Түркістан облысы, Төлеби ауданында қымыз құйғыш робот бар. Оның есімі – “Асылбек”. Кез келген адам аталмыш роботқа арнайы пластикалық картаны жақындатса «Асылбек» сөйлей бастайды. Содан кейін робот қымыздың шипалы қасиеті туралы мағлұмат береді. Осыдан соң, ыдысқа шөлді басатын пайдалы сусынды құйып береді. Ұлттық сусынды насихаттайтын бұл роботты
Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек жасаған. Оған ұстазы, информатика пәнінің мұғалімі Лаура Жақсыбекова көмек берген екен.
Жансұлтанда мұндай идея мектепте өткен роботтар көрмесі кезінде туындаған. «Асылбек» қазір оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, емдік қасиеті бар қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді.
“Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік,” – дейді Жансұлтан Төребек.
Оның қымыз құйғыш робот жобасы ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі орындарды иеленген.
«Масс медиа туралы» ҚР заң жобасы аясында журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жоспарланып отыр. Заң жобасында журналистердің жеңілдікпен пәтер алуы, ауруханаларда жеңілдіктер пайдалануы туралы нормалар бар.Бұл туралы Өңірлік мерзімді басылымдар форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді. Министрдің сөзінше, «Pressa» деген жазуы бар көлікті кез-келген жерге қою немесе мекемелерге кіру сияқты көптеген жеңілдіктер қарастырылмақ.
Тік Ток қосымшасындағы интерфейс тілін кез келген уақытта ауыстыруға болады. Ол үшін қосымшаның төменгі оң жақ бөлігіндегі «кескінді» басыңыз. Сол кезде сіздің жеке мәліметтеріңіз сақталатын парақша ашылады.
Баптауға өту үшін дәл осы парақшаның оң жақ жоғары тұсындағы үш сызықпен бейнеленген белгіні басуыңыз қажет. Содан кейін «параметрлер мен құпиялылық» бөліміне өтіп, одан «тіл» деген сілтемеге кіресіз. Дәл осы жерден қазақ тілін таңдауыңызға болады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың қазанында елордада Astana Media Week медиафорумы ұйымдастырылды. Осы іс-шараға қатысқан Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының басшысы Анастасия Панина қосымшаның қазақ тіліне аударылатынын растаған еді.
Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Келес ауданының “Құрметті азаматы” Асқар Мамырбаев елімізде боқтағандарға емес, керісінше тілі мен дәстүрін ұмытқандарға айыппұл салу керек деп есептейді. Бұл туралы ол өзінің фейсбук парашасында мәлімдеген.
“Боқтауға тиым салу- қазақты тағы бір дәстүрінен айыру! Оңтүстікте, жалпы қазақта інілерін жөнге салу үшін, жеңгелерге қарата зілсіз боқтау салты бар еді. Оған да айыппұл салынады ма?Салт, дәстүрлерімізді біртіндеп жою жүріп жатқан жоқ па? Одан да тілі мен дәстүрін ұмытқандарға салыңдар айыппұлды! Анық қазынаның жыртығын жамауға қаражат қажет болып жатса!” -деп жазба қалдырған Асқар Мамырбаев.
Бұл пікірді әлеуметтік желіде талқылап, қолдау білдіріп жатқандар да аз емес. Алайда белгілі сәулетшінің сөзін құп көрмегендер де кездеседі. Олардың қатарында бұған дейін облыстың құрылыс, сәулет басқармасында басшы қызметтерін атқарған Құттыбек Жамашевта бар.
Құттыбек Жамашев керісінше “Салттың тозғанын” ұмытсақ, ештеңе жоғалмайтынын жазған. Осылайша, “боқтауға” келгенде белгілі сәулетшілердің пікірі екіге бөлініп отыр. Айта кетейік, елімізде былапыт сөзге – 69 мың теңге айыппұл салу мәселесі қаралуда.