«Ауылым – алтын бесігім» байқауы дәстүрді дәріптейді

Қарашық ауылында Сауран ауданы әкімі Таңғатаров Мақсат Асылбекұлының бастамасымен «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасындағы байқау Қарашық ауылдық округі әкімшілігі, Қарашық мәдениет үйі және ауылдық кітапхана ұжымымен бірлесе ұйымдастыруымен өтті. Қарашық ауылында өткен «Ауылым — алтын бесігім» атты байқау ауыл тұрғындары мен қонақтардың есінде жарқын әрі есте қаларлық мерекелік шара ретінде қалды. Бұл іс-шара ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, ұлттар арасындағы достықты нығайтып, салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталды.

Байқауда қазақ және өзбек ұлттарының салт-дәстүрлері мен мәдениеті ерекше көрініс тапты. Қазақтың ұлттық киіз үйлері тігіліп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Әсіресе, қазақ халқының ет, қазы-қартасы мен бауырсағы, сондай-ақ өзбек халқының палау, самса, нан сынды тағамдары үлкен сұранысқа ие болды. Екі халықтың дастарқандарының берекесі мен молшылығы ауыл тұрғындарының көңілінен шықты.

Байқаудың ерекше бөлімі ретінде Қарашық мәдениет үйі директоры А. Азизбековтің ұйымдастыруымен өзбек ұлттық музыкалық аспаптарының үні шығып, көрермендерді өнердің тереңіне тартты. Музыканттардың шеберлігі мен аспаптардың әсем әуендері шараның рухын көтеріп, халықтың қуанышын арттырды. Киіз үйлердің арасында ауылдың мәдениетін дәріптейтін түрлі көрмелер ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкерлері ауыл тарихы мен мәдениетіне арналған көрме жасап, ауылдың өткенін, бүгінгі жетістіктерін паш етті. Онда кітаптар, қолжазбалар, фотосуреттер мен басқа да тарихи жәдігерлер ұсынылды. Сонымен қатар, ауыл ұсталары да өз шеберліктерін танытып, көрмеге ерекше қолөнер бұйымдарын әкелді. Олардың ағаштан жасалған заттары көрермендердің ерекше қызығушылығын оятты. Мерекелік бағдарлама да өте әсерлі өтті. Шараның басында халықтық әндер шырқалып, түрлі би топтары өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе, ұлттық би өнері мен әндердің орындалуы көпшіліктің көңілінен шықты. Әрбір өнерпаздың өнері ерекше бағаланып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Шараның тағы бір маңызды бөлігі – ауыл шаруашылығы мен қолөнер көрмелері болды. Мұнда ауыл тұрғындары өздері өсірген өнімдерін, сондай-ақ қолмен жасаған бұйымдарын ұсынды. Көрмеде ауылдағы егін шаруашылығының өнімдері, ет-сүт өнімдері, жеміс-жидектер және түрлі көкөністер қойылды. Қолөнер бұйымдары да көрменің сәнін кіргізіп, ұлттық нақыштағы кілемдер, зергерлік бұйымдар, киімдер, тұрмыстық заттар үлкен қызығушылық тудырды. Қарашық ауылының тұрғындары мен қонақтары үшін «Ауылым — алтын бесігім» байқауы нағыз рухани серпіліс пен мәдени байланыстарды нығайтатын үлкен мереке болды. Бұл шара ауылдың мәдениетін дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам ретінде есте қалды.  Ауыл халқының бірігіп атқарған ісі ауылдың көркейіп, дамуына, мәдени байлығын сақтауға қосқан зор үлесі болды.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*