Қазақстанның ежелгі тарихы мен мұрағаты – археологиялық ескерткіштер.

Дамыған және кейінгі орта ғасырлар кезеңінде де мал өсірушілер мен отырықшы халық арасында орныққан өзара байланыстар процесі – тарихтың ерте кездеріндегі экономикалық және мәдени байланыстар аясындағы заңды құбылыстары бойынша сипатталынады, мұндай саяси бірлестіктердің бірі Қарахан әулетінің мемлекеті болды. Қала мен дала мұнда екі антогонистік әлемді емес, оның экономикалық базасын құраған еді. ІХ ғасыр мен ХІІІ ғасыр бас кезі аралығында Орталық Азиядағы қалалардың өсуі көп ретте көшпелілердің отырықшылыққа көшу үрдісімен байланысты болды. Олар қала мәдениетіне көптеген далалық элементтерді алып келді, нәтижесінде бұл уақытта өзіндік қала мәдениеті қалыптасқан еді. Көшпелілер мен қалалықтардың мәдени және экономикалық байланысы кейінгі уақыттардағы Ақ Орда, Моғолстан мен Қазақ хандығының даму тарихын зерттеген кезде де байқалады. Кейінгі ортағасырлық Отырар, Түркістан, Сайрам, Сауран, Сығанақ пен Созақ секілді қалалар көшпелілер мен отырықшылар арасындағы экономикалық байланыстардың орталығы болды, мҧнда тек қана Оңтүстік Қазақстан қала тұрғындары мен Сарыарқа көшпенділері ғана емес, сонымен қатар Орта Азия, Еділ бойы, Шығыс Түркістан халықтары да мәдени айырбас пен сауда қатынастарын жүргізді. Сөйтіп, Қазақстан археологиялық ескерткіштерін зерттеу түрлі мәдени дәстүрлердің өзара байланыстарының үрдісін қалпына келтіруге септігін тигізеді деуге болады. Сонымен қатар ол Қазақстан аумағы тарихи-мәдени тоғысу орталықтарының бірі болғандығын, көшпелі және отырықшы халықтың өзара әрекеттесуі мәдениеттерді байыта түскендігін дәлелдейтін базаны кеңейте түседі. Дәл осындай тоғысу шегінде Қазақстан халықтары мәдениетінің жетістіктері де жатқандығы анық. Мәдениеттер диалогының жолы болған Жібек жолының рөлі де анықталып келеді. Ол ежелден Батыс пен Шығысты, Азия мен Еуропаны байланыстырып, еуразиялық идеяның негізін қалады. Қазақстан осы мәдени байланыстардың өзіндік көпірі мен ретрансляторы болғандығын да археологиялық материалдар дәлме-дәл көрсетіп отыр. Дәл осы Қазақстан қалаларынан түрлі діндер жайын айғақтайтын заттар кездескен, ондағы 13 мәдени эталондар, этностар қалдырған жарқын қалалық мәдениет өркениетіне тән дәстүр жаңа дәуірде де көрініс тапқан.

Археологияның Каир мен Бағдаттан Жетісу мен Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан ислам мәдениетінің бір бөлігі саналатын Х-ХІІ ғасырларға жататын дамыған орта ғасырлардағы Қазақстан қала мәдениетін зерттеудегі рөлі де зор. Оған тән «мұсылман ренесансы» түсінігі ортағасырлық Қазақстанды да түгелдей қамтыған еді. Тарихи терминология мен дефиницияларды нақтылау да өзекті мәселелердің бірі болып табылады. «Мифологияны», «эпосты» және «аң стилі» (аң табы) жетістіктеріне жатқызылатын «көшпелі мәдениет», «көшпелі ӛркениет» терминдері айтарлықтай ыңғайлы емес сияқты. Дұрысы «далалық мәдениет пен өркениет» туралы сөз қозғаған жөн, бұл тек қана көшпелілікті емес, отырықшылықты да, мал шаруашылығын ғана емес, егіншілікті де, қала тұрмысын да бейнелейді. Көшпелілік – далалық шаруашылықтың, өмір мен тұрмыстың бір бөлігі ғана. Қазіргі таңда сақтардың, түркілердің, қазақтардың қоныстары мен қалалары белгілі болып отыр, мұның өзі дефиницияларды нақтылай түсу керек екендігін аңғартады. Қазақстанның ежелгі тарихы жер астында «жатыр». Оның мұрағаты – археологиялық ескерткіштер. Ал бұл тарих пен мәдениеттің өте нәзік «куәсі» және «құжаты». Сондықтан да, археологияның деңгейін сипаттай келе, тарих пен мәдениет, сондай-ақ археология ескерткіштерін де қорғаудың жай-күйін жақсарта түскен абзал. Тәуелсіз Қазақстан парламенті 1992 жылы алғаш рет «Тарихи-мәдени мұраны сақтау және пайдалану туралы» Заңын қабылдады. Оның преамбуласында «Тарихи-мәдени мұра халық тағдырының маңызды куәсі, оның қазіргі және болашақтағы дамуынының негізі мен міндетті жағдайы, бүкіл адамзат өркениетінің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп қатерден үнемі қорғалуы тиіс. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету өнегелі борыш және осы заң бойынша барлық заңды және жеке тұлғалар үшін міндетті» деп көрсетілген.

Сырдария сағаларында жҥргізілген зерттеулер дамыған қола дәуірінің көптеген тұрақтарын зерделеуге мүмкіндік берді, әсіресе оңтүстік аймақтарда, Іңкәрдария сағаларында андроновтық мәдениетке жататын ескерткіштер көп (бірен-сараны алакөл мәдениетіне, басым бөлігі федоров мәдениетіне жатады). Мұның бәрі федоровтық мәдени құрауыш Солтүстік Түгіскен материалдары үшін жергілікті болған деп топшалауға итермелейді. Маңызы жағынан екінші орында әмірабад құрауышы (компонент) тұрды, ол қыш құмыралар бойынша нақты байқалады. Оның орын алуы Әмударияның төменгі ағысын мекен еткен тұрғындармен кейінгі қола дәуірінде орнатылған байланыстармен де түсіндіруге болады. Солтүстік Түгіскен кесенелерінің архитектурасы мен мәдениеті Орталық Қазақстанның беғазы-дәндібай ескерткіштерімен ұқсас екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл жекелеген жоспарлардан, ыдыстардың түрпатынан да байқалады. Солтүстік Түгіскен мәдениетінде оңтүстік әсері де қатты байқалып қалады. Оны шикі кірпіштен тұрғызылған кесенелердің күрделі архитектурасынан да байқатады. Солтүстік Түгіскен кесенелері Қазақстан мен Орта Азия тұрғындары арасында болған күрделі әлеуметтік және этномәдени үрдістерді көрсетеді. Олар өз кезегінде мүліктік және әлеуметтік теңсіздікке алып келген мал шаруашылығының дамуына, артық өнімнің ұлғаюына, айырбас рөлінің артуына байланысты болған еді.

Байпақов Карл Молдахметұлы — Тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

— Сырдария аймағының қыш бұйымдарында, ХІІІ-ХІV ғасырдың екінші жартысында, қызыл ангобпен боялған және ақ ангобқа көк түсті өрнек салынып, сары бояумен жылтыратылған ыдыстар жасау кең етек жая бастаған. Көбіне екі түс кеңінен қолданылып, өрнектердің сызықтары айқын, бояуы қанық болды. Суреттерін ашып көрсету үшін оны қарама-қарсы түсті сызықпен қаптаған өрнектермен геометриялық фигуралар, сондай-ақ бос жерлері нүктелермен, шиыршық, үзік-үзік сызықтармен толтырылып жасалынды. Қызыл ангобпен фонын бояп, оған ақ не ашық түсті бояулармен өрнек салынған, бетін сап-сары реңкті мөлдір шыңылтырмен қаптаған ыдыстар ХІV ғасырға ғана тән хронологиялық қадалық (репер) жәдігер болып табылады. Мұнан кейін де осыған ұқсастары кездескенімен олар тек еліктеу екендігі бірден байқалады.

Отырар, Түркістан қала орындарындағы қазбалардан ХІV-ХV ғасырларға тән ішкі беті өрнектелген кеселер, тостағандар мен шұнғыл табақтар көптеп табылған. Солардың бірі музей қорындағы ӘСММ КК 671 қызыл шыңылтырлы тостаған. Мұндай ыдыстарды тостаған немесе Оңтүстік қазақтары «орта кесе» деп атайды. Өлшемдері бойынша биіктігі — 9,5 см., ернеу диаметрі — 20 см, түбінің диаметрі — 6,5 см. болып келген. Тостағанның пішіні жартылай сфера түрінде дөңгеленіп келген, қабырғалары биік, түбі диск (ортасы ойық) сияқты шеңбер түрінде (астынан көрініс) жасалған. Ішкі беті өрнектеліп сәнделіп шыңылтырланып, сырты өрнексіз болып келген. Ішкі бетіне 2 қатар болып жалпақ күңгірт қоңыр түсті бояумен өсімдік өрнегі түсіріліп, іші сызықшалар мен нүктелерге толтырылып ангобталған.

Ангобпен өрнек салу олардың өрнектеріне бедерлі ою сияқты түр береді. Ыдыстарды шыңылтырмен қаптау — ежелгі өндірістің ең басты технологиялық жетістіктерінің бірі. Шыңылтырлар б.з.д. V-ІV мыңжылдықтарда пайда болған . Шыңылтыр да ангобтың бір түріне жатады, тек ол өте жоғары температурада ыдыстарды күйдірген кезде шынытектес затқа айналады. Шыңылтырларына түрлі металл тотықтарын өте аз мөлшерде қосу арқылы ашық сарғыш (крем түстес), ашық-сұр реңктер берген, алайда, олардың мөлдірлігі сақталып, астындағы түрлі түсті ангобтармен салынған өрнектері анық көрінген. ХV ғасырда қыш ыдыс өндірісінде маңызды өзгерістер болды. Сары түсті шыңылтыр өндірістен шығып қалып, орнына түссіз, мөлдір шыңылтыр кеңінен қолданыла бастайды.

Ә.Егеубаева, “Әзірет Сұлтан” музей-қорығының қор сақтау бөлімінің қызметкері.

 

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*