Архив рубрики: “AMANAT”

ОРДАБАСЫДА ӘЙЕЛ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ ТӘУЕКЕЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Әйелдер қанаты «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында отбасылардың қаржылық сауатын арттыру, әсіресе әйелдерді қолдауға бағытталған маңызды аспектілерді қызмет арнасы етіп белгілеп отыр. Бүгін партияның Ордабасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандағы қарыз тәуекелдері бар борышкер әйелдермен семинар «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында өтті. Семинарда қаржылық қиындыққа тап болған көпбалалы аналар, ауыл әйелдері, жас қыз-келіншектер қарыздан туындайтын күйзелістен арылу, қаржыға байланысты туындайтын отбасылық кикілжіңдерден аулақ болу, ауыл әйелдерінің қарыз жүктемесін азайту, оларды банктік қысымнан сақтануына құқықтық біліктілігін арттыру, қаржы коучингімен психологиялық кеңестер алуына жағдай жасау туралы кеңестер берілді.

Жиынға партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, «Қарызсыз қоғам» өңірлік жобалық кеңсесінің координаторы Айгерім Әмірәлиева, Түркістан облыстық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Нұржан Демилов, Ордабасы ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Ғалымжан Шындалы қатысып, азаматтарға қаржылық және құқықтық кәсіби білікті көмек көрсету мәселелерін айтты. Жұмыс жиынын партияның Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат жүргізді.

Кездесудің мәні мен мазмұнына тоқталған Қалыйма Жантөреқызы «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың шамамен 75 пайызы әйелдер, соның ішінде көпбалалы аналар құрайтынын айтып, қыз-келіншектердің қаржылық білігін арттыру өзекті болып отырғанын жеткізді.

«- Отбасының ұйытқысы, өмір шырақшысы болған көптеген әйелдер бүгінде өз үйінің басты асыраушысына айналғаны жасырын емес. Үйінің берекесін арттырамын, перзенттерін қатарынан кем қылып өсірмеймін деп талпынған аналар қарыздың тұсауына түсіп жатқаны жөнінде көптеген мысалдар келтіруге болады. Партиямыз бастамашыл болған «Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтарды тұтынушылық психологиядан үнемдеу мәдениетіне үйретуге, оларды отбасылық табысты дұрыс игеру мен жинақ салу дағдыларына баулуға арналған. Өкінішке қарай, қаржылық қиындыққа тап болған әйелдер туралы нақты ресми деректер жүргізілмейтін болса да, облыстық Әйелдер қанаты аудан әкімдіктерінен деректерді жинақтау арқылы несие төлемдерінен 90 күннен көп мерзімге кешіктірген әйелдердің саны Түркістан облысында 5900 адамды құрайтынын анықтады. Біз осы контингентпен жұмыс жүргізуіміз қажет, оларға қаржылық қиындықтан құтылудың жолдарын түсіндіріп, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлаудың жолдарын үйретуіміз қажет. Бүгінгі жиын осы мақсатқа арналады және алдағы уақытта басқа аудан, қалаларда жалғасады», – деді Қалыйма Жантөреқызы.


«Қарызсыз қоғам» өңірлік жобалық кеңсесінің координаторы Айгерім Әмірәлиева отбасының қаржылық қиындықтарға тап болуы бұл тек ақша жетіспеушілігі ғана емес, сонымен қатар оның басқарылмауы, күтпеген шығындар мен табыстың тұрақсыздығы сияқты бірнеше күрделі факторлардың қосындысы екенін айтты. Әйелдердің қаржылық қиындықтарының негізгі аспектілеріне бір отбасы мүшесінің ғана жұмыс істеуі, мезгілдік немесе уақытша жұмысқа тәуелділік мәселелері жататынына назар аударылды. Несие мен қарыздың шамадан тыс жүктемесі деп несие төлемі табыстың 40 пайыздан астамын құраса айтылатыны түсіндірілді. Бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымдарынан бірнеше қарыз алу бұл тәуелділікті еселейтін себеп екені жеткізіліп, әр азамат үшін қарызды қайтара алмау қауіпін туғызатын мәселе екені айтылды.

Жиын барысында жеке және мемлекеттік сот орындаушылар тұрғындар көтерген мәселелер бойынша құқықтық кеңестерін беріп, несие қарыздары бар азаматтардың жеке банк шоттарын бұғаттан босату, банктермен және басқа да қаржылық ұйымдармен берешек қарыздарды өтеу бойынша тиімді кесте түзу мәселелерінде заңгерлік көмектерін ұсынды.

ДЕПУТАТТАР-МӘСЕЛЕСІ БАР ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ.

Бүгін, таңнан Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов, Жомарт Әбдібаев Ақжар ауылдық округіне арнайы барды. Мақсат, сайлаушыларымен кездесіп, елді мекендегі негізі өзекті мәселелер бойынша талқылау. Соның бірі елді мекенге қарасты Р15 каналы.

– Біз барлық сайлаушыларымыздың ұсыныс-тілегін тыңдаймыз. Тыңдап қана қоймай, ықпал жасауға атсалысамыз. Басты мақсат, мәселелермен заң аясында айналысу,-деді А.Салимов.

Ақжар халқының негізгі күнкөріс көзі мал, егін шаруашылы. Сондықтан тұрғындар аталған каналдың суы жерге сіңіп кетуіне байланысты бетондау қажеттігін айтып шағымданды.
Сондай- ақ, кездесуде ауылдық амбулаторияның қазіргі жағдайы да сөз болды.

-Барлық мәселе назарға алынады. Жекелей бақылауға да аламыз. Қажетті жағдайда кез-келген көмек беруге дайынбыз,-деді депутат Жомарт Абдибаев.

Айта кетейік, депутаттардың кезекті халықпен кездесуі және қоғамдық қабылдаулары кестеге сәйкес жүзеге асырылып отырады.

Өзекті мәселелер тыңдалды.

Түркістан облыстық мәслихат депутаты Жәнібек Сүлейменов, Сарыағаш ауданының шалғайда орналасқан Әлімтау елді мекеніне барып, «AMANAT» партиясы «Әлімтау» БПҰ қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды жеке қабылдады.

Қабылдауға келген тұрғындар апат салдарынан зақым келген тұрғын үйлерге берілетін көмектің кешігу салдарына алаңдаушылық тудырды. Халық қалаулысына «Ауыл аманаты» партиялық жоба аясында берілетін төмен пайызды несие, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу жайлы мәселелерін көтерді. Кедергілер мен қиындықтарға заң аясында қолдау көрсетілсе деген ұсыныс білдірді.

– Әрине, әрбір көтерілген мәселе өзекті, шешу жолдарын қарастырып заңдылықтарына қарай шешімін табады. Дегенмен, әр бір ұсыныс-сауал өзекті! Біз сайлаушылардың талап-тілегін тыңдау үшін арнайы қабылдау өткіземіз. Бақылауға алып, нәтижелі болуына ықпал жасаймыз,-деді депутат!
Халықтың қашанда күйттеген мәселесіне мән беріп, депутаттар өз деңгейінше әрекет ететіні белгілі. Халық қалаулыларының ықпалымен өңірде шешімін тапқан мәселелерде баршылық. Айта кетейік, партия тарапынан өткізілетін жеке қабылдаулар бұдан кейінде, кестеге сәйкес жүргізілетін болады.

Сайдирасулхан Ералиев: Сарыарқаның төрінен орын алған асқақ қала.

Астана – Сарыарқаның төрінен орын алған асқақ, әсем қала. Армандар мен биік мақсаттар тоғысқан жастар және болашақтың қаласы. Елордамыз күннен-күнге көркейіп, ұлы идеялар мен тың шешімдердің, білімді де білікті азаматтардың ордасына айналды!Тәуелсіздігіміздің тірегі болып, ғасырдан-ғасырға жете берсін! Астана күні құтты болсын! Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі болған елордамыз күн санап көркейе берсін! Қала күні құтты болсын!Асқақ Астана әлем астаналырының көшінде абыройлы орыннан көріп, халқымыздың мақтанышына айнала берсін деп тілеймін. Барлық отандасымызды бейбітшілік пен келісімнің ордасына айналған Астана күнімен құттықтаймын!

МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛГЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ

Сайрам – Түркістан облысындағы халық саны көп аудандардың бірі саналады. Аудан халқының саны 238 мың адамнан асады, 11 ауылдық округке біріктірілген 42 елді мекені бар.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы аудан тұрғындарының сұраныстарын тыңдау үшін, оларды қолданыстағы заңдар аясында және мемлекеттік органдардың қабылдаған жоба-жоспарларының шеңберінде оң шешілуіне мүмкіндіктерді кеңейтуде, аудан орталығы – Ақсукентте және Қожақорған ауылында көшпелі қоғамдық қабылдау жиындарын өткізді.

Азаматтарды тыңдауға арналған көшпелі жиындар Түркістан облыстық және Сайрам аудандық мәслихат депутаттары – партиялық фракция мүшелерінің қатысуымен өтті.

Айта кету керек, халықтың қолдауына ие болған «AMANAT» партиясына азаматтар үлкен сенім артады, көптеген мәселелерін көтеріп, партия көмегіне жүгінеді. Облыстық мәслихат депутаты Сайдирасулхан Ералиев, Қоғамдық ықпалы, саяси салмағы артқан партиямыз, қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді ақыл-парастпен, диалог арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал. Депутаттар қоғам мен билік арасында алтын көпір міндетін атқарып отыр,- деді депутат .

«-Қоғамдық қабылдау бұл біріншіден, халықпен кері байланысты одан әрі жақсарта түсуге ықпал етсе, екіншіден, көптеген мәселелердің созбалаңға салынбай тез шешілуіне жәрдем көрсетіп отырмыз. Бүгін Сайрам ауданының екі елді мекенінде кездесу өткіздік, бізге үміт артып келген азаматтардың қарасы көп болды, азаматтарға жайлы тұрмыс, қолайлы орта түзуде әлі де өзекті мәселелпер бар екені белгілі болды. Барлық сұраныстар хаттамаға енді, олардың орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз», – деді С.Ералиев.

Ақсукент ауылында және Арыс ауылдық округінің Қожақорған елді мекенінде өткен қабылдауларда азаматтар қоғамдық өмірдің көптеген салаларын қамтитын сауалдарын қоюға, оларға нақтылы жауап алуға мүмкіндік жасалды. Тұрғындар тарапынан жер қатынастары саласына қатысты сауалдар, инженерлік инфрақұрылым мәселелері, заңсыз салынған нысандарға қатысты түйткілдер, ағын суды реттеу, субсидия мәселесі, жеңілдетілген несиелермен қамту, иесіз ит пен мысықты аулау, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандар құрылыстары, спорт кешендері мен спорт алаңшаларын салу мүмкіндіктері, елді мекендерде ішкі жолдарды жөндеу, жаңа қоныстанған аймақтардың инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту мәселелері көптеп көтерілді.

ПАРТИЯНЫҢ КӨШПЕЛІ ҚАБЫЛДАУЛАРЫ САЙРАМ АУДАНЫНДА ӨТТІ

Сайрам – Түркістан облысындағы халық саны көп аудандардың бірі саналады. Аудан халқының саны 238 мың адамнан асады, 11 ауылдық округке біріктірілген 42 елді мекені бар. Республикалық маңызы бар Шымкент қаласын айнала орналасқан аудан, оңтүстік өңіріндегі ірі транзиттік аумақ саналады. Аудан арқылы магистральды темір жолдар, автокөлік дәліздері өтеді, өңірдің ірі транспорттық-логистикалық бекеті саналады. Аудан экономикасының негізгі құрылымын ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік, өндіріс, сауда-саттық, көлік-логистика салалары құрайды.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы аудан тұрғындарының сұраныстарын тыңдау үшін, оларды қолданыстағы заңдар аясында және мемлекеттік органдардың қабылдаған жоба-жоспарларының шеңберінде оң шешілуіне мүмкіндіктерді кеңейтуде, аудан орталығы – Ақсукентте және Қожақорған ауылында көшпелі қоғамдық қабылдау жиындарын өткізді. Қоғамды алаңдатқан түйіткілдерді тыңдауға партия құрған мобильді топтың құрамын «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Ұйымдастыру және аймақтық жұмыс департаментінің инспекторы Жәнібек Дарханбаев, партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев бастап келді.

Азаматтарды тыңдауға арналған көшпелі жиындар Түркістан облыстық және Сайрам аудандық мәслихат депутаттары – партиялық фракция мүшелерінің қатысуымен, Түркістан облыстық полиция, төтенше жағдайлар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, экология, еңбек инспекциясы, жер ресурстарын басқару департаменттері өкілдерінің, облыс әкімдігіне қарасты бақылау, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, мәдениет, денсаулық сақтау, құрылыс, кәсіпкерлік және сауда, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ветеринария, сәулет және қала құрылысы, дене шынықтыру және спорт, жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, экономика және бюджеттік жоспарлау, цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармаларының, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің жауапты қызметкерлерінің қабылдау жүргізуімен өтті.


Сондай-ақ азаматтар көтерген мәселелерді тыңдауға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының басқарма басшысы, №3 медицина-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы, «Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалының қызметкерлері, нотариалдық палатаның өкілі, жеке сот орындаушылар, «Қазақгаз Аймақ», «Оңтүстік Жарық Транзит», «Тұран су» мекемелерінің өкілдері арнайы келді. Жергілікті билік санатында тұрғындар талаптарын Сайрам ауданының басшылығы, аудандық мәслихат төрағасы, аудан прокуроры, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы тыңдады.

Айта кету керек, халықтың қолдауына ие болған «AMANAT» партиясына азаматтар үлкен сенім артады, көптеген мәселелерін көтеріп, партия көмегіне жүгінеді. Қоғамдық ықпалы, саяси салмағы артқан партиямыз, қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді ақыл-парастпен, диалог арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал деп біліп, қоғам мен билік арасында алтын көпір міндетін атқарып отыр. Партияның Түркістан облыстық филиалы биылдың өзінде облыс тұрғындарынан келіп түскен 6546 арыз-өтінішті қарады. Оның 61 пайызы немесе 3974 өтініш оң шешімдерін тауып, бақылаудан алынды. 2493 өтініш бойынша көтерілген мәселелердің құқық реттеу тетіктері түсіндірілді. Қалған 79 өтініш шешім қабылдау құзыретіне ие мемлекеттік органдарға жолданып, олардың орындалуы облыстық партия филиалының бақылауына алынды.

«-Облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекендерде мобильді көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізу арқылы біз азаматтарға өздерінің сұраныстарын облыстық басқармаларға, құқық қорғау органдарына, халықпен тығыз жұмыс істейтін ұйымдарға тікелей қоюға мүмкіндік беретін алаң ашып отырмыз. Бұл біріншіден, халықпен кері байланысты одан әрі жақсарта түсуге ықпал етсе, екіншіден, көптеген мәселелердің созбалаңға салынбай тез шешілуіне жәрдем көрсетіп отырмыз. Бүгін Сайрам ауданының екі елді мекенінде кездесу өткіздік, бізге үміт артып келген азаматтардың қарасы көп болды, азаматтарға жайлы тұрмыс, қолайлы орта түзуде әлі де өзекті мәселелпер бар екені белгілі болды. Барлық сұраныстар хаттамаға енді, олардың орындалуын бақылауда ұстайтын боламыз», – деді «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Ұйымдастыру және аймақтық жұмыс департаментінің инспекторы Жәнібек Дарханбаев.

Ақсукент ауылында және Арыс ауылдық округінің Қожақорған елді мекенінде өткен қабылдауларда азаматтар қоғамдық өмірдің көптеген салаларын қамтитын сауалдарын қоюға, оларға нақтылы жауап алуға мүмкіндік жасалды. Тұрғындар тарапынан жер қатынастары саласына қатысты сауалдар, инженерлік инфрақұрылым мәселелері, заңсыз салынған нысандарға қатысты түйткілдер, ағын суды реттеу, субсидия мәселесі, жеңілдетілген несиелермен қамту, иесіз ит пен мысықты аулау, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандар құрылыстары, спорт кешендері мен спорт алаңшаларын салу мүмкіндіктері, елді мекендерде ішкі жолдарды жөндеу, жаңа қоныстанған аймақтардың инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту мәселелері көптеп көтерілді. Сонымен қатар, интернет байланыстың сапасы, елді мекендер арасында қоғамдық көлік қатынасын жолға қою, әлеуметтік сұраныстар мәселелері де қозғалды. Азаматтар білдірген сұраныстардың орындалуы облыстық партия филиалының тұрақты бақылауына алынып, олардың іске асырылуы тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе үйлестірілетін болады.

БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ БАР

Бүгін Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы жұмысын бастады. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналған, этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт болып қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бүкіл Қазақстан үшін тарихи мән-маңызы айрықша айтулы оқиға екені айтылды.

Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілгеніне баса мән беріліп, мемлекеттік органдар түгелдей дерлік Ассамблея жұмысымен айналысады деп байыпталды. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайтыны жария етілді. Бірлік – мемлекетіміздің іргетасы деп санайтын «AMANAT» партиясы да, татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі болған елімізде, азаматтық жауапкершіліктің ең жоғары үлгісі ретінде ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді одан әрі нығайта беретін болады.

Мемлекет басшысы ұлт бірлігін нығайту, мемлекет тұтастығын сақтау, қоғамдық келісімді қамту бағыттарында бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды. «Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек», – деп нақты тапсырма жүктеген Қасым-Жомарт Кемелұлы, Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы тиіс деп тұжырымдады.

Бүгін бірлігі берекелі, тірлігі жарасты Сайрам ауданына жұмыс сапарымен бардым. Бұл аймақ ежелден достық мекені болған қасиетті мекен. Түркістан облысы халқының құрамында 50-ден астам этностың өкілдері бар болса, соның 40-тан астамы – осы Сайрам жерінде жарасты тірлік кешуде. Мұндағы 240 мыңнан аса тұрғынның жартысынан астамы – мемлекет құраушы қазақ ұлтымен терезесі тең, керегесі кең ғұмыр кешіп келеді. Мәдени әр алуандық тұрғындарды бөлектеп емес, керісінше, біріктіріп отыр. Әр ұлттың өзіне тән еңбекқорлық дәстүрімен аймақтың экономикасы қарыштап дамып, қызмет көрсету саласы өрістеп, өркендеуде.

Сөз қадірін бағалай білген қазақта «Бірлігі бар ел – бақытты ел» деген бағзыдан келе жатқан ұғым бар. «Бақыт қайда барасың? Көршімен болған бірлігі, тағат-ғибадат тірлігі, ұйымшыл елге барамын!» деген мағынасы астарлы сөз де бұрыңғылардан қалған. Бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз – біздің баға жетпес байлығымызға айналған. Тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз – құнды қазынамызға баланған.

Түркістан топырағында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көне заманнан бері бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы болғанын атап өтті. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған қастерлі шаңырақ болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді деген сенімін білдірді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идея алғаш рет 1993 жылы Ордабасыда өткен елдік жиында жария етілгені тарихтан мәлім. Осы жылдар ішінде Ассамблея жалпыазаматтық келісім, қазақстандық патриотизм, азаматтар құқықтарының теңдігі, қазақ тілінің біріктіруші рөлі, мәдени әралуандықты сақтау, ұлттық жаңғыру сынды азаматтық бірегейлікке бастайтын істердің ұйытқысына айналды.

Ассамблеяның қасиетті Түркістан топырағынан бастау алуы – тарихи сабақтастықты, ұлттық бауырмалдық болмысымызды білдіреді деген сенімдемін. Татулық тұғыры – тұрақтылық дейтін дәстүрді жалғауда партияластарымыз Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе қоғамдық қатынастардың орнықты болуына, өңірде этносаралық келісім үйлесімділігін қамтуда, азаматтар арасында толеранттылық құндылықтарын ілгерілетуде, бейбітшілік пен келісім саясатын жүргізуде іргелі істерді атқарып келеді.

Партия айқындаған басымдықтарды ілгерілетуде өңірдегі 11 этномәдени бірлестіктермен, олардың аудан, қалалардағы 7 филиалы және 14 өкілдіктерімен ынтымақтастық байланыстар орнықтырған. Партия құрылымдары өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ашылған ақсақалдар кеңестерімен, аналар кеңестерімен, ассамблея медиаторларымен, этностық топ өкілдерінің жастарымен белсенді қызмет арнасын түзген. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатын болады.

«Бақ бағалағанның басында тұрады» деп білетін халықтың ұрпағы ретінде ішкі бірлігімізді сақтау – бабалар алдындағы қасиетті борыш, келешек ұрпақ алдындағы зор аманат екенін ұғамыз. Тыныш елде тоқшылық болатынын әйгілі Күлтегін бабамыз айтқан. Бабалар өсиетіне ой жүгіртіп, ынтымағымызды ыдыратпай, алдыңғы буынның бақыты үшін қажыр-қайратымызбен еңбек етеміз деген сенімдемін. Барша ағайынды берекелі бірлікті көздің қарашығындай қорғап, татулық пен ынтымақ жолын жалғауға үлес қосуға шақырамын. Елімін аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі

ДЕПУТАТТАРДЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЫ!

«AMANAT» партиясы Созақ аудандық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысық мәслихат депутаттары Байғараев Бегімбет Биімбетұлы мен Тұрысбекова Мағауия Сексенбайұлы аудан тұрғындарын қабылдады.

Қабылдауға бірінші болып келген ауданның біршама зиялы қауым өкілдері Созақ ауылындағы тозығы жеткен №1 колледж жатақханасының құрлыс мәселесін көтеріп келді. Қазіргі таңда №1 кәсіптік колледж бен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы АҚ арасында меморандум жасалып сенімгерлік басқару келісімі жасалуда. Осы орайда кәсіптік колледждің жатақханасының құрылысысына бөлінген қаржы кері қайтарылған. Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Мағауия Сексенбайұлы аталған мәселе бойынша анықтау-талдау жұмыстарын жүргізіп мәселенің шешілуіне ықпал жасайтынын жеткізді.

Созақ ауылынан келген ауыл биінің «Қошқар ата» тоғанына жөндеу жұмыстарын жүргізуге және «Ағиық» өзенінен келер жолға латок қойған жағдайда Созақ ауылының шаруаларының егістік алқабына су жеткілікті болар еді деген ұсынысына Мағауия Сексенбайұлы «Ағиық» өзенінен келер жолға латок құрылысына нақты қажетті қаржыны есептетіп, негіздеме қаржыны ұсыныс арқылы жоспарға енгізу керек деді. Аталған мәселе бойынша Бегімбет Биімбетұлы алдағы уақытта Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқарма басшысына ұсыныс беретінін жеткізді.

Сонымен қатар, Созақ ауылы тұрғындары атынан келген зейнеткер Созақ ауылының халық санының артуына байланысты тағы да мектеп салуға ықпал жасасаңыздар деген ұсынысына облыстық мәслихат депуттаттары Созақ ауылының бас жоспарымен танысып, халық саны мен бала санын және 3 ауысымды мектеп оқушыларын анықтап ұсыныс беретіндерін жеткізді.

Жолдасының жүрек ауруына байланысты ота жасауға қаржылай көмек сұрап келген Жуантөбе ауылынан келген көп балалы әкеге Мағауия Сексенбайұлы өз есебінен жеке есеп счетына қаржы аударып берді.

Таукент кентінен келген жалғызбасты ананың «Шолаққорған-Су» КММ-не басқа ішкі қызметке қайта тұрақты жұмысқа орналасу мәселесі бойынша аудандық партия филиалының төрағасы Е.Сағындыққа тиісті жауапты мекемемен сөйлесу тапсырылды.

Таукент кентінен келген тұрғынының жеке мәселесін Мағауия Сексенбайұлы өз бақылауына алып, мәселенің шешілуіне ықпал жасады.

ТҮРКІСТАНДА ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ МЕДИАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысының еліміздің қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің қатысу аясын кеңейту, әйелдердің құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және инклюзивті қоғамды дамыту бойынша берген тапсырмаларының негізінде «AMANAT» партиясының жанынан Әйелдер қанаты құрылғаны белгілі. Қыз-келіншектер жұмыссыздығы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасыны әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша шешімдер қабылдауды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін мұндай құрылымдар республиканың барлық өңірлеріндегі партия филиалдарында ашылды.

Партия аясында белсенді әйелдердің басын қосып қана қоймай, әйел көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыруға, бүгінгі қоғамдағы әйелдер қауымы кезігіп отырған ортақ өзекті мәселелерді айқындап, оларды шешу жолдарын белгілеуге арналған Әйелдер қанатының республикалық І отырысы Парламент Мәжілісінің жіне партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қатысуымен өтті. Партияның Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының алғашқы форумы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналып, оның жұмысына партия филиалының басшылығы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және сот органдарының жауапты өкілдері, мекемелер мен ұйымдардың басшылары, аудан, қалалардағы белсенді әйел азаматтар қатысты.

Облыстық партия филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваның жетекшілігімен әйелдердің басын қосқан бұл ұйым, қысқа уақыт ішінде қоғамның дамуында өзіндік орны бар беделді алқалы органға айналды. Көктемгі су тасқыны кезінде Қалыйма Жантөреқызы Ақтөбеге жол тартып, зардап тартқан тұрғындардың жанынан табылды, облыс әйелдері атынан көмек қолын созды.

Облыстық Әйелдер қанатының ұйытқы болуымен өңіріміздің 3 ауданында «Кітап-AMANAT» рухани-ағартушылық орталықтары ашылып, зейінді ұрпақ, адал азамат тәрбиелеудің алғышарты түзілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзектілігін айқындауда «Қошқаратадағы қыз» деректі фильмінің түсірілуіне демеуші болып, оның көрсетілімдері аудан, қалаларда өткізілді.

Бәріне теңдей мүмкіндіктер беретін қоғам қалыптастыруда, мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Тең қоғам» инклюзивті спорт түрлерінен фестиваль ұйымдастырылып өткізілсе, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған арнайы оңалту орталығының құрылысын партиялық бағдарламаға енгізіп, салынуына ұйытқы болды. Халықаралық мүгедектерді қорғау күні аясында барлық аудан, қалаларда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналған іс-шаралар өтіп, әлеуметтік әділдікті іс жүзінде нығайтуға жәрдемші болуда.

Сондай-ақ облыстық Әйелдер қанатының белсенділері АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың құрамында қоғамның түрлі санаттарымен кездесулер, жаңа толқын жастармен жарқын жүздесулер, қызметкерлерінің басым бөлігі әйелдер болып табылатын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелеріндегі бастауыш партия ұйымдарында қоғамдық қабылдаулар өткізуді игі дәстүрге айналдырған.

Партияның облыстық филиалы Әйелдер қанатының осы санаттағы ізгілікті ісі бүгін Түркістан қаласында Әйелдер қанатының медиация орталығының ашылуымен жалғасын тапты. Қоғамдағы әйелдердің орнын белгілеп, Әділетті Қазақстанды құру ісіне нақты үлес болып отырған жаңа алаңда оңтүстіктегі әйел азаматтардың сұраныстары мен базыналарын тыңдауға, оларға құқықтық, психологиялық көмек беруге қолғабыс жасайтын қоғамдық қабылдаулар жүргізілетін болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасылық қатынаста әйелдерге қолдау көрсетуге, әйел азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемші болатын алаңның ашылуына Қалыйма Жантөреқызы қатысып, Әйелдер қанаты «AMANAT» партиясының қызметін сервистік моделде ілгерілетуге, қоғамда инклюзивті қатынастың орнығуына жәрдемші болып отырғанын жеткізді.

«Түркістан облысы еліміздегі ең халық саны көп өңірлердің бірі. Бізде 183 мыңнан астам көпбалалы отбасылар бар. Отбасы институтының беделін көтеруде әйелдер қауымының алар орны айрықша. Күнделікті өмірде, күйбең тіршілікте әрқилы проблемалар кездесіп жатады. Әйелдер қанатының медиация орталығымен бірлесе іске асырып жатқан жобасы әйелдердің проблемаларын тыңдауға, олардың ішкі әлеміне үңілуге жәрдем көрсетіледі. Мұндағы медиатор, психолог, заңгер мамандар әйелдер көтерген мәселелердің шешім табуына, құқықтық реттеу тетігін белгілеуге көмек көрсетіп, оларға психологиялық қолдау көрсетіп, өздерін бағалай білуге үйретеді», – деді Қалыйма Жантөррева.

Жобаның іске асуына қолдау көрсеткен заңгер-медиатор Айгерім Құдасова, Әйелдер қанатының медиация орталығы күнделікті жұмыс жүргізіп, қоғамдық қабылдауға келген қыз-келіншектерге жан-жақты көмек көрсететілетінін айтты. Орталықта тәжірибелі мамандар қызмет атқарып, келушілерге кәсіби құқықтық кеңестер берілетінін, психологиялық қолдау курстары ұйымдастырылатынын жеткізді.

ЖАРИЯЛЫ ЖҮЗДЕСУДЕ ДЕПУТАТТАР ҚЫЗМЕТІ ЖІКТЕЛДІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы өкілді билік тармақтарындағы өз мүшелерінің қоғам алдындағы есеп беру кездесулерін өткізуде. Партия филиалы ашып берген брифинг алаңына бұл жолы Түркістан облыстық мәслихатына Келес, Жетісай және Мақтарал аудандарынан сайланған депутаттар Жаңабай Ағабеков, Бахыт Басымбек, Ербол Ералиев, Талғат Қаржауов, Жарқынбек Қанаев, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов, Келес аудандық мәслихатының төрағасы Нұржан Шәулиев арнайы келіп, журналистер қойған саулдарға жауап берді.

Атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша хабарлама жасаған Келес аудандық мәслихатының төрағасы Нұржан Шәулиев 133 мыңнан астам халқы бар Келес ауданындағы депутаттық корпус 18 адамнан тұратынын, аудандық мәслихатта 5 тұрақты комиссия жұмыс жүргізетінін айтты. Биыл мәслихаттың 10 сессиясы өтіп, олардың қорытындысымен барлығы 73 шешім шығарылғанын тілге тиек етті. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында аудандық және ауылдық округтердің бюджеттерін нақтылау, аудан әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер енгізу, ауданның әкімшілік аумақтық құрылысы және жергілікті атқарушы органдардың есептерін тыңдау туралы мәселелер қаралғанын атап өтті.

Жергілікті мәслихат құрамы халықты толғандыратын проблемалар бойынша атқарушы мемлекеттік органдарға 57 депутаттық сауал жолдап, оның 50-і толықтай орындалғанын хабарлады. Депутаттық мандат иелері тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, инфрақұрылым, жер қатынастары, денсаулық сақтау салаларын, заң мен тәртіпті орнықтыру мәселелерін көтергені айтылды. Сондай-ақ аудандық мәслихат өзінің өкілеттілігіне сәйкес, жүмыс сессияларында аудандық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін қарастырғаны түсіндірілді.

Осы мазмұндағы хабарламаны жалғастырған Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов 104 елді мекеннен тұратын Жетісай ауданы өңіріміздегі халық саны ең көп аймақтың бірі екенін айтты. Ауданның әлеуметтік және экономикалық мiндеттерін орындауда мәслихаттың қызмет ауқымы кең екенін айта отырып, биыл аудандық мәслихат депутаттары 9 сессия өткізіп, аймақ тұрғындарының тыныс-тіршілігін қамтитын маңызды мәселелер бойынша 54 шешімнің қабылдануына ұйытқы болғанын мәлімдеді. Тұрақты комиссияларда аудан тұрғындарының тұрмыстық ахуалын жақсартуға тікелей қатысы бар міндеттер бойынша 45 мәселе қарастырылғанын жеткізді. Мәслихат қызметінің ашықтығын қамтуда және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдердің жариялылығын үйлестіруде мәслихат сессияларының отырыстары «Youtube» платформасындағы онлайн-көрсетілімдерін жүргізу, бейнежазбаларын сақтау қолға алынғанын атап өтті.

Мәслихат төрағасы ретінде мектеп құрылысы, ауыз су жүйелерін тарту, ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету, электр энергиясының сапасын көтеру, табиғи газбен қамту мәселелері бойынша 12 депутаттық сауал жолдағанын айтып, оның 11-і толықтай орындалғанын жеткізді. Ал ауданның депутаттық корпусы 107 депутаттық сауал жолдап, оның 98-і бойынша нақты шешім қабылдануына бастамашы болғанын атап өтті. Депутаттар көтерген сауалдар ауылшаруашылығы саласын дамыту, ауданда сайлау процесстерін жетілдіру, халықты жұмыспен қамту, интернет сапасын арттыру, инфрақұрылымдарды жаңарту, мектептер мен мәдениет үйінің және өрт сөндіру бекетінің құрылыстарын жүргізу, елді мекендерді абаттандыру, білім беру ісін жетілдіру, әлеуметтік қамсыздандыру шаралары, экология мәселелері, тағы басқа өзекті мәселелерді қамтығаны жария етілді.


Облыстық мәслихат депутаттарының есептері әрі қарай сұрақ-жауап форматында өтіп, масс-медиа өкілдері халық қалаулылары өкілдік ететін аудандардың өзекті мәселелерін көтерді. Қызу талқыға түскен мақта шаруашылығы бойынша қойылған сұрақтарға депутаттар мақтаның экономикаға беретін әсері мол екенін айтты. Бұл шаруашылық түрі экономиканың тұтас сегменттерін қамтуға қауқарлы деп бағалады. Рас, өндіріліп жатқан мақтаның, оның сатып алу құнын белгілеуде бірқатар қиындықтар бар екенін айта отырып, оларды еңсерудің жолдары да бар екенін білдірді. Биыл көп жылдардан бері алғаш мәрте облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен Жетісай, Мақтарал аудандарының дихандары ағын судан тапшылық көрмегендерін жеткізді. Мақташыларға қолдау айрықша болғанын атап өтті.

Ауылшаруашылығы саласына инвестиция тартудың маңызды екенін айтқан депутаттар, бұл бағытта да іргелі өзгерістер бар екеніне тоқталды. Аграрлық салаға қаржы бөлуге даяр шет елдік инвесторлардың үлесі артып жатқанын қуанарлық жағдай деп бағалады. Өңірімізде жеміс-жидек өсіру, қауын қақ даярлау технологияларын дамыту болашағы бар жобалар екенін мәлімдеді.

Еркін мазмұнда өткен жиында журналистер аудандардағы «Жайлы мектептердің» құрылысы, жұмыс күші тапшы солтүстік облыстарға облыс тұрғындарының көші-қонын ұйымдастыру, жергілікті футбол командасын қолдау бағытындағы депутат ұстанымы, көлік тығыны орын алып жатқан аймақтарда айналма жолдардың құрылысы, халықтың жерге байланысты сұраныстары, тұрғындармен тиімді кері байланыс арналарын түзу міндеттері, азаматтардың өзекті деген мәселелеріне байланысты депутаттық сауалдардың көтерілуі сынды мәселелер қозғалып, депутаттар тарапынан нақты жауаптар берілді.