Сауран: Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және жастарға мемлекеттік қолдау

Құрметті Сауран ауданының тұрғындары!

21 қазан күні сағат 15:30 – де Сауран аудандық мансап орталығының ғимаратында, яғни Ыбырай Алтынсарин көшесі 20, мекен-жайында «Шектеусіз мүмкіндік» тақырыбымен NEET санатындағы жастар санын азайту және жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамту мақсатында Сауран аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Бүгінде, жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздегі басты міндеттерінің бірі. Осыған орай, NEET санатындағы жастарды және жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмысқа тарту, жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру өте маңызды. Осы тұрғыда жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бағытындағы мүмкіндіктерді атап өтсек.

Жастар мен тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар тізімінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бар. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты енді, 6 бағыт бойынша беріледі. Мемлекет басшысының бастамасымен берілетін бұл грант 2021 жылдан бастап жастарға «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа» бағыттары бойынша үйлестірілген. Ал, биыл аталған тізімге «волонтерлік» бағыты да қосылды. Бұл өзгеріс бағдарлама қағидаларын жетілдіру мақсатында жасалған. 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады. Мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау. Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі (34 жас қоса алғанда) азаматтары үміткер бола алады.

6 бағыт бойынша берілетін гранттар тізімі:

«Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;

«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;

«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;

«Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;

«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;

«Волонтерлік» –  өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.

 

Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бар. Бұл бағытта еңбек мобильділігі орталықтары, яғни, мансап орталықтары жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз түлектерге, 35 жастан аспаған жастар, жұмыс тәжірибесі жоқтар  қатарынан жүзеге асырылады. Оқу орындарының түлектері үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп бойынша немесе ұқсас кәсіп, яғни мамандық бойынша құрылады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен келісім негізінде қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге жұмысқа орналастырады. Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Айта кетейік, биыл елімізде  «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске асыру шеңберінде 4,2 мың адам жұмысқа орналасқан. 2024 жылы осы бағыт бойынша барлығы 8,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жұмысқа орналастыру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Бұл бағытта 1,3 мың адам еңбекпен қамтылған екен. Бұл жобаға жұмыс тәжірибесі жоқ 35 жастан аспаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Ол үшін Мансап орталығына өтініш беру керек. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыздарды кемінде 12 ай мерзіммен тұрақты жұмыс орнына орналастыруға міндетті.

 

Сондай-ақ, жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін «ақылы қоғамдық жұмыстарды» мансап орталықтары ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстар қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытта болады. Қоғамдық жұмыстарға қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Айына жалақы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, 20 айлық есептік көрсеткіштен төмен емес болып белгіленеді. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға келесілердің құқығы бар. Олар: тіркелген жұмыссыздар, студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары оқудан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда, тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар.  Бұл бағытта жолдама алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет.Сондай-ақ, 21 қазан күні Сауран аудандық мансап орталығының ғимаратында өтетін жәрмеңкеде осы бағыттар бойынша түсіндірме жұмыстары да жүргізілетін болады.

 

Сонымен қатар, жастарға жұмыс табудың жаңа мүмкіндігі, ол — «Жастар практикасы». Бағдарлама оқуды аяқтаған соң алған кәсібі бойынша жұмысқа орналасуды жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі. Түлектің «Жастар практикасына» қатысқан уақыты жұмыс өтіліне кіреді. «Жастар практикасы» 1 жылдан аса қызмет етіп тұрған, салық, жалақы бойынша берешектері жоқ жұмыс берушілерде ұйымдастырылады. Жұмыс беруші түлектің мамандығын немесе оған ұқсас мамандық бойынша жұмыс орнын құрады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде 2023 жылы заң қабылданды. Оның бірнеше жаңа нормасы бар. Егер бұрын жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, қазір 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Демек, жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артты. Егер бұрын жастар категориясына 3 миллион 700 адам кірсе, қазір 5 миллион 700 мың адам кіреді. Яғни олар осы нормаларға, осы қолдау тетіктеріне ие болады. Сондай-ақ «Жастар практикасы» бағдарламасына сәйкес, бұрын жастар жарты жыл өтетін болса, қазір ол бір жылға дейін ұзартылған. Жастарға өз-өзін көрсетуге мүмкіндік берген жақсы, әрине. Бірақ, сонымен қатар оларға мотивация да керек. Жас мамандарды айтпағанда тәжірибелі, тісқаққан қызметкерлердің өзі жоғары жалақы алса, жұмысты құлшыныспен істейді. Ал қолына дипломын енді ғана алған жас маман үшін мақтау-мадақтаудың өзі жеткілікті. Әйткенмен еңбегі қаржылай бағаланса еңсесі көтеріліп, қуанып қалатыны жасырын емес. «Жастар практикасы» арқылы уақытша болса да жұмысқа орналасқандарға 110 760 теңге көлемінде жалақы қарастырылған. Бұл қаржы 1 жыл бойы бойы мемлекеттің қазынасынан төленеді. Бағдарлама арқылы уақытша жұмысқа орналасқан маман ҚР Еңбек кодексімен қорғалған. Соған сәйкес, оның мекемедегі құқығы басқа да қызметкерлермен тең. Оның жалақысынан барлық аударымдар шегеріледі. Бір сөзбен айтқанда «Жастар практикасы» – жастарға берілген үлкен мүмкіндік.

 

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша да түсіндіріледі. Себебі бұл жоба кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жеке әлеуметтік санаттарға жататын жас кәсіпкерлерге өз бизнесін жүргізу үшін бастапқы білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін жобаға қатысушы аяқталғаны туралы сертификат алады және өзінің бизнес-жобасын іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант алуға үміткер бола алады.101 ас 0

« Баст                 ау Бизнес»   ж обас ы  бойынша келесі санаттарға жататын тұлғалар өтінім беріп, оқуға қатыса алады. Олар: жұмыссыздар; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер; дара кәсiпкер ретiнде тiркелмей-ақ табыс алу мақсатында тауарларды өндiру жөнiндегi қызметтi өз бетiнше жүзеге асыратын, жұмыстарды орындайтын және қызметтер көрсететiн және енжар ​​дара кәсiпкерлер; отбасылық кәсiпкерлiкте ақысыз қызметтi өз бетiнше жүзеге асыру; табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен сатуға арналған жеке қосалқы шаруашылықта өндірістік қызметті дербес жүзеге асыратындар; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооператив мүшелері; бастаушы және/немесе жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер.

Жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жастарды жұмыспен қамту бағытында «Әлеуметтік жұмыс орны» жобасы  – тиімді бағдарлама болып саналады. Әлеуметтік жұмыс орнын  жұмыс беруші жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін құрады. Бағдарлама бойынша жұмысқа орналасу кезінде  аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған тұлғаларға басымдық беріледі. Жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысының 35%-ы мемлекет есебінен төленеді.Әлеуметтік жұмыс орын – бұл, жұмыс беруші жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін мансап орталықтарымен келісім шарт негізінде, олардың жалақысын субсидиялай отырып құратын жұмыс орны. Әлеуметтік жұмыс орындарын са    лық және басқа әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізіп отыратын және жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер ұйымдастырады. Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.

Елімізде жас мамандар үшін мемлекет тарапынан көп мүмкіндік, үлкен қолдау, көмек беріліп жатыр. Бұл бағытта жаңадан құрылған Сауран ауданында да жаңа жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік мол. Сонымен қатар, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан беріліп жатқан мол мүмкіндікті мамандар тиімді пайдалана білгені жөн. Көтерме жәрдемақы, бюджеттік несиемен бірге ауылда жұмыс жасайтындардың жалақысына 25 пайыз үстемеақы қосылатыны тағы бар. Сөйтіп, жастар ауылды көркейтіп, ауыл арқылы өздерінің де тұрмысын түзеп алса болады. Жалпы еңбек етуге талпынғандар үшін ел Үкіметі тарапынан қолдау көп. Көпшілік «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы тек қана жастарға, жоғары оқу орнының биылғы түлектеріне арналған  жоба» деп түсінеді. Бұл — қате пікір, қате түсінік. Бағдарламаға қатысу үшін жап-жас болу, университет немесе институт бітіру міндет емес. Маманның жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Сондай-ақ, колледж түлектері де қатыса алады.  Маманның оқуды қашан аяқтағаны да маңызды емес. Ең бастысы, ауылды көркейтуге үлес қосуды мақсат етіп, ауыл үшін қызмет еткісі  келетін әлеуметтік саланың маманы болуы тиіс.  Нақтырақ айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының және мал дәрігері маманы бағдарламаға қатыса алады.  Сондай-ақ, кем дегенде 3 жыл ауылда тұруы тиіс. Пәтері болмауы керек. Бұдан 3-4 жыл бұрын университет бітіріп, қалада жұмыс жасаған маман ауылға келіп, жобаға қатысуына болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес 2023 жылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті Отбасы банкі болып  тағайындалды. Жоба тұрғын үй сатып алуға немесе салуға кредит беруді және көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді. Енді азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін «Дипломмен ауылға» жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. Қазақстандықтардан жаңа өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданатын болады. Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан және онда бірқатар кәсіптер бойынша жұмыс істейтін кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері. Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізбесін қалыптастыратынын атап өткен маңызды. Дәл осы тізім аясында жеңілдетілген кредиттер беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек. Енді «Дипломмен ауылға!» жобасы шеңберіндегі қарыздарға Отбасы банкте қызмет көрсетіледі. Сондықтан кредиттері бар қазақстандық азаматтар банктің клиенттері болуы тиіс. Бұл төлемдерді уақтылы өтеу үшін және болашақта мерзімді өткізіп алмау немесе өсімпұл есептелмеу үшін жасалатын шара.

Банктің клиенттері бола отырып, олар кредит талаптарын өзгертпестен оны төлеуді жалғастырады. «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде қазақстандықтар 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы алуға үміткер бола алады. Мемлекеттік қолдаудың бұл түріне де otbasybank.kz платформасы арқылы өтініш беруге болады. Жәрдемақы мен бюджеттік кредит алуға өтінішті бір мезгілде беруге болады.

Ауылдық жерлерде жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған тағы бір мүмкіндіктің бірі — «2,5% несие алу » бағдарламалары. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жастарды шағын несиелеу бағдарламасына қатысу Жастарды несиелеу бағдарламасын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырады. Аграрлық несие корпорация жастарға шағын несие беру бағдарламасы шеңберінде сенім білдірілген өкіл ретінде құжаттарды қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру, несиенің нысаналы пайдаланылуын тексеру, қарыз алушымен есеп айырысуды жүзеге асыру, қарыз алушыдан төлем қабылдау, мерзімі өткен берешекпен жұмыс және уәкілетті органдарға есеп беру әрекеттеріне жауапты. Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады. Несиелеу шарттарына тоқталсақ.

  • Несие сомасы: 5 млн теңгеге дейін
  • Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 2,5%
  • Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін; бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін.
  • Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.

Шағын несие беру туралы шешімді комиссия қабылдайды, оған мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады, комиссия ол бизнес-жобаларды бағалап, неғұрлым болашағы барын таңдайды. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуы керек.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму — еліміз үшін бірінші кезектегі мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды». Бұл бағытта елімізде «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі болып қалыптасты. «Жасыл ел» еңбек жасағына 14 – 35 жас аралығындағы өңір жастары қатыса алады. Олар қоршаған ортаны абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары бойынша ақылы түрде қызмет атқарады.Құжат тапсырушылардың арасында ең бірінші әлеуметтік мәртебесі яғни, көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасының балаларына басымдық беріледі. Жастардың жалақысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ең төменгі жалақы 85 000 теңге көлемінде есептеледі. Бүгінгі таңда «Жасыл ел» республикалық штабы жалпы мемлекеттік жастар қозғалысына айналды. «Жасыл ел» жастар ұйымының мақсаты: жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау  және  достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.

Жалпы елімізде NEET санатындағы кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастарды қолдау күшейтіліп келеді. Атап айтқанда, жұмысқа орналастыру бойынша белсенді көмек көрсетіліп, өзге де қолдау шаралары қолға алынады. ҚР Үкіметі мемлекеттік жастар саясатын күшейту аясында тиісті қаулы да қабылдаған. Құжат «білімі жоқ және жұмыссыз» жастармен нақты жұмыс жүргізетін бірқатар орталық мемлекеттік органның құзыретін айқындайды. Осылайша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне уақытша жұмыссыз қалған жастардың жұмысқа орналасуына көмектесу, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың орындалуын бақылау жүктелді. Бұдан бөлек, Қаулыда жастармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілік сипаттамасын, жастар еңбек жасақтарын құру ережелерін, сондай-ақ жастарды дамыту индексін енгізу қағидаларын бекітуге мүмкіндіктер жасалған.  Қазақстан Үкіметі NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында әлеуметтік қолдау, білім алуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдаған. Еліміздің 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жеті бағытының бірі жастардың әлеуеті мен кәсіпкерлігін іске асыру болып табылады. Жастар — өмірдегі кез келген өзгерістерге жедел жауап беретін қоғамның ең белсенді бөлігі. Осыған байланысты жастар кәсіпкерлігі жастарды әлеуметтендірудің маңызды тетігі және әлеуметтік лифт ретінде әрекет етеді. Негізі NEET санатындағы жастар ерекше назар аударуды талап етеді. Статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстан Республикасының 15-34 жас аралығындағы жастардың жалпы санындағы NEET үлесі өткен жылы жылы 7,1%-ды құрапты. «Осы мәселені шешу мақсатында заңмен «Уақытша бос жүрген жастар» немесе NEET санатындағы жастар ұғымы бекітілді.  Бұл 2023 жылдан бастап оларды жұмысқа орналастыру, білім беру, біліктілігін арттыру бойынша жүйелі және атаулы жұмысты бастауға мүмкіндік берді. Ал, жастарды жергілікті қоғамдастық қызметіне қайта біріктіру мақсатында «Zhas project» гранттық бағдарламасы іске асырылды. Жоба өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға және қоғам өміріне қатысуға, жеке тұлға мен әлеуметтік институттар арасында сенім орнатуға, әлеуметтік жобалардың тұрақты экономикалық моделін құруға бағытталды. Әлеуметтік маңызы бар бизнес-жобаларды оқыту мен іске асырудың арқасында NEET санатындағы жастар оң және нәтижелі қызметке тартудың бірегей тәжірибесіне ие болады. «Zhas Project» аясында жастар арасында жобаларды іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру, білім беру және жүргізілетін жұмыстар арқылы NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып отыр.

Міне осындай мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері мен бос жұмыс орындарымен танысу және тұрақты жұмысқа орналасуды көздейтін жастар Сауран аудандық мансап орталығында өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне міндетті түрде барып, кеңес алғандары абзал. «Шектеусіз мүмкіндік» тақырыбымен NEET санатындағы жастар санын азайту және жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамту мақсатындағы шараның маңыздылығы ерекше. Сондықтан мамандар 21 – қазан күні өтетін жәрмеңкеге барша аудан халқын шақырады!

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*