ТАУКЕНТ КЕНТІНДЕГІ ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫНЫҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентінде болып, «Шолаққорған-су» МКК мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу қазандықтарының жай-күйімен танысты. Мекемеге қарасты жылу жүйесін және ондағы алмастырылған қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды тексерді. Жылуға жауапты мамандармен бірге жұмыс барысын талқылап, нақты талаптар қойды.  Сонымен қатар, «Мазут шаруашылығы» отын сақтау қоймасында болды. Ондағы сұйық отын қоры мен оның тасымалдануын бақылауға алды. Таукент және Қыземшек кенттеріне қажетті сұйық отынның жеткізілуі мен қордың сақталуы маңызды екендігін айтып, жауаптыларға тасымалдау жұмыстарын назарда ұстауды тапсырды. Қазіргі уақытта Таукент кентіндегі жылу қазандығында 2275 тонна мазут қоры бар. Тасымалдау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Еске сала кетсек, биылғы жылдан бастап, Таукент кентіндегі жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауыстырылды. Осыған дейін жылу трассасы мен жүйенің техникалық тексерісі жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кент ішіндегі ішкі орамдық жылу құбырының 1110 метрлік бөлігінің қайта жаңғыртылуы, қазандықтың жарамсыз қосалқы бөлшектерінің алмастырылуы, сондай-ақ задвижкалар мен сорғылардың жаңартылуы сығымдау жұмыстары арқылы тексерістен өткізілді. Қазіргі таңда кент тұрғындарына жылу температуралық кестемен тұрақты түрде берілуде.

Айта кетейік, ағымдағы жылдан бастап Таукент және Қыземшек кенттеріндегі жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауысып, өзекті болып тұрған мәселелер өз шешімін тапты. Бүгінге дейін Қыземшек кенті ішінде ішкі орамдық жылу құбырының 910 метр жылу трассасы мен жарамсыз қосалқы бөлшектері және 120 дана «задвижкалар» алмастырылып, сығымдау жұмыстарын жүргізу арқылы тексерістен өткізілді. Сондай-ақ жылу қазандығы ішіндегі сорғылар мен сұйық отынды айдайтын жүйесі толықтай жаңартылды. Ғимарат ішіндегі қабырғаларды әктеу, сырлау жұмыстарымен қатар, тозығы жеткен есік, терезелер ауысып,  еденінің 1000 шаршы метріне бетон жаймасы төселген.

Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, жалпы облыста жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамында 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 1577 автономды қазандық бар. Аталған жылу орталықтары арқылы облыста 1279 білім, 668 денсаулық сақтау, 212 мәдениет, 9 жұмыспен қамту, 75 спорт нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Жылу энергетикалық кешендеріне қажетті отын көлемі анықталған. Аңымдағы жылы жылыту маусымына 114,2 мың тонна көмір, 1 миллион литр дизель, 7,8 мың тонна мазут, 17 093 мың текше метр газ қажет болса, аталған көлем өз уақытында жеткізілуде екен. Жалпы жылыту маусымында тұтынылатын мазут көлемі — 7,8 мың тонна. Айта кетейік, биыл жылыту маусымына 17,3 миллиард теңге қаралып отыр. Оның ішінде 16,9 миллиард теңге бюджет есебінен бөлінген.

Негізі өңірдегі таулы аймақтарға жылу 11-16 қазан аралығында берілген болатын. Нақтырақ айтқанда, Төлеби, Түлкібас, Созақ, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам аудандары мен Кентау қаласында орталықтандырылған жылу қазандықтары кестеге сәйкес іске қосылды. Ал, Түркістан қаласының тұрғындарына жылу 20 қазанда берілді. Қалған аудан-қалаларда жылыту маусымы қараша айында басталды.

Өңірімізде 737 көпқабатты тұрғын үй бар. Орталықтандырылған жылу қазандықтарынан осы үйлер мен 2 243 бюджеттік мекеме жылу алады. Оның ішінде, 1 279 білім, 668 денсаулық, 212 мәдениет, 9 әлеуметтік, 75 спорт нысаны бар. Жалпы, облыста 1 жылу энергоорталығы, 34 орталықтандырылған жылу қазандығы және 1 622 автономды қазандық бар. Кентау қаласындағы жылу энергия орталығы көмірмен жылытылса, Созақтағы қазандыққа мазут жағылады. Ал, Түркістан, Арыс, Отырар, Төлеби, Сарыағаш аудандарындағы жылыту жүйелерінде табиғи газ қолданылады.

Биыл тозығы жеткен орталық қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, Кентау қаласында 6 қазандық қайта құрудан өтіп жатыр. Қазіргі таңда төрт қазандықтағы (№ 8,9,10,11) жұмыстар толығымен аяқталды. Қалған екі қазандықтағы (№ 7,12) құрылыс-монтаждау жұмыстары жыл соңында дейін жалғасады. Бұдан бөлек, тағы екі қазандықта (№ 5,6) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кентаулықтар жылыту маусымына 6 қазандықпен «кірді». Ал, Арыс қаласында жылыту қазандықтарына дейінгі 4 753 метр табиғи газ құбырын монтаждау жұмыстары аяқталды. Төлеби ауданының Леңгір қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтитын жарамсыз 150 метр жылу желісі ауыстырылып, резервтік қазандық жөндеуден өтті.

Созақ ауданына қарасты Таукент кентіндегі 5 қазандықта, Қыземшек кентіндегі 4 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 2 940 метр жылу жылу желісі жаңартылды. Ал, Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлерге жылу «Жылу» МКК арқылы беріледі. Мекеменің меншігінде 14 қазандық бар. Оның барлығы табиғи газбен жанады.

«Жалпы облыстағы жылу желілеріне тұтастай техникалық зерттеу жүргізілді. Жылу желілерінің тозуы 49 пайызды құрап отыр. Республикалық бюджеттен бөлінген 4,6 млрд. теңгеге Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистральды жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жағдай тұрақты бақылауда» дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Мұздыбеков.

Жалпы облыста жылу жүйелерін көгілдір отынға алмастыру шаралары қолға алынуда. Биыл 107 мектеп табиғи газға ауысады деп жоспарланған. Облыстағы 1 279 мемлекеттік білім нысанының 63-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы, 1 216-сы автономды жылыту қазандығы арқылы жылытылады. Аталған білім нысандары түгел сығымдау жұмыстарынан өткен. Бүгінде 1 157-сі жылу маусымына дайындық төлқұжатын алған. Ал, қалған 122 нысанға бұл құжат апта ішінде кезегімен беріледі. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, өңірдегі 450 білім мекемесіне қажетті 82 544,5 тонна қатты отын, 42 білім мекемесіне қажетті 2 399,2 тонна сұйық отын толығымен тасымалданған. 720 білім беру нысаны табиғи газ арқылы, 4 білім беру мекемесі электр энергиясымен жылытылады.

Өңіріміздегі 107 білім мекемесінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 2,2 млрд теңге қаралған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, тиісті жұмыс жүруде. Сонымен қатар, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 30-ға жуық білім беру ұйымының жылу жүйесі жаңартылған.

Сондай-ақ, өңірдің жолдарында 11 жылыту бекеті жұмыс істейді. Өңірімізде қар басу қаупі жоғары 22 аумақ бар. Оның 6-сы республикалық маңызы бар жол болса, 16-сы облыстық маңызы бар жол. Аталған аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 11 жылыту бекеті орналасқан.

«Қар құрсауында қалып, қиындыққа ұшырған азаматтарға көмектесуге 191 жеке құрам мен 25 техника қарастырылған. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдардағы 9 шақырымға қар ұстағыш қалқандар орнатылды» дейді төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Талғат Досалиев.

Сондай-ақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан. Мұнда бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілік бар. Төсек-орынмен де қамтамасыз етілген. Тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылады.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*