Қадірлі Сауран ауданының тұрғындары!
Туған жердің тазалығы – әрбір азаматтың жауапкершілігі мен мәдениетінің айқын көрінісі. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау – тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, барша халықтың ортақ міндеті. Осы орайда, “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ауданымызда сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарын күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Сауран – біздің ортақ үйіміз!
Ауданымыздың экологиялық жағдайын жақсарту, айналамызды қоқыстан тазарту, көшелерімізді, өзен-көлдерімізді, саябақтар мен аулаларды көркейту – біздің әрқайсымыздың міндетіміз. Тазалық – тек сыртқы көрініс қана емес, ол – денсаулықтың, өмір сапасының және өркениеттіліктің кепілі. Таза ортада өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында туған жерге деген құрмет қалыптасады.
Көп болып атсалысайық!
Мен барлық мемлекеттік мекемелерді, кәсіпорындар мен ұйымдарды, мектептер мен колледждерді, ауыл әкімдіктерін, жеке кәсіпкерлерді және белсенді азаматтарды осы тазалық акциясына белсене қатысуға шақырамын!
Ауданымыздың әрбір тұрғыны өз үйінің, ауласының, көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қараса, айналамыз гүлденіп, көркейе түсетіні сөзсіз. Сенбіліктерге қатысып, өз үлесіңізді қосу арқылы сіз туған жерге деген сүйіспеншілігіңізді көрсетесіз.
Біз бірге әрекет етсек, ауданымыз бұрынғыдан да таза, көрікті әрі жайлы бола түседі! Қоршаған ортаға жанашырлық танытып, табиғатты аялауға шақырамын!
Келіңіздер, туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосайық!
Сауран ауданының әкімі
Мақсат Таңғатаров