Ауыл аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен нысандар жергілікті халықтың игілігі үшін салынады. Яғни, оның сапасы сол тұрғындар үшін маңызды.
Түркістан облыстық мәслихатың депутаты Төрегелді Қалмұратов Сайрам ауданының халқымен кездесуде осылай деп мәлімдеді.
Халық қалаулысы өз сөзінде, ауылдың белсенділері мен елдімекендердің тұрғындарын барлық бақылау жұмыстарына қатыстыру керек екенін айтты.
“Президент айтқандай, Әділетті Қазақстан құру бастамасын шын мәнінде жүзеге асыру үшін, билік өкілдері де ашықтықты қамтамасыз ету қажет. Әрбір жобаға қоғамның бақылауын, ауыл белсенділерінің қатысуын қамтамасыз еткен дұрыс. Ауыл әкімі бір бөлек, ауыл биі мен тұрғындар бір бөлек болмауы тиіс. Дауласудың басты себептері де осындайдан басталады” — деді халық қалаулысы Төрегелді Қалмұратов
Айта кетейік, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары халықпен кездеулер өткізіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп жатыр. Сонымен қатар, аудан-қала тұрғындарына алдағы жоспарларды баяндауда. Кезекті кездесуде мандат иелері Сұлтан Көшенов, Бекжан Айтқұлов, Сайдірасулхан Ералиев, Нұржан Жамалбеков және Төрегелді Қалмұратов Сайрам ауданының халқымен есеп беру кездесуін өткізді. Халық қалаулылары Сайрамның қордаланған мәселелеріне мән беріп, проблемаларын тыңдады.
Бірінші сөз Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Сұлтан Бахытұлы Көшеновке беріледі. Облыстық мәслихаттың кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, жиынға қатысушыларға облыстық мәслихатының 2023 жылы атқарылған жұмыстары бойынша есебін баяндады.
Баяндамадан кейін қатысушылар сұрақ-жауап, ұсыныс-пікір білдірді. Нақтырақ айтқанда, Қарақұрт ауылында қоқыс полигоны, Жібек жолы ауылында интернет жүйесінің жоқтығы және Ақдала ауылында СВА салу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, Сайрам ауданына қарасты жолдарды жөндеу және жарық орнату бойынша да тұрғындар шағым білдірді. Жалпы бұл күні ауданның инфрақұрылым, интернет және ауыз су мәселесін айтып келушілер қатары көп болды.
Жиын соңында депутаттар айтылған барлық ұсыныстарды назарға алатындарын айтып, алдағы уақытта арнайы комиссия құрып проблемасы бар елді мекендерге бару керек деп келісті.
Айта кетейік, есеп беру кездесуден кейін депутаттар тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдау өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдады.