«Зере әженің ізімен» атты әжелер байқауы өткізілді

Жас ұрпақты тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте бастан түсінген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі болса, бала – өмірдің жалғасы, халықтың мұрагері. Ал, жас ұрпақты ата-баба дәстүрімен тәрбиелеп, әже тәрбиесін үлгі етіп, ұлттық тәрбие беру — баршамыздың міндетіміз.

Бала тәрбиесі тал бесіктен басталатыны анық. Қазақ отбасында қашаннан ер азығы түзде болғандықтан, бала тәрбиесімен әйел адамы айналысқан. Соның бір көрінісі — Зере әжеміз бен Ұлжан анамыз. Осыған орай Абай күнінің қорытындысы аясында қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, әже тәрбиесін үлгі ету, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану, насихаттау мақсатында Отырар аудандық орталық кітапхана және аудандық әжелер алқасының ұйымдастыруымен «Зере әженің ізімен» атты аудандық әжелер байқауы өткізілді. Бұл іс-шараның мақсаты ұлы Абайдың әжесі Зере бейнесі арқылы ұрпақ тәрбиесіндегі әжелердің рөлін арттыру арқылы балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерді және ұлттық құндылықтарды дәріптеу және А.Құнанбайұлының шығармаларымен таныстыру болып табылды.

«Алып анадан, тұлпар биеден туады» деген даналықты негізге алсақ, осындай дала данышпанын өмірге әкелген ұлы ана – Зере әже болатын. Ақылды, мейірімді Зере әже Құнанбайға ғана емес, өзінің сү­йікті немересі Абайға да үлкен әсер еткен. Міне, атадан алып туған Құнанбайдың анасы, ғұлама Абайдың әжесі Зере апа­мызды бүкіл Алаш жұрты мақтан тұта­ды, ұлтымыздың ұлы перзенттерін тәр­биелеген абзал ана рухына тағзым етеді. Мейірбан әже осылайша немерелері ішінде Абайды ерекше жақсы көріп еркелеткен, оны бала күнінен өлең-жырға шыңдап, ақынның болашағына үлкен әсер еткен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Зере бейнесін өте мейірімді, қамқор ана ретін­де шынайы сомдаған.

Зере Бектемірқызы (азан шақырып қойған аты – Тоқбала) 1785 жылы Шы­ғыс Қазақстан облысындағы Жарма ауда­нының табиғаты әсем Қалба тауы бөк­терінде туған. Матай руы ішінде Бақы деп аталатын атаның Қойгел табы­нан шыққан. Сол Қойгелден туған Бектемір өз кезінің атақты байы, еліне беделді азаматы ретінде танылыпты. Бектемірдің Құттықадам, Теңізбай деген балалары болған. Теңізбайдың қызы осы Зере апамыз. Әкесі Теңізбай өз шаруасын ғана білген орта дәулетті момын адам болса керек. Жастайынан сүйкімді, зерек болған Зере атасы Бектемірдің бауырында өскендіктен байдың қызы атанған. Сол себепті өз әкесінің аты ұмытылып, Бек­темірдің қызы ретінде ел есінде қалған.

« — Атақты айтыс ақыны, сұңғыла шежі­реші Қалихан Алтынбаевтың айтуынша, Бектемір бай: «Ұл ұрпақтарымнан үміттенбеймін. Шықса қыз ұрпағымнан шығады» деп айтады екен. Шынында да солай болды. Бектемірден өрбіген ұрпақ­тар ішінен Тоқбала ақылдығымен, кө­семдігімен дүйім елге танылды. Шың­ғыс­таудағы атақты Ырғызбай би ауылына ұзатылып барғанда жас келін Тоқбала мұрнына алтын шығыршық әшекей – зере тағып жүргендіктен қайын жұрты оны Зере атап кеткен екен. Зереден Құт­тымұхамед (жастай қайтыс болған), Құнан­бай, Тайбала туған. Өскенбайдың Зереден басқа төрт әйелі болған. Сонда ел берекесін ойлаған аса зейінді, ақылды Зере ана отбасының бірлігін сақтап, күн­дестікке бой бермеген, өте бауырмал болған. Құнанбайдың жалғыз өс­пеуін ойлап, Өскенбайдың Таңшолпан деген тоқалынан туған Майбасарды, ақса­қалының аталас ағайыны Ералының баласы Бөжейді, бозбала кезінде барымтада қаза болған Болсамбекті және өз қызы Тайбаладан туған Ізқұттыны бауырына салып өсірген.

Құнанбай қажы алған бетінен қайт­пайтын қатал би, болыс болғанымен ана­сының алдынан өтпеген. Жұрттың айтуына қарағанда, «Құдайдан да қорықпайды» дейтін Құнанбайдың именетін жалғыз адамы – өз анасы Зере болған. Қанша қатал болғанымен Құнанбайдың шешімін Зере ғана бұза алған. Сол себепті Құнан­байға ісі түскен кісілер ең алдымен оның шешесіне жолығады екен. Дала данасы Құнанбай дүниеге келгенде өте ірі, толық, зор болады. Ол туарда анасы түс көреді. Сол түсінде ері Өскен­бай алтын сақаны үйіріп отыр екен. Анасы ол алтын сақа – Құнанбай деп жо­риды. Зере ана Құнанбайды нәресте кезінде бір күн емес, бір сәтке де омырауын жумай, тазалап сүртпей, дәретін алмай емізбеген. Зеренің өзі бертінде: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмілла айтпай емізген мезгілім болған жоқ» деп айтыпты. «Олай істемесем, сү­тім арам болады, адал ақ сүт емген балам­ның бойы да, ойы да адал болады» деп зерделі ой түйген. Сол адалдықтың, пара­саттылықтың айқын белгісіндей Алаш­тың арда азаматы Құнанбай туса, одан пәктік пен адалдық негізіндей ұлы Абай өмірге келді.

Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі. Ол кісі көп жасап, қартайған кезінде өмірден озыпты. Ырғыз­бай тұқымдары, бүкіл Шыңғыстау жұрты Зерені құрметтеп «кәрі әже» деп атаған. Кәріліктен құлағы есітпейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен. Немересі Абайдың молда алдына са­баққа барғанына ең бірінші қатты қуанған әжесі Зере ана болған. Ғабитхан молдадан әріп танып, сауатын аша бастаған немерелерін қадағалаған кәрі әже бала­ларға оңаша киіз үй тіккізіп, оның жы­лы болуын әр кез қаперінде ұстаған. Абай­дың оқуға зеректігін байқап, оған жете көңіл бөлген Ғабитханды қажы баласының үйінің төріне отыратын ең сыйлы адамының дәрежесіне жеткізген де зерделі Зере әже еді. Абаймен бірге оқыған балалардың бәріне де бірдей қараған қарт әже неме­ресін бұрынғыдай бөлек тамақтан­ды­руды ыңғайсыз көріп, бәріне де ортақ дастарқан жайғызған. Қара суық түскен кез – күзде үнемі киіз үйде сабақ оқитын балалардың тоңатынын байқап жүрген Зере әже Құнанбайға Найзатас күзегінен жеке там үй салып беруді тапсырады. Анасының айтқанынан шықпайтын қажы арада бір жыл шамасында үш бөл­мелі мектеп үйін салдырған. Асты-үсті тақ­тайланған там үйдің екі бөлмесі шәкірт­тердің сабақ оқуына арналса, бір бөлмесінде Зере әже тұрыпты. Осылайша өз немерелері ғана емес, көршілес ауыл­дардың балалары оқыған Ғабитхан молда мектебінің ашылып, өнімді жұмыс іс­теуіне, сөйтіп Шыңғыстаудағы оқу-ағар­ту ісіне Зере әже де өзіндік үлесін қосқан.» — дейді Талапты ауыл округінен байқауға қатысушы әже Гүлзейнет Асанқызы.

Абай өзінің балалық шағын әжесі Зере мен анасының қасында өткізді. Абайдың бойында табылатын барлық жақсы қасиеттер мен өнерге деген құштарлық анасы мен әжесінің тәрбие өнегесінде жатыр. Отбасындағы «әже» тұлғасы-ұлы өнеге бұлағы. Немересін бесік жырымен тербеткен, тұсауын кесіп, ертегі-жырмен сусындатып өсірген Зере әженің жолын тәрбиелік кеште әжелеріміз көрсете білді.

Байқау ІY кезең бойынша өтті:

І кезең: «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» — /өзін таныстыру/

ІІ кезең: «Салтын сыйлаған ел озар» — /салт-дәстүрден көрініс көрсету/

ІІІ кезең: «Шебердің қолы алтын» — /өз қолымен бұйымдар жасау /

ІV кезең: «Сыр сандық»/Абай Құнанбайұлы туралы сұрақтарға жауап беру немерелерімен бірге/.

Байқауға әр ауыл округтерінен 8 үміткер әжелер немерелерімен бірге қатысып, байқау ережесі бойынша төрт кезеңде де өз қарым-қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Әжелеріміздің өнерін бағалап, баға беріп, қазылық жасаған әділ қазылар алқасының шешімі бойынша Талапты ауыл округінен Асан Гүлзейнет Бас жүлде иеленсе, Балтакөлдік Төлеш Мәрзия І орын, Маяқұм ауылынан Арынова Мәриям ІІ орын, Қарғалы ауылының тұрғыны Полатова Сәуле мен Шойманов ауылынан келген Тұрсынбекова Күлдан ІІІ орындарды иеленді. Жеңімпаздар мен басқа да үміткерлерге алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, Ұлы Абайдың санасына сәуле түсі­ріп, көңілінің аспанын ақылымен арай­ландырған рухани ұстазы Зере әже көп жасап, тоқсанға жетіп қайтыс болған. Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне келіп, зиярат етушілер, осы қасиетті орынға барар жолдағы ұлы ақынның әжесі Зере мен анасы Ұлжанның зиратына бірінші болып тәу етіп, құран бағыштайды. Данышпан Абайдың жүрегінде ізгі­лік­тің шырағын жаққан, өмірдің ізгілік жолына бастаған Зере әженің туған жері – Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында 2016 жылы ұлы анаға ескерткіш қойылып, үлкен құрмет көрсетілді.

Міне осындай тағылымды шараларды ұйымдастырып, бала бойына ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сіңіре отырып тәрбиелейтін Зередей дана, өнегелі аналарымыз көп болсын дейміз!

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*