«Үлгілі ауыл» конкурсының аудандық деңгейінің жеңімпазы анықталды. Конкурсқа әрбір ауылдық округтен бір елді мекеннен қатысып, жасыл желекпен көмкерілген Жартытөбе ауылы үздік деп танылды.
Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілді. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.
Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылында стандартқа сай жабдықталған білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының сұранысына орай да тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт және 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылды. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.
Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке орауда. Сәні мен салтанаты келіскен ауылдың ажарлана түсуіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасының да серпін бергені анық.
Сонымен қатар, денсаулыққа зиянды өнімнің бірі болып саналатын алькогольді ішімдікті сатудан бас тартып, өскелең ұрпақты салауатты өмірге қалыптастыруды жөн санаған ауылда 69 алтын құрсақты батыр аналар тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар.
Сондай-ақ Округ бойынша 28 азамат “Ауыл аманаты” жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылдан өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.
Созақ ауданында «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы ретінде Жартытөбе ауылы үздік деп танылды. Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілген. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.
Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылы білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальтталып, көше жарықшамдарымен қамтылған. Бұған қоса, толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.
Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке айналдырған.
Сонымен қатар, ауылда 69 алтын құрсақты батыр ана тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар. Сондай-ақ, округ бойынша 28 азамат «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылда өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.
Бұл туралы брифингте Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Бахыт Еркінбек мәлімдеді.
“Облыстық кәсіподақ комитеті мүшелерінің хаттары мен арыз-шағымдарын қарауға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы бес жылдағы атқарылған жұмыстар нәтижесінде 111 қызметкер жұмысқа қайта алынған. Сонымен қатар, 94 қызметкердің заңсыз жұмыстан босатылуына жол берілмеді. Сотта 58 рет өз мүшелеріне өкілдік етсе, 9 686 құқықтық кеңес берілген. Осы ретте биылғы жылғы қаңтар-қыркүйек айларында түскен 275 арыз-шағым бойынша да тиісті жұмыстар атқарылды. Бүгінде педагог қызметкерлерге коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін жергілікті бюджеттен өтемақының берілуі кәсіподақ комитеттерінің бақылауында. Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасы тарапынан медициналық сақтандыру жарнасының аударылуына өз ықпалын жасады. Кәсіподақ тарапынан өз мүшелерін сауықтыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, 5 жыл ішінде 24 682 адамға сауықтыру орындарына жолдамалар берілсе, оның 4 353-і балалар. Сондай-ақ, кәсіподақ комитеттері жыл сайын республикалық «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысып келеді. Соңғы 5 жылда көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасында өмір сүретін 15 мың балаға көмек көрсетілді. 2024 жылы 2400-ден астам балаға 18 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, оқу құралдары мен мектеп формасы сатып алынды”,- деді спикер.
Бахыт Сейітжаппарұлының сөзінше, өңірдегі аудандық, қалалық және облыстық кәсіподақ ұйымдары тарапынан Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендерге 14,2 млн.теңге көмек көрсетілген. Одан бөлек, Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 13 млн.теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданында апаттан зардап шеккен мектептерге 100 ноутбук пен сауықтыру орындарына 100 жолдама берілген.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Түркістан қаласында Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы ұйымдастырылды.
Оған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Бибігүл Ағыбаева, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.
Форумның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын және Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жетілдіру мәселелерін талқылау.
Іс-шараның ашылуында МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай биылғы форумның Түркістан жерінде өтуінің өзіндік символдық мазмұны бар екеніне тоқталды. Себебі Мемлекет басшысы осы киелі мекенде өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады» деген болатын. Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын Адал азамат идеалдарына сай ілгерілету Агенттіктің үнемі назарында.
Агенттік төрағасы форум аясында келесі мәселелерге баса назар аударудың маңыздылығын айтты. Біріншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіру жұмыстарын жалғастыру. Бұл жай ғана ресми стандарттар емес – халыққа қызмет ету идеясына негізделген философия болуы тиіс. Оның мақсаты – қоғамға үлгі бола алатын тиімді мемлекеттік аппаратты құру.
Екіншіден, антқа адалдықтың маңыздылығын басты назарда ұстау. Әрбір мемлекеттік қызметші ант қабылдағанда адал, әділ және өз міндеттерін мінсіз орындауға уәде береді. Ант қоғамға адал қызмет ету, ел мүддесін қорғау және жоғары моральдық құндылыққа сәйкес әрекет ету міндетін жүктейді.
Үшіншіден, халық сеніміне ие болу, заң үстемдігін орнықтыру. Әділдік, ашықтық және әдептілік қағидаттарына сай қызмет ету қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін орнықтырады. Мемлекеттік қызметшілер барлық азаматтың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп, объективті шешімдер қабылдауға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын жетілдірудің жаңа тәсілдері мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тауып отыр. Оларды жүзеге асыруда Әдеп жөніндегі уәкілдер институтына маңызды міндет жүктеледі.
Қатысушылар әдеп жөніндегі уәкілдердің дербестігін күшейтуге және оларды бағалау мен бақылаудың неғұрлым тиімді тетіктерін енгізуге қатысты ойларын да ортаға салды.
Дархан Жазықбайдың айтуынша, Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметтік әдеп стандарттарының сақталуының кепілі болуға, өздері үлгі көрсетуге және мемлекеттік органдарда ұжымдық мәдениеттің нығаюына ықпал етуі тиіс.
Агенттік мемлекеттік қызмет саласындағы анықталған бұзушылықтарды зерделеп, олардың себептерін талдау және алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Өткен жылдың өзінде Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын ілгерілетуге ықпал ететін 30 мыңға жуық түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырды.
Атап өту керек, бүгінде республика бойынша мемлекеттік органдарда 713 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады.
Қожа Ахмет Ясауи қабірінің үстіне Әмір Темір тарапынан тұрғызылған теңдесіз ғимарат БАҚ-тарда, оқулықтарда және де ғылыми әдебиеттерде де осы күні кесене атауымен беріліп жүр. Бірақ бұл шартты атау ғана екендігін ескеру қажет.
Жалпы қабір үстіне зиярат үшін тұрғызылған құрылыс “кесене” деп аталады, ал батыс терминологиясында бұл ұғым “мавзолей” деген атаумен беріледі. Бауырлас түрік халқы “түрбе” деп атайды. Қазақтың да кей жыр-дастандарында “дүрбе” деп келеді. Этимологиясына тоқталсақ, кесене – парсының “кашане” сөзінен шығып, зәулім сарай деген мағына береді. Қабір үстіне тұрғызылған құрылысты қазақтар “бейіт” деп те атайды. Арап тіліндегі “бәйт” сөзі үй мағынасын береді. Еліміздің кей аймақтарында қабір үстіндегі құрылыстар “там” деп те аталады. Қазақ халқының мазар үстіне түрғызылған ескерткішті үй мағынасын білдіретін “там”, “кесене”, “бейіт” сөздерімен атауы қызық құбылыс. Қабырғалары мен шатыры болғандығы үшін ғана осылай атады ма, әлде басқа да себептер бар ма, бұл әрине басқа зерттеу жұмысының тақырыбы.
Қызығы жергілікті тұрғындар аталмыш таңғажайып тарихи ескеркішті көбіне “мешіт”деп атайды. Түркістан жұрты «мешіт» дегенде бірден Ясауи кесенесін меңзеп тұрғандығын біле қоясыз. Қарапайым халық діни құрылыстың бәрін жалпылама мешіт деп атай берген секілді (мысалы, сопылық құрылым саналатын қылуетханалардың жер асты мешіті деп аталуы. Ал қылуетхана мен мешіт мүлдем екі бөлек нәрсе). Осыған сүйенген болса керек, көптеген зерттеушілер мен саяхатшылар да жазбаларында аталмыш кешенді “мешіт” деп береді. Мысалы, Ж.Аймауытов «Әзірет Сұлтан» мақаласында Ясауи кесенесін “мешіт” деп атаған, А.Л.Кун «Түркістан альбомында» Ясауи кесенесін – “мечеть Азрета Яссави” деп белгілеген (сондай-ақ Ахмеров П. “Надписи мечети Ахмеда Ясави”, Бекчурин М. “Описание мечети Азрета”). Хазрат Султан емес, қазақшаланған нұсқасы бойынша “Әзірет Сұлтан” (“Азрет Султан”) деп берілуі сол кезде де қалада басым ұлттың кім болғандығын айғақтайды.
Асылында Ясауи кесенесін мешіт деуге келмейді. Кесене атауы да функцияналдық қырын толық аша алмайды. Бұл тұрғыдан Көреген Темірден алдын Қарахандықтар тұсында Әзірет қабіріне тұрғызылған құрылысты нақты кесене деп есептеуге келеді. Әмір Темірден мирас қалған бұл теңдесіз ескеркеткіш кесене, мешіт (намазхана), кітапхана, жамағатхана мен бірнеше құжыраны қамтиды. Мұсылман елдерінде бұл тип құрылыстар “куллия” деп аталады. Бұл атау XIX ғ. Османлыда қолданысқа енген. Батыс терминологиясындағы баламасы “комплекс”, қазақшаласақ “кешен” болады. Кейбір куллиялардың хамамы мен базары қоса болған. Бірақ куллия негізінен жекелеген ғимараттардан құралады. Ал Ясауи кесенесінде мұның барлығы бір шатырдың астына жинақталумен ерекшеленеді.
Көреген Темір тарапынан кесенеге сыйға берілген тудың лаухасында, мұның Ясауи ханакасына сыйға берілгендігі жайында жазу бар. Демек бұл құрылыс әу баста ханака ретінде салынғандығын айғақтайды. Ханака – сопылық құрылым (ханакалардың қалыптасуы мен дамуы, Түркістан мен Хорасан аймағы ханакаларының ерекшелігі өз алдына бөлек тақырып). Бірақ белгілі бір кезең ғана ханака қызметін атқарып, әр кезеңде тарихи себептерге байланысты функциясы ауысып отырған.
Кейінірек Әзірет Сұлтанның жанына қожалар мен діни тұлғалар, қазақтың ел билеген хандары мен сұлтандар, билер, ел қорғаған батырлар жерленіп, кесене іші мен айналасы үлкен мазарға айналды. Бұл тұрғыдан кесене ұлттық пантеонға айналды десе де болады. Дегенмен кесене орны Ясауи бабамыз жерленбей тұрып-ақ мазар орны болғандығы зерттеулер мен қазба жұмыстарынан белгілі. Әмір Темірдің Ясауиден алдын өмір сүрген Ілияс хан, Қоқырас хан, Шорнағат хан, Жолбарыс хан (Сағд әулие) рухтарына құрмет білдіріп, кесене құрылысында олардың мазарлары орнына арнайы ойық-ниша қалдыруы да соның айғағы.
Кесененің бір кезеңдері қазақ хандарының резиденциясы қызметін атқарғандығы турасында тезис тағы бар. Десе де бұған қатысты тарихи деректер бұлыңғыр, іргелі зерттеуді қажет етеді. Хан Ордасы Жеті Ата магистралі бойында болғандығы қазба жұмыстарынан мәлім. Дегенмен кесененің үлкен және кіші ақсарай бөлмелерінің қазақ хандарына қатыстылығын мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Пайымдауымызша мұнда хандарымыз белгілі бір рәсімдер өткізіп тұрған болса керек.
Әулиелердің Сұлтаны болған Ахмет Ясауи бабамызға құрмет ретінде салынған бұл ғимаратты қалай атасақ та әлемде теңдесі жоқ, бірегей, уникалды тарихи ескерткіш болғандығымен ерекшеленеді.
Алдыңғы жазбаларымызда Түркістан шұратындағы археологиялық ескерткіштерді (ескі қала қоныс орындары) хронология бойынша кезеңдерге бөліп қарастырып бастаған болатынбыз. Келесі кезекте Түркістан оазизіндегі кейінгі ортағасыр (ХҮ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.) ескерткіштері туралы баяндамақпыз.
Аталмыш кезеңнің қалалары (кейінгі ортағасыр) Түркістан маңындағы қала мәдениетінің ерекше даму және құлдырау кезеңдерінің жүруімен ерекшеленеді. Бұл қалалар Қазақ хандығының құрылуы, одан кейін бұл қалалар үшін болған қазақ және шайбан хандарының арасындағы соғыс, қазақ-жоңғар соғыстары, қоқандық шабуылдар, кейін орыс отарлау әскерінің шабуылдары сияқты үлкен тарихи оқиғаларға куә болған. Археологтар бұл кезеңге жататын 13 қала, 1 қалашық, 5 қонысты зерттеген.
Кейінгі ортағасыр қалаларының ескерткіштері: Көне Түркістан қаласы (ХІҮ-ХІХ ғғ.), Сауран қаласы (ХІІІ-ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Иқан қаласы (ІХ-Х-ХҮІІІ ғғ.), Төрткөл-Құшата қаласы (ҮІІІ-ХҮІІІ ғғ.), Шаға-І қаласы (ІҮ-Ү-ХҮІІІ ғғ.), Жүйнек қаласы (ҮІ-ХҮІІІ ғғ.), Әбдімәлі (Ташнақ) қаласы (ХІІІ-ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Қосқорған қаласы (ХІІІ-ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Оғызтау-І қалашығы (ХҮ-ХҮІ ғғ.), Сауқым ата қаласы (ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Күлтөбе (Ораңғай) қаласы (ХҮ-ХҮІ-ХҮІІІ ғғ.), Төрткөлтөбе-Бабайқорған қаласы (ХІҮ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Қарнақ-Ішкент қаласы (ХІҮ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Төрткүлтөбе-ІІ (Қарашық) қаласы (ҮІІ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Міртөбе қоныстары (ХҮ-ХҮІІІ ғғ.), Күншағыр қонысы (ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ.), Қостөбе (Нұртас) қонысы (ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ.), Жоғарғы Ташнақ қонысы (ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Жаңа Сауран қонысы (ХІХ-ХХ ғғ.).
Бұл қалалар мен қоныстар туралы зерттеулер өз бастауын ХІХ ғасырдан алады. Ең алғаш 1867 жылы И.П. Лерх Міртөбе қоныстары мен Сауран қаласы туралы өз зерттеулерінде деректер келтірсе, ХХ ғасырдың басында М.Е.Массон, 2-ші дүниежүзілік соғыс жылдарынан соң А.Н.Бернштам басшылығындағы археологиялық экспедиция зерттеу жүргізген. Кейін өңірдегі кейінгі ортағасырлық археологиялық ескерткіштерді яғни, қала, қоныстарды К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, Т.Н.Сенигова, Н.Б.Немцова, Б.Әділгереев, Ә.Итенов, Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев, М.Елеуов сияқты археологтар зерттеген.
Қазіргі таңда бұл кезеңнің ескерткіштерінің ішінде туристік маршруттарға енгізілгені бұл – көне Түркістан және Сауран қалалары. Көне Түркістан қаласының орнынан Хан Ордасы, Хан мешіті, магистралды көше мен қоғамдық құрылыстардың орны анықталып, оларға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қайта қалпына келтіруден өткен. Шахристан қақпалары анықталып, реставрацияланған. Ал Сауран қаласында ортағасырлық мешіт пен медресе және ханака орны анықталған. Тас төселген орталық магистралды көшесі аршылып, қамал қақпасы қайта қалпына келтірілген.
Кентау қаласында орналасқан Абай атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінде қазақ халқының тарихы мен тілін құрметтеу және ұлттық құндылықтарды насихаттау бойынша кездесу өтті. Яғни, білім ордасының оқушыларына отанға деген сүйіспеншілік елдің мәдениетін, әдебиетін, тілі мен тарихын және дінді құрметтеуден басталатыны айтылды.
Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» десе, «Қанша тіл білсең – сонша рет сен адамсың», – деп А.П. Чехов бекер айтпаса керек. Тіл білген адам қор болмайды. Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын көпірдің бірі де осы – тіл. «Дана халқымыз «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп бекер айтпаған. Көп тілді білу – заман талабы. Сол көпірді сақтап қалу үшін бір-бірінің тілін меңгеруі керек. Сөз соңында айтарымыз, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Біз, жастар, болашақ ұрпақ өзге тілді білу арқылы өз тілімізді әлемдік аренаға шығаруымыз керек. Яғни, қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында тіл білудің артықтығы жоқ. Күннен күнге қарыштап жатқан жаңа технологияларды игерудің ең бірінші жолы – тілді меңгеру.» – деді “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ-нің басшысы Қ.Бекметов
Мемлекеттің басты міндеті мен мақсаты да осы дәстүрлі құндылықтарымызды, тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүр, мәдениет, тарихымызды сақтап, өскелең ұрпаққа ізгілік жолын дəріптеу.
«Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің түп тамыры, қатынас құралы. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше екені бесенеден белгілі. Міне, осы орайда ана тілімізді қастерлеу әрқайсымыз үшін парыз. ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата- -бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Қазақ тілі – халқымыздың тарихы, шежіресі, арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні. Қазақ тілі – халқымыздың өткен ұрпағын тарихи біртұтастық, ажырамас бірлік жағдайда мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл – аз уақыттың аясында тындырып тастайтын іс емес.Алайда осындай дәрістерді оқушылар да ерекше көңіл күймен тыңдап, жақсы әсер алып жатыр. Бектілген жоспар бойынша ұстаздар да қызықты іс-шаралар мен түрлі сыныптан тыс сабақтар өтіп, оқушылардың тілге деген құрметін одан әрі дамытып, өз үлестерін қосып келеді. Бұл қуантарлық жаңдай. Біз Тәуелсіз Қазақстанда, құқықтық мемлекетте өмір сүріп келеміз. Өз кең байтақ жеріміз, мемлекеттік тіл статусына ие ана тіліміз бар. Бұл – ел ынтымағы пен бірлігінің үлкен жемісі. Ендеше, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген халқымыздың даналық сөзі. Тіл – жас ұрпақтың қолында. Тілді сүю – Отанды сүю болып табылады» – деді “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай қатысты.
Сондай-ақ, кездесуде мамандар дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу және өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарау мәселелері де түсіндіріліп, жастарды білім, ғылым игеруге шақырды. Ұлттық құндылықтар – олардың тарихи өзіндік ерекшелігі, отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет және тағы басқа тақырыптар да талқыға түсті. Оқушылар өз пікірлерін айтып, көкейінде жүрген сауалдарға жауаптарын алды. Дәстүрлі, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, ұрпаққа дәріптеу басты мақсат екені айтылды. Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген қазақ халқының діни ұстанымдарындағы басты құндылықтарды атап өтті.
«Ислам қазақ даласына келгенде діндегі толеранттылық пен төзімділік те ұлтымыздың бойындағы айрықша ізгі қасиетке айналды. Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлеңі жолдары, тіпті күні кешегі Қадыр ақынның «Өзге тілдің бәрін біл» деуі де қазақтың мұсылманды өзге дін мен ұлт өкілінен бөле-жара қарамай, дініне, ұлтына, нәсіліне қарамастан барлық адамзат баласын тең көргенін аңғаруға болады. Қазіргі уақытта халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын елімізде христиан және басқа дін өкілдері ешбір қысым көрместен, мұсылмандармен бейбіт қарым-қатынаста араласып, ымыраластықта өмір сүруде. Еліміздің әр қаласында олар өздерінің діни бірлестіктерін құрып, құлшылық үйлерін тұрғызып, ешқандай кедергісіз ғибадаттарын жасап жатыр. Осындай кезде өзін мұсылманмын деп есептейтін адамды бес уақыт намаз оқымағаны үшін ғана кәпір деп айыптап, мал-мүлкін өзіне адал қылған жат діни ағым ұстанушыларының әрекеті ислам дінімен еш байланыспайтынын ескерте кеткен орынды. Адами құндылықтары жоғалған және өздерін ғана ақиқатты ұстанушылар ретінде есептейтін олар нағыз исламның өзге дін өкілі болса да адам өміріне құрметпен қарайтынын білмесі анық. Біздің елімізде әрбiр адамның наным-сенім бостандығына, азаматтардың діни сеніміне деген құрмет ерекше. Еліміздің кез келген азаматы дiндердiң мәдени және тарихи құндылығы мен конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiк пен азаматтардың дiни нанымдарын шын құрметтейді. Елімізде белгілі бір міндетті немесе ресми діннің болмауы – азаматтардың діни сенім еркіндігін қамтамасыз етеді. Яғни, республиканың әрбір азаматы өз бетінше әрі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қай дінді болса да таңдау еркіндігіне ие деген сөз. Біздің мемлекетіміз әлем елдері арасында діни толеранттылық идеясын таратып, халықтар мен діндер арасындағы келісім мен түсіністікке толық қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлымдықты харам етеді. Өзара жәрдем беру, мейірімді де рахымды, бауырмашыл болу – оның ұлық тәлімдерінен. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастарды таңбайды, оған ешкімді мәжбүрлемейді. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» делінген. Бұл – дініміздің ұстанымы, адамзатқа көрсеткен жолы, Алла Тағаланың нығметін қадірлеу, салиқалы мақсат қоюына көмектесу деп бағамдаймыз. Жаратушы Иеміз әлемдегі барлық іс-шаралардың ақ-қарасын ажыратып бергеннен кейін адам баласының қай жолды таңдауын өз еркіне салады. Бүгінде қазақ қоғамы осы дін талаптарының үдесінен шығып, дін өкілдері арасындағы достық пен ынтымақтың үлгісін паш етіп отыр. Дінаралық диалог пен конфессияаралық келісімнің отаны – Қазақстан деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Оның жарқын бір үлгісі – мемлекет тарапынан дін саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар. Қай ұлттың немесе діннің өкілі болса да ешкімнің заң бұзуына, заңнан аттауына тыйым салынады. Қазақстандық заңнама аясында қай дінге сенемін, қай сенімді ұстанамын десе өз еркі. Бұл ашық та толерантты қоғамның айқын белгісі.Алайда керіағар ағымдардан бойымызды аулақ ұстайық» – деді Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген
Оқушылармен болған кездесуде мамандар жас ұрпақты саналы білім алуға және ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатынын жеткізді.
Түркістан қаласында өтетін дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының өнерпаздары ұлттық салт дәстүрлері жоғарғы деңгейде насихаттай білді. Киіз үйлерде «Ордабасы – ұлы мұра» тақырыбында тойбастар айту, төс қою, байғазы сұрау, баланы ашамайға мінгізу, бата беру, сүйінші, бел көтерер, селт еткізер, азан шақырып ат қойдыру, төркіндеу сынды ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанып, ақындар айтысы ұйымдастырылған. Төрт түлік малдың пайдасы жайында кеңінен айтылып, келуші қонақтарға ұлттық дәм ұсынылды. Сонымен қатар, садақ ату, халық күресі, арқан тарту, ауыр тас көтеру, мак рэслинг, арба сүйреу сынды спорттық ойындардан сайыстар өтті.
Алтыбақан жанында ұлттық ойындар да дәріптелді. Келген әрбір қонақ диірмен тарту, келі түю, таба нан жабу, күбі пісу, май алу, құрт жасау тәсілдерін үйреніп, Этноауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Дәстүрлі қазақы ортада киіз басу, ұршық иіру, жүн сабау, жүн бояу, ши тоқу секілді дамыған киіз жасау өнерін тамашалады. Этноауыл аумағында қара домбыраны жанына серік еткен өнерпаздар, тазы мен қыран ұстаған алып батырлар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының Көше театрлар қойылымы мен аудандық «Өнер мектебінің» және әжелер ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады. Ордабасы ауданының жетістіктерін таныстырды. Мұнда ауыл шруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен, «Ордабасы тартулары» атауымен ұлттық тағамдардан көрме жасақталды. Сонымен қатар Қажымұқан мен Өлкетану мұражайларының, «Ордабасы – ұлы мекен» суретшілер мен қолөнер шеберлерінің, ауданнан шыққан ақын-жазушылар және балалар кітапханасының көрмесі де қойылған.
Мәдени күндер аясында ұлттық ойындар, оның ішінде арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптелді. Ерекше айта кететін жайт, іс-шараны тамашалауға келген түркістандық 74 жастағы қария 45 келілік бөренені он рет көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырды. Сонымен қатар арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар көпшіліктің қызығушылығын арттыра түсті. Белсене атсалысып, жеңіп шыққан қатысушылар марапатталды.
Шара барысында ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен және «Ордабасы тартулары» атты ұлттық тағам көрмесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымын паш етті. Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің әуезді әндері мен дала сарынына айналған күйлері рухани-мәдени шараның сәнін келтірді.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы қасиетті Тайқазанның тарихи орнына оралғанына 35 жыл толуына орай, Түркістан облысы, Сауран ауданының жалпы білім беретін мектептерінде «Құт дарыған Тайқазан» атты көшпелі көрме ұйымдастырды. Атап айтқанда, көшпелі көрме Молда Мұса және Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін орта мектептерде өткізіліп, мектеп ұжымы мен оқушыларының зор қызығушылығын тудырды.
«Құт дарыған Тайқазан» көрмесінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында Тайқазанды қайтару туралы архивтік тарихи құжаттар, Тайқазанның макеттері, орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер, 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреті, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері бар.Көрменің мақсаты – ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық аса құнды жәдігер – қасиетті Тайқазан 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде, Қарнақ елді мекеніндегі ұстаханада құйылған. Алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдың қосындысынан құйылған Тайқазанды Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен ұста Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи жасаған.Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен, 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған. Көрмеде Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлкен үлесі де тарихи құжаттармен нақтыланып, көрсетілді.
Расында ұлттық мәдениет майданындағы Өзбекәлі Жәнібековтің еңсерген еңбегін көзі қарақты ел біледі. Ол қазақтың мұрасын түгендеу жолында көп еңбек жасады. Оның жасаған істерінің ішіндегі бір шоқтығы – ұлы ойшыл, ақын, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауиге қатысты да болды. Бұл туралы саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжалел Бәкір былай деп айтқан болатын.
«Қожа Ахмет Ясауиді айтсаң, Өзбекәлі Жәнібеков бірден еске түседі. Ол – Ясауи кесенесінің жөндеуіне үлес қосып қана қоймай, ғұламаның ілімін зерттеуге де атсалысқан азаматтардың бірі. Кеңестік кезең тұсында күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшылдың мұралары біздің ұлттық мәдениетімізден ығыстырылғаны белгілі. Ал Өзбекәлі Жәнібековтың ең негізгі ұстанған ұстанымы ұлттық мәдениетімізді мыңжылдықтар тізбегіне қайта жалғау еді. Түптеп келгенде, мәдениет, тіпті ғылымның да бастауында тұру қажет. Өйткені ұлттық мәдениетке байланбаған ғылымның ұлтқа қызмет етуі неғайбыл. Осыны жақсы білген Өзбекәлі Жәнібеков министрлікте қызмет еткенде, Орталық комитетте идеология хатшысы болған кезінде ұлттық мұрамызды түгендеуге қатысты жүйелі жұмыстар жасады. Ол атақ-абыройдың соңынан қумай, Кеңестік идеологияға қарамастан, халқы үшін баға жетпес игі істерді жасады. Қазақты қиын қыстау заманның, зымиян саясаттың салдарынан қол үзіп қалған асыл-жақұтымен қайта қауыштырды. Алаш зиялыларының ақталуына атсалысты. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Музейлерді ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Соның ішінде, Тайқазанды тарихи Отанына қайтарғанының өзі мың іске татырлық. Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстарына көп мән берді. Соның ішінде, жоғарыда айттық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру және оның мұрасы мен іліміне бетбұрыс жасады.
Бұған қоса «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына зор үлес қосты. Кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойды.
Міне, сол тұста кесененің сән-салтанаты болған атақты тайқазанның орны бос тұрған болатын. Өйткені 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербор қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға әкетілген Тайқазан кері қайтарылмап еді. Сөйтіп, тарихи құтымыз жарты ғасырдай Эрмитаж музейінде тұрды. Ортағасырлық тайқазан 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде ғана тарихи Отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық күресінің нәтижесі. «Өзағаң болмаса, басқа адам қайтара алмас па еді..?» – деп ойлаймын. Ол бұл жөнінде бірінші болып бастама көтеріп, қаншама рет Ресейге қажетті дәлелдер мен құжаттарды жіберіп, өтініш жазды. Эрмитаж басшылары оңайлықпен тарихи жәдігерді бере қоймады. Бірақ Өзбекәлі Жәнібеков бұл істі орта жолда қалдырмай, соңына дейін жеткізді. Бүкіл архивті көтертіп, Тайқазанның конференцияға уақытша ғана алынғанын дәлелдеп барып рұқсатқа қол жеткізді. Осылайша мәдениет майданы қаһарманының бар жігерін салуының арқасында ғана тайқазан өз орнына қондырылды. Біз Тайқазанның оралуын еліміздің ырысы оралғанға баладық.»
Сондай-ақ, профессор Әбдіжалел Бәкір Мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің Ясауи тұрғысында атқарған ісін мәңгі жаңғырып тұратын айрықша қызмет деп атап өтіп, осы тұрғыда Қожа Ахмет Ясауи мұраларының маңыздылығына да тоқталған болатын.
«Қожа Ахмет Ясауи имандылықты, адамгершілікті жырлады. Қара халыққа көмек көрсетуге шақырды. Адам үшін қызмет етуге үндеді. Біз Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, адамдардың бойындағы осы имандылықты, адамгершілікті жауапкершілікті күшейте түсуіміз керек. Ал оны дамыта түсуде Ясауидің ілімі үлкен құрал болар еді. Ясауи әлі зерттеле түсуі керек. Оның «Диуани Хикмет» еңбегінде айтылған мәселелер өте көп. Соны тарқату қажет. Онда не жазылғанын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Біз, Кеңестік кезеңде оқыған адамдар, бұл мәселелерден бейхабар болдық. Бұған дейін төркінсіз келе жатқан халық сияқты едік. Өйткені өткеніміздің бәрін жоққа шығардық. Енді сол асыл мұраларымыздың сынығын өзімізге қайтарып, әлі де түп-тұқиянына дейін зерттеуіміз қажет.» – деп мәлімдеген болатын саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжалел Бәкір.
Түркістан облысында жыл сайын ұйымдастырылатын көрменің мақсаты да ел тарихын, рухани-мәдени құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттырып, елдік санаға, өткен тарихымызға деген құрметін арттыру екенін айта кеткен жөн.
Түркістан облысының ардагерлері мерекеге орай киелі шаһарда бас қосты. Облыстың аудан, қалаларынан келген 50 ардагерді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қарсы алып, қазыналы қарттарға жылы лебізін білдірді.
– Түркістан қаласына жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен келген болатын. Мемлекет басшысына оқу орнындағы білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды. Қазіргі уақытта «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын дайындалып жатыр. Түркістанымызда күн санап түрлі рухани-мәдени, туристік нысандар бой көтеріп, республикалық және халықаралық деңгейде іс-шаралар өтетін орталыққа айналды. Өндіріс орындары ашылып жатыр. Барлығы да өздеріңіздің көз алдарыңызда. Сіздерді мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен тағы да құтттықтаймын, – деді әкім орынбасары.
Алдымен өткен оқу жылында ғана өз жұмысын бастаған «Білім-Инновация» лицейін аралап, білім ордасының жұмысымен танысты. Жыл басында жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, лицей-интернат Кентаудан Түркістан қаласына көшірілген. Қазір мұнда 500-ден астам оқушы білім алып жатыр. Лицейде жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі.
Содан соң ардагерлер Мұз сарайын аралап көрді. Заманауи үлгіде жабдықталған кешенді Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова таныстырды. Мұнда шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған. Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мұрындық болған игі бастама өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркінде жалғасты. Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды.
Айта кетейік, жалпы облыста 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қарт пен ардагерлер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 3,2 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері. Сонымен қатар 100 жастан асқан 60 қарт азамат тұрады. Оның ішінде жасы ең үлкені – Жетісай ауданының 110 жасқа толған тұрғыны Бегбаева Унгай. Облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында 8 мыңға жуық қария демалып, денсаулығын түзейді. Сол демалыс орындарының бірі – «Ардагерлер үйін» Түркістан облысына көшіріп, келесі жылы ардагерлерді қабылдау көзделіп отыр.