Созақ ауданындағы «Жайлы мектептің» жаңа кезеңі басталуға жақын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын жүзеге асыруды жүкетеген болатын. Сонымен қатар, жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс екенін айтты. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылды.

Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы басталып кетті. Олардың қатарында Созақ ауданында бой көтеріп жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы да бар. Қазіргі таңда аталған білім ордасының сапалы салынуы мен құрылыс барысы басты назарда. Бұл бағытта Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс барысын бақылауына алып, мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасына қойылатын талаптардың сақталуын және жобаның әр кезеңінің мұқият орындалуын ескертті.

Қазіргі таңда құрылыстың ішкі және сыртқы жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, фасадтары травертинмен қапталуда. Жаңа білім ошағының техникалық жабдықталу деңгейі 4 есеге арттырылған. Мұнда робототехника кабинеттері, зертханалар және хореография залдары қарастырылуда. Оқу кабинеттері заманауи интерактивті тақталар және компьютерлермен жабдықталатын болады.Мектепішілік кеңістікті тиімді әрі жайлы ету мақсатында бастауыш, орта және жоғары буын оқушылары үшін бөлек блоктар жасалмақ. Бұл жоба ауданымыздың білім беру жүйесін жаңа биіктерге көтеріп, оқушыларға сапалы білім мен қолайлы орта ұсынатын болады.

Аталған білім ошағы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.«Жайлы мектеп» жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады. Сонымен қатар оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалып, оқушыларға арналған түрлі үйірмелер де ашылмақ. Сондай-ақ жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға барлық жағдай жасалады.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп салу жоспарланған болатын. Яғни, 300 орынды 11 мектеп, 600 орынды 25 мектеп, 900 орынды 15 мектеп, 1200 орынды 6 мектеп, 1500 орынды 4 мектеп, 2000 орынды 2 мектеп салынуда. Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*