РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ӨНДІРІЛГЕН ЖАЛПЫ ӨНІМНІҢ 13 ПАЙЫЗЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ТИЕСІЛІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары күшейтіледі. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралған мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Бекітілген индикаторды орындамаған басшыларға сын-ескертпе айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы саласы өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Әрбір ауданның ерекшелігіне сай шаруашылықты дамытып, жобалар жасап, өнімділікті арттыру қажет. Ет, сүт өндіру, инвестиция тарту көрсеткіштері төмендеген аудандар осы мәселеге назар аударсын. Аудан, қала әкімдері ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке жауапты басқармалармен бірлесіп, инвестиция тарту жұмысын күшейтсін. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстарымыз жалғасады, – деген Нұралхан Көшеров жауаптыларға көктемгі дала жұмыстарын сапалы ұйымдастыру, шаруаларды жеңілдетілген жанар-жағармай мен тұқыммен қамтамасыз ету, инвестиция тарту жөнінде тапсырмалар берді.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плаловтың айтуынша, аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызын өндіретін Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша бірінші орында тұр. Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 146,1 млрд теңге тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада екінші орынға тұрақтаған.

Облыста ауыл шаруашылығы саласын 7 бағыт бойынша дамыту жоспары бекітілген. Біріншіден, ауыл шаруашылығы дақылдардың өнімділігін арттыру көзделген. Егіс көлемі 37 мың гектарға артып, 906,2 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Екіншіден, мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жалғасады. Үшіншіден, су үнемдеу технологияларын ендіру жұмысы жалғасып, жаңадан 47 мың гектарға ендіріледі.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникалары паркі жаңартылады. Салаға жалпы құны 155 млрд теңге тартылып, 35 жоба іске асырылады. Оның ішінде 7 қайта өңдеу кәсіпорны ашылады. «Ауыл аманаты» жобасын кооперацияға бағдарлау шарасы жалғасады. 2025 жылдың алғашқы кезеңіне 7,4 млрд теңге бөлініп, жаңадан 62 кооператив құрылады деп жоспарланған. Сонымен бірге облыста су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

 

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*