Түлкібас: Жас кәсіпкер таңқурай шаруашылығын дамытуда

Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылындағы Б.Момышұлы көшесінде тұратын Сағынбек Элмира таңқурай шаруашылығын дамытып жатыр. 22 жастағы жас кәсіпкер жаңа бизнес-идеясын ұсынып, бастау бизнес жобасы аясында мемлекеттік грант иегері атанған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2023 жылдың сәуір айында, 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат алған ол, бүгінде раушангүлдер тұқымдасына жататын, жартылай бұталы көпжылдық өсімдіктің жемісін көруде.

Жалпы, Түркістан облысында таңқурай өсіру кәсібімен шұғылданатындардың қатары көп емес. Ал, бұл бастамасын Сағынбек Элмира болашақта одан әрі жандандырып, адам денсаулығына пайдалы, ағзаға қажетті дәрумендерге бай жемістің көлемін ұлғайтуды мақсат етеді. Айта кетейік, таңқурайдың құрамында қант, пентон, органикалық қышқылдар мен түрлі дәрумендер, калий, мырыш, фосфор, кальций, йод, цинк, хром және хош иісті заттар бар. Халықтық медицинада оны ежелден бері ем-дом үшін пайдаланады. Жапырағы да, гүлдері де, жидегі де емдік қасиеттерге өте бай. Оның құрамындағы химиялық элементтері, қатерлі ісік және жүрек қан-тамырлары, асқазан, тұмау ауруларымен жақсы күреседі. Ұмытшақтыққа да, қан аздыққа да, көз көру қызметіне де аса пайдалы дейді мамандар.

Жалпы таңқурайдың  пісу кезеңі шілде, тамыз айлары болса, Түлкібас ауданындағы жас кәсіпкер Сағынбек Элмираның бақшасындағы жеміске бүгінде сұраныста арта түскен. Таңқурайды құрамындағы қанттың көптігіне қарамастан, диеталық тағамдардың қатарына қосуға болады. Бір стақан жидекте 64 калория бар екен. Ал,одан жасалған қайнатпаны дене қызуын түсіруге, бүйрек тасын шығаруға, іш ауруына, қант диабетіне, өт айдауға пайдаланады. Оны табиғи қалпында немесе кептірілген күйінде қайнатып, сусын жасап, қыста тұмау кезінде қолдануға да болады. Әсіресе, тибет медицинасында таңқурайдың жапырағы, жемісі және сабағы да қолданылады. Жапырақтарын бұқтырып шайдың орнына ішеді. Сонымен қатар таңқурайдан тосап, сусын, шырын, джем жасайды. Кондитерлік тағамдарға қосады.

ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН “AMANAT CUP” ОБЛЫСТЫҚ АШЫҚ ТУРНИРІ ӨТУДЕ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қолдауымен, Түркістан қаласы әкімдігі және облыстық “Жастар Рухы” жастар қанатының бастамасымен Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған үстел теннисінен «AMANAT CUP» облыстық ашық турнирі өтуде. Турнирдің ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреқызы, Түркістан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Мырзабаев Арман және “Жастар Рухы” жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Жұман Жансерік қатысты.

Ашық біріншілік 2023 жылдың шілде айының 17-19 жұлдызына жоспарланған. Алғашқы күні дене қыздыру, жаттығу күніне арналған. Жарысқа Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардан бөлек Шымкент қаласы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы және Қырғыстан мемлекетінен теннисшілер келді. Бүгін, 18 шілде жасөспірімдер арасында турнир басталды. 200- ге жуық жасөспірім турнирде бақ сынауда. 136 ұл, 64 қыз тіркелді.

Жалпы 7 санатты қамтыған жарысты ертең 19 шілде күні ересектер қорытындылайды. Жеңімпаздар арнайы алғыс хаттар мен жүлделі орындармен марапатталатын болады.