ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ҚҰРДАСТАРЫН ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІН ӨТКІЗДІ

Облыс орталығында «Бекзат» тұрғын алабының 1999 жылы туған азаматтары кіші футболдан құрдастарын еске алу турнирін ұйымдастырды. Жарыстың ашылу салтанатында ел ағасы Дәулеткерей Оспанов, «Бекзат» мешітінің бас имамы Ғалымжан Аташев, марқұм Абай Сәбитұлының ата-анасы сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға сәттілік тіледі.

«Аға буынның ізін жалғап, марқұм болған бауырларымызға құран бағыштап, көпшілікке ас бердік. Теңбіл доп сайысына қатысуға 1960 жылғы ардагер команда мен 2007 жылғылардың құрамасы өтініш білдіріп, жалпы саны 24 топ бақ сынады. Жүлдегер командаларға медаль мен қаржылай сыйлық ұсынылды», — деді ұйымдастырушылардың бірі Бекзат Мұрат.

Турнир қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды 1994 жылғы, 2-орынды 1990 жылғы азаматтар иеленді. Ал 2004 жылғы жастар үздік үштіктің қатарына енді.

Жарыс жеңімпаздары тартысты додада чемпион атанғанына қуанышты. Команда капитаны Асыл Шайзынданың айтуынша, бұл турнир мөлтек аудан азаматтарының ауызбіршілігін арттыруға септігі мол.

Жарыс қорытындысы бойынша Бекарыс Тұрғанбай – «Үздік ойыншы», Мұрат Балғабаев – «Үздік қақпашы» атанса, Батыр Абдуалиевке – «Үздік шабуылдаушы» номинациясы берілді. Дәстүрлі турнир өткізу эстафетасы 2000 жылы туған жастарға табысталды.

КЕНТАУДА «СЕН, ЕРЕКШЕСІҢ» ФОТО ЖОБАСЫ ӨТТІ

Қала әкімі Жандос Тасовтың қолдауымен Кентау қаласында бірнеше күнге созылған, қаланың табиғаты мен көрікті аймақтарын бала бейнесі арқылы көрсететін фотожоба ұйымдастырылды.

«Сен, ерекшесің» фотосессиясы — мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тең қоғамды дәріптейтін медиа жоба . Фото жобасының авторы — Әсел Бимырзаева.

Игі шараға қаладағы ерекше 15-ке жуық балалар қатысты. Түркістан, Шымкенттің фотогрофтары арқылы балаларды Кентау қаласының табиғаты алуан жерлері мен қала орталықтарында түсірілім жасатты. Әр бағытта түрліше киініп, әсем суреттер жасаған балалардың қуанышында шек жоқ. Олар тек түсірілім жасап қана қоймай, ата-аналарымен бірге табиғат аясында демалыс ұйымдастырылды.

Аталған жобаның қорытынды шарасына қатысқан қала әкімі Жандос Тасов барша ата-аналар мен белсенділік танытқан балаларға, жоба авторына алғысын білдірді. Барлық қатысушы балалар қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып, сыйлықтар табысталды.

Одан бөлек, қалалық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы М.Молжигитов, «Ардагерлер кеңесінің» төраға орынбасары М.Юлдашев мағынасы терең шараның Кентау қаласында ұйымдастырылғанына алғыс білдіріп, көпке ойсалар тағлымды жоба екенін атап өтті.

Балаларға қуаныш сыйлап, қоғамда өздерін еркін сезінуіне серпін берген, осындай шараның ұйымдастырылуына атсалысқан азаматтарға ата-аналар тарапынан алғыстар айтылды. Жиынға қаланың зиялы қауым өкілдері, маслихат депутаттары мен қала жастары қатысып, ерекше сезімге бөленді.