Архив рубрики: Өнер

Түркістан облысында 704 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді

Түркістан облысында қазіргі таңда жалпы 11 мәдениет нысаны салынып, 6-на күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 мәдени нысанның құрылысы мен 6 клубқа күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді.
«Облыс бойынша 704 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Оның 681-і аудан-қала әкімдіктеріне, 23-і мәдениет басқармасына қарасты. Одан бөлек, биыл 7 айда үш кәсіби театрда 183 спектакль қойылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 150 концерт және мәдени шаралар өткізілді. Ал басқармаға қарасты «Оңтүстікфильм» мекемесінде 137 бейнеролик, 38 әлеуметтік және деректі бейнефильм дайындалды.
Сонымен қатар, облыста қызмет көрсететін 24 музейге 225 472 адам келген. Соңғы жеті айда облыс кітапханаларында оқырмандар саны 279 646-ға жетті. Өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Өнерлі өлке», «Voice of Turan» сынды мәдени іс-шаралар биыл да өз жалғасын таппақ. Жыл сайын дәстүрге айналған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биылғы жылы да сәтті басталды»-деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, қыркүйек айында Астана қаласында өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облыс атынан тек спортшылар ғана емес, мәдениет майталмандары да өз өнерлерін көрсететін болады.

САЛТ ДӘСТҮРІМ- ТАУСЫЛМАЙТЫН БАЙЛЫҒЫМ!

Арыс қаласының білім бөліміне қарасты МҚКҚ “№11” Арыс бөбекжай- бақшасында бала-бақша әдіскері Турдалиева Гулжамалдың ұйымдастырыуымен тәрбиешілер арасында «Салт дәстүрім- таусылмайтын байлығым!» тақырыбында байқау өткізілген болатын. Байқаудың мақсаты: Қазақтың салт- дәстүрлері мен әдеп- ғұрпын насихаттау, топпен жұмыс істеу дағдысын, дамыту, ұлттық салт – дәстүр үлгісінде ұқыптылыққа, ұйымшылдыққа, жинақылыққа тәрбиелеу.

– Бүгінгі болашақ ұрпақ ертеңгі қоғамның иесі, сол қоғамның иелері халқымыздың тұрмыс қажеттілігінен туындаған ұлттық өнер мұраларын сақтап, сұрыптап, қазіргі уақытта сәнді етіп, ұлттық мәдениетімізді қолданбалы сәндік қолөнермен өркендету. Тәуелсіз мемлекетімізде ертеңгі ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениетіне, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне, іскерлігі мен кәсіби шеберлігіне байланысты фабрикалар шығаратын бұйымдарға қарағанда халық шеберлері жасаған бұйымдар жоғары бағалануда. Қазіргі кезде жаңа өмір өзінің жаңа талаптарын қойып отыр. Оның міндеті өнердің бұрынғы келбетін бүгінгі күнге табиғи етіп жаңарту. Бүгініміз бен келешегімізді нәрлі қайнарына айналдыру әрқайсымыздың борышымыз.

Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Сан алуан түрлі қолөнер бұйымдар әсемдігі, өрнегі тұрмысқа мән берумен адамдарға рухани ләззат әкелген. Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі – түсті ою – өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым – қатынасын, көңіл – күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады.Қолөнер шеберлері табиғат сұлулығын өнер туындыларын арқау еткен. Өнер туындыларының бет бедеріне ширатыла түскен ғажайып өрнектер өзгеше бір тілмен ақтарыла сыр шерткендей.  Қазақ қолөнерінің түрі, сапасы, өрнегі, бояуының өмірге келуі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Шебердің келуі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар күнделікті тіршілікпен қатар сол заманның ортақ қолөнер мәдениетінің баға жетпес үлгісі. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап тапты. Өз ұрпағының “сегіз қырлы, бір сырлы”өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата – анамыз өз бойындағы бар асыл қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа үйретіп келген. – дейді әдіскер Турдалиева Гулжамал.

Байқаудың негізгі кезеңдері:

1.Қатысушылардың өзін-өзі таныстыру,

2.Қолөнер,

3.Салт дәстүрді білесіңбе? деген сұрақ-жауап түріндегі бағыттардан тұрды.

Бұл үшінші кезеңде халықтық педагогиканы негізге ала отырып, қатысушылардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру ұстанымы маңызды рөл атқарды.

«- Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт – дәстүрі, тілі болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз де ананың ақ сүтінен, әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі – өзіміздің қазақ халқы. Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт – дәстүр, әдет – ғұрып үлгілері мен өнегелерінің үлгілерін тамашалап көрелік.» – деген әділ қазылар алқасы қатысушылардың ұлттық дәстүрлер бойынша баяндамаларын тыңдады.

Бірінші «Шаңырақ» төбының мүшелері қазақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенін жеткізіп, оған қатысты салт-дәстүрлерді атап өтті.

 «Шілдехана халықтың ескі сенімінде жаңа туған нәрестені жалғыз қалдырса, әртүрлі «жын – шайтан», «перілердің» салқыны соғуы мүмкін. Сондықтан да одан оны қорғау үшін сәби дүниеге келген күні кешкілік ауыл жастары шілдеханаға жиналып, ән айтып, күй тартады. Қыз – келіншектер мен бозбалалар айтысып, жеңгендері тоғызын алып, әртүрлі ойындар өткізіледі. Кейде шілдехана үш күнге созылады. Шілдеханаға жастар жиналады. Оған үлкендер бата беру үшін ғана келеді. Шілдехана тойында жаңа босанған әйел үшін қалжаға сойылған малдың еті ортаға келгенде жөн білетін бір кісі омыртқаны қолына алып, оның етінен әйелдердің бәріне ауыз тигіздіртіп, әбден мүжіп, тазартады да, сүйекті тобылғыға тізіп, үй ішіндегі биік жерге іліп қояды. Мұнысы – баланың мойны тез бекісін деген ырым.

Бесік жыры — тұрмыс – салт жырларының көне түрінің бірі. Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным – сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының бесік жырылары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз – әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни 1 — 5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен – сазсыз Бесік жырының мәні де, сәні де келмейді. Қазақ Бесік жырының үлгілерін алғаш Ә. Диваев хатқа түсіріп, 1905 ж. жариялаған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық хатқа түсе қойған жоқ.» – деп жауап берді «Шаңырақ» тобының мүшелері

Сондай-ақ, «Асыл мұра» тобының мүшелері бала тәрбиесіндегі қазақ халқының ұстанымдарын айтып, бірқатар әдет-ғұрыптардың маңыздылығына тоқталды.

«Бала дүниеге келгенде әр саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Есімін атау (ат қою) – бұл рәсім ұлағатты кісіге жүктеледі. Қазақ аттарының көптігі басқа халықтардан ерекшелігі. Қыз балалардың есімдері олардың көркемдігі. Ат қою «көз тимесін» деген оймен қойылады. Ат таңдалғаннан кейін баланың құлағына 3 қайтара айтылады.

Бесікке салу – бұл кішігірім той ретінде өтеді. Келушілер тарту, шашу, жоралғыларыналып келеді, бесікке салу немесе бөлеу тәжірибелі әжеге немесе анаға жүктеледі. Бесікті түбегімен, жабдығымен кіндік шеше алып келеді, сумен бала шыланады, ыдыстары отырғандарға таратылып беріледі. Баланың «ит көйлегі» жүгіртіледі, яғни тәтті дәм толтырылған кішкене дорба иттің мойынына көйлегімен байланады да жүгіртіледі, соңынан қуып жеткен бала дорбаға ие болады. Бесіктің түбегі орналасқан жерден кішкене бұршақ тәрізді тоқаштар өткізіліп, оны «тыштырма» деп айтады. Осы жерде жиналған аналар бесік жырларын айтады.
Бесік жырының сөздері естияр балалардың ой-қиялына жыр етіп, ананың мейір-шапағатын арттырады. Ондай отты жырларды балалар да жаттап алу керек.

Тұсау кесер – бір жасқа толып еркін жүре бастаған бал бөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей жақсы жүріп кетуіне тілек білдіру салтанаты ретінде өтеді. Бөбектің тұсауын ата-ананың қалауы кеседі. Тұсауы кесілген баланы «Ақ жол болсын» деп ақ орамалдың үстімен немесе жұмсақ болсын деп кілем үстімен жүргізеді.

«Қой басты» дәстүрі дегеніміз қандай дәстүр?                                                             

Ауылда киіз басу – ауыр жұмыстардың бірі болған. Алдымен жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде “қой басты-қой басты” деп айқайлайды. Мұны естіген үйдегі әйелдер киіз басушыларға бауырсақ, қымыз, құрт береді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ата-бабаларымыз ұл-қыздарын жасынан бастап сан алуан іс-әрекетпен, жауапкершілікті талап ететін еңбекпен тәрбиеленген. Ер баланы бес жасынан тай жалын тартып мінуге жарағаннан бастап, оны қолғанат деп есептеген. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деп халқымыз ер баланы төрт түлік малды бағып-күтуге, жер қыртысын, өсімдік түрлерін білуге, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап бағыт-бағдарды белгілеп, қоныс-суды дәл табуға үйреткен» – дейді байқауға қатысушылар.

Сонымен қатар, «Салт дәстүрім- таусылмайтын байлығым!» тақырыбымен ұйымдастырылған байқауда үй тапсырмасы, ас мәзірі, сөйлемнен сөз құрау деген кезеңдер де болды. Балабақша тәрбиешілерінен құрылған «Шаңырақ» және «Асыл мұра» топтары байқау кезеңдері бойынша тапсырмаларды жоғарғы деңгейде орындай білді. Үй тапсырмасы кезеңінде екі топ қатысушылары да ұмыт қалған салт дәстүрлерді жаңартып “Шаңырақ” тобы “Танабау” салт дәстүрін, “Асыл мұра” тобы ” Ұрын бару” салт дәстүрін көрсетті. Ал, әділ қазы алқалары әр кезеңге ұпай сандарын беріп отырды. Байқау өз дәрежесінде өткізіліп, әділ қазы алқалары екі топты да тең бағалап мақтау қағазымен марапаттады.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері (2-бөлім)

Некеге құруға байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

Қазақтарда жеті атаға толмаған туыстар арасында неке қиюға қатаң тыйым салынған, мұндай тыйым салу қандас-туысқандық араласулардың алдын алуға ықпал етеді және соның салдарынан болашақ ұрпақтардың денсаулығына жағымды әсер етеді. Қазақ қоғамындағы кез-келген үйлену тойы құда түсуден басталады. Құдалық дегеніміз екі отбасының туыстық қатынасқа апаратын маңызды қадам, ал жалпы қазақ халқы үшін бұл маңызды дәстүр болып есептеледі. Бұрынғы заманда екі отбасының құдаласуы үкі тағу салтыннан басталатын. Үкі тағу – керек болса бесікте жатқан қызға да (егерде қызды атастырып қойса) тағылатын. Үкі тағылған қыз – қыздың басы бос емес екенің білдіреді.Үкі тағу үшін қыздың үйіне, жігіт жақтан 4-5 адам барады. Қызға үкі тағылғаннан кейін, екі жақ келісімге келіп, құдалықтың нақты уақыты анықталады. Бұрын қызға үкі тағылса, қазіргі кезде қызға сырға тағылады. Қыз айыттырылғаннан кейін, екі жақ үшін маңызды сәт – құдалық басталады. Қыз жақтан құдалыққа 7 адам барады. Қазіргі кезде құдалыққа баратын адамдардың саны көбейіп кеткен. Бұрыңғы кезде құдалыққа көп адамның баруы әдепсіздік болып есептелетін. Құдалықта ең беделді адамды – бас құда деп атайтын. Жігіттің әкесі бел құда болып есептеледі. Жігіт жағындағы аға інілері, омыртқа құда деп аталады.Әйел адамдардың жасы үлкені құдағи болса, жасы кішілері құдаша болады. Қыз бен жігіттің інілері құда бала болады. Екі жақ жиналғаннан кейін құдалықтың кәделері басталады. Кәде дегеніміз арнайы жасалатын дәстүрлердің жиынтығы Бірінші кәде «Киіт кигізу», құдалардың бір біріне құрмет ретінде, киім және т.б. қымбат бұйымдар сыйлауы. Екінші жасалатын кәде «Өлі-тірі». Өлі-тірі дегеніміз әруақтартардың ризашылығына сойылатын мал. Екі жақтың туыстық қарым қатынасы ұзақ болуы үшін, өлілердің алдында және тірілердің алдында ант береміз деп мал сояды. Кейін сойылған малдың еті құдалардың арасында тарқатылады.

Құйрық бауыр асату – қазақ халқында ежелден бері келе жатқан дәстүрлердің бірі. Дәстүрдің өзіне тән орындалу шарттары бар. Тойға келген құдаларға жасы үлкенінен бастап құйрық бауыр асатады. Ас – қойдың құйрық майы мен бауырынан дайындалады. Арнайы құдаларға арнап сойылған қойдың майы мен бауырды қонақтарға арнап пісіріп, жұқа тілімдеп кесіп әзірлейді. «Бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп құйрық бауырды қалыңдық пен күйеу жігіттің жеңгелері келген құдаларға әндетіп жүріп кезекпен өз қолдарымен асатады. Келген басқа қонақтар (мысалы, жігіт жақтың тойына келген қыздың туыстары) астан ауыз тиеді. Жеңгейлердің құйрық бауыр салынған табақшаларын бос қайтармас үшін, құйрық бауырдан дәм татқан әрбір қонақ оларға ырым жасап өз кәделерін береді. Бүгінгі күні ол ақшалай түрде беріледі. Бұл жаңа таныс болып жатқан туыстардың арасын жақындату мақсатындағы ырымдардың бірі. Құйрық бауыр асату құдалық, той кезінде жасалатын басты әрі маңызды дәстүрлердің бірі және ол тек қазаққа тән. Сондықтан да, халық арасында «құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген сөз қалған. Қыз ұзату – ертеден келе жатқан екі елдің арасындағы байланыс болар ер адам мен әйел адамның ағайын мен халықтың алдында бата алып, отау құруға бастау болар салт-дәстүр. Қыз ұзату дәстүрі осы сөйлеммен шектелмейді. Қыз баланы болашақ жарына аттандыру үшін, бірнеше міндеттелген делік ұғымдар мен сатыдан тұрады. Келін түсіру қазақ халқының маңызды дәстүрі болып саналады.Ал отбасын құрғысы келетін жастар үшін бұл маңызды қадам болып есептеледі. Бұрынғы заманда келін түсіру дәстүріне бүкіл ауыл қатысқан.Үлкен жиын болған. Келінге арнайы шашу шашылған. Ауыл тұрғындары келінге, отау тіккен. Шаңырақты бала шағалы, балалары ер жетіп өскен, салиқалы ана көтеру керек. Келін ауылға келгеннен кейін, оның бетіне шымылдық жабылады. Одан кейін түрін ешкімге көрсетпей, қайын атасынының үйіне кіргізеді. Келін үйдің босағасын оң аяғымен аттауы керек. Кейін атасына сәлем береді.Сәлем беріп болғаннан кейін, атасы келінге батасын береді. Атасы батасын бергеннен соң, келін отқа май құяды. Бұл да қазақтың ерекше ырымы. Бұл ырымның жасалуы – «Жаңадан түскен келін, үйге майдай сіңіп кетсін» деп құйғызады.Сосын келінді арнайы тігілген ақ отауға кіргізіп, оған шашу шашады. Беташар дегеніміз келін түскенде жасалатын арнайы дәстүр. Келінің бетіне орамал жабылып, оның жеңгелері тігілген отаудан алып шығады. Сосын арнайы шақырылған жырау келеді. Жырау беташарға келген күйеу жігіттің жақын, алыс болған туыстарын, ұйқастап шумақтап атап шығады. Аттары аталған туыстар келінге сый ретінде ақша, мал мүлік береді. Бұл да отбасы құрайын деп жатқан жастарға, үлкен көмек болып есептеледі. Себебі қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақал бар. Екі жастың үй болуын, жеңілдету мақсатында туыстары сыйлық береді. Бұдан кейін беташардың екінші бөлімі басталады. Екінші бөлімінде жаңадан түскен келіннің үй шаруашылығындағы міндеті, атқаратын жұмысы, өзінің туыстарымен қарымқатынасын, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, үлкендерді, жолдас-жораны, қонақты сыйлауы сөз болады. Әдепті, сыпайы бол, өсек таратпа, өзінен үлкен болған адамдарды сыйла, ерінбей үйдегі жұмыстарды жаса деген сияқты өсиеттер айтылады. Беташар айтылып болған соң, жыршыға ат міңгізіп, үстіне шапан жауып жібереді. Беташар біткеннен кейін той басталады.

 

Қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрыптары

Туған жерге аунату – Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Бұл – туған жерінен ұзақ уақыт бойы алыс тұрған адам отанына оралғаннан кейін жерге «аунайтын» дәстүр. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден «Сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік қарызыңды өте» деген мағынада. Екінші «Туған жер ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де халықтың осы бір әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім – сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес. Аузына түкірту – Аты аңызға айналған, ел таныған ақындар мен шешендер, дуалы ауыз билер мен ақсақалдарға сәбидің аузына түкіртіп алу ежелгі дәстүрлі ырымдардың бірі. Бұл сенім ырымы болғандықтан ел ішінде әлі де жасалады және жиі айтылады. Оның орындалуы, ишара түрінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Халқымыздың ырымы және сенімі бойынша жоғарыда аталған адамдардың қасиеті мен өнері сәбилер мен жас балаларға қонады деген түсінік болған.

Ашамайға мінгізу – Қазақ салтында сәбилер балалық шақтың бірінші сатысына жеткен кезде ер бала мен қыз бала ретінде алғаш рет жыныстық жағынан жіктеледі: қыз балаға тұлым қою, құлақ тесу рәсімдері өткізіліп, қызша киіндіріледі. Сондай-ақ, ер балаларды сүндетке отырғызып, айдар қойған, соның ішінде алғаш рет жеке атқа мінгізу рәсімін өткізген. Бұрыңғы заманда еркек адамдар, өмірлерінің басым бөлігін аттың үстінде өткізетін. Сол себептен, баланы ашамайға міңгізудің мәні зор. Себебі бұл дәстүр жас балаларды атқа мініп, нағыз еркек, ересек болуға үйрететін. Ал бұрынғы заманда атқа міне алмаған бала, болашақта еркек деген атқа лайық болмайтын. Сол үшін барлық ата – анаға, осы ғұрыпты істеу міндет болатын.

Бастанғы – қазақ халқының көне дәстүрі. Бір шаңырақтың үлкендері бір себептермен сапарға шығып кеткен кезде, сол шаңыраққа ауылдың жастары жиналады. Бастаңғыны шаңырақтың бойжеткені ұйымдастыруы керек. Бойжеткен алдын ала әке шешесінен рұқсат сұрауы керек. Рұқсат берген жағдайда ғана, бастаңғыны ұйымдастыруға болады. Бастаңғы болатынын білген қыздың ата-анасы мал дайындап қояды. Бастаңғыға келген ауыл жастары өздерімен бірге сарқыт, тамақ алып келеді. Осы жиынға өнерпаздар да келетін. Келген жігіттер қой сояды, қыздар болса дастархан жаяды. Мал сойылып, дастархан жайылып болғаннан соң, барлығы дастарханның басына жиналады. Дастарханға жиналған жастар ән айтады, ойын ойнайды. Ойындардың ішінде алтыбақан, ақсүйек жиі ойналады. Осы ойындар көбінесе түнде ойналған. Алтыбақанға әдетте бір біріне сезімін білдіргісі келген қыз бен жігіт жұптасып тұратын. Олар алтыбақанды тербетіп, бір біріне жырларын, сырларын айтады. Өнерпаздар домбырамен өлең айтатын. Оларға сыйлық ретінде үстілеріне шапан жабатын. Бастаңғы қызық болу үшін жастар ән-айтыс жасаған. Өлең айтып, айтысып болғаннан соң, қызықты оқиғалар айтып, әдептін шегінен шықпай әзілдескен. Түнде басталған бастаңғы, таңға дейін жалғасатын. Жиналғандар бір бірлеріне қисса, дастандар айтатын. Таңға жақын жастардың жиыны аяқталатын. Бұрыңғы кезде қазақтың жастары, осылайша бос уақыттарын өткізетін.

ТҮРКІСТАН ОАЗИСІНДЕГІ ЕРТЕ ЕЖЕЛГІ ДӘУІРДІҢ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

–  Түркістан өңірі адамзаттың ең ерте қоныстанған аймақтарының бірі саналады. Біздің дәуірімізге дейінгі 500 мыңыншы жылдардан бастап адамдар мекен еткен аймақта, отырықшылық мәдениеті де сөзсіз ерте қалыптасты деп айтамыз. Түркістан аймағында қызмет атқар­ған археологтар бұл өңірдің тарихы те­рең­де жатқанын дәлелдеп берген. Түр­­кістан қаласының айналасындағы Шоқ­­­тас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерт­­­кіштері бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.

Енді,  Түркістан оазисіндегі ерте ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштері (б.з.д. ҮІ – б.з.д. І ғғ.) туралы қысқаша ақпарат беріп өтуді жөн көрдік:

  1. Қарашық төбе І Ақтөбе қалашығы, б.з.д. ҮІ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
  2. Қарашық төбе IІ қалашығы, б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан.
  3. Қарашық төбе ІІІ қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІІ – б.з. ІҮғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 9 шақырым жерде орналасқан.
  4. Қазтөбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстік шығысына қарай 13 шақырым жерде орналасқан.
  5. Мейрам төбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
  6. Шаштөбе қалашығы, б.з.д. Ү – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 29 шақырым жерде орналасқан.
  7. Бершін қалашығы, б.з.д.Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан.
  8. Ақтөбе (Ибата) қалашығы, б.з.д. ІІІ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
  9. Көксарай І қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
  10. Құлан төбе қалашығы, б.з.д.ІІ-І – б.з. ІҮ-ҮІІІғғ. Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.

 

 

Бұл қалаларға зерттеу жүргізген археологиялық экспедициялар:

– 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.Ақышев) Қарашық төбе І, ІІ, ІІІ, Шаштөбе, Бершін төбе, Ақтөбе (Ибата) қалашықтарына алғашқы зерттеу жүргізеді. Қалашықтардың координаттары нақтыланып, өмір сүру кезеңдері белгіленеді.

– 1998 жылы ХҚТУ-нің археологиялық экспедициясы (М.Елеуов, Д.Ф.Винник). Қазтөбе қалашығына археологиялық зерттеу жүргізген.

– 1998-2003 жж. Түркістан Археологиялық Экспедициясы (М.Тұяқбаев) 1998 жылдан бастап археолог Марат Тұяқбаев басшылық жасаған экспедиция ерте ежелгі дәуірге жататын барлық қалаларға археологиялық зерттеулер жүргізді. Оның ішінде Мейрамтөбе, Көксарай І, Құлан төбе қалашықтарына алғаш болып археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіш туралы алғашқы деректерді ғылыми айналымға ұсынды.

0,5 гектардан 6 гектарға дейінгі өлшемдегі ерте ежелгі дәуір қалаларының сызбаларын түсіріп, археологиялық ескерткіштердің датировкасын нақтылады.

Қорыта айтқанда Түркістан оазисіндегі ежелгі ерте дәуір ескерткіштері отырықшылықтың дамуы мен қала мәдениетінің қалыптасуының алғашқы кезеңі саналады. Және б.з.д. Ү ғасырда пайда болған қалалардың тек кішігірім қоныстар емес, сонымен қатар өзіне тән цитадель, шахарістан бөліктерінің болуы Түркістан өңірінің үлкен өркениет ошағы болғанын айғақтай түседі.

 

А.Тұрсынов – Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің инспекторы.

 

 

–  Түркістан өңіріндегі қалалық мәде­ниет­тің көне тарихы да осы кезеңмен байла­нысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасыр­дың ортасына қарай Ресейдің қазақ саха­расындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты Шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жа­ғы­нан барлығынан да алда екенін айт­қа­нымыз жөн; себебі Түркістан қа­ла­сы татарлардың тарихи шығар­ма­ла­рында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тара­ған. Оренборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің неме­ре­лері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қала­лар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түр­кістан билігіне қарап тұрған. Осы ай­мақ­ты олар ескі заманда Яссы деген атау­мен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың бар­лығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».

Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғарғы қабаттарында жасалып жатқан архео­логиялық қазбалар біздің жыл сана­уымызға дейінгі бірталай уақыт мөл­шерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оң­түс­­­тікке қарай 350 метр жерде. Биік­ті­гі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары қатар жүргізілуде. Біздің ойы­мыз­ша Күлтөбе қорғанының төменгі қабат­тары қазіргі жыл санауымызға де­йін­гі екінші, тіпті үшінші мыңдық жыл­дыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.И.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының ірге­­­­­­­­сі б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұл­тан күмбезіне таяу орналасқан қа­сиет­ті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшы­ла­ры­ның бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.

Түркістан қаласының солтүстік-баты­сына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөк­терінде Қарнақ аталатын көне қа­ла­­­шық тарихы да бізді көне заман­ға же­телейді. Кезінде бұл жерде А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Е.И.Агеева сияқ­ты археологтар қазба жұмыстарын жүр­гізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.

 

Түркістан аймағында «нақ» жалға­уы­мен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сы­ғанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жү­й­нек) қалашықтары кездеседі. Түр­­кістан аймағында «жеті нақ өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шап­­қанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жер асты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шы­ғысқа қарай» деген сөзді кездес­тіреміз. Сонымен нақ сөзінің көне мағы­насын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қара­тауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» бол­са керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заман­нан бергі атауы. Ең бастысы біз осы атау­дың этимологиясын іздеу бары­сын­­да Францияның батыс аймағы Бре­тань­да орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қар­нақ ғибадатханасының тарихы өзі­міз­дің Түркістан алқабымен, қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланыс­ты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңі­рі­нен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.

Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрия­ны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз.

 

Жамбыл Артықбаев – Профессор

Түркістандық аналар ою-өрнек өнерін насихаттауда

Түркістандық аналар қазақ халқының сөнбес мұрасы болып, ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып, ұзақ жылдар өзіндік тарихымен мәдени қол өнері болып қалыптасқан, далалық өркениеттің белгісі болған ою-өрнек өнерін кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Жалпы қазақ халқы мол байлығымен республика жерінде ескіден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді, салтты өркендетуші, ары қарай жаңғыртып, байытушы деуге болады. Ата-бабамыздың қолөнер мұраларын жақсарту – қазіргі заман жастарының ісі және осындай игі істер жарасымды жалғасын тапса, ұлттық өнер өркендей түсетіні анық. Ал, осындай өнегелі шараларды Түркістан облысының ақ жаулықты аналары қолға алып, кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Солардың бірі – Төлеби аудандық аналар кеңесінің төрайымы Рахишова Айдаркүл Айтбайқызы. Асыл анамыз өңір жастарына үлгі болсын деген мақсатта салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттайтын игі шараларға бастамашы болып жүр. Бұған дейін домбыра күнінде ұлттық аспаптың қадір-қасиетін жас өрендерге дәріптесе, одан бөлек бесік жыры, тұсау кесер, қыз тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар бойынша түрлі жиындар өткізіп, аналар ақыл-кеңестерімен бөліскен. Ал, жақын күндері кеңес төрайымы Төлеби ауданында жастарға қазақтың ою-өрнектері туралы насихаттап, Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі ұлттық өнердің керемет сырларымен бөлісті.

 

– «Қазақ халқы «өнер алды-қызыл тіл» дейді емес пе? Бірақ тілден бұрын, сурет өнері пайда болған секілді. Себебі, сонау тас ғасырынан адам баласы таңбалы тастарға өзінің ойын дәл осы ою-өрнектермен жеткізген десек болады. Ал, тіпті ұлт болып қалыптаспай тұрғанның өзінде ою-өрнектің тілі қазіргі біздің ою-өрнектің тілімен бірдей болып тұрғандығы Ұлы далада мекен еткен ұлттың мәдениеті мен руханияты қандай деңгейде болғандығын көрсетеді. Жалпы, ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қазақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді.Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатыр. Қазақ көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ барлық қошқар мүйіз өрнектерін де ою дейді. Ал өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан, ою-өрнек деп қосарланып айтылады. Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнердің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны – ою-өрнек. Қазақ халқында түзу және ойқастыра тоқу тәсілдері көп қолданылады. Ал, түркі халықтарының қолтаңбаларында өрнексіз заттың мәні жоқ. Жалпы қазақ халқы ою-өрнекті қадір тұтқан. Бас киімдегі ою-өрнекке қарап, қай ұлттың ұрпағы екенін таныған, кімнің қазақ, кімнің ұйғыр, татар екенін білген екен. Қырғыздарда «қошқар мүйіз», «тұмар», «теке мүйіз», ұйғырларда «бадам», «шәдә», өзбектерде «пахта гүл», «бадам» деп аталады.

Мен, өзім Қазақстан халқы Ассамлеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы болғандықтан, түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерінде жақсы білемін. Ал,қазақтардың оюын сипатына қарай теңдеме, жүздеме, сыңар ою деп үш топқа бөледі. Қазақтар өздері жасаған ою-өрнектің атауын таба білген. Осы атауларды олар өз тіршілігіне лайықты қолдана түскен. Әрбір тарихи кезең өзіндік ою-өрнектермен ерекшеленген. Ескіден келе жатырған мешіт, күмбез ою-өрнексіз жүзеге аспаған. Қазақ ою-өрнегінің табиғаты халық өнерінің тарихын, өмір тіршілігінің сұлулығын және әсемдігін айқындайды.

«Мүйіз» оюы қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деуге болады. Мысалы: «қошқармүйіз», «арқармүйіз», «бүғымүйіз», «қырықмүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «төртқұлақ», «түйетабан», «сыңарөкше», «қосалқа», «қүсқанаты», «қаз-табан». Біздің қолөнер шеберлері осы түрлерін ұтымды пайдаланып келеді. Қазақ оюларының мазмұны мал өсіру, аңшылықты жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін тұспалдайды, бірақ қолөнер саласындағы қай бұйымды алсақ та, сол заттың бетінде түрлі нүсқада бейнеленген «мүйіз» элементін байқаймыз. Әрбір оюшы ою-өрнек жасап, оған ат беріп, оны тұрмыста қолданған. Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, әртүрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер. Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешекке қолданылады.

Сондай-ақ, ою-өрнек бойынша, бірқатарын атап өткенді жөн санап отырмын. Халқымыздың мұндай құндылығын әрбіріміз білуіміз керек. Мысалы:  «Тоғызтөбе» ою-өрнегі ең көне оюлардың бірі болып саналады. Бұл өрнек қимақтар мен қарлұқтардың қолөнерінде сақталған және кезінде «тоғыз-төбе» ою-өрнегі Айша-бибі күмбезінің кірпіштерін өрнектеу үшін қолданған. Ал қазіргі кезде қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ қолөнерінде кездеседі. «Арқармүйіз» деп аталатын ою-өрнек қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді.  «Сыңармүйіз» «қосмүйіз», «қошқармүйіз» деп аталатын оюдың тек бір жақ сыңарын ғана бейнелейтін өрнек түрі. Шебер орналастырылған «сыңармүйіз» өрнек композициясында дараланып тұрмай, жымдасып келеді, үй-жиһаздары мен тұрмыстық заттарға, сондай-ақ киім-кешек, қару-жарақ т.б. бетіне салынатын ою-өрнектің бәрінде кездеседі және текемет, сырмақты әшекейлейтін, жиегіне жүргізілетін өрнектің бір түрі.

«Қошқармүйіз» ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмақ, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек түрінде де тігіледі. «Қырықмүйіз» ою-өрнегі біріне-бірі жалғаса, тармақтала қосылған, көп мүйізден құралған ою-өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төрт-бүрыш ішінде бейнеленеді, кейде бұтақтың ағашы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады. «Сынықмүйіз« морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әртүрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне үқсайды.

«Төртқұлақ» ою-өрнегінің төрт тармағы зооморфты немесе көгеніс оюларынан құралған, ортасы крест бейнесін жасайды. Төрт тармақтан дөңгелек, «төртбұрыш», «төртжапырақ» құрайтын ою-өрнектер жасалады. Бұл оюлар, кебеже, жүк-аяқ, аяққап, батырлардың шапанының жауырынына, қалқанға, шалбардың тізе тұсына, дөдегенің ортасына немесе шет бүрыштарына салынады.  «Түйемойын« ою-өрнегі түйенің мойнына ұқсап иіле көтеріліп барып тармақталатын мүйіз оюы. Мұндай өрнек мәнері көбінесе күрделі бір мүйіз оюларымен түтас келеді де,»түйемойын» өрнегі сол топта өз алдына оқшауланып өзге денелерден озып тұратын түйенің ұзын мойнына ұқсайды. «Өркеш» ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмақ, текемет, түскиіздерге салы­натын ою-өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе-теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке-бірліктің, көбеюдің символын білдіреді. «Айыр» ою-өрнегі «ашатұяқ», «айыртұяқ» өрнегі кейде «айыр» өрнегі деп те аталады. Пішен ашалайтын айыр құралға ұқсас болып келеді. «Каңқа» ою-өрнегі тоқыма бұйымдарында қолданылады. Малдың құрап қалған сүйегін тұспалдайды. Алаша, басқұр бау т.б. тоқыма бұйымдар негізінде өрнек ретінде салынды.

Қорта айтқанда ою-өрнек – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, шуақты шақ, арайлы кезең, жарқын әлем, көңілге шабыт, шаттық ұялатады, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы ою ойған адамның жүрегі жылы, жаны нәзік болады. Бұл мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық қоңыр ою-өрнектерімізді, кәзіргі жаһандық заманда аман сақтап, жастарымыздың бойына ұялата білу біздің парызымыз.

 

Айдаркүл АЙТБАЙҚЫЗЫ  – Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы

Төлеби: Этнос жастары арасында ұлттық өнер насихатталды

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің 2024 жылғы бекітілген жылдық жоспарына сәйкес, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында этнос жастарының қатысуымен ұлттық ою өрнек сайысын ұйымдастырып, өткізді. Аталмыш сайысқа аудандық этнос жастары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова және кеңес мүшелері, балабақша қызметкерлері мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психолог маманы М.Оразбай қатысты. Аналар кеңесінің төрайымы ою-өрнек – ежелгі халық өнерінің бір түрі екенін және  бұл өнердің бастаулары ежелден бері келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ою-өрнектердің түрлеріне тоқталып, сайысқа қатысушыларға ұлттық құндылықты насихаттай білді.

«Қазақ даласында ою-өрнектер әртүрлі бағыттарда жетілген екен. Қазақстанның әртүрлі өңірлері өздерінің ерекшеліктерімен, оларға тән ою-өрнектермен, олардың өзіндік көріністерімен ерекшеленіп тұрады. Бірақ соған қарамастан, барлық ою-өрнектердің негізгі түрлері мүйізге ұқсас, доға тәрізді желілерде басым болған «Мүйіз» ою-өрнегі болып есептеледі. Қазақ халқының дәстүрлі бұйымдарында: қару өнерінде, киіз үйлерді жинауда, зергерлік бұйымдарда, кілем тоқуда, алаша өргенде, жүн бұйымдарында, қоржындарда, ыдыстарда, өру, тігу әдісімен дайындалатын киімдерде,  пұшпақ тіккенде, ерітуде, кесуде ою-өрнектермен әшекейлеу кеңінен қолданылған. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Кейбір ғалымдардың айтуынша, қазақ ұлттық ою-өрнектерінің 230-дай түрі анықталған екен. Солардың ішіндегі халық арасында ең көп тараған «мүйіз» тектес ою-өрнекті айтуға болады. «Мүйіз» оюы қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деуге болады, өйткені барлық жаңа элементтер соның негізінде жасалып, тек атаула­ры ғана өзгеріп отырған. Мысалы: «қошқар мүйіз», «арқар мүйіз», «бұғы мүйіз», «қырық мүйіз», «қос мүйіз», «сыңар мүйіз», «сынық мүйіз», «төрт құлақ», «түйе табан», «сыңар өкше», «қос алқа», «құс қанаты», «қаз-табан». Колөнер шеберлері осы элементтердің сан түрлі композициясын жасап, бұйымдарға ұтымды пайдаланып келеді. Қазақ оюларының мазмұны мал өсіру, аңшылықты жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін тұспалдайды, бірақ қолөнер саласындағы қай бұйымды алсақ та, сол заттың бетінде түрлі нұсқада бейнеленген «мүйіз» элементін байқаймыз. Әрбір оюшы ою-өрнек  жасап, оған  ат  беріп, оны тұрмыста қолданған.  Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, әртүрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер. Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешек, құрылысқа қолданылады. Халық шеберлері мүйіз өрнегінен сан қилы мәнерлермен құбылта, бір элементке екінші, үшінші элементтерді қосып, молықтырады да, қүлпырған әдемі де мазмұнды композиция жасайды. «Мүйіз» тектес ою-өрнектердің негізі қойдың, арқардың, ешкінің, сиырдың, бұланның, бұғының, қодастың, еліктің мүйіздерін тұспалдаудан пайда болған. Шеберлер жаңа ою-өрнектерді тұрмыс тіршілігіне өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап пайдаланып келеді.» – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова

Жалпы ою-өрнектердің сюжеттік мазмұны және атауы халықтың әрбір жаңа кезеңдеріндегі өмірлік бағдарлардың ерекшеліктеріне сәйкес ауысып отырады және қайта жаңғырып, жетіле түседі. Бүгінгі күні ою-өрнектерді жасау өнері сапалы жаңа бай мазмұнға және жаңашылдыққа ие бола отырып, қазақ халқының рухани және материалдық қазынасына айналды деуге болады. Шығармашылық қызметтің өзге түрлері секілді, ою-өрнекті жасау өнері игерілген білімді жетілдіруге көмек көрсете отырып, интеллектуалдық деңгейді арттыруға ықпал етеді.

Төлеби ауданында ұйымдастырылған түрлі этнос жастары арасындағы сайыстың мақсаты да патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту және ою-өрнек түрлеріне сипаттама беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін және ұлттық құндылықтарын дәріптеу болды.

Айта кетейік, аталған игі шара Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткізіліп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік беретінін айтқан болатын.

«Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

Біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ. Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.

Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.»- деді Президент

Жалпы еліміздің өткен дәуірі мен  қазіргі кезеңдері де түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосып жатқан,  бүкіл халқымызға ортақ тарих деуге болады. Ынтымағы мен ауызбіршілігі бар, бірлігі бекем мемлекет қашанда биік белестерді бағындырары сөзсіз. Ұлттық сананы қалыптастырып, оны үлгі, өнеге ете білу әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс. Оның ішінде қазақ халқының болмысын, мәдениетін, салт-дәстүрлері мен ұлттық өнерлерін насихаттап, сан ғасырлық мұраларымызды қайта жаңғырту маңызды. Ал іс-шараның басты тақырыбы болған ою-өрнек өнері көпетеген ғасырлар бойы сақталып келген және оған қолданбалы өнер шеберлерінің толық көлемдегі дәстүрлері енгізілген. Қолда бар деректерге сүйенсек, шеберлер өздерінің біртумасын құра отырып, оған табиғаттың өзінен алынған үлгілерді нақты беруге тырысқан екен. Суреттерде жануарлар денесінің бір бөлігі: мүйізі, тұяғы, құстың тұмсығы, түлкінің басы, қасқырдың құлағы, иттің құйрығы, сонымен қатар көптеген өсімдік түрлері бейнеленді. Ою-өрнектер ауызша халық шығармашылығына іспеттес, қазақ халқының мәдени шежіресі болып табылады. Біздер уақыт өте келе жоғалып бара жатқан өнер түрлерімен таныс болуымыз қажет. Ол өзге өнер түрлерінің: қолданбалы, бейнелеу, сәулет және т.б. өнерлердің арасында өзіне лайық орынға ие болуы тиіс.

Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы

Түркістан облысының әжелері “Даналық мектебінің клубы” сабақтарын өткізу бойынша, «Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы» тақырыбында бесікке салу салт-дәстүрін орындады. Аталған мәдени-рухани шаралар өңірдің білім беру мекемелерінде ұйымдастырылып келеді. Басты мақсат, қазақтың салт-дәстүрін насихаттау, «Салт-дәстүр», «Әдеп –ғұрып» ұғымдарының мәнін ашу және оларды сақтап, құрметпен қарау, сондай-ақ өркениетке барар ұлт болашағын айқындайтын факторлардың бірі екендігін ұғындыру.

 

«Қазақ халқы бесікті тәлім – тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан  қалған  киелі  мүлік,  қой үстінен бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршіліктің белгісі деп есептеген. Бесікті қатты қадірлейтіндігі  соншалықты, қазақ атасы жатқан бесікке бала, немере, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына  дейін  бөлеген екен. Яғни, ол сан ғасырлардан бері құндылығын жоғалтпаған ұлттың алтын ұясы. Баланы бесікке бөлеу – қазақ халқына тән ұлттық қасиет. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш болады, бойы жылы және тәні таза болады. Жас сәбиді бесікке бөлеу халқымыз үшін елеулі дәстүрлердің бірі болған. Бесікке салу жолы көпті көрген ақжаулықты аналарымызға, елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне тапсырылған. Әжелеріміз бесікті отпен аластап, «тыштырма» жасап, баланы бесікке бөлейді. Дәстүрге сәйкес бесіктің үстіне жеті түрлі қадірлі, қасиетті таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар» кәде сыйы да беріліп, бөлеген сәбиді тербетіп отырып аналарымыз бар мейірімін төгіп, бесік жырын айтқан. Бесік – сәбидің алтын ұясы, «Ел іші алтын – алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді.  Бесік жырының басты қызметі —тербелісіне ыңғайлас сазды әуен және ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, сәдидің жан дүниесі мен оның санасына  ұлттық  тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Қазақ  халқының  бесік  жыры  «Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!» деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын, ана арманы қиялға ұштасып, баланың болашағына жол сілтейтін шумақтарға ұласып отырған. Бұл дана халқымыздың ұрпағына және оның тәрбиесіне деген басты назары, мейірімі мен құндылығы деуге болады.  Қазіргі таңда кейбір әжелеріміз немерелері мен шөберелеріне ертегі, жыр айтпақ түгілі ұрпағының денсаулығына да алаңдамайтын секілді. Бірақ бұл дұрыс емес. Ал, кейбір дәрігерлер баланы бесікке бөлемеуге кеңес береді. Баланы бесікке салу зиян, шүмектерінің тазалық тұрғыдан талапқа сай емес деген секілді пікірлерді ұстанып жүргені баршамызға аян. Бірақ, данышпан халқымыз «тәрбие – тал  бесіктен», «есік  көргенді  алма, бесік  көргенді ал», деп ұрпағының тәлім –тәрбиесіне баса назар аударғанын ұмытпағанымыз абзал. Себебі, ата-бабамыздан қалған құнды мұра бесіктен қазақтың атақты ұл -қыздары еш кедергісіз өсіп-дамып, еліміздің талай батыл азаматтары шыңдалғандарын атап өткім келеді.» – дейді Арыс қалалық әжелер құрамының төрайымы Айымхан Тәшімбетова

Расында, Айымхан апамыздың айтқанын орынды пікір деп қабылдауға болады. Бесік жырын естіп, ұғынып өскен ұлы даланың талай дана азаматтары дүниежүзіне танымал тұлғалар атанды. Бесіктің және бесік жырының пайдасын атақты академик, ғалымдар да дәлелдеп берген екен. Мысалы, кейбір деректерге сүйенсек 1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев «Балалардағы невроз ауруының алдын-алу үшін, бесік жырын тыңдату керек» деген тұжырым айтқан екен. Ал, психолог Виталий Леутиннің бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртыстарындағы нейрондардың дұрыс дамуына түрткі болады деп атап өтіпті. Ал, Америкалық психолог, медицина ғылымдарының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф өзінің ғылыми кітабында бесік жыры баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден-бір себеп бола алатынын мәлімдеген екен. Жалпы бесік жырының ерекше маңызы туралы сөз қозғаған беделді ғалымдар аз емес және олар бұл бағытта нақты зерттеулер жүргізіп, бесік жырының сәбидің дамуына оң әсер ететінін айтып кеткен.

Сондықтанда, өңірдегі білім ордаларында ұйымдастырылып жатқан игі шаралардың кейінгі ұрпаққа берер тәлім – тәрбиесі ерекше. Себебі асыл аналарымыз жас өркендерге қазақ халқының өркениеті мен руханиятын насихаттап, оларға үлгі – өнеге көрсетіп жүр. Ананың балаға берер тәрбиесі, мейірімі дәл осы бесік жырымен үндеседі.

« Баланың  психологиясына әсер етіп, өмірге деген сүйіспешілігін оятуға әсер ететін алғашқы қадамдардың бірі – аналардың бесік жыры. Ал, әрбір баланың алғашқы ұстазы, ол – ана. Ешбір ана баласының жаман болғанын қаламайды. Баланың жақсы болуы аналардың қолында, сондықтан ғасырлар бойы жалғастығы үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлерді санадан шығармай, баламыздың бойына дарытуға көңіл бөліп, білмегенімізді ізденіп  тауып, тәрбиеге аса көңіл бөлетін жағдайға жетіп отырмыз. Айтпағым, бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Қазіргі таңда көп ата-ана баласының бойында ашушаңдық, мейірімсіздік бар екенін байқап, оның қайдан пайда болғанына таң қалып жатады. Бұл сізбен біз берген бастапқы тәрбиеден. Интернет және жат қылықтар баланың даму жүйесіне осылай әсер етеді. Бұл мәселе турасында, қазір ғана емес, әр кездері үлкен мінберлерде айтылып келеді. Ал, біз осындай игі істермен жастарымызға ой сала отырып, халқымыздың салт-дәстүрлері мен шешендік сөз өнері маңыздылығын жеткізуге тырысып келеміз. Себебі, жастарға біліммен қатар дұрыс тәрбие беру де маңызды. Білім мен тәрбие қатар берілсе ғана жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, елдік сана мен ұлттық рухты, халқымыздың мәңгілік ұлттық идеясын қалыптастыра аламыз. Ал оның таусылмас қоры ұлттық тәрбие, ұлттық санада екені анық. Ұлттық тәрбиеден нәр алып, санасына сіңірген адам жалпы адамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бағалап, кемел адам сатысына көтеріле беретіні сөзсіз» – дейді әжелер құрамының мүшесі Исаева Несібелі

 

«Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы», деген әжелеріміз бесікке бөлеудің пайдасы ерекше екенін айтады.Біріншіден, қолы мен аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды,  жиі шошынады. Ол сәбидің жүйке жүйесінің дұрыс жетілмеуіне әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ұйқысы қанбаған  баланың санасы мен ой зердесі өз уақытында толық  жетілмейді. Екіншіден, баланың мазасыздығы ананың психологиясына да әсер етедi. Ал, мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі.

Сондықтан бесікке жатпаған  бала  болашақта  сабырсыз, мейірімсіз болуына себеп болуы мүмкін. Керісінше бесікке бөленген сәбиді бесiктен шешкен кезде, сәбидің керiлiп, созылып рахаттануы, денесінің әр түрлі күйде болуы оған ерекше демалыс сыйлайды емес пе?! Бесікте жатқан баланың тұла бойы  таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Сәбидің денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Бесікке бөлеу әдісі құрғақ табиғи таза мақтадан жасалған жұмсақ дәке, шыт сияқты материалдарды пайдалану арқылы жүзеге асатындықтан бала денсаулығына да зияны болмайды. Сондықтан бесікке бөлеу – мықты денсаулық  кепілі деп айтуға негіз бар. Себебі қазіргі қолданыстағы памперстер, тек химиялық жолмен алынған заттар, оның бала денсаулығына тигізер зияны туралы туралы айтпаса да түсінікті. Негізі бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңсе,оның бойында қайырымды мінез қалыптасады,  бесік  жырын  тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Бесік жырының баланың көкірек көзін ашып, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді.  Жалпы бесік жырында қазақ халқының төл тарихы, мәдениеті мен дәстүрі, наным-сенім мен дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын халқымыз ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Тіпті ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендерде құлағын салып тыңдап отыратын. Яғни, ананың балаға деген мейірі, махаббаты, ой-арманы, ізгі ниеті, халықтың ақыл өсиеттері бесік жырында айқын керінеді.

Түркістан – қазақ халқының рухани құндылықтары сақталған қала

Түркістан қаласы –  қазақ халқының рухани құндылықтары мен ел тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын айшықтайтын, 1500 жылдан астам тарихы бар руханияттың ордасы. Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының  бүгінде тарихи нысандары да жетерлік. Түркістан ежелгі тарихтан сыр шертеді. Бүгінде тарихи орындарды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Бұл бағытта «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының мамандары да қазақ халқының рухани астанасы болған қаланың рухани құндылықтары мен ел тарихын дәріптеп келеді. Музейдің тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы С.Салходжаев өткен кезеңдердегі маңызды деректермен бөлісті.

 

-Түркістан қаласы – Ясы деген атпен II-XIVғғ аралығында өмір сүрген бекіністік қалашықтың өмірінің жалғасы болып табылады. Жүздеген жылдар ағымында қала өркендеді, бет-бейнесі өзгерді. Бүгіндері XIV-XIX ғғ. аралығындағы Ескі Түркістан шаһарының орны 88.7 га аумақты алып жатыр. Шекарасы бойынша қала қорған қабырғалар және орлармен қоршалған. Қамал қабырғасының жалпы ұзындығы 3 км-ге жуық, оның 11 мұнарасы болған. 1875 жылғы Түркістан қаласының жоспарында 5 қақпаның топографиялық түсірілімі бар. Олар: Дарбаза, Мүсәллә, Тәкиә, Жеті ата және Иқан қақпа. Бұл Орталық Азияның орта ғасырдың соңындағы ірі қалаларының бірі. Ол дәстүрлі түрде төрт әкімшілік бөлікке бөлінген, оларды ақсақалдар басқарған. XIX ғ. 60 жылдары Түркістан қаласында 20 махалләлік мешіт, 2 медресе, 22 су диірмені, 15 шеберхана жұмыс істеген. 1864 жылы халық саны 5000-ға жуық болған. Қазіргі танда Көне Түркістан қаласының аумағында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім, Есім хан, Тәуке хан кесенелері секілді бірқатар Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан.

Ал, Цитадель қамал қабырғасы республикалық маңызы бар ескерткіш. Түркістан қаласының ежелгі тарихынан сыр шертетін тарихи орынды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Цитадель қамал қабырғасы (ХVІ-ХІХғғ.) – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жақ бөлігін қоршай орналасқан фортификациялық құрылыс түріне жататын ескерткіш. ХVІІІғ. бас жағында жасалған Түркістан қаласының фортификациялық құрылысы жайлы алғашқы сызбада қала мұнарасы қорған қамалмен қоршалған. 1947 жылы А.Н.Бернштам жетекшілігіндегі экспедиция Түркістан қаласының цитаделі мен шахарістанының сақталынып қалған қамал қабырғаларының жоспарын түзеді. Цитаделдің фортификациялық құрылыстарына алғашқы археологиялық барлау жұмыстары 1973 жылы жүргізілген.

Қазба барысында ХІХ-ХХ, ХVІІ-ХVІІІ, ХІV-ХVІғғ. жататын қамал қабырғасының үш құрылыс горизонты аршылады. А.И.Добромысловтың мәліметіне сүйенсек цитаделді қоршаған қамал ХХ ғасырдың бас жағында қирай бастаған. 1978-1979жж. реставраторлар жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қорған қамалының солтүстік-шығыс бөлігі мен шығыс мұнарасы және солтүстік-шығыс қақпалары қайта қалпына келтірілген. Қамал қорғанның үстіңгі жағы тісті болып аяқталған. Мұнарасы дөңгелек пішіндес, бөрене төсемдерімен жабылған. ХІХ ғасырдың ІІ- жартысынан кейін қамал қабырғалары өзіндік қорғаныс белгілерін жоғалтып қираған. Кейіннен 1980 жылы қабырғалардың фрагменттері қайта қалпына келтіріледі.

 

С.Салходжаев – «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы.

 

Тарихшылар мен ғалымдар тұран даласының ежелгі тарихы біздің елдігіміз бен бірлігіміздің, ата-бабадан дарыған дархан пейіліміздің, рухы асқақ айбынымыздың белгісі екенін айтады. Осы тұста филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Балтагүл Оспанова Түркістан мен қазақ халқының ғұмыры біте қайнасқан, ұдайы үндескен, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, бөле жаруға болмайтын тарих екенін айтады.

 

-Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай, «Екі дүние – есігі, ер түріктің – бесігі», түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, яғни түркі дүниесінің  рухани астанасы болып отыр. Облыс орталығы болғалы Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін «Алтын көпірге» айналуда.  Орта Азия елдері мен Түркия мемлекетінің жалпы съездері, мәдени-рухани басқосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Оның мақсаты – рухани қалада  экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы деуге болады. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі. Облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек  ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

  • Шавгар – Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынғаннан кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап, Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылдан бастап, Қазақ хандығының астанасы деп танылды.  Бүгінде Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың небір хандары мен билері жерленген.
  • Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы. Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Республикалық Мемлекеттік тарихи-мәдени «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайын» айтуға болады. Тарихи мұражай қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегімнің мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т.б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, алғашқы тарихи мұражайлардың маңызы ерекше.
  • Ортағасырлық Түркістан қаласының маңызы, мұнда ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан.  Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға қалдықтары сақталған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3,5 шақырымға жуық. Жер қабаттарын зерттеулер бойынша, қаланың қамалы Монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVII ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған. Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Түркістанның бақыты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Яссауи тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауидің бейітінің үстіне салынған. Бұл ғимаратты XIV ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Ол – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстардың бірі. Оның негізін жамағатхана, қабірхана, мешіт, үлкен және кіші Ақсарай, кітапхана, асхана, құдықхана және хужра бөлмелерін құрайды. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.
  • Есімхан кесенесі. Тәуекелден кейін 1598 жылы тарих сахнасына Есімхан шығады. Ол кесене жобасында төртбұрышты, оның қасбеттері-фасаттары плиткалармен қапталған. Құрылыстың сағана бөлігі сақталған. Архитектуралық, археологиялық зерттеулерге қарағанда, бұл құрылыс XVII ғасырда салынған. Кесенеге қазақ ханы, кейінгі ортағасырлық Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері Есім хан 1628 жылы жерленген. Есім хан бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға қатысқан, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған батыр. Шығай ханның ұлы Есім хан жерленген кесене.
  • Рабия Сұлтан бегім кесенесі. Жобасында төртбұрышты. Ол ішкі 8 қырлы  және 4 төртбұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің ханы Әбілхайырдың әйелі болған.
  • Қылует жер асты мешіті. (ХІІ-ХІХ ғасырлар) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстікте, 150 метр қашықта орналасқан. Оның салынуы Ахмет Яссауидің есімімен тығыз байланысты. Құрылыс  ХХ ғасырдың 40-жылдарында толығымен бұзылып, қыштарын зауыт салуға қолданылған. Археологиялық, архитектуралық зерттеулерге сәйкес 1941 жылы жасалған макетке сүйене отырып, Қылует жер асты мешіті толығымен қалпына келтірілген.                         Құрылыстың ең көне бөлігі – ғартхана (XII ғ.) бөлмесі болып табылады. Жер бетінен 4 метр тереңдікте орналасқан бұл бөлменің көлемі 1,5 х 1,5 метр. Ахмет Яссауи пайғамбар жасына толған соң, қалған өмірін жер астында өткізген.
  • Ортағасырлық шығыс моншасы. (XVI ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 150 м қашықта орналасқан, 7 бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген. 1979 жылдан бастап, оның негізінде Шығыс моншасы мұражайы ашылған.
  • Құмшық ата жер асты мешіті. (ХІІ ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым қашықта орналасқан. Жер асты мешіті сопылардың діни-ғұрыптық құрылыстары қатарына жатады. Ол да күйдірілген қыштан салынған. Сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған. Құмшық Ата мешіті екі бөлмелі, ұзынша келген (10 м-ге жуық) ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Шаршы шикі кірпіштерден қаланған. Түкпірдегі мекен-жай көлемі 2х2 м-ге жуық, биіктігі 1,6 м, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген. Оған іргелес диаметрі 2,5 м және биіктігі 2 м-дей дөңгелек пошымды үй күмбезделіп жабылған. Дәлізі иірлі келген, негізгі құрылыс күйдірілген кірпіштен қаланған күмбезбен көмкерілген. Төбенің орта деңгейінен құдық тәріздес, диаметрі 1 м-дей, дәлізге жарық түсетін ойық жасалған. Жер асты мешітіне кіретін есік қирап қалғандықтан, баспалдақтың сатылары анықталмаған. Мешіт пен дәліздің қабырғасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен өрілген. Бөлме қабырғаларында шырағдан қоюға арналған шағын қуыстар бар. Құрылыстың ішкі құрылымы сыланбаған. Жер асты мешіті Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген әулие Құмшық Атаның есімімен байланысты айтылады. Зерттеулер Құмшык Ата мешіті ХІІ ғасырдан бастап халық жиналып, діни уағыздар рәсімі өтетін орын болғанын растайды
  • Гауһар ана кесенесі. Тарихи деректер бойынша, Гауһар ана – Қожа Ахмет Яассауидің қызы. Гауһар ана бейіті – тарихи-архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі. Кесене Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір автокөлігі жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Гауһар ана кесенесінің  ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді, алғашқы қабірдің орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қаббірдің жанынан зиратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс тұрғызылды. 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған.
  • Әлқожа ата кесенесі. Кесене ХІІ-XV ғасырлар шамасында салынған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 км жерде Ә.Тұтқабаев көшесінің бойында орналасқан. 1997-1999 жылдар аралығында өзінің сәулеттік ерекшеліктері толық сақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қабірхана, жамағатхана және бастырмадан тұратын ескерткіш күйдірілген кірпіштен қаланған.  Қабірхана мен Жамағатхананың бөлмелері күмбезделіп жабылып, төрт жағынан терезе ойықтары орнатылған. Бастырмасы айнала төрт қырланып, кірпіштен өрілген. Халық аузындағы аңызға қарағанда, Әлқожа ата Қожа Ахмет Яссауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың күйеуі болғандығы айтылады. Жалпы қорғау аймағы 3,0 гектар.
  • Жұма мешіті. Республикалық маңызы бар ескерткіш болып табылады. Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай қорығының құрамына кіреді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 125 метр қашықтықта, «Қылует» мешітінің жанында орналасқан.
  • Шілдехана. XII-XIV ғасырлардағы сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ескерткіш қиратылып, 1980 жылы қалпына келтірілді. Шілдехана – бұл жартылай жер асты ғимараты, оның сақталған бөлігі жер астында, беткі жағынан 2 м тереңдікте орналасқан.
  • Цитадель – қамал қабырғасы. Қамалдың, рабадтың және Қожа Ахмет Яссауидің айналасындағы бекініс қабырғасы XV-XIX ғасырлардан бері келе жатқан мұраға  жатады. Ескерткіш қамал қабырғасының жұрнақтары болып табылады. Қабырғаларды қала қабырғаларына іргелес шамамен 150 метр болатын шұңқырмен қаптаған. Қабырғаның сақталған бөліктері биіктігі 10 метрге дейін көтерілген.
  • Қақпалар. Халық арасында «Төрт қақпалы Түркістан» деген атпен белгілі, ХІХ ғ. қалған Жеті ата, Тәкиә, Мүсәллә және Дарбаза қақпаларының дәл орындары анықталып, археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қақпалар ортағасырлық Түркістан кезінде тұрғызылған.
  • Хан ордасы. Бұл жер Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 300 метр қашықтықта орналасқан. Ең алғашқы ақпаратты XVIII ғасырдың соңында құрастырылған орыс археологиясының жетекшісі Д.г.Мессершмидт картасынан табуға болады. 1875 жылғы қала жоспарымен 1954 жылғы картамен салыстыра отырып, жоспар-сызбаларымен бір хан ордасының нақты орналасқан жерін көруге болады. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі ғимараттардың XVII ғасырдың соңында немесе XVIII ғасырдың бірінші жартысында салынғанын көрсетті.
  • Күлтөбе ескі қаласының орны. Күлтөбе ортағасырлық  Түркістан қаласының шығыс жағында, Қ.А. Яссауи  кесенесінен оңтүстікке қарай 480 м жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 235 м. Сопақша келген, биіктігі 9 м, аумағы 150х120 м ауқымды төбешік болып келеді. Ескерткіштің топографиясы күшті өзгеріске ұшыраған. Күлтөбеде алғашқы болып археологиялық қазба жұмыстары 1972-1974 жж. Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды арқылы жүргізілді. Белгілі археолог Е.А. Смағұловтың пікірінше, қала б.з.д. ІІ ғ. Жібек жолымен қатар қалыптасқан.

Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытында салынған «Түркістан тарихи-этнографиялық орталығындағы» тарихи-мәдени жәдігерлердің орны бөлекше. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылған бұл орталықтың туристерге берер тәлімдік-танымдық маңызы зор. Бүгінде бұл орталық ғимараты қала әкімдігіне ауысып, жаңадан «Ұлы Дала Елі» атты бүкіл тарихынан жанды сыр шертетін кешенді құрылыс ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде кез келген турист, не қонақты апарып көрсететін арнайы тарихи орынға айналған. Ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ тарихының қырлары мен сырлары осы ғимаратқа кірген туристердің танымын арттырып, баурап алары анық. Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де,  киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда.

Өткен жылы Түркістанға 1300-ден астам туристер келген. Облыстық кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму дәне туризм басқармасының мәліметінше, сол туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр.  Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі  түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.

Ежелден рухани астана болып саналған түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының  дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.

Түркістан халқына және киелі қаланы арнайы көруге келген, саяхаттаушы туристерге барлық жағдайды жасау мақсатында, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қолға алынып, шаралар  жүргізілуде. Айта кетсек, сәулетті «Керуен-сарай» кешені іске қосылған. «Керуен-сарай» шығыстық жаңа үлгіде салынған. Келген қонақ, туристерге барлық жағдайы қарастырылған. 40 мың шаршы метрге созылған аумақты жағалай, айналдыра салынған толық қолайлы қонақ үйлер, дәмханалар, ойын-сауық орындары, түрлі аттракциондар, т.б ерекше көз тартады. Зәулім сарай 510 орындық «Облыстық Драма театрының» сұлулығы көз тартады. Бүгінде театр ұжымы өз жұмысын бастап, алғашқы қойылымдарымен көрермендерін қуантуда. Қала ортасынан бой көтерген ерекше сәнді «Амфитеатрдың» өзі не тұрады. Бейне бір ашық, жан-жағынан еркін кіретін дала театры ма дерсің! Сонымен қатар, Түркістанда «Хазірет Сұлтан» Халықаралық әуежайы пайдалануға берілді. Түркістаннан ұшаққа міне алады, Түркістанда ұшақтан түсе алатын жағдай түркістандықтардың өмірбойғы қолжетпес арманы еді. Бұл арманға да Алла жеткізді! Осындай қажетті нысандар қала туризмін дамытуға елеулі серпін берді. Осы жұмыстар, жалпы туризмді дамыту бойынша мәдени-рухани орталықтың жұмысының қарқынды дамуына әсер етуде.

Сонымен қатар, өткен жылы жоспарланған инвестициялық жобалар жайында айта кетсек. Оның ішінде  “Түркістан-Молл” ойын-сауық орталығы – 12,5 млрд.тенге, “Отау” ойын-сауық орталығы – 5 млрд. тенге, “Medina palace” қонақ үйі – 3 млрд. тенге, “Мұз айдыны” спорт кешені – 4 млрд. тенге,“Теннис” орталығы – 2,2 млрд. тенге, “Макдональдс” тамақтану орталығы – 0,8 млрд. тенге, “Тұңғыш Президент” Паркі – 14 млрд. тенгеге салу жоспарланған.

«Туризм» бағыты бойынша Түркістан қаласында да бірқатар іс-шаралар атқарылған. Соның ішінде Туристерге қызмет көрсету орталығында «Жас қолөнершілер байқауы» өткізілді. Қала тұрғындары мен туристерге арнап, сәуір айында Туристерге қызмет көрсету орталығының мультимедия залында «Оңтүстікфильм» киностудиясының тарихи-мәдени фильмдерінің апталығы өтті.Түркістан қаласы кәсіпкерлерінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі 200 балаға сыйлықтар ұйымдастырылды. «Керуен-Сарай» көпсалалы кешенінің қолдауымен 150-ге жуық балаларға арнап аттар шоуы және де аттракциондарға тегін билеттер ұйымдастырылды. «Visit Centre» орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, көп балалы аналар мен ардагерлерге арнайы электрокарлар бөлініп, қызмет көрсетуде.Екінші деңгейлі банктермен бірлесе жұмыс жүргізу арқылы мәдени-рухани орталықтан банкоматтар қызметі ұйымдастырылуда.Түркістан қаласына туристерді тарту мақсатында, жарнамалық бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде таратылды.Түркістан қаласы тамақтану орындарының басшыларымен кездесулер өтіп, тағамдар бойынша мәзірлерді бірдейлендіру және 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірлеу жұмыстары атқарылды.

Түркістан туризмді дамытуда қолөнершілік түрі туристік индустрияның қажетті құрамдас бөлігі болып келеді және туризмді дамыту жөніндегі көрсеткіштерін жақсартуға үлесі айтарлықтай. Қолөнершілер орталығын салу арқылы Түркістан облысы бойынша  қөлөнершілердің басын қосып, өңірдің туристік әлеуетін қолөнер туындылары арқылы жылжыту ісі маңызды болып саналады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен асханасынан сыр шертетін, туристік ойын-сауық этно-кешеннің болуы туристердің қаламызға деген қызығушылығын арттырады. Аталған жоба арқылы туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға, бюджеттік түсімдерін арттыруға өз септігін тигізеді.

Ежелгі заманда адамдар жазба, таңбаларды тасқа қашап жазса, бертін келе қазақ халқының жаны бейнеленген, өзінің баға жетпес мұрасын, белгілер мен нышандарын  кілемге тоқып көрсеткен. Кілемдер – халқымыздың ұлттық рухының көрінісі. Халқымыз кілем тоқу ісіне қатты мән берген. Өзінің ішкі ойын, кең даланың ен байлығын, береке-бірлігі мен ынтымағын ою-өрнекке сыйғыза білген. Кілемдердің өрнектері бізге шеберлердің ішкі ойлары мен құпияларын ашады, сонымен қатар, оларды жасау уақыты мен орнын көрсетеді. Қазақ халқының философиясы мен дүниетанымын көрсететін жәдігерлерді сақтауға, туристік қуатын арттыруға, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында, «Кілемдер мұражайы» жобасын Түркістан қаласында іске асыру – келешек ұрпағымыздың алдындағы маңызды міндетіміз болып табылады. Сондай-ақ алдағы уақытта, мұражайға қатысты бірнеше бағыттарда жұмыс жүргізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінсе…

Түркістан қаласы қазіргі таңда туристік ресурстарға бай өлке, алайда қаламызға келетін туристердің саны көрші мемлекеттердегі қалалармен салыстырғандағы көрсеткіштері төмен. Осы орайда келу туризмін дамыту мақсатында, халықаралық туристік маршруттарға Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Өңірде халықаралық маршруттарға ену үшін инфрақұрылым жүйесі өткен жылдармен салыстырғанда жоғарғы деңгейде. Шаһарымыздың темір жол және тас жол даңғылында орналасуы, сондай-ақ ағымдағы жылда әуежайдың салынуы туристік алмасуды – трансферді оңтайландырады. Осындай керемет үлгіде салынған әуежайы бар киелі қалаға туристердің келуі әзірге көңіл көншітпейді. Ол үшін туризмді жетілдіру мақсатында шетелдік туристердің әуежай арқылы дүрмек-дүрмегімен ағылып келіп жатуы үшін саяхатталатын жердің жарнамасы (біздің шетелге асыққанымыздай, алдын ала барлық мәліметті біліп отыратынымыздай) көркем жасалса, көрсеткіштерін жақсарту үшін ҚР Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген нысандарды салудағы инвестициялық жобалар тізіміне аталған жобаның еңгізілуіне басшылық тарапынан ықпал етілсе. Өңірді халықаралық туристік бағыттарға енгізу мақсатында жоғарғы деңгейде мәселе көтеріліп, көрші мемлекеттердегі қалалармен (Бұхара, Хиуа, Самарқан, Ташкент, Ашхабад, Санкт-Петербург, Мәскеу, Баку және т.б.) тығыз  байланыс жүргізіліп, Түркістан қаласын Халықаралық туристік бағыттарға енгізуге ықпал жасалса, «жұрттың Дубайдың ыстығын аңсағаны сияқты, Түркістанның шыжыған күнін аңсап, лек-легімен ұшақтан түсіп жатар ма еді» деген ой мазалайды. Ондай жағдайда, ел экономикасы көтеріліп, тұрмыс жағдайы бұрынғыдан да жақсарып, әлемдегі шағын да болса, туризммнен көтерілген бай елдердің қатарына қосылар еді. Ата-бабадан қалған жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз бізге осыны ұсынып тұр емес пе? Неге соны тездетіп, өз деңгейінде пайдаланбасқа?! Түркістан облысының туристік әлеуеті бұған жетіп артылатыны белгілі.

Қала халқы мен туристердің қозғалысына, орналастыру, тамақтандыру, тарихи-мәдени нысандар жайында ақпарат беретін оффлайн режимінде қызмет көрсетін 2GIS бағдарламасына Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Компания ақпараттардың 95 пайызы міндетті түрде сәйкес келуі тиіс деген қағидамен жұмыс жүргізеді. Анықтамада әрбір ұйымның мекен-жайы, телефоны, жұмыс уақыты, интернеттегі мекен-жайы, ғимаратқа кіретін тұсы көрсетіледі. Одан бөлек, компанияның  арнайы «визиткасында» көрсетілетін қызметтер түрі мен төлем жасау әдістері және тағы басқа қызметтер бар. Байланыс орталығының мамандары анықтамалықтағы ақпаратты жылына төрт рет жаңартып отырады.

2GIS оффлайн және онлайн  режимінде жұмыс істейтін бағдарламасына Түркістан қаласын енгізу үшін қаржы қарастырып, инвесторларды тартуға ықпал етілсе. «2ГИС карталары аумақты жер серігімен түсіру арқылы суреттейді. Ал үш өлшемді ғимараттар бірнеше ракурстан алынатын суреттердің көмегімен жасалады. Түркістан қаласының туризмін дамыту үшін инфрақұрылымдарды дамытудың бір бөлігі ретінде маңызды жоба болып есептеледі. Әрине, аталған жоба қомақты қаражатты қажет етеді, кезінде қараусыз қалып, шаңы төбеге көтерілген осынау киелі қалаға соңғы үш жылда ерекше көңіл бөлінгендіктен, өз қасиетіне тез оралтқан жандарға әлі де қаражат құю, оны осындай халықтың қолжетімді, бақытты өміріне жұмсау түк те емес. Болмайтынның көз алдында тез болатынына түркістандықтардың көзі әлдеқашан жеткен!

Туризмнен түскен табыс халықтың экономикасы мен тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның, оның ішінде Түркістанның туризміне қолайлы, тарихи орындар, салынып жатқан небір алып нысандар, аспанмен бой таласқан зәулім ғимараттар, жасалып жатқан көптеген игі істер жайында түннен-таңға айтуға болады. Осының бәрі түркістандықтар үшін оның бақытты тұрмысы, келген туристің жақсы серуені мен саяхаты, ең бастысы, келер ұрпақтың жайлы өмірі үшін сақталып келген, жасалып жатқан құндылықтар екені даусыз! Алдағы уақытта Түркістан туризмі дамып, өркендеп, әлем елдерімен иық теңестірері, ол жөнінде әлі талай айтыла берері де сөзсіз.

Балтагүл Оспанова – Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

ТӨЛЕБИДЕ ЭТНОС ЖАСТАРЫ «ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ҚАЗЫНА» АТТЫ СПОРТТЫҚ ДОДАДА САЙЫСҚА ТҮСТІ

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Зағамбар ауылында өңірдегі этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық ойындарынан «Ұлттық ойын – қазына» атты облыстық сайыс өтті.
Аталған спорт сайысы облыстағы құзырлы органдардың ведомствоаралық жоспарына сәйкес және Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ұлттық спортты ұлықтаған додаға Кентау қаласы, Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандары және Зағамбар ауылының этнос жастарынан құралған командалар қатысты. Онда жастар ұлттық ойындардың 8 түрінен, атап айтқанда, қазақ күресі, қошқар көтеру, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту, қол күресі, ләңгі тебу, арқан тартудан бақ сынады.
Спорттық шарада сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев және Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Төлеби ауданы прокурорының м.у.а.
Ермек Шунеев бұл сайыс этнос өкілдерінің достығын, берекелі бірлігін одан әрі нығайтатынын айта келе, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
– «Шынықсаң – шымырсың» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Спорт тек денсаулық кепілі ғана емес, түрлі этностар арасындағы ынтымақтастықты, достықты нығайтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде Ассамблея маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. Бүгінгі жарыстың негізгі мақсаты осы – өңірдегі этнос жастарының Отанға, елге деген құрметін арттыру, этносаралық бірлікті насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Білесіздер, қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ата-бабаларымыз осы ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жалғастырып отырған. Бұл спорттық шара жыл сайын өткізіліп келеді.Жарысқа жастардың көптеп қатысуы олардың спортқа деген қызығушылығы зор екенін көрсетеді. Мұндай жарыстардың ел бірлігін бекемдеуде маңызы жоғары, – деді Ерлан Бахытжанұлы.
Тартысты бәсекеде қол күрестен түлкібастық Тойрат Касимов қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Ал, мақтааралдық Еркебұлан Дауылбаев екінші, түлкібастық Дамир Касимов үшінші орынға ие болды.
Арқан тарту сайысы жұрттың қиқу салып, қызу қолдау танытқан жарысы болғанын айта кеткен жөн. Бұл сайыста Төлеби ауданы құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 2 орынды Сайрам ауданы құрамасы, 3 орынды Зағамбар ауылы құрамасы иеленді.
Сондай-ақ қошқар көтеру сайысында Зағамбар ауылы құрамасынан Дулат Жантаев топ жарды. Ол қошқарды 49 рет көтерді.
Ал тоғызқұмалақ бәсекесінде Балташ Айгерім жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынды сайрамдық Азиз Тургунов иеленсе, үшінші орынды кентаулық Рамазан Бадиров алды.
Қазақ күресінен өткен сайыста мақтааралдық Заир Заиров ептілігі мен шеберлігін паш етіп, түйе балуан атанды. Садақ тарту сайысында сайрамдық Ибрахим Турдаметов жеңіс биігінен көрінсе, екінші орынға жетісайлық Батырхан Абишев, үшінші орынға түлкібастық Мирмурад Мирабзалов ие болды. Ләңгі тебуде жетісайлық Сәбит Жантелиев жеңімпаз болса, екінші орынды кентаулық Аброр Шарипов, үшінші орынды Самандар Баттал иеленді. Ал асық атуда зағамбарлық Бекасыл Ерментайдың абыройы асқақтады. Бұл сында кентаулық Дилнур Насируллаев екінші, зағамбарлық Айғани Күздеубаев үшінші орынды жеңіп алды.
Жарыстың қорытындысында жалпыкомандалық есепте Төлеби ауданы топ жарды. Ал Жетісай ауданы екінші, Түлкібас ауданы үшінші орынды иеленді.
Сайыс соңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев және Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жеңімпаздарды арнайы марапаттап, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыстады.

Сауран қалашығы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісі

Сауран қалашығы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісі деуге болады. Сан ғасырлық тарихы бар мекен туралы тарихи зерттеулер мен мәліметтер де жетерлік. Сонымен қатар, алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде де кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария өзені маңындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған деген жазбалар да бар.  Мысалы Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазылған. XIII ғасырдың орта шенінде Сауран қаласы  Ақ Орданың астанасы болған. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырыпты. Мұндағы үлкен мешіт Қазақстанға ислам діні мен мәдениетінің тарауына ықпал еткен. Тарихи деректерде, Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында әлсіреп, XIX ғасырдың басында біржолата күйрегені айтылады.

Қазіргі кезде Сауран қаласының қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 м дөңгелек алаңы да бар. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VII-XVIII ғасырларға жататынын дәлелдеген екен. Шаһар ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды. Ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының мәдениеті түйіскен жерде орналасқан «сауда-саттық айлағы» әрі Жібек Жолы бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше.

Бүгінде, Түркістанның іргесіндегі аса құнды тарихи қаланы қайта жаңғыртып, туризм орталығына басты назарда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көне Сауран қалашығына барып, жай-күйімен танысып, оны қайта түлету жолдарын қарастыруда. Сонымен қатар, ғалымдар және зерттеушілермен бірге Сауранның тарихи маңызын дәріптеу, туристік мүмкіндігін молайту, рухани және туризм орталығына айналдыру жолдарын саралады.

«–Дәл Түркістанның іргесінде аса құнды тарихи қаламыз тұр. Сауранды туристік бағытқа енгізіп, тұрақты түрде насихаттау керек. Салынып жатқан «Сапар орталығында» осы қала туралы толық мағлұмат беріліп, туристерге сапалы материалдар мен жәдігерлер ұсынылуы тиіс. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келетін туристерді осы жаққа да бағыттаған жөн. Жауапты басқарма басшылары жұмысты үйлестірсін. Сауранның туристік әлеуетін арттыру бойынша жоспар, іс-шара бекітіңіздер. Жол, инфрақұрылымын реттеуді де жүйелі түрде атқарған жөн. Қазіргі кезде көне қаладағы археологиялық жұмыстар шамамен 50-70 гектарды құрайтын территорияны алып жатыр және олар «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде өткізіліп жатыр. Орталық бөлігінде табылған заттар, яғни күйіктастың, гипстің сынықтары осында мешіт пен медресенің болғандығын дәлелдейді. Тарихшылардың пікірінше, осы себептен бұл жерді мекендеген адамдар айтарлықтай жоғары білімді болған. Дәл Сауранда осы аймақтағы алғаш оқу орны ашылған. Бірегей қаланы сумен қамтамасыз ету технологиясы да болған. Яғни мұнда білім мен ғылымның дамығанын дәлелдейді. Түркістан – Қызылорда трассасы бойымен жүрген көптеген жолаушылар әрқашан бекініс қабырғаларының көңіл тартарлық өркеш-өркеш пішініне назар аударады. Бұл Сауран – көне және құпияға толы қала, 100 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың назарын өзіне тартып келеді. Талай зерттеулердің арқасында өткен уақыттың көптеген шешілмейтін құпияларды табылды. Өзінің ерекше стратегиялық, сауда-экономикалық және мәдени-тарихи мәнінің себебінен, Сауранды Сырдария бойында және қазақ даласында болған оқиғалар жайында жазған барлық ортағасырлық авторлар атап өткен,» – деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ғалымдардың ұсыныстарын да тыңдады.

 

Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев Сауран қалашығының тарихынан ой қозғап, бұл Орталық Азиядағы ең жақсы сақталған тарихи қалалардың бірі екенін атап өтті. Арнайы суландыру жүйесі болған. Көне құдықтардың орны сақталған. Тарихшы осы аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жақын тұста көгалдандыру керектігін айтты.

« – Түркісан қаласынан батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан Сауран қаласы жайлы ортағасырлық деректерде көптеген мәліметтер кездеседі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VІ-ХІІІ ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі ХІV-ХVІІІ ғасырларды алып жатыр. Сауран қаласы – тылсым сыры мен тарихы тереңге тартқан, кезінде талай адам бақытын тапқан көне қалалардың бірі. Көне қалашық республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш ретінде есепке алынған. Сырдарияның оң жағалауы мен темір жолдың батыс беткейіндегі дуалдары опырыла құлағанымен, баяғы еңселі биіктігін аңғартқан ескі қаланың орны алыстан көз тартады. Қаланың тағы бір ерекшелігі мұнда әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін тербелмелі мұнара болған деседі. Өкінішке орай аталған жәдігерлер бүгінгі күнге жетпеді,сақтаулы қалмады.Алайда ол туралы жазылған деректер сақталған. Х ғасырда өмір сүрген арабтың географ-ғалымы Макдиси Әл-Мутаххар Таһир жиырма екі тараудан тұратын «Дүниенің басталуы мен тарихы» деген кітап жазған. Осы еңбегіне ол: «Сауран – бірінің сыртынан бірі 7 қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде күмбезді, сарай, мешіт бар», — дейді. Сондай-ақ қала ішінде теңселмелі 2 мұнарасы бар ғажап медресе де болған. Биіктігі 15 метр болатын мұнараның біріне шығып азан шақырғанда екіншісі тербеліп тұрады екен. 1871 жылдарға дейін сақталған осы керемет мұнараларды әлдекімдер қышын пайдалану үшін бұзған көрінеді. Жергілікті халық өткен ғасырдың 60-70 жылдарында шаһар қорғанынан 4-5 аттылы қатар жүретінін айтады. Осыдан-ақ қала қорғанысының қалай құдіретті болғанын елестете беріңіз. Бұл күндері сол ежелгі Сауран қаласының орны қаншама ғасырлар бойы сабалаған жаңбырдың асты мен уілдеген желдің, борап соққан боранның өтінде мүжілгенімен, әлі де жер бетінен тып-типыл болып құрып кетпей, ел қорғаған ерлігіміздің тұмарындай боп тұрған, сонау мұнарланған ғасырлар қойнауынан сыр тартып жатқан қорған.» – деді Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев

Профессор Мадияр Елеуов тарихи нысанды бизнеске тапсыру, туризм орталығына айналдыру маңызды екенін жеткізді. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова Сауран қалашық емес, үлкен қала екеніне тоқталды. Сауранды туристік нысанға айналдыру үшін кешенді шаралар атқарылуы тиіс екенін атап өтті. Біріншіден, ғалымдар жүйелі зерттеу жұмысын жалғастырғаны жөн. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбековтың да ұсыныстары тыңдалды. Сондай-ақ, Сауран қаласына қатысты маңызды мәселелер айтылды.

« – Сауранның ескі орны Қазақстандағы ортағасырлық қала мәдениетінің маңызды ескерткіштерінің бірі болып табылады.Оны бәрі мойындайды деп ойлаймын. Ал сақталу дәрежесі бойынша археология жағынан бірегей болып табылады. Мамандардың айтуынша, ескі қаланың қалдықтарына үлкен қауіп төніп тұр. Яғни, оның бұзылуына баса назар аудармасақ, бір кезде жауға қарсы тұра алған қала уақыт қысымына қарсы тұра алмайтын секілді. Осыған байланысты, қазіргі кезде Сауранда кешендік археологиялық жұмыстар жүргізіліп, жалғасын табуы қажет-ақ. Біздің ұрпақ үшін көне қаланың қалдықтарын сақтау мақсатында жаңғырту және сақтау, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу маңызды. Бүгінде тарихи нысанды туризмге айналдыруға мүмкіндіктер жетерлік. Қызықтыра алсақ қызығатын адамдадың да қатары көп болатынына сенімдімін. Жаңа жобаларды жүзеге асырып, заман талабына сай әркеттер жасау керек деп ойлаймын. Көне қалашыққа бизнес өкілдерін тарта білсек және шет елдік туристердің де назарын аудара білсек өте жақсы.»- деді Профессор Мадияр Елеуов

Ал, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбеков көне Сауран қаласының археологиялық зерттеуі жүз жылдан астам уақыт бұрын басталғанына тоқталды. Ол жайында орыс ғалымдары П. И. Лерхтың шығармаларында, П. И. Пашиноның жол естеліктерінде, А. П. Федченконың есептерінде айтылғанын атап өтті. Сондай-ақ, сол кезеңдегі археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған басты дүниелердің қатарына  биіктігі он метр құрайтын, құмнан салынған Сауран сарайының тарихи мұраларын жатқызуға болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ қаланың орналасуы мен тарихи деректеріне тоқталды.

« 3-тен 6 метрге дейінгі биіктіктегі жер телімдері бар, қабырғаларымен қоршалған ескі қала жобасы жағынан сопақ алаң болып келеді. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 800 метрдей және солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 550 метрдей тартылған алаң,  қоршап тұрған жерден 2-2,5 метрге көтеріліп тұр. Ескі қаланың қабырғасы 2-3 метр биіктіктегі стилобаттың үстінде тұр. Олар өңделмеген кірпіш пен пахсадан салынған, сонда қабырға сызығынан шығатын 4 дөңгелек 2 қабаттық мұнара бар. Мұнараның үстіңгі қабаты қазіргі уақытқа дейін жетіп сақталған қалдықтары бар бағаналарға тіренген, күмбезімен жабылып тұр. Мұнара жазықтығында атыс ойығының тар тесіктері бар. Ескі қаланің ішіне екі қақпа апарады. Басты қақпасы қабырғаның солтүстік-шығыс бөлімінде орналасқан және 2 қабаты бар сыртқа шығатын 2 мұнарамен екі жақ қапталдан қапталған мықты фортификациялық құрылыс болып келеді. Оның кіреберісі қабырғаның шығатын бөліктерінен құрылған 20 метрлік дәліз тәрізді болып тұр. Екінші қақпасы ескі қала қабырғасының оңтүстік-шығыс бөлігінде салынған. Мұнараның ішінде шығыс бөлігінде доғалық өтпе жолы түріндегі ескі қалаға кіретін есік бар екен. Оның ені 1,2 метр, биіктігі 1,7 метрді құрайды. Сыртындағы қабырға айналасында тереңдігі шамамен 1-3 метр және ені 15-20 метрді құрайтын ор да бар. Солтүстік-шығыс қақпадан басталатын магистраль көше солтүстік-шығыс – оңтүстік-батыс бағытындағы қала территориясын тең 2 бөлікке бөліп жатыр. Қабырғаның оңтүстік-батыс бөлігіне 150 метр жетпей, ол солтүстік-батыс – оңтүстік-шығыс ендік бағытында жүретін перпендикуляр көшесіне тіренеді. Бөліктерінің бірі оңтүстік-шығыс қақпасына шығады. Ескі қаланың топографиясында 2 магистраль көшелерінен басқа, қаланың күрделі тармақталған көше жүйесін құрайтын көптеген шағын көшелер мен тұйық көшелер де кездеседі. Солтүстік-шығыс кірер ауыздан 210 метр ара қашықтықта магистраль көшесінің сол жағында жобасы жағынан үшбұрышты көлемі жобамен 100 метрді құрайтын төбе бар, ол қиратылған кірпіш пен алып ғимараттан қалған қырдың бөліктерімен қапталған. Ал тарихи деректерге сүйенсек, 14-ғасырда Сауран Ақ Орда құрамына кірген, кейде оның астанасы болып аталған екен. Ал 15-16 ғасырлардың деректеріне келсек Сауран жайында Түркістандағы билік үшін қазақ хандықтары мен шайбаниліктер арасындағы күресімен байланысты айтылған. Ғалымдар Сауран Түркістанның  бекіністері арасында ең үздік бекіністерінің бірі болғанын атаған. Сондай-ақ қалаға түрлі сипаттағы мәлімет берген. Оның климаты, қорғаныс құрылыстарының құрамы, қаланы көркейту, суландыратын егіншілігі жайында көптеген мәліметтер айтылған. Яғни, көне мекен қазақ халқының мәдениеті мен ғылымын, ілімін дамыту бағытында маңызды рөл атқарып, ата-бабаларымыздың қасиетті ордасы болған деуге болады. Қазақтың тарихынан алшақ емес ғұмыры бар қадірлі қаланы біз дүниежүзіне насихаттап, туризмнің орталығы ретінде дамытсақ, өте керемет қадамдардың бірі болмақ»,- деді «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбеков

Сонымен қатар, облыс әкіміне Дархан Амангелдіұлына Сауран қалашығына баратын жолды қысқарту жобасы да таныстырылды. Алдағы уақытта Түркістаннан Сауран қалашығына бұрылатын қысқа бағыт ашылмақ. Бұл бағытта тиісті қүрылыс жұмыстары басталады. Бұрын саяхатшылар Сауранға бару үшін Қызылорда облысының аумағына өтіп, қайтып келетін болса, енді тарихи қалаға баратын жол қысқарып, барлық мүмкіндіктер жасалады.

Айта кетейік, Сауран туралы алғашқы жоба деректер Х ғасырда жазылған. Көне қаланың тарихы жүзжылдықтарға жетелейді. Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған Қазақстандағы қорған дуалдары неғұрлым толық қалпында сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі деген деректер де бар. Сауранды жаулап алмақшы болған Абдаллах ханның әскери жорығын суреттеген авторлар қамал-қала туралы былай деп жазған екен.

«Сауран қамалы – өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғандығы соншалықты, тағдыр тәлкегінің қолы оның қорғанының түбіне жетіп көрген емес және көктегі аспанның өзі де әлем жерінің төрттен бірінде мұндай берік қамал көрген емес. Оның биіктігі соншалықты, күннің көзі де одан асып көрген емес. Қамалдың беріктігі соншалықты, оның мұнаралары мен дуалын қирату ешкімнің ойына да кіріп шықпайды».

Міне, сырттағы жау мен көш бастағандар Сауранды ұлан-ғайыр Дешті-Қыпшақ даласын мекен еткен тайпалар мен халықтарға үстемдік орнатуға мүмкіндік беретін стратегиялық бекініс ретінде қарастырған. Кезінде Түркістан Қазақ хандығының астанасы саналып, ал Сауран мен Сығанақ қалалары әкімшілік орталықтары болып есептеліпті. Сауран қаласы XVIII ғасырларда  жоңғарлардың шапқыншылығына ұшыраған. Одан кейін Қоқан хандығының езгісіне де түскен. Осыдан бастап қаланың құлдырау дәуірі басталады. «Жұттан, жаудан жаяу басын алып қашқан ел шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып қалады екен» – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде жоңғарлардан үштен екісі қынадай қырылып, үдере қашқан қазақ халқы Сауран айналып, Бұхараға ауған. Ел аузында «Сайран айналған» деген тіркес содан қалып, жау қолында қалып бара жатқан туған жерін, ұлы отанын аңсаған зар мен мұңға толы «Елім-ай» әні туған. Бұл оқиға жайында қазақтың белгілі қаламгері Ілияс Есенберлин өзінің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясында Сауран қаласының ғажайыбын суреттеп берген болатын. Сауран қаласы жайлы алғашқы деректер Х ғасырдағы араб саяхатшыларының жазбаларында да кездеседі екен. Демек, бұл қала тарихшылардың айтуы бойынша VI  ғасырда пайда болғандығын аңғартып отыр. Ал, сол заманның тарихшысы Рузбихан Сауран туралы:

«Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша, әртүрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ешқандай жау ала алмайды. Бұл қаланың топырағы  — білім мен ғылымның  ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зеректік және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген», — деп көрсетеді.

Бүгінде, «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Сауран қалашығы аумағынан «Сапар орталығының» құрылысы қолға алынған. Бөлінген жер көлемі – 1 гектар, құрылыс аумағы – 968,41 шаршы метр. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған.