәсіпкермен павлодарлық тәртіп сақшыларының арасында 607,5 млн теңгеге сауыт, қалқан, амортизатор, резеңке таяқтарды сатып алуға келісім-шарт жасалады.

Айыптаушы тараптың ақпартына сүйенсек, шарт жоғары бағамен жасалған, өйткені іс жүзінде кәсіпкер барлық арнайы техниканы сатып алуға 184 млн жұмсаған. Яғни, мемлекет қаржысынан 423 млн теңге ұрланған.

Алайда Нұрлан Мәсімов тағылған айыппен келіспейді.

Сотталушылардың адвокаттары прокурордың сөзінде олардың қорғауындағылардың пара алудағы нақты әрекеттері айтылмағанын алға тартқан.

Судья мұның барлығы сот отырысы барысында нақтыланатынына сендірген. Келесі сот отырысын куәлардан жауап алудан бастау туралы шешім қабылданды.

100 млн теңгеден аса ақша жымқырған полицейлер сотталды

Ақмола облысында полиция қызметкерлері жанар-жағармай талондарын ұрлағаны үшін 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Тaq.kz тілшісі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Антикордың мәліметінше, Целиноград аудандық сотының үкімімен Ақмола облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі, полиция подполковнигі Талғат Ерденов пен патрульдік полиция ротасының аға инженері, полиция капитаны Махсат Жаманбаев орташа қауіпсіздік түзеу мекемесінде жазасын өтеуге 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Тергеу барысында Ерденов пен Жаманбаевтың алдын ала сөз байласу арқылы жалпы сомасы 100 миллион теңгеден аса көлемде жанар-жағармай талондарын жымқыру жолымен ұрлағаны дәлелденді.

Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

ҰСТАЗ ПАРАМЕН ҰСТАЛДЫ

Таразда студенттерден пара алған жоғары оқу орнының оқытушысы ұсталды, — деп хабарлайды ТAQ.KZ сайты Tengrinews.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 46 жастағы оқытушыны кабинетінде студенттен 200 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұстаған. Аталған оқиға, Тараз қаласындағы жоғары оқу орнының бірінде орын алған.

Полиция қызметкерлері аға оқытушының бұған дейін 4-курс студенттерінен үш айлық тәжірибелік сабақтардан және емтиханнан өткізіп беру үшін, әрқайсысынан 50 мың теңге көлемінде ақша талап еткені анықталды.Ұсталған ер адам кінәсін толық мойындаған. Оған қатысты қолхатпен босату туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.

Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (Екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық) бойынша соталды тергеу амалдары басталды.