Архив рубрики: Білім

Түркістандық бала Мағжан TOGG зауытына барды

Түркістан қаласында тұратын 3-ші сынып оқушысы Арғынбай Мағжан Ержанұлы бауырлас түрік елі шығаратын отандық электрлі көлік TOGG-тың Бурса қаласының Гемлик ауданындағы зауытын аралап қайтты. Көліктерге деген қызығушылығы ерте оянған Мағжан, алғаш шыққан күнінен бастап-ақ TOGG жайлы жаңалықтарды жібермей көріп келеді. Қазақ баласының Түркияның отандық өнімі TOGG-қа деген осы қызығушылығы түрік телеарнасының назарын да аударған болатын. Түркияның TRT арнасының Қазақстандағы тілшісі Түркістанға арнайы сапары барысында бала Мағжаннан сұқбат алып, қазақ баласының TOGGқа деген қызығушылығын түрік жұртына жеткізгенді. Бұл репортаж TRT Haber және TRT Avaz арналары мен TRT қазақша сайтында жарияланды.

Осы жаңалықтан кейін бала Мағжан TOGG-ты өз көзімен көру үшін әкесімен бірге Түркияға барып қайтты. Ұшақтан түскен бойда-ақ әуежайда TOGG-тың үшеуін көріп, қуанышқа кенеледі. Сол күні әкесінің досы Фатих Кескиннің TOGG T10X көлігімен қаланы қыдырып, түрік елінің отандық өнімімен жақыннан танысады. TOGG-пен Түркияның бірнеше қаласын аралаған Мағжан, түрік елінің осы отандық электрлі көлігін шығаратын зауытты көруге Бурса қаласына барады. Оларды TOGG зауытына кіріп, аралап көрулері үшін алдын-ала арнайы рұқсат алып қойған Айбарс Йылмаз мырза күтіп алып, Мағжанның көптен күткен арманын орындайды. Осылайша, түркістандық Мағжан TOGG зауытын көріп, Түркияның отандық көлігінің қыр-сырымен, ерекшеліктерімен танысады. Қазақ баласы зауыт қызметкерлерін өзінің TOGG жайлы білетін ақпараттарымен таң қалдырып, тәнті етеді.

Түркістандық бала Мағжан осы саяхаты барысында TOGG зауытымен қатар, Бурсада өздерін қонақ еткен Серкан Акын мырза және ұлы Кылычарсланмен бірге Bursaspor футбол клубы мен баскетбол клубына да барды. Футболшылар мен баскетболшылардың жаттығу залдары мен алаңдарын, жататын орындары мен спорт клубының ғимаратын аралап көрді. Өмер Кескин және Тансел Ышыккент мырзалар Мағжанды Bursaspor футбол клубының тарихымен таныстырып, футболшылардың жеткен жетістіктерін баяндап берді. Ал баскетболшылардың жаттықтырушысы Мұрат Таныш мырза болса, Мағжанға жаттығу залын аралатып, арнайы сый-сыяпат табыстады.


Сегіз жасар Мағжан болашақта көлік жасап шығаруды армандайды. Көліктерге деген қызығушылығы мен TOGG-ты көруге құштарлығының себебі де осы. Баланың ұшқыр қиялы мен асқақ арманына мән беріп, TOGG-қа деген қызығушылығына назар аударған түрік бауырларымыз Мағжанға өздерінің оң батасын беріп, арманының орындалуын тілеп шығарып салды.

@Ербақыт Нығмет

“АЛТЫН БЕЛГІ” ИЕГЕРЛЕРІМЕН ЕРКІН ФОРМАТТАҒЫ КЕЗДЕСУ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ашық аспан аясында биылғы оқу жылында ҰБТ-ден жоғары балл жинап, «Алтын белгілерін» ақтап шыққан 70-ке жуық білімді жастармен кездесті. Кездесу еркін форматта қаладағы С.Қожанов саябағында ұйымдастырылды. Жиынды қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы С.Азат жүргізіп отырды.

Қала басшысы ең алдымен жастарға ұстаздарының және ата-аналарының үмітін ақтап, Кентау қаласының мерейін үстем еткен жетістіктерімен құттықтап, алғысын білдірді.

«Сіздердің осындай жетістікке жетуде бойларыңызға білім мен тәлімді тәрбие беруде тер төккен ұстаздарыңыздың еселі еңбектерінің нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта Абай атамыз айтқандай: “бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық” бола білсеңіздер, жақындарыңыз бен жанышырларыңыздың мақтанышына айнала бересіздер. Енді бұдан кейін үлкен өмірге қанат қағып барасыздар. Қанаттарыңыз талмай, биіктерге самғай беріңіздер! Жоғары оқу орнына оқуға түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітірулеріңізге тілектеспін. Таңдаған мамандықтың мықты иесі, кәсіпқойы болыңыздар!», деді қала әкімі.

Жайма шуақ жаздың керемет сәтінде өткен кездесуде жастар тарапынан қала басшысына түрлі тақырыпта еркін сауалдар жолданып, ойларымен бөлісті.

Еліміз бойынша ҰБТ-ден ең жоғарғы 138 балл жинаған Айдос Қожанов сөз алып, қала басшылығына өз ризашылығын жетікізіп, білім беру жолындағы ұлағатты ұстаздарына алғысын жеткізді. Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос әке жолын қуып болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді.

Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы кездесу барысында жастарға алдағы өмірлеріне үлкен сәттіліктер жолдап, «Алғыс хаттар» табыс етті. Сонымен қатар, ұлы ғұламалардың терең мағынаға толы кітаптарын тарту етті.

Қала бойынша 2023-2024 оқу жылында 928 түлек оқуын аяқтады. Мектеп бітіруші түлектердің арасында 53 оқушы «Алтын белгі», 30 оқушы «Үздік үлгідегі аттестат» иегерлері болды.

Айта кетейік 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысы бойынша мектепті 31210 оқушы бітіріп, 27 340-і Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынады. Түркістан облысында биыл 45713 оқушы 9 сыныпты бітіріп, бәріне аттестат берілді. Оның ішінде «Үздік аттестатқа» 4367 оқушы қол жеткізді. Ал, 11 сыныпты 31210 оқушы аяқтап, қолдарына мектепте білім алғандарын растайтын аттестат тапсырылды. Осылайша 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 9,11 сынып түлектерін қосқанда 77 мыңға жуық оқушыға аттестат табысталды. Сондай-ақ, 11 жыл үздік оқыған түлектерге өздері оқыған білім ордасында “Алтын белгі” табысталды. 2023 -2024 оқу жылында Түркістан облысында 1704 түлек “Алтын белгі” иесі атанды. Сондай-ақ, 2400 оқушы “Үздік аттестат” алды.

ҚАЛА ӘКІМІ ҮЗДІК ТҮЛЕККЕ АЛҒЫСЫН БІЛДІРДІ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Ұлттық бірыңғай тестілеуден еліміздегі ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп 138 балл жинаған кентаулық түлек Айдос Қожановты қабылдады.

«Мемлекетті өркениетке жеткізетін білімді елдің болашағы өзіңдей білімді жастар.Үлкен өмірге басқан қадамыңыз құтты болсын! Таңдаған мамандығыңыз бойынша жоғары оқу орнына түсуіңізге тілектеспін. Сізді осындай дәрежеге жеткізген ата-анаңызға, ұстаздарыңызға алғысымды білдіремін» – деді қала әкімі.

Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос әке жолын қуып болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді.

Айта кетсек, Кентау қаласында 2023-2024 оқу жылында 857 түлек мектеп бітіріп,оның Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 788 өтінім білдірген. Оның 43-і – «Алтын белгі» белгіге, 54оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер.

КЕНТАУДА АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА «ИНТЕЛЛЕКТ БАТТЛ» ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНЫ ӨТТІ

Кентау қаласы әкімдігінің қолдауымен және “Интеллект баттл” жобасының авторы Гүлжан Серікқызының ұйымдастыруымен зияткерлік ойыны өтті.
Білімділерді анықтайтын жарысқа Түркістан облысына қарасты аудан, қаладан және қаланың әр саласынан құралған 20 дан аса команда қатысты. Олар жарыста қазақ әдебиеті мен салт-дәстүр, әлем қызықтары, логикалық сұрақтар, кино, әуен жанры және Кентау қаласының тарихына негізделген сұрақтардан тұратын 6 кезең бойынша сынға түсті.
Аталған шараға қала әкімі Жандос Тасов қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Зияткерлік ойынның мақсаты – дербес ойлауды, зияткерлік қабілетті дамыту, білімді насихаттау, Кентау қаласының тарихын жеткізу болатын.
Қатысушылар логика, тапқырлық және білімін қолдана отырып, жан-жақты қызықты сұрақтарға жауап берді. Ақтық кезеңде 20 командамен ой жүйріктігін сынға салған Сауран ауданынан қатысқан “Сауран жастары ” командасы 1-ші орынды жеңіп алды.
Жүлделі 2-ші орынды облыстық Жастар ресурстық орталығынан құралған “Жастар ” командасы алса, Кентау қаласы Байылдыр ауылынан құралған “Байылдыр ” командасы және Түркістан арнасынан құралған “ Интершум ” командалары үштіктер қатарынан көрінді.
Ойын нәтижесінде “Үздік ойыншы” номинациясына “Кентау жастары” командасының ойыншысы Қаныбек Гүлзада, “ Шабыт ” командасының ойыншысы Отызбай Бабыр, “ QQQ жастары ” командасының ойыншысы Қозымет Маржан және “ Ілім ізденушілер ” командасынан Атабек Арслан ие болды.
Одан бөлек сайысқа белсенге қатысқаны үшін қала әкімінің номинациясымен Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің “ Тау ”командасы және Гүлжан Серікқызының номинациясымен Бәйдібек ауданынан келген “ Тұран ” командасы марапатталды.

КЕНТАУ: 450 ОҚУШЫ ЖАҢА ЛАГЕРДЕ ТЫНЫҒАДЫ

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «URKER» жазғы сауықтыру лагері іске қосылды. Жоба құны 400 млн теңге болатын кешенде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылады. Демалыс аймағының ашылу салтанатына қатысқан Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов тұрғындарды құттықтап, балаларға жазғы демалысты жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.

“Жазғы демалыста осы лагердің іске қосылғаны біз үшін де, балалрымыз үшін де қуанышты жағдай. Енді балаларымыз жазғы уақыттарын ата-анасынан жырақта емес, жақын маңайдағы табиғаты керемет лагерде демалатын болады. Демалып қана қоймай, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік болады. Осындай игі істі қолға алған азаматтарға алғысымыз шексіз,” – деді қала әкімінің орынбасары.

«URKER» жазғы сауықтыру лагерінде 450 бала үш ай бойы тынығады. Мұнда балаларға жаз бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Лагерь аумағында бассейн және түрлі спорт алаңдары орнатылған. Жалпы аумағы – 20 гектар. Алдағы уақытта бұл жерден қосымша тағы 300 балаға арналған ғимарат бой көтермек. Одан бөлек, жеке кәсіпкер демалыс аймағын, гольф алаңын, үлкен бассейн, ипподром, этно ауыл және үлкен теннис алаңын салуды жоспарлап отыр.

КЕНТАУЛЫҚ ОҚУШЫ ҰБТ-ДАН ЕҢ ЖОҒАРЫ ҰПАЙДЫ ЖИНАДЫ

Кентаулық талапкер Айдос Қожанов Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, жоғары 138 балл жинады. Бұл көрсеткіш әзірге еліміз бойынша ең жоғары нәтиже. Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос болашақта математика пәнінен мұғалім болғысы келеді.
Дарынды оқушылар – ел болашағы, келешегіміздің үміті. Білім бәсекесінде биіктен көріну, мақсатқа қол жеткізу – озат оқушының арманы, ұстаздың жетістігі. Арманына қанат байлаған сондай білімді оқушының бірі – Кентау қалалық білім бөліміне қарасты «Грант» жекеменшік мектебінің 11«Г» сынып оқушысы Қожанов Айдос. Айдос 09.09.2007 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Грант жекеменшік мектебінің биылғы оқу жылының түлегі. Таңдау пәні: физика-математика.
«Үздіксіз даму үздіксіз еңбекті қажет етеді. Сондықтан оқушының мүмкіндігін ескере отырып, оны үнемі дамыту қажет. Айдос – өте ізденімпаз оқушы, әрдайым өз мақсатына жетуге тырысады. Сабырлы, парасатты және салмақты мінезімен ерекшеленеді. Күнделікті өмірде тек жағымды жақтарымен сипатталады. Дәлелді себепсіз сабақтан қалған емес. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді. Мектепішілік бақылау сынақтарынан үздік нәтиже көрсетіп жүрген оқушылардың қатарынан », – дейді мектеп директоры Каримжанов Шахрух Шералиұлы.
Әрбір жеке тұлғаның болашағы өзі оқыған мектебінде айқындалады. Ертең осы елге ие болып, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Мектеп оқушыларының ішінде қазіргі заман талабына сай, ой – өрістері кең, дарынды, шығармашылық қабілеттері бар оқушылар көп.
Айта кетсек, Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 340 оқушы өтінім білдірген. Жалпы облыста 32 306 оқушы 11-сыныпты тәмамдаған. Оның 1 727-і – «Алтын белгі» белгіге, 2 466 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер.

КЕНТАУЛЫҚТАР ӘНҰРАНДЫ БІРГЕ ОРЫНДАДЫ

4 маусым еліміз үшін айрықша мереке – ҚР Рәміздер күні. Осы күнді кентаулықтар қаладағы Рәміздер алаңына жиналып, Әнұранды бірге орындады. Мерекелік шараға қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, ұстаздар мен оқушылар, қала жастары қатысты.
– Отанды, туған жерді сүю Мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталады. Еліміздің Әнұраны әлемдік олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының құрметіне талай рет шырқалып, рух беріп келеді. Әлі де шырқала беретініне сенімдімін. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты. Осының бәрі тарих. Осы мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің мәңгілік екенін айшықтайды, – деген қала әкімі барша тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Аға буын өкілдері рәміздердің маңыздылығы туралы ой қозғаса, қаланың белсенді жастары мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, құндылықтарды құрметтеу жөнінде ұран тастады.
Мектеп оқушылары тәуелсіздіктің қасиетті, біріктіруші бейнесін танытатын Рәміздер жайында жыр-шумақтарын орындап, Отанымыз Тәуелсіз Қазақстанға арналған әсем әуендер шырқалды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырған іс-шара кентаулықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, елдің патриоты болу, отаншылдық дәріптелді.

КЕНТАУЛЫҚ ТҮЛЕКТЕР МЕКТЕПКЕ СПОРТ АЛАҢШАСЫН САЛЫП БЕРДІ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалаға қарасты Хантағы аулындағы №6 А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде өткен салтанатты жиынға қатысты.
Қала әкімі педагогикалық ұжымды, оқушылар мен олардың ата-аналарын құттықтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған барлық кентаулық түлектерге жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ еңбегі еселі бірқатар ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Алғыс хатпен» марапаттады.

Шара барысында мектеп бітіруші түлектер мектеп вальсін орындап, әсем әуендерін шырқады. Салтанатты жиында «Алтын белгі» үміткері, Назарбаев университетіне шақырту алған Серік Қуаныш пен бастауыш сынып оқушысы Талшын Маккамбай соңғы қоңырауды соқты.

Жиын соңында қала әкімі мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің мектепке тарту ретінде салып берген спорт алаңшасының ашылуына қатысты. Одан бөлек, білім ордасының ішіне рәміздер алаңын жасап берген.

Айта кету керек, биыл Кентау қаласында 741-дей оқушы мектеп бітірмек. Олардың 677-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Биыл 45 оқушы «Алтын белгіге», 29 оқушы «Үздік аттестаттан» үміткер болып отыр.

Көлік саласында кадрлар даярлау жұмыстары қолға алынды.

Президент Қ.Тоқаев техникалық мамандықтардың маңыздылығын атап, білімге деген көзқарасты өзгерту керек екенін айтқан болатын. ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың тапсырмасына сәйкес көлік саласында кадрлар даярлау жұмыстары қолға алынды.
«ҚазАвтожол» ҰК Түркістан облыстық филиалы, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ШҚФ және Көліктік бақылау инспекциясы, «Қазақстан су жолдары» РМҚК, «Қазаэронавигация» РМК мамандары Шымкент қаласындағы №72 жалпы орта мектепте болды. Болашақ талапкерлерге кәсіби бағыт- бағдар берді.
Танымдық кездесуге жоғары сынып оқушылары таңдалды. Себебі жас түлектер алдында болашақ мамандығын таңдау міндеті тұр.

-Жолшы барлық уақыттағы сұранысқа ие мамандық. Жолшы мамандығы жауапкершілік пен білімділікті талап етеді. Ал, сол жолшы салатын автомобиль жолдары арқылы ел мен елдің байланысы бекиді. Халық пен халықтың қарым-қатынасы жақсарады. Еліміздің экономикалық қуаты артады. Еліміздің болашағы жастардың қолында, дейді «ҚазАвтоЖол” ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының Пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Айдана Дүйсебекова.
Кездесуге келген жоғары санатты жол мамандары еліміздің жол саласында кәсіби мамандар тапшы екенін айтты. Министрлік мәліметінше, жол құрылысы бойынша қазіргі еңбек нарығында 2 мыңға жуық жолшы қажет екен.


«Бұл іс шарада біз оқушыларға техникалық мамандардың Қазақстан Республикасы бойынша тапшы екендігін және де бұл мамандықтың маңыздылығын түсіндірдік. Білімді және білікті маман болуы үшін, ең алдымен өз кәсібін жақсы көрүді, елімізге әуе жолы, темір жол және асфальтбетонды жолдарда болашақта әр бір оқушы білікті маман болып өз жұмысын абыроймен атқаруы жайлы бағыт бердік, дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ШҚФ Сынақ зертханасының меңгерушісі Ермек Намазов.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК талдауына сәйкес, еліміздегі тұрғын-үй коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларында қызметкерлердің 10%-ның ғана арнайы салалық білімі бар екен. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін Жол сапа кәсіпорыны мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуге бағытталған “2000 мектеп” акциясын ұйымдастырғанына 5 жыл болды.
Мамандық таңдау маңызды іс. Гуманитарлық мамандықтарға әуестену кезеңі өтті. Түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.
Айта кетейік, жол мамандарын елімізде 8 жоғары оқу орны дайындайды.

ҚАЗЫҒҰРТТА 300 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Бүгін Алғыс айту күні қарсаңында Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылдық округінде А.Байтұрсынов атындағы 300 орындық мектеп ашылды. Жаңа оқу орнының ашылу салтанатына БАҚ өкілдері арнайы баспасөз турымен барды.

 

 

Білім ордасының құрылысы республикалық бюджет есебінен 2021-2024 жылдар аралығында жүрген. Қазіргі таңда мектепте 261 оқушы екі ауысымда білім алады. Мектеп құрылысын тәжірбиелі мердігер «Өмірзақ» ЖШС-гі атқарған және толық заман талабына сай жабдықталған.

 

 

Оқу ордасында физика, химия, биология, информатика, кабинеттерінен бөлек, тігін шеберханасы мен үлкен спорт зал бар. Осылайша ауыл тұрғындары көктемнің алғашқы күнінде қуанышқа кенеліп отыр.

 

Айта кетейік, өткен жылы ауданда 3 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Ал биыл қосымша 3 білім беру ғимаратының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.