Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа суға мемлекеттен субсидия беру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.
«Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілген қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының» 1-тарауындағы 4-тармаққа сәйкес егіс алқабында су есептегіш құралдары мен құрылғылары орнатылмаған жағдайда субсидия берілмейді. Яғни, суға мемлекеттен субсидия алу үшін су есептегіш құралы болуы қажет. Ал диқаншылық маусымдық болғандықтан, шаруалар су есептегіштерінің орнатылуын күте алмайды. Оның үстіне көптеген шаруалардың қондырғы орнатуға өз күші жетпейді және олардың қаражаты да шектеулі. Сондықтан, аталған қағидадағы 1-тараудың 4-тармағын алып тастауға ықпал етуіңізді және бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, «AMANAT» партиясының қатаң бақылауында болатынын ескеруіңізді сұраймын», – деді халық қалаулысы.