Архив рубрики: Мәдениет

Түркістан облысында 1780-нен астам мәдени мұралар бар

Әлемдік мұралар тізімін толықтыру мақсатында Түркістанға Қырғызстан елінен ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшысы Айнұр Тентиева, сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева және «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның арнайы мамандары келді.
«Ұлы Дала Елі» орталығында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков қатысып, жүргізіп отырды.
  
– Ең алдымен барлығыңызға Түркістан қаласына қош келдіңіздер деймін! Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауда, сонымен қатар оны әдемдік деңгейде танытуда атқарып жатқан еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Жалпы Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраларға бай өлке. Облысымызда 1780 астам мәдени мұраларымыз бар. Әрине, санының көптігімен ғана емес, маңыздылығымен, құндылығымен де ерекшеленетін тарихи обьектілеріміз жетерлік! Өздеріңізге белгілі, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тек Түркістан облысының ғана емес, еліміздік мақтанышы. Бүгін міне сол әлемдік мұралар тізіміне алдағы уақытта қосылуы жоспарланып отырған мәдени мұра обьектілерінің жай-күйін талқылаймыз. Мақсатымыз – ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізу. Осы мақсатта алдағы уақытта өздеріңізбен бірлескен жұмыс жүргізуге дайынбыз, – деді Әділ Нұржанұлы.
Жиын барысында «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне бірлесіп дайындау және ілгерілету мәселесі талқыланды. Жалпы осы бағыттағы іс-шаралар тарихи-мәдени мұраны сақтауда білім мен тәжірибе жинауға, таратуға және алмасуға мүмкіндік береді дейді мамандар.
Әлемдік мұралардың алдын ала тізіміне енгізілген, Созақ ауданында орналасқан «Арпаөзен» петроглифтеріне 2023 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Биыл сол зерттеу жұмыстарының екінші кезеңін жүргізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, келген жұмыс тобы алдымен «Отырар археологиялық қорық-музейіне» кешеніне енетін Отырар қалашығына барып, музейлендірілген археологиялық қазба орындарымен танысты. Содан соң «Әзірет-Сұлтан қорық-музейінің» кешеніне енгізілген Күлтөбе қалашығындағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен, Сауран қалашығымен танысып, бірқатар ұсыныстарды талқылады. Әрі қарай жұмыс сапары Қызылорда облысындағы тарихи-мәдени мұраларға бағыт алды.

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВТЫҢ ТУҒАН АУЫЛЫ АҚСҮМБЕДЕ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Түркістан облысы, Созақ ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде қайраткердің кіндік қаны тамып, туып өскен ауылы Ақсүмбенің төрінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ақсүмбеден ұшқан ақсұңқар» атты республикалық думанды ақындар айтысы өтті.

Тағылымды шара барысында зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл-шоқтарын қойды. Дүбірлі жыр додасының ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады. Содан соң шараның өтуіне айрықша атсалысқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.

Аламанға еліміздің ең таңдаулы ақындары қатысып, төл өнеріміз насихатталды. Айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбековтен бастап, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Білдәшов, Нұрмат Мансұр, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Мейіржан Жарылқап, Нұрдәулет Өмірбеков пен Сіламхан Мұхаметқандар өзара бақ сынасты. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановтың өнегелі өмірі, ізгі амалдары, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.

Жыр додасына айтыскер ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі» Әбілқайыр Сыздықов, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті, ф.ғ.к, Нариман Нұрпейісов, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі Бекмұрат Анарбаев және жас ақын Ибадулла Жанарыс қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Бекарыс Шойбеков, жүлделі І орынды Жансая Мусина, ІІ орынды Еркебұлан Қайназаров иеленіп, Нұрмат Мансұр жүлделі ІІІ орынға тұрақтады. Қорытындылау сәтте жүлдегерлер мен жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Ақсүмбенің төрінде бұдан бөлек «Алаштың айбатты арысы – Сұлтанбек» атты мерекелік концерті ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, күмбірлете күй орындады. Өз өнерлерін паш етті. Шараға жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтар мерекелік кешті шат-шадыман күйде тамашалап, ерекше әсерге бөленді.

Айта кетейік, екі күнге жоспарланған іс-шараның алғашқы күні Шолаққорғанда өткізілді. Алдымен іс-шараға қатысушылар Шолаққорған ауылындағы Сұлтанбек Қожановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан соң Сұлтанбек Қожановтың музейімен танысты. Тұлға жайлы бейнетуынды көрсетілді. Әрі қарай «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

ТҮРКІСТАНДА АЛАШТАНУШЫЛАР МЕН ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістанда ғалымдар, алаштанушылар және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Аталған жиын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған.
Кездесу алдында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қонақтарды қабылдады. Ол өз сөзінде өңір басшысының сәлемін жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай да жалғасатынын атап өтті. Содан соң үлкен аудиторияда модератор болды.
Алдымен сөз алған жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай баяндама жасады. Қазақ халқының рухани құндылықтарының дамуы мен ел тарихын және Алаш қайраткерлері туралы ой қозғап, жастардың жігерін жаныды. Нәзір Төреқұлов атындағы қайырымдылық қорының президенті, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Жаппар Жұман тұңғыш дипломат жайлы кеңінен баяндады.
Астанадан келген ғалымдардан соң, филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек сөз алып, нәубет жылдар төңірегінде тың ақпаратпен бөлісіп, жақында шыққан кітабын таныстырды. Ал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай көрші өзбек елінде жасалған зерттеу барысын баяндады. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ләззат Динашова архивтен табылған деректерді мысалға келтіре отырып, бұл қадамдардың жай есеп үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқанын атап өтті. Содан соң Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнара Шардарбекова сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
«Оқушылар сарайы» ғимаратында өткен кездесуге өңір жастары, түрлі сала өкілдері және облыстық Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері қатысты. Кездесу соңында қатысушылар түрлі сұрақ қойып, мардымды жауап алды. Облыс әкімінің орынбасары айтылған ұсыныс-пікірлер мен көтерілген мәселелер назарға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ келген қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді.
Айта кетсек, Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы №6 қаулысына сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия және 63 адамнан құралған арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыстарын жүргізуде. Барлық категория бойынша құжатта жалпы 6193 адамның дерегі табылған. Олардың құқықтық тұрғыда ақталмағандығы анықталып, ақтауға ұсынылған.

Мәдени құндылықтармен алмасу елдің имиджін көтереді

Ұлттық мәдени құндылықтардың көпшілігі артефакттар этнографиялық, антропологиялық, археологиялық, бейнелеу, нумизматикалық болып табылады. Бүгінде, қазақстандық артефактілер әлемнің үздік музейлерінде сақтаулы тұр. Атап айтсақ Ресей, Қытай, Моңғолия, Франция, Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Египет, Түркия, Венгрия, Австрия, АҚШ, Үндістан мемлекеттерінің музейлерінде Ұлы даланың, яғни қазақ елінің тарихи жәдігерлері, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мұралар көптеп кездеседі. Бүгінгі таңда шет елдердің музей қорларында сақтаулы тұрған артефакттар ауқымын анықтау өте қиын, мүмкін олардың саны бір неше ондаған мың заттардан құрауы мүмкін. Әзірге ғалымдар қазақстандықтарға кейбір мәдени құндылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін виртуалды мұрағат құра бастады.Қазіргі уақытта бұл бағытта әртүрлі елдердегі Қазақстан Республикасының Бас Консулдығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бұл мәселені шешу ұзақ процесс болып табылады.
Алайда, Түркістан облысында артефактілерге арналған көрмелерде әлемнің музей қорларында сақталған жәдігерлерді халыққа насихаттап, еліміздің тарихын, мәдениетін насихаттау мақсатында түрлі игі шаралар ұйымдастырылып келеді.  Сонымен қатар, әртүрлі мемлекеттер арасындағы мәдени құндылықтармен алмасу елдің имиджі үшін оң процесс болып табылады. Осы мақсатта Түркістан қаласында орналасқан Ұлы Дала елі орталығында «Ұлы Дала мұралары әлемдік музей қорларында» атты  көрме өткізіліп,  ұлттық өнерімізді басқа халықтарға таныстыру,  шет елдік музей келушілеріне қазақ заттарын көріп, білуі үшін таптырмас мүмкіндік қарастыру ісі де қолға алынды.
Бүгінде, осы музей экспозицияларымен таныса отырып, біздің елге деген қызығушылықтары пайда болып, елімізге арнайы келіп жатқан туристер де жетерлік. Айта кетейік,  «Ұлы Дала мұралары әлемдік музей қорларында» көрмесінде Ресей, Париж, Британия музейлерінде сақтаулы тұрған бір неше артефакттардың фотосы ұсынылған.

БЕЙЖІҢДЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ «NAURYZFEST» ӨТКІЗДІ

Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында Түркістан облысының әкімдігі «NAURYZFEST» мерекелік іс-шарасын ұйымдастырды. ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев қатысып, сәттілік тіледі. Концерт алаңына жиналған қауымға ұлттық тағамдар ұсынылып, өңірдің туристік әлеуеті қамтылған үнпарақтар таратылды.
Облыстың шығармашылық ұжымдары қазақ халқының таңдаулы ән-күйі мен биін көрермендерге паш етіп, қошеметке бөленді. Атап айтқанда, «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі, «Яссы» би ансамблі, «Таңба» этноквартеті және әншілер Бейжің халқы мен Қытай қазақтарына рухани серпіліс сыйлады. «Шашу», «Гәкку», «Түркістан», «Сарыарқа», «Сүгірдің термесі», «Махамбет», «Отан» және тағы басқа үздік туындылар орындалып, театрландырылған қойылым сахналанды.
ҚР Қытайдағы Елшілігі мен Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бірлесіп үйлестіруімен өткізілген «NAURYZFEST» іс-шарасына өңірдің өнерпаздары, туризм және мәдениет саласының өкілдері атсалысты.
Айта кетейік, биыл Қазақстан-Қытай арасындағы мәдени-рухани және туризм бағыттары бойынша қарым-қатынас одан әрі нығаяды. 2024 жыл – Қытайдағы Қазақстан туризм жылы болып бекітілген. 28 наурыз күні Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстанның ресми ашылуы басталған болатын. Халықаралық туристік көрмеге Түркістан облысы белсене қатысып, өз өңірінің туристік өнімдерін жоғары деңгейде танытқаны үшін 2-орынды иемденді.

НАУРЫЗ ҚАРСАҢЫНДА ТҮРКІСТАНҒА 20 МЫҢНАН АСТАМ ТУРИСТ КЕЛЕДІ

Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласына келушілер саны көбейді. Биыл Түркі әлемінің астанасы атанған киелі шаһарға 17-24 наурыз аралығында келетін туристер саны 20 мыңнан асады деп жоспарлануда. Бұл 7 тәулікке жасалған алдын ала мәліметке негізделген.
Түркістан қаласында нөмірлік қоры 1240 бөлмені құрайтын 59 орналастыру орны жұмыс істейді. Орналастыру орындарының бір мезеттегі толтырымдылығы 2671 адамды құрайды. Мерекелік аптада Түркістан қаласындағы орналастыру орындары 100 пайызға толып отыр.
Түркістан қаласының әуежайынан бір аптада 34 әуе рейсі орындалмақ. Оның 10 рейсі – халықаралық. Барлық әуе рейсінің жолаушылар саны 3881 адамды құрайды. Ішкі – 2733, халықаралық – 1148. Әуе рейстері 85%-ға толады.
 
E-qonaq жүйесінің деректеріне сәйкес биылғы 2 айдың қорытындысымен өңірімізге 2228 шетелдік турист келген. Аталған көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 4,7 есе артқан. 2023 жылдың 2 айында небәрі 475 шетелдік қонақ болған.
Айта кетейік, 21 наурыз күні сағат 12:00-18:00 аралығында «Жеңіс» саябағында «Нұр жауғызған әз Наурыз» шарасы өтеді. Онда театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Кешкі сағат 19:30-да киелі шаһардағы «Конгресс Холл» кешенінде халықаралық «NAURYZ BIG FEST» фестивалі өтеді. Кешке Turar, Aikyn, Murat Yaprak (Түркия), Amalyat, Dj King Macarella (Өзбекстан) сынды әншілер қатысады. Мерекелік шараны Ғазиз Ерболат пен Ақболат Өтебай жүргізеді. Сондай-ақ Aida Kaumenova брендінің арнайы сән көрсетілімі өтеді.
22 наурызда сағат 11:00-де Ұлыстың ұлы күніне орай «Керуен сарай» кешенінде «Армысың, әз Наурыз!» мерекелік салтанатты іс-шара өтеді. Іс-шара аясында театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі, ұлттық тағамдардың көрмесі, ұлттық спорттық ойындар сайысы ұйымдастырылады. Ал кешкі сағат 19:30-да «Керуен сарай» кешенінде мерекелік Гала-концерт өтеді. Бұдан бөлек 22-23 наурыз күндері Түркістан музыкалық драма театрында «Бөрте» спектаклі сахналанады.

КЕНТАУДА 1 ТОННА БАУЫРСАҚ ПЕН 1 ТОННА НАУРЫЗ КӨЖЕ ТАРАТЫЛДЫ

Кентау қаласында Наурыз мерекесі дәстүрлі түрде ұлттық ойындармен, түрлі қойылымдар және қызықты концерттік бағдарламалармен аталып өтті. Қаладағы Ынтымақ алаңына 10-ға жуық киіз үй тігіліп, әрбір киіз үйдің алдында мерекелік әуендер шырқалып, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар дәріптелді.
Одан бөлек ұлттық тағамдар байқауы өткізіліп, ұмыт болып бара жатқан тағамдардың түр-түрі әзірленді. Мерекеге арналған 1 тонна бауырсақ, 1 тонна наурыз көже әзірленіп, келген қонақтар мен қала тұрғындарына таратылды.

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНДА КЕНТАУЛЫҚ ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесіне орай Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қазыналы қариялардың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.
  
«Біз қашанда үлкенді құрметтеген, қариясын сыйлаған халықтың ұрпағымыз. Сіздер бүгінде зейнет жасында болсаңыздар да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қариялық болмыстарыңызбен жас ұрпаққа бағыт-бағдар, кеңес беріп, қоғамның алға дамуына зор үлес қосып келесіздер. Өнегелі істеріңіз үшін шексіз алғысымды айтамын»,- деді қала әкімі.
Ардагер қариялар шуақты мерекеде қала әкіміне құрметі үшін ризашылықтарын жеткізді. Барша халыққа баталарын беріп, бейбіт те берекелі өмір тіледі.

ПРЕЗИДЕНТ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН НАУРЫЗ МЕЙРАМЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шарада Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде төл жаңа жылымыз Наурыз мейрамын ата дәстүрімізге сәйкес барша жұртымыздың бір ел, бір халық болып қарсы алатыны жөнінде айтты.
– Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау – талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтады. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді. Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биылдан бастап Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтіп жатқанына тоқталды. Наурызнамаға сәйкес, бүгін елімізде «Ынтымақ» күні.
– Бірлік пен ынтымақ – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуіміз қажет. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Нравится
Комментировать
Поделиться

ДЕПУТАТ ӨЗ ЖЕРЛЕРІН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРДІ

Түркістан облысында халық қалаулысы тұрғындарға ең қажетті нысандар салу үшін өз жерлерін тегін тарту етті, – деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі

Нақтырақ айтсақ, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Жанарыс Талипбеков Жағажай елді мекеніндегі өзінің 2,5 гектар жерін өрт сөндіру бекетін салуға берген. Тиісінше, бұл өрт сөндіру және құтқару бекетінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, Ж.Ералиев және Абай, Қызылқұм ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде өрт болған жағдайда немесе тұрғындардың суға бату жағдайлары орын алғанда төтенше жағдай қызметкерлерінің уақыттан ұтылмай, дер кезінде көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Осылайша халық қалаулысының Жанарыс Талипбековтың тартуы жалпы жергілікті халықтың әлеуетін арттыруға септігін тигізіп отыр.

Айта кетейік, Жетісайлық депутат бұған дейін де өз иелігіндегі 90 соттық жерін медициналық нысан және спорт алаңшасы мен ауыл тұрғындарына аллея салу үшін тегін берген. Қайырымды азаматтың мұндай игі істеріне жалпы түстік өңірдің халқы өз ризашылықтары мен алғысын білдіруде.

 

Жанарыс Талипбеков Жетісай ауданындағы өзекті мәселелердің шешімін қарастыру, тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін орындау бойынша да белсенді жұмыс атқарып жүрген депутаттың бірі. Ел аманатын арқалаған халық қалаулысы, өзінің әріптесі Алладин Мырзахановпен бірге ауданның ахуалын Астана қаласына жеткізіп, Мәжіліс депутаттарының назарына ұсынған.

Сондай-ақ, Жетісай ауданындағы өзекті проблемалардың бірі – ағын су. Егіншілікпен айналысатын ауыл тұрғындарына ағын суды жеткізу үшін арық-атыздардың таза болғаны абзал. Осындай маңызды істі елеусіз қалдырмаған белсенді депутат Абай ауылдық округіндегі  ағын су жүйелерін қоқыстан арылтуға бастама болып, “жаздың қамын” ойлауды үйлестіріп жүр. Жанарыс Талипбековтың мұндай бастамаларын жергілікті азаматтарда әрқашан қолдап отырады.

 

Елдің игілігі үшін өз иелігіндегі жерлерін тарту етіп, ауылдардың әлеуеттін арттырып, халықтың сенімі мен үмітін арқалаған Жетісайлық депутаттың бұл істері көпшілікке үлгі болары сөзсіз.