Төлеби: Этнос жастары арасында ұлттық өнер насихатталды

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің 2024 жылғы бекітілген жылдық жоспарына сәйкес, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында этнос жастарының қатысуымен ұлттық ою өрнек сайысын ұйымдастырып, өткізді. Аталмыш сайысқа аудандық этнос жастары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова және кеңес мүшелері, балабақша қызметкерлері мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психолог маманы М.Оразбай қатысты. Аналар кеңесінің төрайымы ою-өрнек – ежелгі халық өнерінің бір түрі екенін және  бұл өнердің бастаулары ежелден бері келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ою-өрнектердің түрлеріне тоқталып, сайысқа қатысушыларға ұлттық құндылықты насихаттай білді.

«Қазақ даласында ою-өрнектер әртүрлі бағыттарда жетілген екен. Қазақстанның әртүрлі өңірлері өздерінің ерекшеліктерімен, оларға тән ою-өрнектермен, олардың өзіндік көріністерімен ерекшеленіп тұрады. Бірақ соған қарамастан, барлық ою-өрнектердің негізгі түрлері мүйізге ұқсас, доға тәрізді желілерде басым болған «Мүйіз» ою-өрнегі болып есептеледі. Қазақ халқының дәстүрлі бұйымдарында: қару өнерінде, киіз үйлерді жинауда, зергерлік бұйымдарда, кілем тоқуда, алаша өргенде, жүн бұйымдарында, қоржындарда, ыдыстарда, өру, тігу әдісімен дайындалатын киімдерде,  пұшпақ тіккенде, ерітуде, кесуде ою-өрнектермен әшекейлеу кеңінен қолданылған. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Кейбір ғалымдардың айтуынша, қазақ ұлттық ою-өрнектерінің 230-дай түрі анықталған екен. Солардың ішіндегі халық арасында ең көп тараған «мүйіз» тектес ою-өрнекті айтуға болады. «Мүйіз» оюы қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деуге болады, өйткені барлық жаңа элементтер соның негізінде жасалып, тек атаула­ры ғана өзгеріп отырған. Мысалы: «қошқар мүйіз», «арқар мүйіз», «бұғы мүйіз», «қырық мүйіз», «қос мүйіз», «сыңар мүйіз», «сынық мүйіз», «төрт құлақ», «түйе табан», «сыңар өкше», «қос алқа», «құс қанаты», «қаз-табан». Колөнер шеберлері осы элементтердің сан түрлі композициясын жасап, бұйымдарға ұтымды пайдаланып келеді. Қазақ оюларының мазмұны мал өсіру, аңшылықты жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін тұспалдайды, бірақ қолөнер саласындағы қай бұйымды алсақ та, сол заттың бетінде түрлі нұсқада бейнеленген «мүйіз» элементін байқаймыз. Әрбір оюшы ою-өрнек  жасап, оған  ат  беріп, оны тұрмыста қолданған.  Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, әртүрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер. Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешек, құрылысқа қолданылады. Халық шеберлері мүйіз өрнегінен сан қилы мәнерлермен құбылта, бір элементке екінші, үшінші элементтерді қосып, молықтырады да, қүлпырған әдемі де мазмұнды композиция жасайды. «Мүйіз» тектес ою-өрнектердің негізі қойдың, арқардың, ешкінің, сиырдың, бұланның, бұғының, қодастың, еліктің мүйіздерін тұспалдаудан пайда болған. Шеберлер жаңа ою-өрнектерді тұрмыс тіршілігіне өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап пайдаланып келеді.» — деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова

Жалпы ою-өрнектердің сюжеттік мазмұны және атауы халықтың әрбір жаңа кезеңдеріндегі өмірлік бағдарлардың ерекшеліктеріне сәйкес ауысып отырады және қайта жаңғырып, жетіле түседі. Бүгінгі күні ою-өрнектерді жасау өнері сапалы жаңа бай мазмұнға және жаңашылдыққа ие бола отырып, қазақ халқының рухани және материалдық қазынасына айналды деуге болады. Шығармашылық қызметтің өзге түрлері секілді, ою-өрнекті жасау өнері игерілген білімді жетілдіруге көмек көрсете отырып, интеллектуалдық деңгейді арттыруға ықпал етеді.

Төлеби ауданында ұйымдастырылған түрлі этнос жастары арасындағы сайыстың мақсаты да патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту және ою-өрнек түрлеріне сипаттама беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін және ұлттық құндылықтарын дәріптеу болды.

Айта кетейік, аталған игі шара Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткізіліп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік беретінін айтқан болатын.

«Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

Біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ. Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.

Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.»- деді Президент

Жалпы еліміздің өткен дәуірі мен  қазіргі кезеңдері де түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосып жатқан,  бүкіл халқымызға ортақ тарих деуге болады. Ынтымағы мен ауызбіршілігі бар, бірлігі бекем мемлекет қашанда биік белестерді бағындырары сөзсіз. Ұлттық сананы қалыптастырып, оны үлгі, өнеге ете білу әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс. Оның ішінде қазақ халқының болмысын, мәдениетін, салт-дәстүрлері мен ұлттық өнерлерін насихаттап, сан ғасырлық мұраларымызды қайта жаңғырту маңызды. Ал іс-шараның басты тақырыбы болған ою-өрнек өнері көпетеген ғасырлар бойы сақталып келген және оған қолданбалы өнер шеберлерінің толық көлемдегі дәстүрлері енгізілген. Қолда бар деректерге сүйенсек, шеберлер өздерінің біртумасын құра отырып, оған табиғаттың өзінен алынған үлгілерді нақты беруге тырысқан екен. Суреттерде жануарлар денесінің бір бөлігі: мүйізі, тұяғы, құстың тұмсығы, түлкінің басы, қасқырдың құлағы, иттің құйрығы, сонымен қатар көптеген өсімдік түрлері бейнеленді. Ою-өрнектер ауызша халық шығармашылығына іспеттес, қазақ халқының мәдени шежіресі болып табылады. Біздер уақыт өте келе жоғалып бара жатқан өнер түрлерімен таныс болуымыз қажет. Ол өзге өнер түрлерінің: қолданбалы, бейнелеу, сәулет және т.б. өнерлердің арасында өзіне лайық орынға ие болуы тиіс.

Ұлттық бірегейлікті дамытуда салт-дәстүрдің маңызы зор

Ұлттық бірегейлікті сақтап, мәдениетті дамытуда салт-дәстүрдің  маңызы зор. Рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуы, ұлт дамуының негізі екенін айтады.Түрлі мәдениет тоғысқан жаһандану кезеңінде ұлттық рух пен қасиетті сақтайтын салт-дәстүр мен әдет-ғұрып басты қызмет атқарады.

Әр ұлттың өзіндік болмысымен, тарихымен үндескен ұлттық құндылықтары сақталған. Ал қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа бай халық. Әр заманның өзіне тән салты мен дәстүрі қалыптасқан. Біз ата-бабаның домбырасының үнімен, әсем әуендерімен, жыр дастандарымен жеткізген рухани мұраға бай халықпыз.

Қазақ халқының әрбір салты мен дәстүрінің тәрбиелік мәні тереңде. Ұрпаққа адамгершілікті дәріптеу, ақыл мен білімге шақыру үлкенді сыйлау сияқты насихатымен құнды. Нәресте болып  өмірге келгеннен бастап қарттық шағына дейінгі аралықта орындалатын салт – жоралары жеткілікті. Мұның бәрі адам өміріне бей – жай қарамағандығыныңкөрінісі.

В.И.Белинскиий «Әдет-ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Өз дәуірінде ардақталып,ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып,рудан-руға, ұрпақтан- ұрпаққа жетеді. Олар халықтың сыртқы бейнесі болып табылады. Онсыз халық бет-әлпетсіз бейне, болымсыз тас-мүсін тәрізді» деп салт-дәстүрдің ғұмырлы екенін көрсетеді.

Қазақта ең жақсы сақталып қанға сіңді қасиетке айналған дәстүрдің бірі – жеті атаны білу. Оның ішінде, жеті атаға жетпей қыз алыспау. Қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» деп бұл дәстүрдің маңыздылығын айшықтап берген. Жеті атаға толмай қыз алыспау ертеден келе жатқан құқықтықереже. Бұл дәстүр – ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы жолы. Келер ұрпақтың қан тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау заңы – ата бабамыз қалыптастырған институты болды. Тәуке ханның жеті жарғысында некелік қатынастар туралы бабында шарт етілген. Бұл дәстүр физиологиялық және психологиялық ауру тудыратын ген бұзылуының алдын алуы болып табылды.

Заманның ағымына қарай дәстүрдің озығының қолданыста қалып, тозығы жеткеннің ұмытылары даусыз. Соның айқын көрінісі ретінде бүгінде кей саот-дәстүрлер ұмыт болып, немесе өзгеріске ұшырағандары жетерлік. Алайда қазақ ұлтының өміршеңдігін көрсететін мына салт-дәстүрлер кәу бола алады. Себебі, төменде аталған жөн-жоралғылар ата-бабадан бүгінгі ұрпаққа аманат болып жеткендегінің бір дәлелі.

Сүйек жаңғырту(салт)

Қазақтың некеге қатысты тағы бір жақсы салты сүйек жаңғыртып құда болу. Мұнда құдандалы болған әулет ұзақ уақыт өткен соң, туыстық байланысты үзбеу мақстында бір біріне қыз беріп келін алысатын болған.Құдалық қатысы бар қыздар мен жігіттерді үйлендіріп отырған.  Бұл дәстүрді сүйек жаңғырту деп атаған. Біз бұдан «құда мың жылдық» деп туыстықты ары қарай жалғағандығын көреміз.

Асату

Ақсақалдар табақта қалған бешпармақты өз қолдарымен алып, балаларға беретін. Балалар қонақ шақырған үйдің жанында жүріп, ішіне шақырғанын күтетін.

Бұл салт жайында жазушы Сәбит Мұқановтыңшығармаларынан көп байқаймыз.

Біз шаншар (салт)

Еліміздің шығыс, оңтүстік аймақтарында  «жаушы» орынына осы «біз шаншар» салты қолданылады. Бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды, ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде бір топ адам бұлай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен анасы қонақтар отырған жерді қарап, одан шаншулы бізді тауып алады. Бұл «бізде ұл, сізде қыз бар» құда болайық дегенді білдіреді.

Қыз қашар (дәстүр)

Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатысатын болған. Күйеуден «қол ұстаттар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» сияқты сыйлықтар беріледі. Бұл тойда қыз бен жігіттің тілдесуімен қатар қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні-қарындастарына да түрлі сыйлықтар берген.

Өңір салу

(кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар» дейді)

Мұнда тек әйелдер жиналады. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым дептерме бау немесе бүркіт тұяғы, үкі сияқты заттар іледі.

Ұлт тәрбиесінде ұлтжанды, иманды,саналы ұрпақ өсіру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор. Тарихын, салт дәстүрін, ұлттық құндылықтарын біліп, бойына сіңіріп өскен бала ғана шынайы патриотизм үлгісін көрсете алады. Ұлтымыздың тарих  сахнасынан мәңгі жоғалмауы үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дәріптей білуіміз қажет. Өйткені тарихымыз, тіліміз,дініміз түп-тамырымыз жатыр.

Шәрібай ТОБЖАНОВ

Ауыл халқының кірістерін арттыру маңызды

Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаевтың төрағалығымен «Ауыл Аманаты» пилоттық жобасының ауданда жүзеге асуы бойынша жиналыс өткізілді. Жиынға ауыл шаруашылығы басқармасының агроөнеркәсіп кешен субьектілерін несиелендіруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бауыржан Қалданов, «Түркістан ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлыбек Исаев, «ОҢТҮСТІК» АИО ЖШС-нің басқарма төрағасы Айса Шырақбаев, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-нің басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров және «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы ауылдық округ әкімдері, кооператив төрағалары, ауыл шаруашылығы бөлімінің және ауылдық округінің мамандары қатысты.

“Ауыл Аманаты” пилоттық жобасы бойынша ауыл халқының кірістерін арттыру және ауқымды түрде қолдану үшін ауылдарға микрокредиттер беру бағдарламасы аясында жоғарыдағы аталған азаматтар өз салалары бойынша мағлұмат беріп, жобаның талаптары мен шарттары туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Биыл ауданнан осы жобаға қатысушы ретінде Үшқайық, Иассы, Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтері таңдалып отыр.

Айта кетейік, енді «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін электронды ақпараттық жүйе әзірленуде. Портал жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуды көздеген адамға тиісті өтінімді үйден шықпай-ақ, қашықтан беруге мүмкіндік туғызбақ. Жүйе жобасы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте таныстырылған болатын.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қатысушыларға жеңілдетілген несие беру үрдісін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үйлестіруде. Олардың кеңселері облыс орталықтарында орналасқан. Бұл ретте кейбір тұрғындар үшін шалғай жатқан ауылдардан келіп, өтінім беру біршама ыңғайсыздықтар тудыруда. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сөзінше, әзірленіп жатқан портал өтінімді қабылдап қана қоймай оның қарастыру кезеңдерін қашықтан бақылап отыруға мүмкіндік бермек.

«Өтінім беруші жүйеге электронды қолтаңбасы арқылы тіркеліп, бағдарламаға қатысуға қажетті мәліметтер мен құжаттарды жүктейді. Қолданушының рұқсатымен оның жеке деректері тексеріліп, базаларда бар кей мәліметтер автоматты түрде енгізіледі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда өтінім бірнеше сатыда қарастырылады. «Ауыл аманаты» арқылы несие алуға ниетті азамат жеке кабинеті арқылы құжаттар нақты қай маманның қарауында тұрғанын көре алады», — деді Бағлан Бекбауов.

Электронды жүйені ең бірінші Жамбыл облысында пилоттық режимде енгізу көзделіп отыр. Одан кейін, «Ауыл аманаты» жүзеге асырылып жатқан облыстарда жалғасын тауып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

«Бағдарламаға қатысушылар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасау маңызды. Ақпараттық жүйенің өзге де қажетті мәліметтер базаларымен интеграциялануын жіті қадағалау керек. Біздің түпкілікті мақсатымыз ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін естен шығармау қажет. Сондықтан берілетін несиелер ауылдардағы ағайынның тұрақты табысқа қол жеткізуіне ықпал етуі тиіс. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіп ашқан немесе жұмысқа орналасқандар туралы деректер тиісті базалар арқылы тексеріліп отырады. Сондықтан аймақтар бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуын қатаң бақылауы шарт», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Кәсіпкерлермен меморандум жасалып, 21 цех іске қосылатын болды

Кездесуде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров 21 кәсіпкерге арнайы орындарын белгілеп, цехтарының құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берді. Индустриалды аймаққа аудан әкімдігі тарапынан қажетті жұмыстар су, электр энергия тағы басқа шаруалар жүргізілетін болады. Шара соңында Қарашық ауылдық округінің әкімі Сәкен Оразбаев пен кәсіпкерлер арасында екі жақты меморандум жасалды.

Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту — бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін дегенге мол мүмкіндік берілуде. Осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысып, шағын және орта бизнесін шарықтатып отырған аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбеюде. Бұл қуанарлық жәйт. Себебі, жұмыссыздар саны азайып, жұмыс көзі ашылуда.

«Жалпы, нарықтық экономика жағдайында тұрақты экономикалық даму іскерлік белсенділігінің деңгейіне тікелей байланысты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында дамыған бизнес секторы кез келген ел экономикасының негізі болып табылатынына ерекше мән беріледі. Қазір жаңа Қазақстан жаңа экономикалық дәуірге, яғни инновациялық индустриалды даму сатысына аяқ басуда. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында негізгі приоритеттік бағыттар ретінде инновациялық-индустриалды даму, жасыл экономикаға көшу бағыттарын айқындап берді. Қазақстан Республикасының инновация мәселелеріне деген қызығушылық XXI ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамудың белсенділігі мен интеллектуалды өсу факторының кең қолданылуымен байланысты. Инновациялық үдеріс ғылымды, білім беруді, өндірісті, бизнесті біріктіреді. Бүгінгі таңда қазақстандық бизнес бәсекеге қабілетті елдің негізгі факторларының біріне айналып келеді. Шағын және орта бизнес орта санатты тұрғындардың әлауқатының негізін қалаушы фактор болып табылады. Тұрақты дамуды қамтамасыз ете алатын бизнес — дамыған шағын және орта бизнес. Шағын инновациялық кәсіпорындарды құру бүгінгі күнде ғылыми зерттеу жұмыстарын технологияларға енгізудің басты элементі болып табылады. Сондықтан, Сауран ауданында кәсіпкерлерге және шағын және орта бизнес өкілдеріне барынша қолдау білдіріп, халықтың әлеуетін арттыруды басты назарға алып отырмыз. Жалпы кәсіп иелеріне мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Бұл өз кезегінде аудандағы жұмыссыздың мәселесін шешуге де өз септігін тигізуде. Ауданда ашылып, жұмысын бастаған кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, ауылдардың әлеуетін көтеріп, өркендетуге де үлестерін қосатыны анық. Сондықтан, жаңа бастамаларға сәттілік тілеп, кәсіпкеріңіздің табысы арта берсін дегім келеді.» — деді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров

Осыған дейін қарашықтық жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге арнайы 10 гектар жер берілгендігі жөнінде айтқан болатынбыз. Бұған дейін жиһаз өндірісін қолға алған кәсіпкерлер өздерінің үйіргелік жерлерінде өз жұмыстарын жасап келген. Ендігі кезекте олар Қарашық ауылдық округінен берілген индустриалды аймақта цехтарының құрылысын бастайтын болды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Үкімет бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі жүйелі шараларды да, сондай-ақ кәсіпкерлік секторды мемлекеттік ынталандырудың тікелей шараларын да іске асыруда. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық экономиканы орнықты дамытудың маңызды факторы болып табылады. Ресми статистика деректеріне сәйкес, соңғы жылдары жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнес үлесінің өсуі байқалады. 2021-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта бизнестің экономикаға қатысуы 33,5 %-дан 36,5%-ға өссе,  2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,4%-ға артып, 4,3 млн адамға жеткен. Бүгінгі таңда бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие шараларының бірі «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының құралдары болып отыр.

Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша кредит сомасы шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 12 мыңнан астам бизнес жобасы кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен қамтылыпты. 340 млрд теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілген. Қаржылық емес қолдау аясында 10 мыңға жуық кәсіпкер оқытылып, кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бойынша 166 мыңнан астам консультация берілген. Жалпы елімізде салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймалау және білім беру жобалары басым екен.

Қазіргі таңда тиісті министрлік ел Президентiнiң халыққа Жолдауында айтылған «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі бағдарламаны әзірлеген. Бағдарламада бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға баса назар аударылып отыр.

Бағдарлама 6 бағыттан тұрады:

1-бағыт. «Микрокәсіпкерлік»;

2-бағыт. «Шағын және орта кәсіпкерлік»;

3-бағыт. «Өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтердегі шағын, орта және ірі кәсіпкерлік»;

4-бағыт. «Моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік»;

5-бағыт. «Әлеуметтік кәсіпкерлік»;

6-бағыт «Қор биржасы».

Осы бағыттар шеңберінде жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылатын болады. Бағдарлама субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және қаржылық емес қолдаудың өзге шараларына біртіндеп көшуді көздейді. Шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын субсидиялау жөніндегі жаңа тәсілдер нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшу арқылы субсидиялаудың сараланған әдісін көздейді.