ЕСІК ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ ІСКЕ 60 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДА

Көзін тапқанға кәсіп көп. «Кәсіп ашып, жұмыс істеймін дейтіндерге» мүмкіндік те жоқ емес. Соның нәтижесінде өнімді шығаратын кәсіп иелері көбейіп, Түркістан облысынан шыққан өнімдерге де сұраныс арта түсуде. Атап айтсақ, Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылып жатыр. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан.

«Люкс Двери» шағын цехтың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев пен Еңбекші Диқан елді мекенінің тұрғындары және ауыл ақсақалдары қатысты. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс жасап, жылына 150 мың есік шығарады. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.

« — Ауданнан бөлек, ауыл округінде есіктерге сұраныстың жоғары екенін аңғардым. Алдағы уақытта осы салада өнім өндіретін цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Нар тәуекел етіп, бастаған ісім өрге басып, сұраныс артқан сайын жұмысымды өрістете бастадым. Қазір жаман емес, кәсібімнің арқасында жетістікке жетіп жатырмын. Сонымен қатар, ауыл әлеуетін арттырып, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып отырған жағдайымыз бар. Жалпы Сауран ауданының экономикалық әлеуеті жақсарып келеді. Кәсіпкерлерге де мол мүмкіндіктер беріліп жатыр. Ауданда соңғы жылдары цехтар мен зауыттардың саны да артып келеді. Инвесторлардың да қатары артқан. Бұл кәсіпорындар үшін жақсы жаңалық. Себебі бәсекеге қабілеттілік қалыптасады. Әр түрлі тауарларға да сұраныс көбейеді. Бүгінде аудан тұрғындарының бизнеске деген қызығушылығы жоғары. Соның нәтижесінде, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік саласы дамып жатыр. Өңірдің әлеуетін көтеруге бағытталған кәсіпкерлердің жұмыстарына аудан әкімдігі де әрқашан оңтайлы ұсыныстарын ұсынып жатыр. Бұған дейін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров дәл осы бастама негізінде Иассы ауылдық округінің кәсіпкерлерімен кездескен болатын. Онда аталған аймаққа кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына қолдау көрсету мақсатында 12 гектар жер телімі бөлінгенін де мәлімдеген еді. Бөлінген аумақта 20-дан астам үлкен, кіші цехтар мен өндіріс орындары ашылатынын және алдағы уақытта кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, құрылыс жұмыстары басталатынын жеткізген болатын. Міне, осындай жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, ауданда кәсіпкерлік нысандардың саны бұрынғыдан да арта түсті.» — дейді цех иесі.

Мемлекет басшысы атап өткендей кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту, аймақтарға инвестиция тарту — бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытта  мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да өте көп. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін, өз туған жері үшін  еңбектенемін, жұмыс жасаймын деген азаматтарға мол мүмкіндік беріліп жатыр. Ал, Сауран ауданында соңғы жылдары осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға белсене қатысып, өзінің шағын және орта  бизнесін өркендетіп отырған аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбеюде және табыстарын еселеп отырғандар да бар. Мұндай бастамалардың пайдасы жұмыссыздар санын азайтып, жаңа жұмыс көзін ашуға мүмкіндік береді.


Айта кетейік Сауран ауданының әкімдігі бұған дейін қарашықтық жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге де арнайы 10 гектар жер беріп, жергілікті азаматтарға тиімді ұсыныстар жасап, бизнеске қолайлы жағдайлар жасаған болатын. Ал, аталған бастамаға дейін түрлі бағытты қолға алған кәсіпкерлер өздерінің үйіргелік жерлерінде өз жұмыстарын жасап келген еді. Қазіргі уақытта Қарашық ауылдық округінің көптеген кәсіпкерлері индустриалды аймақта цехтарының құрылысын бастап, бизнестерін дамытып жатыр. Ол үшін мемлекет тарапынан тиісті инфрақұрылымдар қамтылып, өңірлік бағдарламалар арқылы қолдаулар көрсетілуде.  Тиісінше кәсіпкерлермен кездесуде облыс әкімінің бастамасымен Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 21 кәсіпкерге арнайы орындарын белгілеп, цехтарының құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берген болатын. Индустриалды аймаққа мемлекет тарапынан қажетті жұмыстар су, электр энергия тағы басқа шаруалар жүргізілуде. Аудан әкімі кәсіпкерлердің өнімдерінің сапасының жоғары екенін айтып, кәсіпті дамыту үшін қолдау көрсетілетінін де жеткізген еді. Осындай жаңа жоспарлардың жемісі – бүгінде аймақта шетелдік тауарлардан кем түспейтін сапалы, әрі әсем жиһаздар, үстелдер, тұрғын үйге қажетті есік, терезелер де нарыққа сатылымға шығарылып жатыр.

Есіктің қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару тек шын шебердің қолынан келеді. «Қимылдағанның қыр асатынын» жақсы білетін Азизбек пен Бахадир де кәсіптің осы түрін қолға алып, жетістікке жетуде. Кәсіпкерлер алдағы уақытта есіктердің түрлерін көбейтіп, цех әлеуетін арттырып, көрші облыс пен қалалардан тапсырыстарды қабылдауды жоспарлап отыр.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*