ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН БІРГЕ «ЖІБЕК ЖОЛЫ» САЯБАҒЫНА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗДЫ

«Таза Қазақстан» акциясының «Жасыл аймақ» апталығының аяғында Түркістанда ауқымды экологиялық іс-шара өтті. Тарихи шаһар кезекті рет жасыл желекпен толықтырылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жібек жолы» саябағында көпшілікпен бірге көшет егіп, тұрғындарды экобелсенді болуға шақырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы науқандық емес, тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Біз өңірімізде көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырамыз. Қоршаған ортаны таза ұстау, экологияны жақсартуға үлес қосу – бәріміздің парызымыз. Бүгін отырғызған көшеттеріміз жайқалып өсіп, жазда тұрғындар мен қонақтарға сая бола берсін, – деді Дархан Сатыбалды.

Экоакцияға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат депутаттары, медицина мен білім мекемелері, полиция және төтенше жағдай қызметі өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Сонымен бірге «Шапағат» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, оқушылар, студенттер, жергілікті футболшылар, құрылысшылар, тазалыққа жауапты мекеме жұмысшылары, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Қазақстан темір жолы» мекемесінің өкілдері де белсене атсалысты. Саябақ аумағына 100-ден аса ағаш көшеті отырғызылды.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Үш апта көлемінде мыңдаған көшет отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды. «Киелі мекен» апталығында қасиетті орындар мен ескерткіштер маңы тазаланып, туристік нысандардың ажары ашыла түсті.

ТҮЛКІБАСТА ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ СЕНБІЛІК АЯСЫНДА 700-ГЕ ЖУЫҚ КӨШЕТ ЕГІЛДІ

Елімізде өтіп жатқан жалпыхалықтық сенбілік аясында ауыл-аймақты көгалдандыру мақсатында аудан аумағындағы республикалық, облыстық маңызы бар жол бойларына, елді мекендердің кіре берістеріне аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен 680 түп шырша, арша, қарағаш, ерен(яссень) ағаштарының көшеттері егілді.

Жалпы биылғы көктемде аудан аумағында 29 590 дана сәнді, жеміс және тағы басқа ағаштарының көшеттері егілсе, соның 4600 данасы ауыл тұрғындары және демеушілер есебінен “Таза Қазақстан” науқаны аясында отырғызылып отыр.

Осылайша, Түлкібас ауданында көгалдандыру мақсатында мемлекет және аудан жанашырлары тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Бүгін ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жалпыхалықтық сенбілікке ат салысқан жандар туған жер жанашырлары екенін аңғартты.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН БІРГЕ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДАҒЫ САЯБАҚҚА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы науқандық емес, тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты.

Осы бастаманы қолдап, бүгін киелі Ордабасы ауданында облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов халықпен бірге тал егіп, ауданның тазалық жұмыстарын жүргізді. Игі іске Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбайұлы, облыс мәслихатының депутаты Ғани Райымбеков және аудандық мәслихат төрағасы, ауыл тұрғындары мен жастары, ақсақалдар қатысты.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Үш апта көлемінде мыңдаған көшет отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды. «Киелі мекен» апталығында Нұралы Әлмаханұлы жалпы халықты, өңір жұртшылығын сенбілік жұмыстарын жасауға, әр тұрғын тазалықты өзінен бастап, жерімізді қоқыстан арылтуға жұмыла атсалысуға шақырды.

«Достық» магистралды каналының жағдайы жан-жақты талқыланды

Қазақстан Республикасы СРИМ Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев күні кеше Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барасында комитет төрағасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, мемлекетаралық Жетісай ауданындағы «Достық» магистралды каналының жағдайымен жан-жақты танысты.

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев басқосу барысында аталған каналдың негізгі мәселелері мен өткен жылы орын алған вегетациялық кезеңдегі су жетпеген сәтте атқарылған жұмыстарды баяндады.
Сондай-ақ, алдағы жылы каналды қалыпқа келтіру үшін ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді.

«Достық» магистралды каналы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналынан алынады. Жұмысшы топ, осы каналдардың жалпы жағдайымен танысты.
Жалпы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын канал 86 700 гектар жерге су жеткізіп беруге есептелген.

Канал, 2010-2011 жылдары салынғандықтан, сыртқы факторлар, жер асты суының әсерінен каналдың ішкі жақтаулары құлап, каналдың ұлтаны толып су өткізу қабілеті төмендеген. Сондықтанда, су беру маусымы кезінде су жетіспеушілік орын алды. Дегенмен, былтырғы су беру маусымы кезінде «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтің жедел тапсырмасы негізінде, жалпы 12 насостың 5 данасы іске қосылып, филиалдың мамандарының 24 /7 қадағалауымен егістікке канал арқылы 22 м3/с ағын су берілді.

Бүгіде каналдағы проблеманы анықтау мақсатында және машиналық канал кешеніне түбегейлі жоба шешім қабылдау негізге алына отырып, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» және «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ұжымдағы кәсіби мамандарымен бірлесе зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінге аталған нысан бойынша жоба әзірлеуге зерделеу жұмыстары атқарылуда.
Ағымдағы жылдың вегетациялық кезеңіне 12 насостың 10 данасы іске қосылуға дайын.

Сонымен қатар, жалпы 16 мың га суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуге арналған К-30, К-28 каналдарының құрлысы 2010-2012 жылдар аралығында басталып, аяқталмаған жобалардың құрылысын қайта жүргізуге «Су шаруашылығы комитеті» тарапынан келесідей іс-шаралар атқаруда:

К-30 каналының сметалық жоба құны бағамын ұлғайтуға ҚР Қаржы министірлігінің бюджеттік комиссиясының оң шешімі алынды және бүгінге жабаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірленген жобаға сәйкес, құрылыс жұмыстары іске асырылады.

К-28 каналының қалған жұмыстарына түзету жобасы жіргізілуде. Дайындалған жобаға сәйкес, құрылысты іске асыру жұмыстары «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы тарапынан атқарылады.