“АЛТЫН БЕЛГІ” ИЕГЕРЛЕРІМЕН ЕРКІН ФОРМАТТАҒЫ КЕЗДЕСУ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ашық аспан аясында биылғы оқу жылында ҰБТ-ден жоғары балл жинап, «Алтын белгілерін» ақтап шыққан 70-ке жуық білімді жастармен кездесті. Кездесу еркін форматта қаладағы С.Қожанов саябағында ұйымдастырылды. Жиынды қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы С.Азат жүргізіп отырды.

Қала басшысы ең алдымен жастарға ұстаздарының және ата-аналарының үмітін ақтап, Кентау қаласының мерейін үстем еткен жетістіктерімен құттықтап, алғысын білдірді.

«Сіздердің осындай жетістікке жетуде бойларыңызға білім мен тәлімді тәрбие беруде тер төккен ұстаздарыңыздың еселі еңбектерінің нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта Абай атамыз айтқандай: “бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық” бола білсеңіздер, жақындарыңыз бен жанышырларыңыздың мақтанышына айнала бересіздер. Енді бұдан кейін үлкен өмірге қанат қағып барасыздар. Қанаттарыңыз талмай, биіктерге самғай беріңіздер! Жоғары оқу орнына оқуға түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітірулеріңізге тілектеспін. Таңдаған мамандықтың мықты иесі, кәсіпқойы болыңыздар!», деді қала әкімі.

Жайма шуақ жаздың керемет сәтінде өткен кездесуде жастар тарапынан қала басшысына түрлі тақырыпта еркін сауалдар жолданып, ойларымен бөлісті.

Еліміз бойынша ҰБТ-ден ең жоғарғы 138 балл жинаған Айдос Қожанов сөз алып, қала басшылығына өз ризашылығын жетікізіп, білім беру жолындағы ұлағатты ұстаздарына алғысын жеткізді. Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос әке жолын қуып болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді.

Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы кездесу барысында жастарға алдағы өмірлеріне үлкен сәттіліктер жолдап, «Алғыс хаттар» табыс етті. Сонымен қатар, ұлы ғұламалардың терең мағынаға толы кітаптарын тарту етті.

Қала бойынша 2023-2024 оқу жылында 928 түлек оқуын аяқтады. Мектеп бітіруші түлектердің арасында 53 оқушы «Алтын белгі», 30 оқушы «Үздік үлгідегі аттестат» иегерлері болды.

Айта кетейік 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысы бойынша мектепті 31210 оқушы бітіріп, 27 340-і Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынады. Түркістан облысында биыл 45713 оқушы 9 сыныпты бітіріп, бәріне аттестат берілді. Оның ішінде «Үздік аттестатқа» 4367 оқушы қол жеткізді. Ал, 11 сыныпты 31210 оқушы аяқтап, қолдарына мектепте білім алғандарын растайтын аттестат тапсырылды. Осылайша 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 9,11 сынып түлектерін қосқанда 77 мыңға жуық оқушыға аттестат табысталды. Сондай-ақ, 11 жыл үздік оқыған түлектерге өздері оқыған білім ордасында “Алтын белгі” табысталды. 2023 -2024 оқу жылында Түркістан облысында 1704 түлек “Алтын белгі” иесі атанды. Сондай-ақ, 2400 оқушы “Үздік аттестат” алды.

КЕНТАУДА “ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” ЭКОАЦИЯСЫ БЕЛСЕНДІ ЖАЛҒАСУДА

ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде “Таза Қазақстан” экоакциясы қарқынды жүруде. Бұл акцияға кентаулықтарда өз үлестерін қосып Кентауды таза қалаға айналдыру бағытында белсенділік танытуда. Сенбілікке қаладағы 33 мекеменің қызметкерлерінен құралған 200-ге жуық азамат қаланы қоқыстан тазарту жұмысына қатысты.
Экобелсенділер өздеріне бекітілген аймақтардағы арық-атыздарды тұрмыстық қалдықтардан, жасыл жекелектің түптері мен жол жиектерін арам шөптерден, қураған бұталардан тазартты.
Жиналған қоқыстар мен кесілген ағаштар, орылған шөптерді тазартуға коммуналдық мекеменің қызметкерлері мен 5 техника жұмылдырылды.
Сенбілік аясында 20 тоннадай қоқыс полигонға шығарылды.
Республикалық акция аясында қаланы көгалдандыру, абаттандыру, тазалық шарасын жүйелі жүргізу Көктемнің алғашқы күнінен бастау алған.
Жалпы қалада аллеяларды ретке келтіру, тал түптерін әктеу, гүлдер мен талдарды суғару, арамшөптерді ору, көшелердегі тазалық шаралары күнделікті жұмыс жүйесімен жүзеге асырылып келеді.
Кентау қаласын таза қалаға айналдыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.