ЖЕКЕ ИНВЕСТОРЛАР ТАРАПЫНАН САЛЫНЫП ЖАТҚАН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жеке инвесторлар арқылы салынып жатқан 2 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. Аралау барысында құрылыстың сәулеті мен сапасына ерекше көңіл бөлген аудан басшысы мердігер мекеменің өкілдерімен пікір алмасты. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің сыртқы фасадтары травертинмен безендіріліп, аулалары темір қоршаумен қоршалған. Ішкі жұмыстардың қарқыны да арта түсуде.

Су және жылу жүйелері жүргізіліп, қабырғаларға түсқағаздар жабыстырылуда. Едендері төселіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне басымдық берілуде. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды.Айта кетсек, бұл жоба әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға және тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталып отыр. Инвестор есебінен салынып жатқан үйлер суыққа төзімді етіп салынуда. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі.

Айта кету керек, Созақ ауданында орналасқан өндірістік кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер демеушілігі есебінен соңғы үш жылда құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын бірқатар нысандар бой көтерді.Яғни демеушілер мен жаны жомарт азаматтар бұған дейін екі мешіт салып берген. Сондай-ақ 6 балалар алаңшасын, 5 спорт алаңын салып, 12 көшені жарықтандырған. Одан бөлек 15 нысанды абаттандырып, халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасаған. Созақтықтар аз қамтылған және көп балалы отбасыларға баспана тарту етуді дәстүрге айналдырған. Солардың бірі осыған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде баспана сұраған мүмкіндігі шектеуді азаматша да бар. Оған жергілікті кәсіпкер баспана сыйлаған болатын. Жалпы бұл бағытта кәсіпкерлер мен демеушілер аудан тұрғындарына 11 үй сыйлады.

Созақ ауданына тартылып жатқан инвестициялар туралы да айта өтсек. 2027 жылға дейін ауданда 1 триллион теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 миллиард теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлану үстінде. Жоба құны — 89 миллиард теңге. 130 миллиард теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы 2 миллиард текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 миллиард теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда 1 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Облыс және аудан әкімдігі өнеркәсіп саласын дамытуға күш салып жатқанын айта өткен жөн. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық беріп жатыр. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде.

Ауданның бірқатар маңызды мәселелері кезең-кезеңімен, заң талаптарына сай жүзеге асып жатқаны тағы бар. Айталық, осы уақыт ішінде алдағы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Аққолтық елді мекеніндегі бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына қосымша су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстары жүргілуде. Шолаққорған ауылының ішкі газ құбырының желісін тарту жұмыстары биыл толық аяқталады. Ауылға газ беру үшін автоматты газ тарату станциясы мен магистральды газ құбырының құрылысы келер жылы аяқталады. Ақшам, Наурыз шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электр жарығының жиі өшуіне байланысты ескі подстанция жаңартылатын болды.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша Созақ ауданының облыстағы үлесі 60 пайызды құрайды. Биыл 6 айда жалпы өңірлік өнімнің көлемі 283 миллиард теңгені құрады. Созақ ауданы өнеркәсібі дамыған аудан болғандықтан, облыс көлемінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дотациясыз аудан болып саналады. Жергілікті бюджет кірісі жыл басынан бері 7,5 миллиард теңгеге жеткен. 14 мың гектар жерге егін егіліп, өсімдік шаруашылығының өнімі 4,7 миллиард теңгені құрады. Созақ ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтерінде іске асырылуда. 4 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 76 жоба мақұлданды. Бағдарламаның жүзеге асу барысы облыс әкімінің жіті бақылауында тұр. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында биыл 26,5 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 3 трансформаторды ауыстырады. Ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылады, жаңа трансформаторлар орнатылады. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша 362 миллион теңге қаржы бөлініп, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық маңызы бар Шолаққорған — Созақ, Созақ — Қарағұр, Шолаққорған — Құмкент жолдарының 152 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев абаттандыру, елді мекендерді таза ұстау мәселелеріне ерекше назар аударады. Аудан аумағын көркейтіп, қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтардан тазарту, жол бойындағы кәсіпкерлік нысандар мен үйлердің қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары үнемі бақылауда болуы қажет. Бұл — жергілікті әкімдердің жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Тазалықты алдымен өзімізден бастасақ, шеттен келетін қонақтарға да дұрыс көзқарас қалыптастыратын боламыз. Былтыр демеушілер есебінен Шолаққорған ауылынан Түркістан бағытына шыға беріс жолының бойында 3,2 гектар жер телімі қоршалып, 3,5 мың көшет отырғызылған болатын. Көгалдандыру аймағына тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. Биыл бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, қосымша 1,6 гектар жер теліміне 2 мың түп көшет отырғызылды. Жалпы, биыл аудан аумағын көгалдандыру мақсатында 18 670 көшет отырғызылды.

Халықтың табысын арттыру мақсатында Созақ ауданында 6 айда 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды. Бұл облыстағы ең төмен көрсеткіштердің бірі саналады.

«Жайлы мектеп» пилоттық жобасы бойынша Шолаққорған ауылындағы 1961 жылы салынған Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің жанынан жаңа 900 орындық мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасау үшін, 23 оқу кабинеттерін жабдықтауға 182 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*